- Негізгі бет
- Проза
- Кәкімжан Қазыбаев. Тарылған...
Кәкімжан Қазыбаев. Тарылған тыныс #2
Бұл уақытта жау Одерде ұстаған шебіне және Померания қорғаны дейтінге жанталаса бекініп, Совет әскерлерінің одан әрі алға басуына жол бермеуге дәмеленеді. Померанияда немістің «Висла» армиялар тобы қарсы соққы беруге әзірленді.
...Одерге қарай ұмтыла алға шыққан ІІІ Белорус майданының құрамаларына солтүстіктен күшті соққы әзірледі, үлкен қауіп туғызды. Қарсы соққы беруге 16 жаяу әскер, 4 танк дивизиясы, 3 моторлы дивизия, 17 бригада, жауынгер топтар және жеке бөлімдер дайындалды.
(Ұлы Отан соғысы тарихынан)
***
Берлинге қарай асыға ұмтылған қолды күрт солтүстікке қарай бұру алғашында жұрттың көбіне түсініксіз болды. Рахымжан да бұған түсінген жоқ. Бірақ әскер тәртібінде «неге» деп сұрамайды. Бұйырылды – бітті. 150-інші дивизия қарлы-жаңбыр аралас сылқылдақ жолмен ұзақ сапардан соң күшті қарсылыққа тап болды.
...Міне, Флатов қаласына таяу жер. Полк командирі Плехаданов штабта отыр, көңілсіз. Үшінші батальон селдіреп қалды, шабуыл сәтсіз болды. Екі күнде бір батальонды бүйтіп жайпай берсе, немістің түрі жаман. Екінші батальонның да шығыны көп. Кешеден бергі шептен әлі бір көше де жылжыған жоқ. Көрші полктардың да шығыны көп. Бірақ бұл полкқа өте-мөте ауыр тиді бұл қамал. Тұяғы түгел бірінші батальон – Твердохлебтың батальоны. Әккі комбат ақылды жасады, Логинов пен Давыдовтай барлаусыз қойып кеткен жоқ. Қаланың аты – қала. Оның қорғаныссыз болуы мүмкін емес. Командирдің жүрегі үлкен бекіністің барын сезгендей еді. Плехаданов оны әскери алғырлығы үшін құрметтейтін. Міне, өзіне тағы да шақырып отыр.
– Жолдас капитан! 2-3-ші батальондар ес жисын. Бүгінгі ауырлық сенің мойныңда. Солдаттар тың ба?
– Жолдас подполковник, тың болуды кім берсін. 500 километрлік жорық, сөз жоқ, шалдықтырды. Небәрі үш-ақ күн демалдық. Мұндай қамалдың алдында дамылдату керек еді. Шегінді екен деп немісті ақымақ санауға болмайды. Әлі талай «сый» табақ тартады алдымыздан. Міне, мынау соның бірі.
– Иә, сізбен 100 процент келісемін. Өздері тамағы жыртылғанша айғайлап жүрген «эластикалық» қорғанысы осы ғой. Шегініп, шегініп, күтпеген жерден соққы беру. Аңшы болып көрдіңіз бе? Қасқыр болдырған кезде ырылдап, айбат шегіп жатып алады. Қарап жатпайды, аңдып жатады. Жалт етсеңіз бітті, тура шабады. Оңтайына келсеңіз жарып жібереді. Оның бойында күші болады. Міне, неміс те тура сол секілді. Оңтайына келдік, екі батальонды күйретіп алдық. Сізге бұл сабақ болсын деп отырмын. Өзім де бармағымды шайнаулымын.
Твердохлеб үшінші ротаны ең ауыр оң қанатқа қойды. Неміс осы жерге қатты шүйлігуде. Оның мәнісі де бар. Бұл арадан жарып өтсе, қалаға сұғынып, кеуделеп келе жатқан бөлімшелердің ту сыртынан ұрып абыржытпақшы. Сөйтіп, шегіндірмек, қаланың қақпасын қайта жаппақ. Түні бойы үш дүркін соқтықты. Бірақ еш нәрсе шығара алған жоқ. Қошқарбаевтың взводы ерекше көзге түсті, өткізбеді. Екі жақ та аңдысып-аңдысып, ақыры сәл тылсым тапты. Жағы сембей сарнаған пулеметтер де үнсіз. Таң білініп келеді. Майданда ең ауыр уақыт осы. Шаршау мен ұйқының жауға көмектесетін мезгілі бұл.
Рахымжан үш бөлімшенің үшеуін де аралап шықты. Гончаров, Серебряков, Пантелеев үшеуі де ояу екен. Попов Гончаровтың тап қасында. Бүгін жаудың сазайын берген пулемет осыныкі. Қараңғы болса да өңкиген денесіне қарап бірден таныды. Өзі де қайратты-ақ. Әнеукүнгі ұзақ жорықта шалдыққан солдаттардың көбінің жүгін көтерген де осы.
– Неміс!
Бұзылған үйді қалқалап баспалап келе жатқан үш автоматшы көрінді. Попов пулеметіне жармаса кетті. Қағып түсіретін жерде.
– Атпа!
Рахымжан Гончаровқа, Поповқа, тағы екі солдатқа артымнан жүр деп ымдады.
– Мына жырамен айналып, артынан шығайық. Күні бойғы даусыңды естіп, өзіңмен таң алдында оңашады таныспақшы болған ғой.
Сыбырлап қана сөйлеседі. Рахымжан Поповтың мұндай қалжыңды сүйетінін біледі. Жасында тентек болған екен. Ақырып-зекірсе қыржиып қалады. Қыбын тауып сөйлессең, тау қопарады. Әр солдаттың қыры Рахымжанға әбден аян.
Немістер оң жақпен айналғанда, бұлар сол жақпен артына шықты. Олар үшеу, бұлар бесеу. Сығалап қарап жатыр. Бәрі де Попов секілді өңкиген дәу екен. Кездесетін қылта анау.
– Халт! Ханде хок!
Бұл дауыс қатты да шыққан жоқ. Немістер тап желкелерінен кезеніп тұрған бесеуді көрді. Автоматтарын тастап-тастап, қолдарын көтерді. Айдап комбатқа әкелді. Тұтқындарды Рахымжан Поповпен бірге өзі айдап келді.
– Иә, лейтенант, алғашқы олжаң ба? Қайырлы болсын.
Комбат тұтқындармен аудармашы арқылы тілдесуге кіріскенде, қаланың үстінде найзағай ойнады. Орталықты біздің зеңбіректер соға бастаған екен. Немістер тажалдай қорқатын «Катюшалар» да ойнап берді. Су-су етіп өткенде сондай сұсты шайтан. Әлем-тапырақ айқас қайта жанданды. Кезекті жентектеуден кейін жаяу әскер шабуылға көтерілді.
674-ші полк 17 февральда Шнайдемюль қаласының түбіне жетті. Қала өртеніп жатыр екен. Осы қалада да талай шығын болғанын полк жауынгерлері дивизиясының саяси қызметкерлерінен естіді. Көшелерді гитлершілерден тазалауға бөлінген құрамалар қатты қарсылыққа ұшырапты. Үй-үйге бекініп алған фашистер тіпті қырып жіберіпті.
Бұл да сабақ. Саяси қызметкерлер, командирлер енді көше ұрысының тәсілдеріне үйренуге назар аударды. Алда фашистердің талай қаласын алуға тура келеді. Бұл өнерге де жетілмесе болмайды.
Тағы да жорық. Батраков басқаратын үшінші рота қаланың солтүстік жағын айналып өтетін тас жолмен келе жатқан. Бұларды қуып жеткен жеңіл машина озыңқырап барып тоқтады. Рахымжан дивизия командирі генерал Шатиловты бірден таныды. Ол машинадан түсті де, қатарласа беріп:
– Жігіттер, қалай, демалыссыз жаяу жүру ауыр болған жоқ па? – деді.
Рахымжанның взводындағы күлегеш Гичко:
– Ештеңе етпейді, жолдас генерал. Одерде бір шылым шегіп, Берлиннен бір-ақ шығамыз ғой, – деді.
– Одер әлі біраз жер. Жау да шамасы келгенше «сыбаға» әзірлеп жатқан көрінеді.
– Неғылар дейсіз, жолдас генерал. Табанымыздың асты неміс жері. Мұның қай пұшпағын соққыласақ та, Гитлердің жүрегі зырқырар.
Солдаттың мына көңіл күйі генералға ұнады. «Бірінші батальонды бекерге «қайсарлар батальоны» деп атамайды екен ғой» деді ішінен.
Жылы қоштасып, табыс тілеп жүріп кетті.
Аялдайтын жерге полк екі күннен соң жетті. Ағаштары сиреп қалған шағын орман арасы. Шнайдемюльдегі ауыр шайқастан кейін жұрт он шақты күн осында демалмақшы.
Ақ жаңбыр үздіксіз жауып, жер тіпті іріп кетіпті. Таяудағы қираған деревняға жетудің өзі әжептәуір күшке түсті. Аттар ми батпақта зеңбіректерді тарта алмай, солдаттарға өз жүгіне қосымша жұмыс табылды.
Тап осындай сәтте мотоциклмен жүрген батальонның поштабайына Рахымжан таң қалған еді. Ол қолына дивизияның «Воин Родины» атты шағын газетін ұстап айқайлап тұр екен. Газетте 3-інші тегеурінді Армияның әскери Советінің үндеуі жарияланған. Онда Берлиннің жақын екендігі, жауға соққы беруге әзірлену қажеттігі айтылыпты. Осы номерден Рахымжан Твердохлеб басқарған батальонның Шнайдемюль түбіндегі үздік ерлігі жайлы мақаланы көрді. Өз взводының қимылдары да мақталыпты. Попов, Зотов, Исажанов, Гичколардың, рота командирлері Атаевтың, Батраковтың аттары аталыпты. Бұл номерді взвод жауынгерлері жабыла оқыды. Көңілдері бір өсіп қалды.
...Белгісіз бір хутордың түбі. Тағы да шайқас. Фашистердің траншеялары взвод ұстаған шептен 500 метр жерде ғана. Ар жағы не болары Рахымжанға белгісіз.
Сөзді артиллерия алды. Сосын танктер кетті. Танктің артынан жаяу әскер келеді. Екінші взводтың алдындағы танкке снаряд дөп тиді. Жана бастады. Соның артынша іле тағы бір снаряд келіп жарылды. Міне, солдат Исажанов, пулеметші Зотов осы арада опат болды. Екеуі де ержүрек жігіттер еді. Шнайдемюльде Поповтан кейінгі көзге түскен ерлер болатын. Зотовтың бір жақ иығымен қоса басын жұлып әкетті. Жантүршігерлік көрініс. Кейбір солдаттар сасып, тазарған аумақтан шығып, өз-өзінен арандап қала жаздады. Дереу шешім қабылдау керек. Шегінуге болмайды. Тек алға. Мұндай сәтте солдаттарды ширататын да, састыратын да командирдің шешімі.
Рахымжан:
– Ура! – деп өзі алға ұмтылды. Қараса, пулеметін кезенген Попов өкшелес келеді. Ол тіпті ет қызуымен алға түсті. Бүкіл взвод жұдырықтай түйіліп, ілгері ұмтылды. Аман танктердің артында басқа бөлімшелер де қаптап барады.
Траншеядан шығып үлгермеген немістердің үстіне біздің солдаттар топ-тобымен түсті. Рахымжан Поповтың қаруын осы арада көрді. Пулеметінің дүбімен отын жарғандай оңды-солды сілтеп жүр. Пантелеевқа үш неміс келіп қапты. Екеуін өзі жайратты. Үшіншісін автоматын кезене бергенде Гичко талма білектен қағып түсірді. Мылтықтың дүбімен ұрды. Көзді ашып-жұмғанша найзасы кеуде тұсынан қорс етті. Түсі сұрланып, көзі қанталап кетіпті. Ылғи күлетін де жүретін. Шаршаса да күлетін, ұрыссаң да күлетін. Мына кейпі ол Гичкоға тіптен ұқсамайды. Жүзі өрт сөндіргендей түтеген.
Траншея қолға көшті. Бұдан ары тағы жылжу керек. Бірақ танктердің бірнешеуі келесі траншеямен екі ортадағы минаның үстінен шығып, жана бастады. Бұл жаяу әскерді сескендірді. Осы шепте біраз бекініп алу керек, етек-жеңді жию керек.
– Комбат Твердохлеб шақырады, – деген хабар алды Рахымжан. Траншеяның ішімен жүгіріп жетті.
– Жігіттерің жарады, ер екен жолдас Қошқарбаев. Өз атымнан бәріне де алғыс айтамын. Мұндай жолбарыстармен қандай қамалға болса да шабуға болады.
– Служу Советскому Союзу!
Бұдан басқа аузына сөз түскен жоқ. Твердохлеб қолын қысты. Кетуге рұқсат етті.
жалғасы бар...
Т. Раушанұлы