"Жазмыш". Даңқ.
Қадыр Мырза Әли. Даңқ #1
Қадыр Мырза Әли. Даңқ #2
Қадыр Мырза Әли. Даңқ #3
Өзінің дарынды ұлдарын құрметтеу жағынан Еуропа өзара бәсекеге түскендей... Ганс Христиан Андерсон жетпіске толған жылы өз отандастары арнайы комитет құрып, ұлы ертегішіге ескерткіш қоюға шешім қабылдайды. Бұл, меніңше, бір де бір тірі адамға ескерткіш орнатылмаған кез.
Ал өлген кезде Андерсон зиратының басында жақын-жуық, туған-туысқан көзге түспеген. Өйткені оның соқа басынан басқа ешкімі болмаған. Оның есесіне, шіркеуде жаназасы шығарылған сәтте жазушы табытының жанында корольдің өзі және оның мұрагері, министрлер, шетелдік елшіліктер отырған.
1906 жылы 23 мамырда Генрих Ибсен дүние салды. Оны шығарып салу рәсімінде қаралы топтың алдында корольдің өзі, стортинг депутаттары, өкімет мүшелері, дипломатиялық корпус, елдің бетке ұстар азаматтары - бәрі жүріп отырған.
Габриэль Мистраль өлгенде өздерінің сүйікті ақынын Чилиде де тап осылай шығарып салған.
Шолом-Алейкум қайтыс болғанда оны шығарып салуға 150000 адам келген. Мұнша адамды Нью-Йорк ешқашанда көрмеген. Шолом - еврей жазушысы. Ал Америка - Израиль емес. Соның өзінде осынша адам жиналу - ақылға сыймайды.
Луи Арагонды алаңға жерлеген. Қандай алаң екенінде тұрған ештеңе жоқ. Кейін оны бәрібір Арагон алаңы атайды.
Осындай дәстүр Тәжікстанда да қалыптасып келеді екен. Олардың ақынға деген ілтипаты ерекше. Қазірдің өзінде сол Душанбеде Айни бағы бар, Мырза Тұрсынзаде бағы бар...
Ең үлкен махаббат - халық махаббаты. Демек даңқтың үлкені де сол. Халықтың ықыласына ешкім тыйым сала алмайды. Хосе Рисаль - Филиппин ақыны. Ел оны филиппиндердің әкесі, бірінші филиппин (тагал) деп есептейді. Отаршылдар оны біраз жыл түрмеде ұстап, содан кейін өлім жазасына кеседі. Филиппиндер ұлы ақыннан айырылады. Ал Хосе Рисальді өлім жазасына кескен испандық отаршылдар Филиппиннен мәңгі айырылады. Ұлы ақынның қанша тұратынын осыдан-ақ білуге болады.
Филиппин бостандық алғаннан кейін ақынның шын жанкүйер оқырмандары Филиппин деген сөзден мүлдем бас тартып, өз елдерін Рисальдің есімімен аталық деп ұсыныс жасаған. Рисаль таза тагал тілінде қыршын деген сөз. Бірақ бұл идея ол жолы іске аспай қалған. Іске аспағанның өзінде қандай құрмет! Бір елді түгелдей сүйікті ақындарының атымен атамақ болған халық тегін халық емес. Сол ниеттері үшін-ақ ондай халықтан айналып кетуге болады.
«Құдай берсе, құлай береді», - дейді қазақтар. Даңқ үстемелегенді ұнатады. Бір басталса, біразға шейін жарылқайды. Қашан өзің бүлдіріп алғанша махаббат нұрына малынасың.
Рабиндранат Тагор елу екі жасында Нобель сыйлығын алды. Сол сол екен Британия өкіметі оған баронет деген атақ берді. Соның ізін суытпай гректер өкіметі оны «Құтқарушы» орденімен марапаттады. 1950 жылы, яки ақын о дүниелік болып кеткеннен кейін тоғыз жылдан соң «Джанаганамана» атты өлеңі Үндістанның мемлекеттік гимніне айналды.
Әңгімемізді кезінде аяқтау үшін сол әңгіменің бас жағына қайта бір оралайық. Онда біз Владимир Высоцкийді соңғы сапарға шығарып салу сәттерін еске түсіргенбіз. Ол күн - ақынның өлген, жерленген күні емес, даңқ биігіне көтерілген күні. Содан бері оның аруағы сол деңгейден төмен түскен жоқ. Жақын арада түсе де қоймас.
Қазіргі Рим папасы орыс тілін жақсы білсе керек, Высоцкийдің өзі туралы әнін естігенде мәз болған... Ал Гарри Каспаров Анатолий Карповпен майдандасқан сайын Высоцкийдің «Алтын», яки сол ән жазылған үнтаспасын ойнатып кояды екен... Карпов та солай, шахматшылар бас қосқан үлкен жарыстарда Владимир Высоцкийдің видеокассеталарын ала жүретін көрінеді. Әйгілі чемпиондар сөйткенде басқалар не істемек?! Қарапайым жанкүйерлер оған тыныш өмір сүруге мүмкіндік бермеген. Кейде тіпті қашып, бас сауғалар жер таппаған. Одессаға концерттік бағдарламамен барған әнші өз бөлмесінде түней алмай, басқа артистердің нөмірін пайдаланған. Осының бәрінен ол өліп құтылды. Бірақ қадір-құрмет әзірге тоқтайтын, тоқталатын түрі жоқ. Бір мың тоғыз жүз сексен бесінші жылы Қырым обсерваториясының астрономдары Марс пен Юпитердің аралығынан табылған жаңа планетаны «Высоцкий» деп атады. Оның планеталар каталогындағы саны - 2374.
Бұл тақырып басы бар, аяғы жоқ ұзақ ертегі сияқты. Соза беруге болады... Басқа ақын, басқа даңқ туралы тарылмай толғаса да болар еді. Бірақ одан әңгіменің мәні өзгермейді. Таздың басына, пұшықтың мұрнына қона салатын соқыр бақыт сықылды емес, даңқ - ешкімнің ырқына көне салмайтын бірбет құбылыс. Лайық емес адамға ол жоламайды. Онның бірін, жүздің бірін таңдайтын талғампаз пәле. Ол ойда жоқта бір күні келе салмайды. Ат басын тіреп, мама ағашқа тұлпарын байлағанша ол өзінің кім екенін білдірмей шын мықтының жанында ұзақ жүреді. Жазу үстелінде қатар отырады. Сапарларда бірге болады, шатақтардың ішінде бірге жүреді, мейрамханаларда, абақтыларда азапты бірге шегеді.
Ол - нағыз таланттың жолсерігі, жұбанышы, көз жасын сүртетін беторамалы, жан жарасын жуатын таң нұры. Бірақ бұл да ақынның бірінші бақыты емес. Оның бірінші бақыты - шығармашылық процесс... Ал қалған тірлігі - қараңғы туннель. Біз енді сол қараңғы туннельге бет бұрамыз.
Қадыр Мырза Әлидің "Жазмыш" кітабынан дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: avana.ru