Фейсбук деген әлеуметтік желі көп адамның іші-сыртын бірдей көрсететін аппаратқа айналғандай. Бүгін онда жасы да, кәрісі де отыруды әдет қылыпты. Ондағы әңгіме де ерек. Бірақ сол көптің ішінде елге есті сөз айта білетін, мәселе көтеретін, айтқыштық қасиеті бар дуалы ауыз қолданушылар да бір шоғыр. Солардың бірі - Жандос Байділда деп таныстыруды жөн көрдік. Себебі әрбір жазбасы ел есінде жүретін, көтерген мәселесі ең көп талқыланатын қолданушы екеніне шүбә келтірер адам жоқ. ҚазҰУ-дың Филология факультетін бітіріп, кейін журналистикада біліктілігімен көзге түсіп жүрген Жандос Байділданың шығармашылық қабілеті мен қарымын айтпай өтуге болмас.
Оның "Гәлөш" атты әңгімесі бір қарағанда жеңіл, "көңілшек" туынды болып көрінуі мүмкін. Бірақ автордың өзіне тән кестелі сөзі мен артқан мазмұны атандай-ақ жүк арқалап тұр, байқасаңыз. Осы орайда әңгімені алдарыңызға қойдық, асылы болса асырыңыз, жасығы болса жасырыңыз, қазақпыз ғой...
Гәлөш
Мен туған ауылдан әрі ассаңыз жолбарыстың жонындай болып Шәулімше дейтін төбе көрініп жатады. О шеті мен бұ шеті кемі екі шақырымға созылып жатыр. Сол созылған төбеден іргесін бөлек салып, молданың тақиясындай ғана Жетімтөбе бар. Осы екі төбенің ортасындағы күре жолмен Қаратаудың сілемдеріне шығып кетесіз. Шаруаға жайлы орын болғандықтан, қыстауын осында тігіп, етегіне жағалай малшылар жайғасқан.
Желге пана, елге жақын деп осы маңда үш бай отыр. Жайылымға таласып, бір-бірімен мүлдем қатыспайды. Бірінің үйіне түссең, бір-бірін жамандап жатқаны. Әңгімелерінің соңын «Қу дүние қайда апарар екен түбі бізді» деген күрсініспен аяқтайды. Сірә, бұл сөздері күнделікті пыссымыласынан кейінгі Құдайға қаратып айтқан ең жағымдысы болып сезіледі. «Иә-иә» деп өтірік мақұлдап, шәйін ішіп, етін жеп біз қайтамыз. Етекте жатқан үш байдың екеуі біздің ауылдан емес. Жырақта жатқан соң, шеттерінен әңгімешіл өздері. Бір қызықтың шетін шығарсаңыз, соны көрген сайын «тағы да айтшы» деп жабыса кетеді. Іштері пысып, күндегі тіршіліктен жалыққан деп ойлайм онысын...
Үш байдың ішінде Ибраһим дейтіні сауаты сұмдық болмаса да, ақ-қараны ажыратып, аталы сөз айта алатын, қонаққа тамағымен қоса қабағын беретін, артық кетсең орныңа қоятын, аздап қытымырлау, бірақ ешкімнің ала жібін аттамайтын естісі, ептісі әрі ірісі. Аты Ибраһим болған соң, тым майда, қортық ойламауы да тиіс сияқты көрінеді.
Сол Ибраһимнің Әндрей дейтін жалшысы болды. Бізде оларды пәленшенің, түгеншенің зимогоры дейді. Жөнін айтсақ, Ибраһим балалары оқуға, әскерге кеткен соң жалшы қылып алдырған. Әйтпесе бұрын көшеде қаңғып жүрген бір орыстың мұжығы. Сол мұжығыңыз Ибраһимнің зимогоры болғаннан бері аяғына саптама етік киіп, киімі түзеліп, арағын қойып, ажарына әр кіре бастады. Көшеде мас болып жатқаннан іске жарап, жалшы болса да әрекет жасап жүргеніне тоқмейілсіп, үміті ояна бастады. Ол бұрын қызық үшін ішкен, кейін ішіндегі қайғысы үшін салынып кеткен екен.
Ибраһим шал қарап жатпай, өзі орысша түсінбегеніне қарамастан Әндрейге күніне қазақша он сөзден үйретіп, бір жылдың ішінде тілін сындырды. Басында бірін-бірі түсінбейтін, кейінірек Ибраһим шал орысша сөйлейтін болсаң кешкі, түскі астан ада қалдырам деп шорт кесіпті. Міне, атың кім деп сұрасаң «Андрей» деп емес, «Әндрей» деп жауап беретіні де содан.
Ибраһим төрт түлікті түгел ұстамаса да, қой мен сиырдың басын әжептәуір арттырған. Осы етектегі үш байдың ең дәулеттісі. Әндрей сиыр бағады. Малдың басын жіберіп қойып, өткен-кеткен қазақпен қазақша сөйлесіп, орыс қой деп осқырына қараған қазақтардың мейірімін оятып, емен-жарқын әңгімеге тарта кетеді. Қазақша сөйлегенін қызықтап біз мәзбіз, біздің айналшықтап жүргенімізге ол мәз.
Бірде Ибраһим қойларын ірі қараға айналдыруды жөн санап, базардан 5 қойдың орнына бір сиыр алып қайтады. Ол сиыры табынға қосылмайтын, сәл бақылаусыз қалса, басы қайқаңдап «отанына» қарай тартатын әдеті бар екен. Бұл табынның басын жіберіп қойып, өткен-кеткенмен алты карта ойнап, әңгіме-дүкен құрып жүретін Әндрейдің жанына қатты батты. Егер сиырдан айрылсаңыз, Ибраһим тамақтан ғана айырып қоймай, жаныңызға да тыныштық бермейді. Әндрейге мына «қақпас» қара сиырға шара қолданбаса болмайды. Өзінің түсі де су жаңа галош сияқты шымқай қара. Әндрей зерек қой, соны байқап, ана сиырға «Гәлөш» деп ат қойып алды. Табыннан бөлініп, жырақтаса болды басына қорғасын байланған ұзын қамшымен әбден қуып, табынға әкеп қосқанша «Гәлөш-Гәлөш!» деп қиқулатады. Оны көрген ел аң-таң! «Гәлөші несі?» дейді сырттай бақылаған адам аузы ашыла қарап. Сиыр да әдетіне баса берді, Әндрей де ерегесіп қолынан қамшысын тастамады. Гәлөш бөлектесе болды, атқа қонуға ерінген жоқ. Табыннан ажыраса болды «Гәлөш-Гөлөш!» деп айналдыра сабайды. Бұл көрініс күніне жоқ дегенде 4-5 мәрте қайталанады. Әндрей де, сиыр да бірбеткейленіп алған. «Түбі қайсымыз жеңеміз?» деген адам мен хайуанның арасындағы өзара тартыс сияқты.
Әрине, Әндрей мықты болып шықты. Бір жылда қазақшаны меңгеріп алған мұжыққа бір хайуан бұйым болсын ба?! Оның күн сайын, хатта сәт сайын Гәлөш деп қиқулауы бекер емес екен. Қара сиыр «қайынжұртына» қараса болды, «Әй, Гәлөш!» дейтін болды орнынан қозғалмай. Ал, Гәлөші «қап бәлем, саған дауа жоқ екен!» дегендей кейін бұрылып, табынға ілби басып қосыла кетеді екен. Әндрей соған мәз! Етігін шешіп, шұлғауын жайып, атын отқа қойып, уайымсыз жатқаны сосын. Даладағы малшының көңілін аулайтын бір себеп болса, сол Гәлөш еді. Әншейінде өзін тастап кеткен бала-шағасын ойлап, реті келсе арақтан бір стақан тартып алса ғой деп уайыммен жүретін Әндрей Гәлөш келгелі соның бәрін де ұмытты. Түстікке үйге де бармайтын болды. Жақында Ибраһимнің әскерден есерсоқ Қалмырзасы келген. Өткен-кеткенмен күн құрғатпай ішетіні бар. Ішкен соң Әндрейдің мазасын алады. Осыдан бір апта бұрын «мен келгенде неге тік тұрып сәлем бермейсің ?!» деп себепсіз соқтығысып, Әндрейдің жағасынан алған кезде Ибраһим шал ұлының жон арқасынан таспа тіліп қоя берген. Содан бері Қалмырза тәубесіне келудің орнына Әндрейге одан сайын өштесіп алды. Аузы арақпен былғанса болды, табынды іздейді. Баласының Әндрейге өштесіп жүргендігін Ибраһим шал да жақсы білетін. Біле тұра араға түсіп, өзінің тентегінен қайдағы орыстың мұжығын қорғауды ар санады. Бір айла табу керек.
Ибраһим бір күні Әндрейді бір ай қойға қойып, жайлауға жіберді. Қалмырзадан қайыр болмайтынын біліп, сиырды шалдың өзі бағып қалады. Әбден Әндрейге сеніп алғандықтан, басында өрісті қайда апаруды білмей әлек болды. Оның үстіне Әндрейдің жоқтығын пайдаланып, Гәлөштің де қайта ауруы қозып, ескі әдетіне көшеді. Қашан да шорт кесіп, оқыс шешім қабылдайтын Ибраһим шал мұндайға көнсін бе? Әндрей жоқта бір ашудың үстінде Гәлөшті сойып тастап, жіліктеп сатып жібереді. Жаны сосын жәй тапты шатақ шалдың.
Арада бір ай өтті. Ұлынан пайда болмаған соң, Әндрейді қайта алдырып, болған жайды айтып береді. Ибраһим «Ана қарасан келгір қара сиыр табыннан бөлініп, түзге қаша бергеннен кейін алдым да, сойып тастадым» дегені сол еді, Әндрей егіліп жылай қалғаны. Сонда Ибраһим «Әке-шешеңнен безгеніңмен қоймай, бала-шағаңнан тірідей айрылғаныңмен қоймай, міскін басыңмен қайдағы хайуанға бола егілгені несі ит неме!» деп қамшымен Әндрейді осып-осып жіберіпті. Сабамауға да болар еді, бірақ соңғы бір айда не дегеніне көнбей, не айтқанына ермей қойған Қалмырзаға деген ашуын осы сұрауы жоқ Әндрейден алып отыр. Әндрей жыламағанда қайтсін, өмірінде айтқанын істейтін бір тірі жаратылыс болса, сол Гәлөш еді ғой. Енді ол да жоқ. Жайлаудан қыстаққа түссін деп хабар келгенде ең алдымен Гәлөшті көретін болдым деп қуанған еді. Ол оңашада Гәлөшпен адам секілді сөйлесетін. Бар мұңын соған шағатын. Әйелімен еріп қайда кеткені белгісіз екі ұлын сағынғанын қара сиырға ғана жасырмай жайып салатын. Әндрейдің ойынша, Гәлөш соның бәрін түсініп тыңдайтын. Тағдырдың таңы атқан сайын өткенін Гәлөшпен бірге есіне алатын. Әйтпесе, Әндрейді адам көріп, уайымына құлақ түретін, жан сырын ұғатын жер бетінде бір адам жоқ. Сол үшін Гәлөш кейде адамнан да артық болатын. Оны қанша қамшының астына алғанмен, артынан кешірім сұрайтын. Гәлөштің мөңірегенін өзіне қарап сөйледі деп ұғатын. Мөңіреген сайын соны өзінің ыңғайына қарай тәпсірлеп отырушы еді...
Әндрей қожайынының айтқанын екі етпей, тапсырмасын мүлтіксіз орындап жүрсе де Ибраһим шал оған жалшы ретінде қараудан танған жоқ. Үлкен ұлы келінімен, немересімен жайлауда, кіші ұлының сиқы анау. Кемпірі осыдан бірнеше жыл бұрын көлденең дерттен көз жұмған. Жайлаудың оты сиырға жайылым болмаған соң ғана осы жерді паналап отыр. Сөйте тұра Әндреймен бірге отырып тамақ ішкен емес. Өзі бірінші ауқаттанып алып, тәспісін тартып отырады да қояды. Әндрейге бұрынғыдай қазақша үйретіп, сабақ алу да жайына қалған. Сол көрініс жайлаудан қойы түскенге дейін жалғасады...
Осыдан бірнеше жыл бұрын Әндрейдің өмірден озғанын ағамнан естіп білдім. Ибраһим шал азаматтық танытып, мұсылманшылық жолмен шығарып сапты. Тіпті, көзіне жас алып, шөгіп қалған көрінеді.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: Жандос Байділданың әлеуметтік желілердегі жеке парақшасынан