Кәкімжан Қазыбаев. Рахымжанның ерлігі #4

Берлинге орталықтан, Кюстрин плацдармынан негізгі соққы беретін топтың құрамына төрт жалпы әскери армия және танк армиясы кірді.

...І Белорус майданы мен І Украин майданы шабуылға шығуға тиіс болды.

(Ұлы Отан соғысы тарихынан)

 * * *

Қараңғы түскен. Қалың ағаш іші. 674-полк дереу сапқа тұрды. Бірнеше күнгі тынымсыз әзірліктің тағы бір жалғасы. Қаптаған генералдар. Олардың бүйтіп топталып жүретінін солдаттар да, офицерлер де өте сирек көретін. Саптағылар қақиып қатып қалды.

– Жолдас генерал-полковник, сапта тұрған 674-полк. Қандай жауынгерлік тапсырманы болса да орындауға әзір.

Плехаданов айтып болды. Оның рапорт бергені үшінші тегеурінді Армияның командирі В.И. Кузнецов. Оң жағында 79-корпустың командирі генерал С.Н.Переверткин, сол жағында 150-дивизияның командирі В.М.Шатилов.

Кузнецов қысқа сөйледі.

– Жолдастар, солдаттар, офицерлер! Халқымыздың титығына жеткен бұл соғысты бітіру керек. Сіздердің ендігі бағыттарыңыз – Берлин!

Жауынгерлер:

– Ура-а-а! – деп дауыстады.

Бұлар блиндажға оралғанда көктемгі жер иісі мұрынға ұрды. Майдан өтінен жырақ күндер осымен тәмам болып, генерал-полковниктің жаңағы сөзі екі апта бойғы тынымсыз әзірліктің соңына нүкте қойды.

...Одер! Асау Одер, ағынды Одер, қанды Одер.

Арнасынан асып жатыр, тасып жатыр. Қап-қара боп лайланган суы да өте сұсты.

Немістердің шулатып жүрген үлкен бекінісінің шеті осы.

Түн. Өткел бермес Одердің шығыс жағалауында жер қайысады. Қаптаған адам, самсаған техникадан таяқ тастар жер жоқ. Соның өзінде ызың еткен шыбын даусы естілмейді. Бүкіл тіршілік демін ішінен алып тұрғандай.

Бір уақытта аспан қақ айырылды. От сабаулары тарсылдап ойнап кетті. Жерге ине түссе көрінгендей. Жаңа ғана тылсым жатқан Одер қайнап кетті. Жарықта өзен үстінен әр жерден ұзын белдеулер көрінді. Бұл біздің әскерлердің салып үлгерген понтон көпірлері екен. Көпір емес, енді адамнан, техникадан өрілген белдеулер сияқты. Жау да осы белдеулерге шүйлікті. Бір-екеуін үзіп те үлгерді. Су бетінде адам жаңқадай қалқиды. Бүлінген көпірді қайта салып, қайта жаңғыртып жатыр. Біздің артиллерия да батыс жағалауды үсті-үстіне ұрғылауда. Шын тозақ, қиямет енді басталды. Бәрі көрініп, бәрі сайрап тұр. Қайықпен де, салмен де жүзіп, қаптап бара жатқан адам.

Қанды Одер сылқ-сылқ күліп талайды тамағына тығып та жіберді, үстінде ойнаған от сәулесінен бе, әлде адам қанынан ба, әйтеуір суы күреңітіп кетті.

Тосылып қалды. Көпірлердің біразы кесіліп қалды. Одер өткел бермей тұр. Батыс жағалауға ілінгендердің саны шамалы. Олардың өзін де төпелеп жатыр. Бірақ арғы жағаға совет солдаттарының аяғы тиді. Олардың әзіргі амалы бас сауғалау.

Твердохлеб басқарған батальон тегіс өтті. Одердің қаншаны жалмап, қаншаны жұтқанын түгендеуге шама жоқ. Дереу бекініс жасауға бұйрық берілді. Оқ атуға тыйым салды. Дивизияның өзге бөлімшелері өзеннен өткенше осылай ету керек.

Түні бойы Одердің үсті от ойнағына айналды. Біздің артилле­рия жаудың екінші бекінісін нысанаға алды. Бірінші бекіністің жағдайы қандай, күш қанша – белгісіз. Артиллерия ойнаған сайын жағада жатқан жасақ өзеннен өтуге лап қояды. Өстіп үзіп-жұлқып жүріп таң ата батыс жағалауға талай әскер жиналды. Құрбандық та, үлкен шабуылды бастайтын құрмет те осылардікі.

Күннің ашық, иә бұлтты екенін де білмейсің. Бұлыңғыр бірдеңе. Алдында 150 метрдей жерде жаудың алғашқы траншеясы. Басын көтеріп қылтыңдаған неміс солдаттары көрініп қалады. Олар да жағада жан бар екенін сезгендей. Анда-санда пулеметтен азынатып-азынатып алады. Бірақ біздің әскер тіс жарған жоқ, тырп етпей жатыр. Бейнебір бәрі тірі өлік секілді.

Сәске көтеріле Твердохлеб батальонына шабуыл жасай отырып барлау жүргізуге бұйрық болды. Капитан барлық ротаның жатқан жерін аралап көріп шықты. Үшінші рота ортада, бірінші рота оң жақта, екінші рота сол жақта орналасқан. Шабуылға алдымен көтерілетін үшінші рота. Мақсат – траншеяны алу. Ал екі қанаттағы роталар бұларды оқпен қолдайды. Үшінші рота траншеяға жетісімен бұлардың қолдауымен аналар алға ұмтылуы керек. Қошқарбаевтың взводы шабуыл жасай отырып барлау жасауды тұңғыш көріп тұрған жок. Әккі болған, әбден машықтанған. Шабуылға өрттей ду көтерілу керек. Бұларға қай жерден оқ жауады, қай жер­ден снаряд атылады, кейінде оны аңдып отырғандар бар. Жау өзінен ондай хабар берісімен тиісті сыбағасын алмақ та.

Взвод жинақы жатыр. Рахымжан жігіттерге қарады. Пантелеев өте алғыр-ды. Атылатын мысықша бір уыс боп жиырылыпты. Жатқан жерлері ойпаң, қазған окоптары су болып кетіпті. Жігіттердің бәрі де малмандай. Таңсәріден олар осы «жайлы қоныста» тапжылмастан жатыр. Көктемнің таңғы салқыны мен шылқылдаған судан тоңғаны ма, әлде шабуыл алдында қанын ішіне тартқаны ма, жүздері сұрланған.

Серебряков өзінен көз алмай жатыр. Тек белгіні күтуде. Бұлардың орны сәл құламалау. Сонда да сыз өзінің табын қалдырыпты. Жамбастары салтақ-салтақ. Жотасы окоптан шыға жаздап жатқан Попов жымиып күледі. Алдыға қарап жұдырығын түйіп қояды. Қабағынан кейістік көрмейсің-ау, шіркін! Бір ғана белгісі көрінбейді. Маңдайынан бұрқырап басылмайтын тері жоқ. Таңғы шық мұны да тоңазытса керек. Оқ атпай, атой салмай іші пысып жатыр. Мұның көңіл күйін Рахымжан жақсы біледі. Алдыны нұсқап көзін қысты.

Гончаровтың қашанғы жинақылығы. Үсті мұнтаздай. Осы жатқандардың бәрінен бөлек төсеніш үстінде болғандай. Отделениенің жігіттері де тас-түйін. Көріп жатыр, тосып жатыр.

Сол қанатта Гончаровтың взводы. Ол да шабуылға көтерілмек. Батальонның парторгі аға лейтенант Кәрімжан Исаков, старшина Штельмах та өз взводында екен.

Бір кезде байланысшылардың бірі Рахымжанның қасына келді. Комбатпен жалғастырды.

– Тыңдап тұрған лейтенант Қошқарбаев!

– Мен он алтыншымын, – деді Твердохлеб сыбырлап қана.

– Гриченков екеуің жауға бәрінен тақаусыңдар. Шабуылға шығарсыңдар. Траншеяны бірінші басып алатын сендер. Жарты сағаттан соң... Мен сенің взводыңда боламын.

– Құп болады, жолдас он алты.

Әлден уақытта Рахымжан орнынан атып тұрды. Автоматын көтеріп:

– Алға! Отан үшін! – деп айқай салды.

Бүкіл рота ұшқын түскен қудай ду ете қалды. Жау бірден тап иектерінің астынан мұншама адамның шыға келуін күтпесе ке­рек. Бірақ тез есін жиды. Әр тұстан азынаған пулемет, бытырлаған автоматтардың үні естілді.

Күтпеген оқиға. Гриченковтың взводы тары қуырған қазанның үстінен шыққандай болды. Бытыр-бытыр миналар жарылып жатыр. Жұрттың зәресін алды. Кейін қарай боса жөнелді. Рахымжан жалт қарады. Кәдімгі қашу. Берекесіз жан сауғалап қашу. Сәл кідірсе бітті, өз взводын да ешкім ұстай алмайды. Исаков, Штельмах екеуі де сасулы. Дұшпанға керегі де сол. Минаны тран­шея алдына осылайша зәре алу үшін көмген. Қашқандарды артынан ату оңай.

– Тоқта, кейін қайт!

Рахымжан осылай айқай салды. Өзінің де неге бүйткенін білмейді. Түтеп, автоматты кезеп көлденең тұра қалды. Твердохлебтың назары осы шепте. Бәрін көріп отыр.

– Кім, кім анау? Жұртты қайырған?

– Қошқарбаев!

– Молодец.

Рахымжандар траншеяға іліккенде немістің алды қаша бастады. Бірақ қолма-қол айқасқа түскені көп. Рахымжанның үш жағынан еңгезердей үш неміс келіп қалыпты. Екеуін автоматпен жамсатты. Үшіншісін дүбімен қақ маңдайдан қонжитты. Егделеу келген қасқа бас неміс екен. Көзі аларып барып серең ете түсті. Оң жақта немістер шоғырланып қалыпты. Біздің бір солдат ұшып түсті, екіншісі, үшіншісі...

Серебряков бөлімімен лап қойды. Поповтың пилоткасы шалқалап кеткен. Маңдайынан бу мұржадан шыққандай бұрқ-бұрқ етеді. Шіркіннің қарулысы-ай. Әттең, сойылдың соғысы боп, бір өзін жіберсе, жусатып салатынның тап өзі.

Взвод траншеяны барған сайын тазарта түсті. Осы кезде артқы екі рота да көтерілген-ді. Міне, бүкіл батальон жетті. Бекініс берік. Немістердің өздері жақсылап жасап кеткен бекініс. Іші құрғақ. Қызығын енді біздің солдаттар көруге кірісті.

– Дереу барлық қаруды алға қаратыңдар! Бізді бұл шептен қуып шығуға жау енді жандарын салады.

Комбаттың бұйрығы осылай болды. Неміс артиллериясы үнсіз. Екінші траншеядағы пулемет, автомат бұларды ала алмады. Қауіпті – снаряд, миналар. Немістер енді жаңа ғана қалдырған өз траншеясына шүйлігер. Біздің кейінгі жақтағы бақылау пункттерінен де осыны асыға күтіп отырғандар аз емес. Жау артиллериялары қандай жерден белгі берер екен.

Әдетте ұрыс салып барлау жасаған соң біздің әскердің жаппай шабуылға шығатыны бар-ды. Мұның неміс жүрегіне талай тигені де бар. Бұл жолы да олар дәл соны күтті. Жоқ, олай болмады.

Жаудың алғашқы шебіне жеткен бір-ақ батальон. Бұл не жұмбақ? Көтерілген күйде түре жөнелетін орыстың айбыны қайда? Артил­лерия, міне, осы кезде от төкпек еді. Сөйтіп, Одердің шыға берісінде қырғын жасамақ-ты. Алғашқы траншеяны аса көп қасарыспай тастап кеткенінде сондай да қулық болса керек.

Осы бір батальонның бүгінгі ұрыспен барлауы жау жөнінде бірқатар деректер берді. Траншеялар, блиндаждар бекіністің көкесі. Бір күнде, екі күнде салынған құрылыс емес. Үлкен шептің, қорғаныстың барлық ережесіне сай. Траншеялардың аралары миналанған. Бағанағы састырған қуырдақ соны аңғартады. Мұның өзі әсіресе танкке өте қауіпті.

Күні бойы үнсіз болған артиллерияның кешке қарай шыдамы таусылды. Оңай жем еткісі келген қол арттан көтеріле қойған жоқ. Сор түртіп келген жалғыз батальонды таптап тастау керек. Түні бойы артиллерияның қолдауымен үш дүркін шабуыл жасалды. Ойлары – қалайда шепті қайта алу. Батальон түні бойы жаумен арпалысып шықты.

Таң атуға таянған кезде Алексей Семенович Твердохлеб Рахымжанды шақырып алды.

– Сен жарық болмай тұрып, взводыңмен жаудың сол жақ қанатын айналып, екінші траншеясының ту сыртына шық. Біз шыдасақ, бүкіл дивизия Одерден өтіп болады. Бірақ негізгі күшіміз шабуылға шыққанша үн шығармаңдар. Сақ жатыңдар. Біз көтерілген сәтте ғана атой салыңдар.

– Мақұл, жолдас капитан!

Бәрі комбаттың айтқанындай істелді. Алайда взвод екі оттың ортасында, өте қиын жағдайда қалды. Қырылып кету оп-оңай. Бірақ соғыста тәуекелсіз болмайды. Байқайды, Одерден танктер, зеңбіректер қаптап өтіп жатыр. Жау әлі сонда шүйлігуде. Дивизияның штабы да бергі бетке жетті деген хабар келді. Мұның өзі үлкен медеу болды. Плехаданов та екінші траншеяға шабуыл жасау жоспарын мақұлдапты. Батальонның бұл арада бар екенін жау бәрібір біледі. Әрине, өте қауіпті тәуекел. Негізгі үміт – взводтың желкеден оқыс атой салуында. Есеп жаудың абыржуына құрылған. Егер оның сәті түссе, батальон екінші траншеяға жетті дей бер.

– Алға, шабуылға!

Бұл Твердохлебтың даусы еді.

Жау да аңдып жатыр екен. Дүрсе қоя берді. Осы сәтте дұшпанның ту сыртынан «уралаған» оқыс дауыс шықты. Бұл атой салған Қошқарбаевтың взводы еді. Фашистер абыржып қалды. Желкесінен шүйліккендер зәресін алып жіберсе керек. «Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің». Бұған таң алдында батальондағылар шексіз қуанды.

– Полкке екінші траншея алынды! – деген хабар жетті. Күндіз атыс қатты болды. Бірақ біздің әскердің артынан жаңа бөлімшелер құйылып келіп жатты. Танкілер де от бүркіп шабуылға шықты.

Үшінші траншеядағы немістер жанұшыра қарсыласты.

Совет танкілері ілгерілей түсті. Оларға саперлер түні бойы минаны аршып, жол ашқан болатын. Төрт танк қасқая тартып кетіп барады, атып барады. Жаяулар да артынан лап қойды. Күтпеген жерден сол жақтағы бір кірпіш үйден пулемет сарнап қоя берді. Жаяу әскерді танктерден бөліп тастады. Жылжытар емес, ал танктер болса ұзап барады. Әлгі пулеметке бірінің де көзі түспей-ақ қойды. Бір-ақ снаряд жалынатын нәрсе, амал бар ма.

Твердохлеб танкіге дереу ординарецін жіберді.

– Ана пәлені көрсет. Құртсын көзін.

– Құп болады, жолдас капитан.

Ординарец танкке жете бергенде қарсы алдынан мина жарылып, қозғала алмай жатып қалды.

Бәрін көріп жатыр. Твердохлеб ординареціне жіберуге адам іздегендей. Кімді көпе-көрінеу оққа тосуы керек. Ана бишара жылжи алмай без-без етеді. Рахымжанның взводы комбатқа таяу еді. Комбаттың жан толқуын Рахымжан сезді. Ординарецті қалайда от ішінде қалдырғысы жоқ.

Лейтенант айналасына қарады. Қатар жатқанның бәрі қартаң солдаттар. Оларды жұмсауға дәті бармады. Атып тұрып ұша жөнелді. Жаңағы пулемет те булыға шүйлігіп берді. Бұлар да траншеяға жете құлады, сол-ақ екен, бір снаряд арттарынан гүрс етті. Әйтеуір аман...

Жаралы ординарец Рахымжанның бетінен үш қайтара сүйді. Твердохлеб жымиып күлді. Артынша қабағын сәл шытып:

– Тастай алмай жүрген офицерім жоқ, жолдас Қошқарбаев. Сізді мен жұмсадым ба?

– Мені өз жүрегім жұмсады.

– Жүрегім... Білем сенің жүрегіңді... Өзіңді оққа тосып тұра жүгіргеніңнің соңы осы болсын.

...Взвод көп кешікпей екінші эшелонға ауыспақ. Бұлардың орнына жаңа күш келмек. Ұрыс аралығындағы тыныштықтың солдат үшін қандай қуаныш екенін әрбір майдангер жақсы біледі. Жауынгерлер қуанысып калды. Жау оғы да саябырлап, сәл бір тылсым кезең туды. Попов траншеяның үстіне түрегелген күйі қайта-қайта шыға берді. Рахымжанға оның зор денесі тіпті ірі боп көрінді. Нағыз батыр тұлғалы азаматтың өзі екен.

– Түс! Шықпа! – деп бір-екі рет ескертті. Үшінші ретте аузын жиып алғанша болған жоқ, мұрттай түсті. Мергеннің жалғыз оғы тура екі көздің арасынан келіп қадалыпты.

Демалыс болса да Рахымжанның көпке дейін көзі ілінбей қойды. Поповтың өлімі көз алдынан кетпейді. «Есіл ер-ай, өлімің өкінішті болды-ау». Осы ойлар түннің бір уағына дейін маза берген жоқ. Көңілі құлазып, үлкен бір тірегінен айырылғандай қамықты. Жақсы солдат командир үшін баласындай қымбатты. Қой бастаған серкедей шабуылда тек алдыда жүруші еді. Қайтеді, соғыс заңы сондай, қатал! Бүгін – тірі, ертең – өлісің. Поповтың адресін алып хат жазайын десе, «өлді» деуге жүрегі дауаламайды. Сөйтіп жатқанда көзі ілініп кетіпті.

 

* * *

Бірнеше күнгі дамылсыз шабуылдың шаршатқанын Рахымжан енді сезді. Түрегеп отырса да, мамық төсектегідей тәтті ұйқыға кетеді. Сағынғаннан ба, ауылы түсіне кірді. Әжесі Әлман бір таба нанды қолына беріп, хош айтып жылап тұр. Тура әскерге кетердегі көрген жайы.

– Жетімегім, шеше деп шеше қызығын көрмедің. Әке деп әке қызығын көрген жоқсың. Мә, дәм татшы қолымнан.

Оянып кетті. Түсінде көрген әже көп нәрсені еске түсірді. Анасынан жастай айырылған-ды, өгей шеше тәрбиесі, әкесінің ұсталғаны, детдомда болғаны... Өскен ауылдың бүгінгі халі де бір сәт көз алдына елестеп кетті. Жауып тұрған оқ болмағанмен, одан да ауыр халді ағайындар жазбады ма.

Байланысшының келіп шақырғаны жақсы болды-ау, әйтпесе әлгі зілді ойлар тіпті жаншып бара жатыр екен.

– Жолдас капитан, сіздің шақыруыңыз бойынша келдім, – деді Твердохлеб алдында.

– Ана келесі үйде парткомиссия жұмыс істеп жатыр. Соған барыңыз, – деді капитан.

Рахымжанның есіне осыдан біраз күн бұрынғы жазған арызы түсті: «Неміс фашистерінің ордасы Берлинге жасалатын ұлы шабуылға коммунист болып қатысқым келеді».

Парткомиссия мәжілісіне Рахымжан үшінші болып кірді. Көп сұрақ қойылған жоқ.

– Таяу күндердегі шабуылда взводыңнан шығын болды ма? Солдаттардың көңіл күйі қандай?

Рахымжан сержант Поповтың оқыс өлімін өкіне айтып жіберсе керек, комиссия мүшелерінің бірі:

– Иә, ол ер жігіт еді. Тірі болғанда Попов та бүгін партия қатарына алынатын еді, – деді.

Бұл 1945 жылдың 15 апрелі болатын.

 жалғасы бар...