Жылаумен өткен жетім жылдар (хикаят) #4

Жаңа өмір, жаңа үй аз машақат әкелген жоқ бұларға. Нешеме жыл бос болып, балалардың ойын ойнайтын жеріне, алқаштардың арақ ішетін орнына айналып кеткен жаман лашықты жөндеу үшін Жарқын қаншама тер төкті. Қалтасында ақша жоқ, содан ананың бір тірлігін істеп беріп, мынаның бір тірлігін істеп беріп, әйтеуір тиыннан теңге құрастырып, үйді де сәл ретке келтірген болды. Қисайған дарбазасын жөндеді, құлаған дуалдарын қалады. Жабайы болып өсіп кеткен шөптерін жұлып, келесі жылға бақша егетін жерлерді дайындады. Күзде жаңа көшеттер отырғызды.

Иә, Жарқынның қолынан келмейтіні жоқ-тын. Бұның көмегіне бәрі де зәру. Бірақ, мұның жетім екенін білетін олар ақысын төлеуге келгенде тым сараң. Қолына болмашы ақша ұстатады. Басқа табыс көзі болмаған соң Жарқын лажсыздан көнеді оған. Бұл кезде Сабира да алғашқысын босанған болатын. "Осы уақытқа дейін бағымыз ашылмады. Осы баламен бірге Алламыз бізге бақ берсінші" деп ырымдап, оның есімін "Бақберген" атаған.

Елжасқа келсек, ол сол кеткенінен мол кетіп, араға жарты жыл салып барып бір-ақ оралды. Онда да әке-шешесімен амандасыпты да, бұлардың осында екенін біліп, тіке осында тартыпты.

— Дұрыс істегенсіңдер! Сендер үшін қуаныштымын! - деп ол мәз. "Көрімдіктерің" деп ананы бір, мынаны бір беріп, одан қалса біраз ақша беріп, қуантып тастады. "Алмаймыз" дегендеріне қоймады. Сол күні дүкеннен оны-мұны әкеліп, үйлерінде шағын отырыс та ұйымдастырып жіберді. Жарқын мен Сабира Елжастың қарызын қалай қайтарарын білмей қысылды. Жоқ, мынау сыйлықтарының, берген ақшасының қарызын емес, осыларға деген көңілінің қарызын қалай қайтармақ? Осылар үшін әке-шешесімен де ұрысып, өз үйінен өзі безіп жүрген жоқ па?! Неткен кең жүректі адам десеңші! Адамның бәрі осындай болса ғой, шіркін, онда мына өмірде бақытсыз адам болмайтын еді ғой.

— Мен енді ауылға сирек келемін. Әйтеуір сендердің бөлек үй болғандарыңды көріп жүрегім жайланып қалды ғой. Енді онша уайымдамай жүретін болдым. Өздерің үшін тірлік жасаңдар енді, - деді ол қоштасар алдында. Бұлар да оны қимай қоштасты...

*   *   *

"Үйлену оңай, үй болу қиын" деп бекер айтылмаған ғой. Оның үстіне қолұшын берер бірде-бір жақыны жоқ Жарқын мен Сабираға да үй болып кету оңайға тиген жоқ. Кішкентай балалары тағы бар. Оған тамақ тауып беру керек. Жарқын демалыс дегенді ұмытып, жанын бере жұмыс істеді. Аз төлей ме, көп төлей ме, оған бәрібір, жұмыс табылса болды. Ештеңеден ерінген жоқ. Тапқанының бәрін үйіне жапсыра берді. Анда-санда бой көрсететін Елжас та әйтеуір құр қол келмейді, келген сайын бір жыртықтарын жамап кетуге тырысады. Бұны көре алмайтын Күлайша талай келіп әңгір таяқ ойнатқан бұларға.

— Жақсылықты түсінбей, асымызды ішіп, тағарама тышып кеттіңдер. Қорамызды өртеп, бүткіл малымызды тірідей өртеп жібергендеріңмен қоймай, жалғыз баламды өзімізге қарсы қойып, оның тапқан ақшасының бәрін пайдаланып отырсыңдар. Құдай ішкен-жегендеріңді желкелеріңнен шығарсын! - деп қарғап-сілеп, одан қалса жұртқа да жамандап кетеді. Оған да үйренейін деді бұлар. Бұрынғыдай бастарын төмен салып мөлиіп тұрмайды, Сабираның өзі сәл-пәл сөз қайтаратын болып қалыпты оған. Шыдамы таусылған шығар, кім білсін...

Осындай бірде бар, бірде жоқ күндерде екінші сәби де өмірге келді. Оның есімін "жанындағыларға мейірім шашып жүрсінші. Біз мейірімге зәру болдық, осы қызымыз мейірімді болсыншы" деп, "Мейірім" деп атады. Екі балалы болған соң күнкөріс тіптен қиындады. Ауылда да жұмыс тапшы болып, ақыры Жарқын біреулердің ақылымен Астанаға кететін болды. Сондағы құрылыс жұмыстарында істеп, әжептеуір ақша тауып келмек. Сабира не десін, ақ жол тілеп шығарып салды.

Сабираның өзі үйден шыға алмайды. Әйтеуір көршілерінің үйінде бір жұмыс шығып қалса, сонысын істеп, ішер тамақтарын табуға тырысады. Қалған кезінде азғантай жерге еккен огородына қарайды. Көшеттерін күтіп-баптайды. Өзінің де денсаулығы соңғы кездері сыр беріп жүр. Иә, бәрі Бектастың үйіндегі жағдайдан ғой. Күн-түн демей белінің талғанына қарамастан жұмыс істеді, түнде жататын жері сыз сарай. Суық та өтіпті. Жарқынның да жағдайы мәз емес шығар, тек, еркек болған соң білдіртпейді де. Оның үстіне бұл босанған кезінде күтіну дегенді де білген жоқ қой. Содан да шығар. Әйтеуір соңғы кездері денесі ауыр тартып, қозғалуы қиынға соғып жүр. Тыныс алуының өзі мұңға айналып барады. Әйтеуір осы екі баласы үшін ғана өмір сүріп келеді. Осы екеуін аман-есен жетілдірсе екен, аман-есен өсірсе екен...

*   *   *

Бұл кезде Бақберген де 2-сыныпқа өтіп қалған кез. Астанада жүрген Жарқын аз уақытқа келіп кетті. Соңғы кездері айлықтарын ала алмай жүр екен. Жанындағы біреуден қарызданып әзер жетіпті мұнда. Баласына бірді-екілі мектепке киетін киім әперген болып, азық-түлікке деп біраз ақша тастап, қайтадан асығыс кетті. Қашан келетінін өзі де білмейді. "Айлық қолға тимейінше келе алмаймын. Қысылып жатсаңдар дүкеннен қарызға ала тұрыңдар, келген соң беремін ғой. Дегенмен, бар нәрсені үнемдеп жұмсауға тырысыңдар, айлықты қашан беретінін білмеймін. Негізі 3-4 күнде береміз деген" деп кетті ол. Сабира оған бір ауыр жаңалықты айтқысы келген. Бірақ, жолға шығып бара жатқан адамды олай күйзелткісі келмеген. Содан тілін тістеп қалды. Артынан "осыным дұрыс болмады-ау. Кейін маған қатты ренжитін шығар" деп қатты өкінген.

Расымен бұл өте ауыр жағдай болатын. Мұның өзі осы таяуда естіді оны. Қалада жүрген Елжас жол апатына түсіп, қазір ауруханада жатыр екен. Егер бұл жайлы айтса, Жарқын барлық жұмысын қоя салып, соның қасынан шықпай, қашан ол ауруханадан шыққанша жанында болатыны анық. Бірақ, бала-шағаны да ойлау керек қой. Бұл қазір қайтадан Астанаға бармай қалса, сонша істеген жұмысының айлығын ала алмай қалуы да мүмкін. "Құр қол барғаны да ұят қой. Айлығын алып келсін, сосын бара жатар. Біраз жатуы мүмкін деп жатыр ғой жұрт, ал бұл төрт-бес күнде келіп қалар" деп өзін ақтап қойып еді Сабира іштей.

Елжастың апатқа ұшырағанын естігенде мұның да жүрегі зырқ еткен. Бірден барғысы келген. Бірақ, өз тәнін өзі әзер сүйреп жүр, одан қалса мына екі кішкентайы бар, содан байланып шыға алмай қалып еді. Алайда, сол хабарды естіген күні түнімен ұйықтай алмай, жылап шықты. Иә, бұл өмірдегі шын жанашырлары сол Елжас еді ғой. Неге бұл Құдай жақсы адамдарын қинай береді екен? Неге?..

Міне, осы бір өткен өмірінің бәрі көз алдынан өткен Сабира жасқа шыланған жанарын көрпенің шетімен бір сүртіп алды да, анадай жерде домалап жатқан балаларына қарады. Бақбергенінің үсті ашылып қалыпты. Өзін қинай қозғалып жанына барды, сөйтіп үстін жапты да, құшақтап алып жатты. Кенет тыныс алуы да жеңілдеп, бойындағы ауру да жоғалып, өзін сондай жеңіл сезініп кетті. Бір рахат сезімге бөленгендей. Осы рахат сезім көздеріне ұйқы әкеле бастағандай. Кірпіктері айқаса берді...

*   *   *

Ашуы ертеңіне бір-ақ тараған Райхан өз ісі үшін өзі ұялып жүр.

— Онсыз да өмірде бір қызық көрмеген бейшараны соншалықты табалап, соншалықты ренжіткенім қалай? Маған не көрінген осы? Көшеде шашылып жатқан алмамды қызғанып, бұзықтығы шектен шыққан баламды жақтап... Ойбай-ау, жерге құлап қалса да сол басы ісер еді ғой. Бала болған соң сол ғой. Сәл шишкадан басы жарылып, миы аузына түскен жоқ қой. Қап, артық кетіппін. Дұрысы — барып кешірім сұрайын, - деп ақылға келген ол дәмді тамақ істеді. Етін молдау еткен ыстық палауды бір легенге салып жатқан. Соны апарып қуантып қоймақшы.

— Баламның көйлегін жыртты деді ғой. Иә, жағдайлары жоқ қой бейшаралардың. Осы үйде не көп, көйлек көп, Талғаттың кимей қойған бір-екі киім-кешегін апарып берейінші өзі, - деп, оларын да дайындап жатыр еді, оң жақтағы көрші Хадиша кіріп келді.

— Ей, қатын, не істеп жатырсың?

— Өй, сен қайдан жүрсің мұнда? - деп беймезгіл келген көршісіне Райхан таңдана қарады.

— Қайдан жүргені несі, мына үйге кірмейміз бе? Көрші болып көмектеспесек, адамгершілігіміз қайсы? Байғұс балалар шырылдап жатыр.

— Тыныштық па?

— Естімедің бе? Сабира қайтыс болыпты ғой.

— Немене?!

Райханның құлақтары шыңылдап кетті. "Сабира қайтыс болды" дейді? Қалай? Кеше түсте ғана еді ғой оны көргені. Шынымен бе?

Райхан жерге отырып қалды. Көз алды қарауытып кеткен. Өз құлағына өзі сенер емес.

— Мүмкін емес, мүмкін емес! - дей береді қайталап.

— Әй, саған не болды? - деп өзіне жақындай берген Хадишаны кері итеріп жіберді.

— Неткен қатігез, неткен ақымақ едім мен? Ол маған нала болып кетті! Ол мені кешірмейді енді! Ауырып жүргенін біле тұра, жағдайларының нашарлығын біле тұра оны келеке еттім, нала қылдым. Ол мені кешірмейді! Ол маған нала болып қайтыс болды! - деп сандырақтай берді Райхан. — Кешірші мені, Сабира, кешірші! - дейді тағы да. Хадиша түкті түсінбей, көздері бақырайып, ауызы ашылып қарап қалыпты. Ал Райханның көз алдынан кешегі Сабираны итеріп құлатқаны, бетіне түкіргені, оның сондай бір налалы көзқараспен қарағаны кетер емес.

— Кешір мені, Сабира, кешір! - дей берді ол. — Алдыңдағы айыбымды қалай жусам екен?.. Уәде беремін, енді балаларыңа өзім бас-көз боламын! Оларды жылатпаймын, аш етпеймін! Өзім жемесем де, барымды солардың ауыздарына тосамын...

*   *   *

Қайғылы жағдайды ести сала Жарқын да ауылына тез жеткен. Қыркүйектің кезі, күн ыстық, дене сасып кетуге айналыпты. Жарқын жете сала тездетіп жерледі. Көршілер көмектесіп, асын берген болып жатыр. Жарқынның көздерінен жас та шықпай қалыпты. Бар тапқаны — балаларын құшақтап солқылдау ғана. Таңертең ұйқысынан оянған Бақберген жанында жатқан анасын көрген. Сабаққа баратын уақыты болған-тын. Көйлегінің жыртылып қалғаны есінен шығып кеткен Бақберген анасын оята беріп еді, бірақ қимылсыз жатқан Сабира жас бүлдіршінді шошытып еді. Қанша жұлқыласа да оянбады. Бұл кезде Мейірім де оянып, ол да жылап жатқан болатын. Зәресі ұшқан бала көрші үйге қарай жүгірді. Көшеге шыққанда ғана кешегі оқиға есіне түсіп, Райханның үйіне жолағысы келмеді, басқа көршінің үйіне барды.

— Апа, апа, жүріңізші, мамам оянбай қалды! - деген өкси дәрет алып келе жатқан көрші әжейдің етегіне жабысып. Аз уақытта үйге біраз адам жиналып, Сабираның о дүниелік болғанына көздері жетті. Содан Жарқынға хабар беруге асыққан. Жарқынның өзінде телефон да жоқ, дегенмен, ол осы ауылдың біраз жігітімен бірге кеткен болатын, соларға телефон шалу арқылы Жарқынға да хабар берді. Есеңгіреп қалған Жарқын алғашында өз құлағына өзі сенбей қалған.

— Қалайша, кеткеніме он-ақ күн болды ғой. Сап-сау еді ғой! - дейді дірілдеп. Иә, ауруы жанына қанша батса да, күйеуін уайымдатқысы келмеген Сабира барынша сырқатты екенін білдіргісі келмеген еді ол кезде. Ақыры ауру алып тыныпты...

Жарқын осылай өксіп отырғанында қақпа сыртына тағы бір көлік келіп тоқтады. Сәлден соң ішке коляска итерген біреулер кіріп келе жатты. Жарқын түсінбей қарап қалыпты. Бұлар кімдер еді? Құдай-ау, мынау кім тағы?

Жарқынның көз алды қарауытып кетті. Ол коляскадан Елжасты көріп тұрған еді. Екі аяғы тізеден жоғары кесілген Елжастың көздері жасқа толып қалыпты.

— Сабирашым менің! Сабираш! Бағы ашылмаған жеңгем! - деп зарлап келеді. Жарқын тәлтіректеп кетті. Шынымен мынау Елжас па? Оған не болған? Жоқ, жоқ, Елжас, сен мұндай күйге түсуге тиіс емес едің ғой!

Бейтаныс адам колясканы итеріп Жарқынның жанына әкелді. Елжас оны құшақтай алды.

— Бекем болшы, сорлы бауырым, бекем болшы! Құдай аямай қинады-ау сендерді! Бекем болшы! - деп еңкілдеп жыласын келіп. Мұның аяқтарын құшақтай алған. Есін жия алмай тұрған Жарқын жәйлап тізелерін бүкті де, бауырын — Елжасын құшақтай алды.

— Бұл сенбісің? Саған не болған, бауырым? Мынауың не сенің?

Өкіріп жіберген Жарқын Елжасты тас қылып құшақтай алды. Иә, дәл осы кезде Жарқынға Сабираның өлімінен көрі Елжастың мүгедек жанға айналғаны ауыр тиген еді.

— Жаным-ау, аяқтарыңды қайда тастап кеткенсің? Қандай түріңмен келіп тұрсың? Менің баяғы Елжасым қайда? Не болған саған? - деп өкіре берді.

Қалада жүрген кезі. Таксиде, салонның алдында отырған еді. Көлік қатты жүріп келе жатқанында таяп қалған бағдаршам сары жанып қалды, жүргізуші өтіп кетемін деп ойлады. Сол кезде мына жағынан да бір көлік қатты келе жатыр екен, бүйірден келіп соқты бұларды. Иә, дәл Елжас отырған тұстан келіп соқты. Екі аяғы содан езіліп кетіп, кесуден басқа амал қалмаған еді дәрігерлерде.

— Менің аяқтарымды қайтесің, сорлы бауырым, қайтесің аяқтарды? Аяқтарымды берсем де, өзім тірімін ғой. Ал Сабираш ше? Ол кетті ғой! Қыршын кетті ғой бейшара! Мына өмірден еш қызық көрмей кетті ғой олар! Қос баласын жетім етіп тастап кетті ғой! Енді сен тастамашы бізді! Сен бекем болшы, сен аман болшы! - дей берген Елжас. Неткен жан десеңші! Мына сөздер Жарқынды одан сайын босатты.

— Бауырым-ай, бауырым-ай! Қашан бұл күйге түскенсің? Неге мен естімедім? Сені екі аяқтан айырғанша, бұл Құдай менің жанымды алса етті! - деп Жарқын Елжасты қысқан үстіне қыса түсті. Өкіріп жатыр.

— Бұл неткен әділетсіз тағдыр еді? Әке-шеше күнәсі үшін неге балалары жаза тартуы керек? Мен де, Сабира да әке-шешеміздің күнәлары үшін осы күнге дейін азап шегумен келдік. Енді Елжас та... Оны да әке-шешесінің күнәсі үшін жазалағаның ба? Біз ешкімді қарғаған жоқ едік қой. Жаратушы Ием, ең құрымаса Елжасты бақытты етпедің бе? Бұл нағыз бақытты болуға лайық жан еді ғой! Неге мұны былай қинадың? - деп Жарқын енді көкке қолын соза еңіреді. Асқа жиналған көпшіліктің бәрі бұл кезде қосыла еңіреп тұрған болатын...

Иә, расымен-ақ ата-ананың біреуге жасаған қиянаттары қашанда ұрпақтарының алдарынан шығып жатады. Егер бала-шағамыздың, немере-шөберелеріміздің бақытты болғанын қаласақ, онда алдымен өзімізді жөндеуге тиіспіз. Жан баласына қиянат жасамай, иманды болуға, түзу жолмен жүруге, айналамыздағыларға мейірім көзімен қарауға тырысайықшы. Сонда ұрпақтарымыз да бақытты өмір сүрмек. Жоғарыдағы оқиға осының бір дәлелі...

Соңы

ЕСКЕРТУ: Әңгімедегі оқиғалар басыңыздағы жағдайлармен сәйкес келіп жатса, мұны жәй ғана сәйкестік деп қабылдаған жөн. Кейіпкерлердің аты-жөндері өзгертілген. Фотосуреттердің әңгімеге қатысы жоқ. 

Автор: Ербол ЖАЛПОШЕВ

Сурет: photo-forum.net

Ұқсас жазбалар: 

Жылаумен өткен жетім жылдар (хикаят) #1

Жылаумен өткен жетім жылдар (хикаят) #2

Жылаумен өткен жетім жылдар (хикаят) #3