"Жазмыш". Көріпкел-әулиелік.
Әулиелік туралы айту үшін өзің де әулие болуың керек қой. Бірақ менде ондай қасиет жоқ. Әйтсе де ақындық, ақындық тағдыр туралы жазып отырып, бұл қасиетті аттап өту мүмкін емес. Ғылыми түсініктер бере алмағанмен, жиналған деректерді баяндап шығу қолымнан келетін шығар деп ойлаймын. Ал, енді, ондай мысалдар көл-көсір.
Соңғы жылдары, жиырмасыншы ғасырдың аяқ шенінде көріпкелдер көбейіп кетті. Олардың біразы әжептәуір дұрыс болжамдар жасап, қалың жұрттың көңілінен шығып жүр. Атеистік қоғам кезінде ақыл-саналары едәуір өзгеріске түсіп, бірдеңеге сенуден қалған қарапайым халықтың сенімдік қасиеттері қайта оянғандай. Балгерлер мен сәуегейлердің кенет көбеюі ғарыштағы жаңа сілкініс (активность), қозғалысқа байланысты деген пікірлер айтыла бастады. Ал ақындардың арасындағы әулиелік бүгін ғана басталған қасиет емес. Ол - баяғыдан келе жатқан қасиет. Он тоғызыншы ғасырға нүкте қойған философ, әрі ақын Фридрих Ницше өлмей тұрып: «Мені еуропалық соғыстан кейін түсінеді» деген. Еуропалық соғыс деп отырғаны - Бірінші дүниежүзілік соғыс. Сол соғыстың жақындап қалғандығын ол он-он бес жыл бұрын болжаған. Ницше, біреу біледі, біреу білмейді, тек әйгілі философ қана емес, ақын да болатын. Философтығынан ақын шықты ма, ақындығынан философ шықты ма? Ол енді екінші мәселе.
Орыс ақыны Николай Глазков бір досына жолдаған хатында: «Менің 1941 жылғы жазған төрт тағаным есіңде ме:
Қызыл әскер, күрескерің,
Талқан қылып жау әскерін.
Бітер соғыс негізінде,
Қыркүйектің сегізінде...
Тоғызыншы май - Германияны, үшінші сентябрь - Жапонияны жеңген күн. Ақылға сыймайтын, менің өзімнің ақылыма сыймайтын көрегендік» деп жазған еді. Ол аз болғандай, мынандай шумақтары тағы бар:
Бұл жол қайда келтірер?
Тек тұйыққа ол тірер.
Сірә, Адольф Гитлер
Өзін-өзі өлтірер.
Қалай айтса, солай келді де тұрды. Ақымақтың айтқаны келмейді, сандырағы келеді деген мақал, бұл жерде, әрине, орынсыз, мүлдем орынсыз. Николай Глазков әпенделеу, бірақ өте жақсы ақын болатын. Мүмкін әуейілігі мен әпенділігі сол әулиелігінен шығар.
Гумилев пен Ахматованың ортақ досы В.С. Срезневская: «Гумилев ойдың және көрегендіктің ақыны еді, ол көп кешікпей аспанда пайда болуға тиіс бір жұлдыз туралы: В созвездии змея загорелась новая звезда, - деп жазған-ды. Сол жұлдызды Куриль аралына орналасқан обсерватория астрономдары ақын айтқан жерден тауып берді», - деді.
Сонымен бірге Николай Гумилев өз өлімі туралы да дәл айтқан:
Нотариус, дәрігер
Жатпас бәрін есептеп.
Өлмеспін мен төсекте,
Өлермін бір қуыста
Қою шөпті уыстап.
Андрей Белый - орыс поэзиясында өзіндік орны бар үлкен тұлғалардың бірі. Өнері - ақындық, білімі (мамандығы) - математика болатын. Сол ғалымдық жағы әсер етті ме, кім білген, болашақ атом бомбасы жөніндегі болжамды ақындардың ішінде осы Андрей Белый айтқан-ды:
Кюри тәжірибесінде бұл әлем
Атом бомбасы болып жарылды.
Мұны ақын 1921 жылы жазған. Ал атом бомбасы туралы ойы бұдан да бұрынырақ туған.
Әулиелік - адам баласы түсініп болмайтын қасиет. Сол Андрей Белый өз өлімі туралы да айтқан:
Алтын сәулеге сенуші ең,
Күн жебесінен мерт болдың.
Мұны ол 1907 жылы жазған. Содан ширек ғасыр өткен соң Көктөбелде демалып жүргенде күн өтіп, құлап жатып, осы өлеңді есіне алып, достарына оқытады. Бұл жолы оның миына бірінші рет қан құйылады. Екінші рет бұл пәле сол жылдың күзінде қайталайды. Үшінші ретінде қаңтардың басында ақынды алып тынады. Өзі айтқандай «... умер от солнечных стрел».
Михаил Светловтың артында мынандай бір жазбасы қалыпты: «Бірнеше жыл бойына мен онға бөлінген бір сом туралы хикаят жазбақ болып дайындалдым. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан ақша реформасы жүрді. Сол реформада менің «оным» үлкен рөл атқарады. Бұл кездейсоқ нәрсе емес еді... Тағы да мен бұдан бірнеше жыл бұрын «Гренада» атты өлең жаздым. Содан кейін өздеріңізге белгілі Испанияда азамат соғысы басталды. Одан кейін «Каховканы» жазып едім, одан Омск су станциясы өсіп шықты. Мұның бәрін мақтану үшін айтып отырғаным жоқ. Менде бір әулиелік нышандар бар...».
Райдан қайттық. Құрыдық.
Құрыды Викинг үмбеті.
Қарақшыларға үлгі етті:
Ренегаттар алдында сұрақ тұрды,
Биік ғасыр бағытын бір-ақ бұрды.
«Тарих әсте жасасын! » деймін дағы,
Құлаймын кеп астына трактордың.
Павел Коган таяп қалған соғысты ғана емес, 1937 жылды да, оның суық лебін де сұмдық сезінген. Мұның айтып отырғаны репрессияның тракторы. Бұл өлең 1936 жылы жазылған. Сол үшін оны мектептен шығарып жіберген.
Соғыс алдындағы пималы
Ұлдарды дабыл қинады.
Шпреенің бойында
Соларды қалған уайымдап,
Суретшіге ой келер;
Терге малынып жейделер,
Әлі келгенінше еске алып,
Әлі келгенінше бейнелер.
Соғыс әлі басталған жоқ, ал Павел Коган сол соғыстың қай жерде аяқталатынын алдын ала білген, сезінген. Отызыншы жылдардың алдында дүниеге келген көген көздердің қалай қырылатынын анық айтып отыр.
Филиппин халқының көсемі, ұлт азаттық көтерілістің жетекшісі, ақын Хосе Рисальдің әулиелігі бала кезінде-ақ байқалған. Мектепте оқып жүрген кезде демалысқа шығып, ауылға қайтар алдында түрмеде отырған анасына соғып, оның көрген түстерін жориды екен. Сонда анасының айтқан бір түсін баласы: «Енді көп отырмайсың, үш айдан кейін жарық дүниеге шығасың», - деп болжайды. Айтқаны тура келеді. Ерте ме, кеш пе қалыңдығының оған опасыздық жасайтынын, өзінің қашан, қалай өлетінін - бәрін де алдын ала дәл болжаған.
Үлкен әдебиетші, филология ғылымының докторы Виктор Мандилов ақын Вячеслав Иванов туралы былай деп жазады: «Оның көріпкел қасиеті болатын. Ол болашақты да айқын болжай білді. Вольф Мессинг секілді адамның ойын оқи алатын еді.
1923 жылдың көктемінде сол Вячеслав Ивановқа бара жатып, университетке таяу, почтамптың қасында қайыр сұрап тұрған тап-таза шығыс дәруішін көрдім. Неге екенін қайдам, садақа бермей өте шықтым. Бірер қадам ілгері кеткен соң қалтама қол салып, тиындарымды уыстап, бірақ кейін оралуды жөнсіз көрдім. Сөйте тұра кетіп бара жатып өзіме-өзім ренжумен болдым. Мен кірген кезде Вячеслав Иванов профессор Л.А. Ишаковпен сырласып отыр екен. Леонид Алексей Ировичпен екеуінің арасындағы әңгімені бөле салып, маған тесіле қарады да (мен әлі ештеңе де айтып үлгергем жоқ): «Қалай...садақа беру керек пе, бермеу керек пе? » - деді. Содан, қайыр-садақа туралы ойларын ортаға салып, әдетте садақа алған адамнан гөрі берген адамға тиімді екені, берген адамның одан байи түсетіндігі туралы ұзақ сөйлеп кетті. Бұл енді тура менің ойларымды айна-қатесіз оқу еді».
Анна Ахматова өзінің бір кездегі құдай қосқан жұбайы Николай Гумилевтің өлімін алдын ала сезіп, үш-төрт күн бұрын мынандай бір шумақ өлең жазған:
Бітті осылай әпсанаң,
Тірі жүру жоқ саған.
Жиырма сегіз жасатқан
Ажалың сол бес оқтан.
Сол айтқаны болды да тұрды. Тек қыста емес, тамызда. Марина Цветаева да осындай көріпкелдіктен құр-алақан емес. Ол өмір-бойы картамен бал ашып өткен. Көптеген болжамы бұлжымай орындалған. Ол Осип Мандельштам, Сергей Эфрон, тіпті өзінің өлімі туралы да көрегендікпен сезе білген.
Жалғасы
Қадыр Мырза Әлидің "Жазмыш" кітабынан дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: azattyq.org