Жүсіпбек Қорғасбек. Мұқағали мен Фариза #5

Басы

5.
Сөмкесінің аузын жүре жапқан әйелзат баспалдақпен асығыс-үсігіс түсіп келе жатты. Кіре берістегі кең де жарық фойеде жоғарыға шекелеп қарап бір кісі тұрған. Асыққан әйелзат иегін тәкаппарлана көтеріп өте берді. Фойеде тұрған кісі суық жымиып күлді.
– Әй, қара қыз, тоқта!
Қимылы жігерлі әйелзат шынардай солқ етіп тоқтады. Жалт етіп бұрылып қарады. «Жолымды бөгейтін кімсің?» дегендей көзін өткір тастады. Ана кісі басқа жаққа қарап маңып тұр екен. Бірінің сұсы, бірінің сесі басым екеудің арасынан от шығардай шыңылдады.
– Қазақтың Фаризасы қазақтың Мұқағалиының қайда жүргенін неге
білмейді?
– Екі сағаттан кейін Бакуге ұшам, Нұрғиса аға. Әйтпесе ініңізді
қасыңызға әкеп қосып беретін едім.
– Өрісін білсең айт, қара қыз, өзім-ақ тауып алайын.
– Өрісін де, қонысын да білем, Нұрғиса аға. Өткенде шаршаңқырап тұрған жерінен көлігіммен үйіне апара қойып едім, арылмас өсекке қалдым.
– Сендердің араларыңдағы қатынас Құдайлардың махаббаты секілді, мен білсем ол қандай өсектен болса да биік, қалқам!
Өзіне ешнәрсе әсер етпейтіндей тікірейген әйелзат еріксіз селт етті. Ағасының асқақ сөзіне емес, басқа бірнәрсе есіне түсе қалғанға ұқсады. Көңілі әлденеге алағызғандай тықыршып, аяғын дікілдетіп бір басты, екі басты. Алаңдап сағатына бір, жаңа ғана өзі түскен баспалдаққа бір қарады.
– Айтпақшы, соңғы поштаның ішінде бір конверт жүр еді. Сыртына
Мұқағалидың қолы қойылған. Астына ауруханадан деп жазыпты. Асығып отырып қарауды ұмытып кетіппін.
– Мәсс-са-ған!.. Ал, Құдайлардың махаббаты!..
– Жарайды, мен қайтып келгенше ол хат терезеден құс болып ұшып
кетпес!
Әйелзат тікірейген жүзіндегі алаң көңілдің ізін сол сәтте-ақ сылды да
тастады. Ана кісі де оған аса мән бермегендей бойын бірден сырт сала суықсыды. Бірақ бас иіп асығыс қоштасқан әйелзатқа өзі де басын кегжең еткізе изеп қалды.
– Жолың болсын, қара қыз!
Сырттан шұрқырай кірген біреулер «ассалаулап» қолдарын ала жүгірген. Кезек-кезек қолдарын алып жатып, іздеген адамы да әне-міне кіріп келетіндей емексіген. Қайта-қайта сарт-сұрт етіп ашылып-жабылған емен есікке көзін сата қараған. Алайда ол сол күйі көрінбеді, келмеді.
– Жігіттер, Мұқағалидың қайда екенін кім біледі? – деді дауысы
қаңқылдаған қаздың үніндей саңқылдай шығып. – Тағы да ауруханаға жатып қалған жоқ па?
Жаңа ғана өзімен жарамсақтана амандасқандар бастарын төмен салып, ешқайсысы үндей қоймады. Мұның атақты басымен қатарларындағы ақынды бөле-жара іздеп жүргенін қызғанғандай шеттей бастағандары да бар. Ол шыдамай кетіп:
– Әй, жігіттер, үйірлеріңе абай болыңдар! – деп шаншыла тіл қатты. –
Үйірлеріңе абай болыңдар!..
Осы сөзді есесі кеткендей қайта-қайта айтып, сыртқа шалық тигендей
шалқалақтап шықты. Құлағына құйылған әлдебір әуенді игеріп алғысы келгендей, екі қолы екі жаққа әуелей сермеліп-сермеліп кетті. Артынан ілесе жүрген ақ «Вольга» алға озыңқырап барып тоқтаған сайын, жүргізушісі атып шығып есік ашумен болды.
– Нұраға отырыңыз!..
– Қоймадың ғой, бала!..

Әлденеге ренжігендей артқы орындыққа өзін өзі тастай салды.
Жүргізуші есікті ақырын сырт еткізіп жапты да, дұрыс жаптым ба дегендей сыртынан нығарлап қойды. Нұрағасының бұл жолы тілін оңай алып, көлікке міне қалғанына мәртебесі өскендей құрақ ұшты.
– Ауруханаға тарт!
– Жеңгем кешкі асқа уақытымен әкел деген.
– Жеңгең асын ауруханаға әкелсін!
– Сырқаттанып қалдыңыз ба?
– Мен емес, Мұқағали!
– Өткенде бір ай сіздің үйде жатқан кісі ме?
– Иә, бір ай біздің үйде жатқан кісі!
Ақ «Вольга» қақпадан зулап кіріп, «жедел жәрдем» көліктері тізіліп тұрған аурухана алдына аял қылды. Жүргізуші өзі бірінші түсе қалып, тыпыңдай жүгіріп келіп, есік ашты. Іштегі кісі аяғын сыртқа салып бір отырды да, шалт қимылмен жарқ етіп бой көрсетті. Тұстарынан сырбазсып өте берген екі-үш адам тани қойып, қауқылдап қаумалай кетті. Екі-үш ауыз тіл қатысқан соң:
– Нұраға, мұнда кімге келдіңіз? – деді батылдау бірі қолтығынан алып. – Қап, бас дәрігер жаңа кетіп бара жатқан.
– Әй, жігіттер, – деді Нұрғиса оларды іштарта сөйлеп, – Осында Мұқағали
деген ақын жатыр. Өткенде екеуміз тарихта болмаған нәрсе жасадық. Отыз күн біздің үйде жатып, отыз күнде отыз ән жаздық.
– Оп, бәрекелді!.. О, ғажап!.. – деп ана жігіттер одан бетер қауқылдасты.
Нұрғиса сол екпінмен әлгілерді нөкердей ілестіріп, ішке дабырлап кіріп барды. Кіреберісте тұрған ақ халаттылар қарадай шошып, алдын кес-кестеп тұрып алды. Осы арада естілеу біреуі келіп, әдемі сүйір иегін тәкаппарлана көтеріп амандасты.
– Мақатаев кісі қабылдайтын халде емес, – деді таңдайы тақ-тұқ етіп.
– Мені жіберіңдер, өз көзіммен көрейін, – деді Нұрғиса қайсарланып.
– Ол орнынан тұра алмай жатса, сізді қалай жібереміз? – деді дәрігер өңін суытып.
– Мейлі, қасына түнеп шығам, – деді Нұрғиса кәрленіп шыға келіп.
– Бұл неғылған концерт? – деп арғы жақтарынан тағы біреу айқай салды.
– Ә, сендерге концерт керек пе? – деп Нұрғиса да шақ ете қалды. –
Көресіңдер онда концертті!..
Бірақ түрінен ашудың ізі де білінген жоқ. Салалы саусақтарымен шашын артқа қарай бір сілкіп тастады. Жазық маңдайынан кеңдік пен паңдықтың саптай лебі есті. Тамырлары адырайған қолдары торғай ұстайтындай ауада оңды-солды тарбаңдай жөнелді. Жиылған жұрт композиторды енді танығандай күбірлесіп, сыбырласып, сиқырға арбалғандай таң-тамаша қалысқан. Ол бірақ бір минут та аялдамастан, аяғын әскерилерше сарт-сұрт басып шықты да кетті.

жалғасы бар