Жандәурен Мәди. Отаным, саған айтамын

Ел ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Жандәурен Мәдидің шығармасын ұсынамыз.

Жандәурен Мәди – 1995 жылы 22 желтоқсанда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келген. Журналист, радиожүргізуші.

***

– Бас жүлде 300 мың теңге, – деді Шынар таң қалып.
– Ия… – деп Айкерім күрсініспен жауап берді құрбысына.
– Ойланарлық ақша.
– Тым көп емес, аз да емес. Біреулер үшін түскі асы осынша тұруы мүмкін, ал мен сияқтылар үшін…
– Келісемін. Бірақ, «Отан» туралы не жазуға болады. Тау, тас, Еліміздің көрікті жерлері, кіндік қаның тамған жер, отбасың, Қазақстанның жетістігі... Мүмкін өз жетістігің туралы жазарсың?
–  Бүгін шығармаларға көз қырымды салып, оқып шықтым. Көбісі сен айтып отырған дүниелерді тілге тиек етіп, эсселеріне арқау еткен.
– Мә, шынымен. Сен не жазасың? Басқадан енді ерекшелену керексің ғой…
– Айтпақшы,  мен Түркияда 6 ай оқып келдім ғой. Мүмкін сол туралы жазармын. “Ол жақта қиналдым. Отанымның қадірін шет елде жүргенде түсіндім” деп жаза салсам. Сосын, арасына байқаудың демеушісі ERG компаниясын қосып жазсам. Сен қалай ойлайсың?
– Давай, давай...
– Басқа идея бар ма?
– Мүмкін... Әке мен баланың оқиғасын жазарсың? “Әкесі баласын өзі туып өскен ауылына апарады. Сол жақта әкесі жусанның иісін иіскеп, баласына ақыл айтады. Балам, Отан отбасынан басталады. Отаныңның қадірін біл!” дегендей?
– Бұл идея ескіріп кеткен... Ертең түскі 12-ге дейін дедлайн. Жақсы идея керек! Қалай болғанда да 300 мың теңге менікі болуы тиіс!
– Алайда, сені ел таниды, біледі. Енді халық арасында атағың бар қызсың ғой. Эссеңді ертең жұрт оқыған кезде күлетіндей болмауы тиіс. Одан қорықпайсың ба?- деді Шынар тележүргізуші құрбысына.
– Уф, білсе біле берсін. Қайсысынан тығыламыз. Мақсат 300 мың теңге. Айлығымнан 4 есе көп. Қалай болғанда да жазуым керек,- деді ашулы дауыспен Айкерім.
– Жақсы, ұтып алсаң түскі ас алып бересің,-деді Шынар күліп.
–  Қой, осымен доғарайық. Бүгін эссені жазып, ертең 12-ге дейін жіберуім керек. Қайырлы түн!,- деп Айкерім тұтқаны қойды.
Телефонды қоя салысымен Айкерім көп ойланып, Түркияда оқыған кездегі оқиғаларын есіне түсіріп, эссені жазуға кірісті.

“Қыс. Стамбул. Ататүрік әуежайы. Өзге елге білім іздеп келген қаракөз қазақтың екі қызы”, – деп эссесін бастады. “Қасымда бірге оқитын Жанар есімді құрбым бар. Тілді жетік меңгермегеннен кейін төрт сағат аэрапортта ары-бері сандалдық. Сасқанымыздан әуежайда бір қазақ бар шығар деп қазақстандықтарды іздедік. Міне, дәл сол кезде, өзге елде жақындарымның қадірін түсіндім. Іздеу нәтиже бермеді. Содан не керек, әйтеуір, анықтама орталығынан қоғамдық көліктердің картасын сұрап алып, әуежайдан шығып, бізге керекті автобусқа отырдық. Сөйтсек алған картамыз қоғамдық көліктің емес, метроның картасы екен. Екеуіміз не істерімізді білмей тұрғанда, қарсы орындықта отырған бір түрік қызы қазақ тілінде “сіздер қазақсыздар ма?” демесі бар ма. Қуанғанымыздан жылап жібере сақтадық. Ол қыз қазақша толық сөлей алмағандықтан анасына қоңырау шалды. Айтып айтпай не керек телефонмен бейтаныс арудың анасымен қазақша сөйлескен кезде қазақ тілінің қадірін түсіндім. Ол кісі бізге керекті дұрыс жолды айтып берді.

Ерзурумға жету үшін Стамбулдан автобуспен 20 сағаттық жол екен. Неде болса шыдаймыз деп құрбым екеуміз "жол ақысы 100 лира" деген түрік ағаймен саудаласып 85 лираға түсіріп, Ерзурумға жетіп алуға келістік. Міне, дәл осы кезде біз бен түріктердің ұқсастығын түсіндім... – деп эссесінің ортасына келді. Негізі, Айкерім көп дүние жазды. Шет елде жүріп қазақтың асына жетер ас, адамдарына жетер адам жоқтығын. Арасында Түркиядағы достарын мақтап, сағынғанын, қазақтар мен түріктердің ұқсас мінездері мен мәдениеттерін атап-атап ноутбугтағы майкрасофтының бетіне түсіріп, ертең жіберемін деп ұйықтап қалды.

Түнгі сағат 03:02. Айкерім марқұм әкесі туралы түс көріп жатып ұйқысынан шошып оянды. Жазған эссесін өшіріп тастап, су ішіп, қайта ұйқыға кетті.