Жүсіпова Айшолпан. Отаным, саған айтамын

Жүсіпова Айшолпан. Отаным, саған айтамын
Фото: Жүсіпова Айшолпан

Ел ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы ИЖүсіпова Айшолпанның шығармасын ұсынамыз.

Жүсіпова Айшолпан Қазықанқызы 1993 жылы 3 сәуірде Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы, Қарабұтақ ауылында туған. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі.

Жалықтырса ұзақ сапар, жат мекен
Туған елдің түтіні де тәтті екен.


Жеңіл автокөлік желмен жарысып келеді. Жел аракідік есе жібергенімен, жол жеткізбейді. Бағытымыз – ауыл...

Ол кезде мектеп оқушысы едім. Шахматтан облыстық спартакидадан қайтып келген кезім. Екі күн бұрын ақ жол тілеп, шығарып салған нағашы атам маған біртүрлі өзгеріп кеткендей көрінді. Менің Ақтөбеге кеткенім есінен шығып кеткен тәрізді. Сөйлеген сөздері де бір-бірімен үйлеспейді. Бірер күнде орын алған бұл өзгерістің себебін анам түсіндіріп берді. Атам жаман аурумен ауыратын. Жасы келгендіктен, дәрігерлер ота жасауға рұқсат бермеген. Содан аудан орталығына келіп, жергілікті мамандарға қаралып жүрген. Атамның жады қабылдап жүрген дәрілерінің кесірінен нашарлап бастапты. Түсінгенімше, ауырғанды басатын дәрілердің құрамындағы морфин секілді есірткілік зат біртіндеп өз әсерін бере бастаған екен...

Десе де, атамның жүрегіне ауыр тигені жетпіске келгенде төсекке таңылтқан қатерлі ісік емес, туған жерге деген сағыныш еді. Бірнеше ай қатарынан көпқабатты үйде ем алып жүрген атам өзін тар қапастағыдай сезінетін. Кең даланы, көрші-қолаңды, қорадағы төрт түлік малын сағынатын. Алайда денсаулығының нашарлағандығы соншалық, аурухана мен үйдің арасында да тасымалдауға келмейтін жағдайға жетті. Ауылға апарып қайту мәселесі тіпті қозғалмайтын...

Таныс жоталар көріне бастады. Дәл осы биіктерді атаммен бірге бағындыратынбыз. Сыйғанымызша атарбаға тиеліп, бүлдірген теретін едік. Торымызды сайлап, балық та аулайтынбыз. Бие сауып, қымыз ашытқан күндер де есте. Тоғай аралағанды да ұмытпайтынбыз. Ойлап қарасам, алпыстың асқарын бағындырғанда жүрегі атша тулап тұратын атамның көңілі де сондай жас еді. Алайда "өзен ағысын бөгеуге болады, өмір ағысын бөгеуге болмайды" деген сөз рас екен...

Күндер өте берді. Уақыт өте келе атамның жағдайы қиындай түсті. Көңілің мұң жаулады, туған жерге деген сағынышы үдейе түсті. "Ауылға қашан барамыз? Үйге қашан қайтамын?" деп күндіз-түні сұраумен болды. Немерелері мән-жағдайды толық түсінбейміз. Атаны ауылға апармауды нағыз әділетсіздік санайтын едік. Үйдің үлкендеріне "атаны ауылға апарыңыздар!" деп ашуланамыз, ренжиміз. Үлкендер оны білмейді деймісің... Отырғанның өзінде жаны шығып кете жаздайтын әкелерінің жол үстінде көретін азабына бауыр еті балалары шыдай алар ма? Жолға шыдамасын ата да сезетін, бірақ қайран жүрек туған жерге жетпей тыншымайтынын білетін. Кейін амалымыз таусылып, күнде кешке атаның киімдерін, дәрілерін сөмкеге салып, "көрдің бе, ата, ертең ауылға барамыз" деп көңілін аулайтынды шығардық. "Рас па?" деп атамыз егіліп жылап, ертеңгі жолын көз алдына елестетін. Есі әбден дәріге уланған атамыз сөзімізге сеніп, балаша мәз-мейрам болып, бір уақыт өзін әлемдегі ең бақытты адам сезінетін. Алайда ауылға аптасына жеті рет жиналатынын мүлдем сезбейтін еді...

Кіші Отанымызға да келіп жеттік. Ауылда бірді-екілі үй ғана қалған. Көбі қалаға, енді бірі аудан орталығына қоныс аударған. Тып-тыныш. Биыл атамның қайтқанына он жыл. Өкінішке орай, ауылына жете алмаған күйі мәңгілік сапарға аттанып кетті. Дәл осы бір өкініш әлі күнге дейін өзекті өртейтіні рас. "Аққу көлін аңсайды, адам туған жерін аңсайды" деп бекер айтылмаса керек-ті... Алаң болма, ата! Қош көрдік, туған жер! Бүгін мен атам екеуміз үшін армансыз атқа шабамын! Атам екеуміз үшін сендік ауаны рақаттана жұтып, кеудені кере тыныстаймын!

Т. Раушанұлы