"Жазмыш". Көріпкел-әулиелік.
Басы...
Көптеген жағдайда Александр Сергеевич Пушкиннің тағдыры туралы бал ашқан сәуегейлердің болжамдары бір жерден шыққан.
Бір сәуегей әйел оның алақанын сипап тұрып сені бір жас жігіт әйел үшін өлтіріп тынады деген.
Енді бірде Санкт-Петербургте немістің балгер әйелі Киршграф екі мәрте айдауда боласың десе, Одессада бір грек шалы жаңағы неміс әйелінің сөзін сол күйінде қайталаған және сені не ат теуіп өлтіреді немесе басы аппақ біреудің қолынан қаза табасың дейді. Тағы бір қызық жай: өзінің Петербургындағы Киргоф атты екінші әйел жаңағы грек шалының сөзін қайталады. Не ат теуіп өлтіреді, не бір ақ шашты адамның қолынан дүние саласың дейді. Бірінің аузына бірі түкіріп койғандай. Жалпы Пушкиннің төңірегі тұрған тылсым дүние.
Екінші бір Александр Сергеевич (Грибоедов), ол да тегін адам болмаған. «Бұл жұмыстан бас тартқым-ақ келеді. Менің дәрежемде мұндай орында отырудың өзі - құдайдың бергені. Бірақ мен Тегераннан тірі орала алмаспын», - депті ол. Шынында да қаңтар айында қара шекпен қара тобырдың қаһарлы қозғалысы кезінде ол тектен-текке опат болады.
Михаил Юрьевич шыр етіп жерге түскен кезде бірінші болып жерден көтеріп алған акушер әйел оны қолында ұстап тұрып, бұл өз ажалынан өлмейді деген екен. Ақыры солай болды ғой. Сондай бір сөзді немесе соған жақын сөзді ақынның өзі де айтқан.
«Бастадым ерте және де ерте тынбақпын», - деген Лермонтов жиырма жеті жасында дуэльден өлді.
Бештау бағында шүйіркелесіп жүріп, Лермонтов жанындағы серігіне: «Менің өмірім таусылып, өлімім тақап қалды», - дейді. Содан кейін бір-ақ апта өтеді. Мартынов екеуі атысады. Ұлы ақынның ішіне қандай жын кіріп кеткені белгісіз сол жылдары ол, қазақша айтқанда, ұрынарға қара таппай, екінің біріне орынсыз соқтығып жүрген. Оның Кавказға жер аударылуының да басты себебі осындай бір дуэльдің салдары. Ол Петербург түбінде Парголов жолында Э.Барантпен атысып, патшаны тағы бір ашуландырған-ды.
Шығыстың жарық жұлдыздарының бірі - әрі ғалым, әрі ақын Омар Һәйәм Низами Арузи деген досына өзара сырласу үстінде «Менің мәйітім жылына екі мәрте гүл шашатын жерге орналасады», - деп қалады. Шынында да әлгі досы ақын дүние салғаннан кейін жиырма үш жылдан кейін сол зираттың басына барып құран оқиды. Зират Нишапурда миуа бағының іргесінде орналасқан екен. Құлпыра гүлдеп көркемдікке көміліп тұрған алмұрт пен шабдалды көріп, Омар һәйәмнің сөзі есіне түседі.
Осыған ұқсас, тамырлас әулие өлеңді румын ақыны Михай Эминеску де жазған:
Қасиетті үйеңке
Гүлі болар кебінім.
Өлерін ерте сезген Мирза Галиб бірнеше хронограмма жазады. Соның бірінде өзінің дүние салатын жылын "1869" деп тура көрсетіп кеткен. Құлпытасқа қашалған өлеңді де өз қолынан жазып қалдырған:
Бұл өмірге жақын едің - ол бітті,
Теңдесі жоқ ақын едің - ол бітті.
Қайран Галиб, рахаты жаныңның,
Бал шарапты татып едің - ол бітті.
Ағылшын-американ ақыны Уистен Хью Оден 1947 жылы бір досына жазған хатында «Бейтаныс ортаны абыр-сабыр ғып, дирекцияның басын қатырып, қайдағы бір белгісіз қонақүйде дүние салатын шығармын», - деген екен. Шынында да жиырма алты жылдан соң бір қалада өткен поэзия фестивалінен кейін қонақүйге оралып, сол күні таң ата қайтыс болады.
Ал Сесар Вальехо: «Парижде бір жаңбырлы бейсенбіде өлермін», - деген екен. Бәрі де дұрыс, тек жауынсыз, күн ашық болыпты.
Ал жауын-шашын мәселесіне келетін болсақ, ақын түгіл, ауа райын болжайтын маман-метеорологтардың өзі күн сайын жаңылып жатады.
Георг Гейм деген неміс ақыны тайшық теуіп жүріп, көлге кетеді. Ол өзінің осы өлімін бұрынғы бір өлеңінде болжап айтса керек. Дәл келіпті.
1961 жылы түрік халқының ұлы ақыны Назым Хикмет өлерінен үш ай бұрын өзінің қалай қайтыс болатынын және оны қалай жерлейтіні хақында ғаламат дәл өлең жазған. Соның бір тармағында: «Маған, сірә, бұйырмайды туған жер», - деген болжам айтылады. Шынында да ақын Мәскеуде жерленді ғой.
Чехтің тіптен жас ақыны жиырма үш жасында бір жылдан кейін кәміл өлетінін сезіп, құлпытасқа қашайтын өлеңін өз қолынан алдын ала жазып қалдырыпты:
Иржи Волькер ғашық еді өмірге,
Қиындықтан бас тартпаған ол бір де.
Айқасып та жарытпады, кектеніп,
Жиырма төртке жете сала кетті өліп.
Жалпы өзінің тағдыры туралы бал ашып, сәуегейлік жасамаған ақын аз. Бір ғаламаты: айтқандары көбіне-көп дұрыс шығып жатады. Өздері емес, өзгелер жайында айтқандай төтесінен қойып калады.
..Желтоқсанда түбіме ажал жетеді,
Желтоқсанда жаным ұшып кетеді, -
деген Федор Сологуб. Бұл сөз де лағып кетпей, тура ондыққа тиген.
Илья Эренбург өзінің атақты естелік кітабында: («Люди, годы, жизнь») «Маяковский бірде тап осы жерде маған орнатылған ескерткіш тұратын болады деп бір кездегі ақындар кафесін көрсетті... Вл. Владимирович бірер жүз метрге ғана қателесті. Ескерткішті Настасин орамына орнатты», - деп жазды.
Елизавета Васильева (Елизавета Дмитриева Черубина де Габрияк) деген ақын 1901 жылы:
Шыр айналған шырғалаңнан шыға алмай,
Өлемін мен құла түзде, жат елде, -
деп жазған екен, жиырма шақты жылдан кейін Ташкентте қайтыс болады.
Вадим Шершеневич өзінің туған күнінде достарының басын қосып дуылдасып отырған сәтте: «Мен өлуге тиіспін. Өйткені мен қырық тоғызға толдым. Менің өкем де, ағам да қырық тоғызында қайтыс болған. Көп кешікпей мен де сендермен қоштасамын», - деген екен, сонау алыс Барнауылда көрсеткен шағында дүние салады. Жалпы қырық тоғыз мүшел жас. Ақындардың көбі осы жаста қаза болған. Ұлы Отан соғысы алдында орыс ақындары көп сәуегейлік жасаған. 1940 жылы Михаил Голодный «Бөрілер» деген өлең жазады.
...Қалғиды томдар сөреде,
Біреуін алдым. Адаммын, -
деп келіп:
Әйнекті дауыл ашты да,
Томдарды әлгі басты қар.
Бөрідей ұлып жамандық,
Мен қару алдым. Адаммын, -
деп, бір жылға жетпейтін уақыт ішінде соғыстың басталып-ақ кететінін барынша қатты сезінеді. «Мұз қырғыны» деген поэмада Константин Симонов одан да әрірекке көз жіберіп, келешек күндерді көрегендікпен суреттейді:
Мұны да әлі жазамыз,
Келеді күндер өзі аңыз.
Фашизмді лақтырған елге
Қолымызды да созамыз.
Асады іске осы аңыз:
Төстерге төсті тосамыз.
Еркіндік алған ұлы елді
Дауыстап жырға қосамыз.
Бұл сөздің әсте жаны бар:
Қағынар дұшпан, қағынар.
Бүгін болмаса, күні ертең
Әскери дабыл қағылар.
Бұл - соғыс басталмай тұрып үш-төрт жыл бұрын қағазға түскен шумақтар. Соғыстан кейін жазылғандай, дәл айтылған. Ақыры солай болып тынған жоқ па?
Жалына жырдың
Жармасып,
Шаттанып жүрмін,
Жер басып.
Осының бәрі
Осынау Жаралы қолдың арқасы...
Бұл - өлең соғыстан жиырма жыл бұрын Иосиф Уткиннің жарақаттанбай тұрғанда сау қолымен жазылған жыр. Қай колынан оқ тиетінін айтпады демесең, бәрі де сөзбе-сөз тура. Ал өзі соғыс біткен соң авиаапаттан опат болады.
Жалын жүрекпен шарпысқан
Көктемім үшін тартыста
жаралы баспен құлармын
Фридрихштрассеге таяу бір тұста.
Осыны жазған автор Александр Ясный өзінің өлеңдерінен жиырма үш жыл бұрын опат болатын жерін көзімен көргендей барынша, анық айтқан. Фридрихштрассенің дәл өзінде болмағанмен, Берлинге кіретін жолда Одер бойында қаза тапқан.
Жалғасы бар...
Қадыр Мырза Әлидің "Жазмыш" кітабынан дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: qaznews.kz