Жанасыл Серікбол. Мең

Жанасыл Серікбол. Мең
Фото: merezha.co

Түн баласы жартас сағалап, ұядан безген байғыздың көр солықты жесір үні оятты... Меңіреу түннің әбден меңдеп, етегіне жалғыз үй қонған шоқының иық тұсына шабан айдың келіп аялдаған кезі екен. Күміс көзін ашқанымен кірпігі тиянақ табар ештеңе таппады. Көрпе астынан екі қолын шағарып ауа тіле ербеңдетті. Онысы да көзіне шалынған жоқ. 

"Түн бәрін аждаһадай жұтып алыпты ғой..." 

Бұл ойына өзі селк еткен қызу жатқан оның буылтық денесін суық діріл осып өтті. 

"Түн аждаһа ма?" 

Манадан ойнатып жатқан қос білегін көрпе астына қайтадан тыға қойды. Қою өскен шашы тершіген мойнын, бет-жүзін жауып тынысын тарылта бастағандай. Саусақтарымен тарамыштап жүріп, қос салалап ысырды да кеудесінің дүбірін алқымдай ұстап, айналасын деміге тыңтыңдады. Тымырсық түн маужырайды. Құлағына қыр астындағы өзеннің сарыны ғана жетті. Ол сарынды әжесінің ептеп кеуде сырылы қосылған тынысы қостайды. 

"Түн, сенің мылқаулығыңнан кек алам қазір". 

Бұл ойы – манадан бергі қараңғы түннің мысын, қорғасын ауырлықты тұла бойынан сиырып, жүзіне жымиыс енгізді. Көрпені серпіп тастады да, көйлегінің етегін еппен жоғары ысыра бастады. Кіндік тұсына жеткен. Сәл аялдап, кіндігінің оң жақ тұсын алақанымен баяу басты. Көрпесін тағы да жоғары ысырды. Кіндігінен жоғары өрлей бергені сол еді ноқаттай ғана сары меңнің сәулесі жүзін шалды. 

*** 
Үй іргесінде жүн түтіп, ұршық иіріп отыратын әжесінің кәрі сүйегін балқытқан шуаққа еріп, маужырай, артынша балғын ұйқыға еріп кететіні – күндегі әдеті. Екі құлағын шылауыштың сыртына шығарып қойып, маңғаз есінейді де құс ұйықысын қандырады. Қыздың іргедегі қыратқа шығып алыс көкжиекке қарап қайтатын шағы да осы сәт. Әрі соңғы уақытта бұл жақтан бір бейтаныс жолдас тапты. Осы өңірге әйгілі жылқылы байдың ұлы көрінеді. Өзі балуан. Қамшыгерлігі мен сойыл сілтесі де бөлек мықтының өзі екен. Ошақбасындағы күйбеңнің бірсыпрасын еңсеріп жүрген кезде кеуде тұсы өрекпіп тыным таптырмады. Екі адам ғана ен жайлаған қоңырқай үйдің күлі шашылып, аяғы жиылмай қалатын жөні жоқ. Сонда да ұзааақ, сартап шілденің қамырық күнінде ермек ететіні де осы үйдің оны-мұнысы ғана. Түс әлетіндегі шай-суларын ішкен соң кәрі әжесі бір етек жүнді етегіне орап сәскенің шуағын қуа, сыртқа кеткен. Қыз соңғы кесе шайды қолына алып, өзімен-өзі қалды. Күн төбеден шаншылып, самал да еспей қапырық ауасы бүккен үй іші ауыр тыныстатады. Тек сүлдер ойларымен ғана сазарып аз отырды да соңғы жұтымды ұрттай салып, есікке беттеді. Табалдырықты ептей аттап, оң жақ іргеге ұрлана көз салған еді. Әжесі туырлыққа арқасын cүйеп, оң иығына қарай сәл қисая ұйықтап кеткен екен. Етегі шала түтіліп, умаждалған жүнге толыпты. Білезігі қорғасынан құйылған безгелдек ұршығы да түтілген жүнға көміліп, сұлап жатыр. 

Өне бойының тершігенін қарамастан деміге басып, өрлеп келеді. Қобыраған шашы да ыстық тартып, мазасын қашырды. Кезеңге бір шықса, ойпаңға үйездеген қапырықтап құтылып, талып ескен самалдың лебіне үміті оянып, алға қарай ентіге басты. Кезеңді көктей өскен сида мұрт ақ селеу уыз балтырды қытықтап әлек. Әлдене уақытта бір қолымен ретсіз қобыраған шашын жинай, екінші қолымен аяғын тұсаған көйлегенің етегін тізеден жоғары жымқыра ұстаған күйі қырат басына шықты да, өзінің меншігіне айналған жалпақ тастың үстіне отыра кетті. 

Демігіңкі күйі үй жағына көз салды. Қапырық ауа мұнартып, қоңырша үйінің сұлбасы ғана көрінеді. Өн бойын ретке келтіріріп, қос тізесін құшақтай отырды. Күн дәл желке тұсынан шаншылып, ыстығына күйдіріп барады. Үміт еткен самалынан үп еткен хабар жоқ. Көп кешікпей торыға мінген Қуат та келді. Ұзақ күн бойғы қамырық ыстық қажытқан ба астындағы торының жүрісі шабан. Ырғала басады. Ауыздығын селқос шайнап, басын селқос шұлғиды. Арқа мойны да тершіпті. Қуат ат үстінен жантая қарап, үнсіз тұр. 

– Қазір күн анау шоқының иығына қарай құласын, қызуы қайтады – деді сәлден соң. Жаяу адамға оңай емес. Әбден быршып кетіпсің ғой. Қыздың өн бойын сәтте шолып өтті. – Менің жылқыларымды суатқа құлатып келе жатқан бетім. 
– Жә! Таңдайын тақ еткізді де,– бұлай тұруға болмас- деді. – Мін атқа! 
Күміс сұраулы қабақпен қарады. 
– Анааау қыраттың басына шығайық. Онда күн салқын. Әрі маған жылқыларыма қарап, түгендеуге де ыңғайлы. 

Күмісті ерге мінгізді де, өзі құйысқан жаққа сырғыды. Сонда да торының басы қатты деп, тізгінді өзі ұстады. Өгіз аяңмен кезеңді қапталдай жүріп келеді. Ал Қуат айтқан қыраттың басына жетудің төте жолы ойпаң арқылы жолсызбен өту. Тізгінді шалт бұрып солай тартты. Торыны тебініп қалып еді, құлдилай шапты. Ердің қасынан бос ұстап жайбарақат отырған Күміс шалқалақтап барып, Қуаттың кеудесіне соғылды. Жөнделіп үлгенгенше көзі жасаурап кеткен екен, жалға жабысып жүріп, ерге нықттала отырды. Бойын діріл билеген. Қыраттың етегіне ілініп, өрлеңге түскен кезде торының танауы пырылдап, тоқыраңдап барып шабысын тоқтатты. Қуаттың қамшысы демеу беріп, өрге қарай тоқтаусыз тырмысып келеді. Қиялай тартып, төрттағандай жүріп қыраттың басына да ілікті-ау. Ал, таудың арғы беті Күміс үшін мүлде беймәлім еді. Аяғы жететін жерге дейін барып, айналасына күн сала ұзақ қаратын кезде де таудың арғы жағы туралы ойланып та көрмепті. Жасыл мауыты оранған кең алқап екен. Түстікке қарай керіле созылған айдын көлдің жағасына айнала ақбоз үйлер қонған. Таңғажайып ауылдың салтанаты мен думаны көз тартып, анық сезіліп тұр. 

– Біздің ауыл осы. Қуат торының айылын босатып, ауыздығын ағытып жатыр. – Жылқыларым анау – деп, өздері тұрған жердің маңдай жағындағы өзен аңғарын иегімен нұсқады. Қапырық ыстықтан олар да қажығандай мың қарады жылқы топ-топқа бөлініп үйездеп, құйрықтарымен шыбын қағып тұр. Түпсіз аспанға бір, ақшаңқан үйлерге екі, мұнартып барып, шексіздікке сіңіп жоғалатын көкжиекке үш қарап тамсанған Күмістің солғын жүзі ақжайнақтанып шыға келді. 

– Қай туғансың? Қуаттың қасында тұрғанын енді сезді. Төте сұраққа тосылып қалған ол тамағын жұмсақ қана қырнады да: – Білмеймін. Әкем істі болып, ел ішінен аласталғанда мен бесікте екенмін. Ұлына жаны ашыған әжем мені алып, бірге кетіпті. Әкем аулап жүріп арандап қалған кезде мен күнді ғана қызықтап, сол туралы ғана ойлай алатын жаста болыппын. 

Үйіне зауал шақ еңкейе бірақ қайтты. Қоңырқай үйдің жұпыны сұлбасын шәйі қараңғылық меңдеп алған. Көз байланар шақ та жетті. Ілби басып іргеге жеткен еді, шала түтілген жүн мен қос иір ұршық манағы орынанда жатыр. Ұядай ғана үйдің қараңғылыққа сіңген қаймақ тыныштығын бұзып алардай кеуде дірілінің құлын күшін лықыта ұстап табалдырықтан аттады да тұрып қалды. Бейуақыттың қорғасын тыныштығы орнапты. Бұл уақытта ошақтың оты жабықтан жылтырай көрініп, құмандағы қара су бұрқ-сарқ қайнап жататын. Оң жақ іргеде ағарып көрінген шылауышты аз тұрған соң барып көзі шалды. "Қазір барып құшақтай алып жылаймын" деп ойлап, елп етіп жетіп барып еді, әжесінің тарамыс қолдары сағанақтан қарыса ұстап, булығып жатқанын көрді. Кеуде сырылы күшейе түскен. Көне бәтес көйлегінің өңірі де дымдалыпты. Солығы керіш өксікке ұласып, тістеніп алған. Шылауыштың жиегінен саудырай төгілген көкшулан шашы да көрінді. 
– Апа! 
Күміс қасына жүрелей отырып, қушиған иығына қолын салды. 
– Мен кіммін? Неге көзімді ашқалы мына шұңқырдан өзге ештеңе көргем жоқ? Мен бұл жердің аспанына да жерідім. Әжесі сәл басын көтеріп, шүңірейген көзін өңменіне қадады. Қолын созып, мені тұрғыз дегендей иек қақты. 
– Жүр, киін! 

*** 
Қараңғы түнде қоңырлай басып екі әйел келеді. Түн ортасынан ауса керек, көкжиектің жалқын сәулері де әлдеқашан сөнген. Аспанның өзі де қалғып, қара торғын қымтанып алғандай. Өзі күн баласы көп қарап, көз майын тауысатын момақан күңгейдің етегін орай жүріп, терістігіне де ілінді. Сарылған жүрістен Күмістің аяғы талайын деді. Ал тасбақадай тырмасықан тарамыс кемпір, бүкшеңдей басып сыр білдірер емес. Тым құрысғанда қайда баратындарын айтқанда ғой... 

Бұрын байқамапты. Аспанда бұрын бұл көрмеген жұлдыздар да бар екен. Олардың лағыл сәулереін де тек осы жақтан көруге болатындығын да бұрын аңғармаған. Салқын тау самалы есіп, арты аңзызақтана бастады. Бойы тоңазығандықтан, шапаннының өңірін қымтанып алды. Үйден шыққалы талмай жүрген әжесі ақыры қолына таяғын алды. Екеудің мимырт жүрісіне тағы бір ермекті қосылғанына Күміс іштей қуанып қалды. Жаз бойы тұяқ тимей, жаңбыр суын еркін жұтып, дала самалына селеу мұртарын еркелете сипап бұла өсіп келе жатқан жусан мен көкпектің, жыланкөз қияқтың жұпар иісі аңқиды. 

Аз жүріп тағы бір кезеңге аяқ басқан кезде түн жиегі сөгіле бастады. Әжесі жүрісін кілт тоқтатып, түбіне алакөлеңке бүккен топ қарағаны мен арашасы қарауыта қылаң беріп үңірейіп жатқан терең сайға телміре қарады. Бұл кезде Күміс манағыдай емес изен мен ерменнің қолқаға шабар қышқылтым иісіне тұмашаланып тұрған еді. Көкжиектің қара мөлдір үлдесі баяу сөгілді де тау қыраттарының сауырын сипалай алғашқы күн сәулесі түсе бастады. 

Екеуі ұзын жатқан сайды құлдай кеп қалың қорымның іргесіне келіп аялдады. Әр жерде қылттай белгіден ада томпайып үйілген тастар. Кей тастары етекке қарай саудырай құлап, жаңбыр желінген күйі үгіліп жатыр. Әжесі қорымның бүйір тұсынан енді әрқайсыны алақанымен сипалап баяу жүріп келеді. Арғы шетке жақындаған кезде тастары түгел құлап жалпиған обаның қасына келіп тоқтады. Іле тізерлеп отырды да алақанына жайып естілер-естілмес ұзааақ күбірге көшті. Күмістің әр түн сайын естіп келе жатқан күбірі бұл. Дауысы дірілдей шығып, сараң ағып, баяу жылжығына көз жасы алқымына құйылар тұста бетін сипады да орнынан тұрды. Таң атып, күн қазық бойы көтеріліп қалған екен. Терең күрсінген әжесі бір уыс топырақты шөбімен бірге қапсыра жұлып, тастардың үстіне шашты. Жабайы өскен ермен мен көкпектің иісі еріген шыққа бусанып орай бұрқырайды. Қорым ортасында аз аялдап, аяқ жазған екі әйел өздері салған соқпаққа түсіп кері қарай ілбіді. 

*** 
Көнетоз көйлегінің қыжымдалған етегін алақанымен сипап отырып жақпар тастың ойығына тұнған жаңбыр суына көзі түсті. Саусағын малып еді жып-жылы екен. Қатарлас отырған Саттар жирен қасқаның шылбырын жамбасына басып, мықшырайып алған. Құлықсыз, ауық-ауық есінеп шидің қабығын тісімен аршып отыр. 
– Тезірек күн батса екен- деді Күміс. 
– Батса ше? 
– Ештеңе 
Саттар жорта жымиды. 
– Сен бұндай сиқырды қайта тусаң да көрмессің. – Бүгін сәті ғой соның. 
Қою мұртының түбінен тыныстап қызға қарай еміне жақындады. Қыз әлсіз ғана мойнын кері бұрды. Тасты өрмелеп суға қарай жақындап келе жатқан екі құмырысқа жақындап келеді екен. Күмістің суға ши малып, үрлеп ойнағысы келді. 

*** 
Жүзіне салқын жымиыс енді. "Сілімтік". Өзінің мысы басып, үстем түскеніне рахат күй кешкенімен ішін ұлытқан солықты күй де жоқ емес. "Қуат жеңілген жоқ еді. Бірақ, ол енді оралмас. Оралса ендігі атының басын бір бұрар еді. Ол кезде де түн тас қараңғы болды. Дәл осылай..." Күміс көйлегінің етегін баяу жоғары сырғытты. Кіндігінің тұсына жеткенде тумсынан біткен шынашақтай меңінің сәулесі көзін қарықтырды. "Қуат қой мызғымыстан, салқын көз салды да қойды. Саттар бейшара сасқалақтап, дегбірі қашты ғой". 

Мазасы қашып, аунақшып аз жатты. Бір кезде құлағына әлдебір айқай естілгендей болды. Басын көтеріп тың-тыңдап еді, ештеңе естілген жоқ. Кеудесін басып, керіле тыныстады да жастыққа басын қоя берген. Жанұшырған айқай тағы да естілді. Бұл жолы ат тұяғының дүбірі қоса естілгендей. Кіжініс пен кекке толы долы айқай бұл жолын анық жетті. Түн тынысын қақырата жарып үдей түскен беусауат дауыстар жақындап келеді. Бір емес екі атты адам. Сарт-сұрт еткен шоқпардың дыбысы да талып жетті. Іле ышқынған, жан сауғалаған адам дауысы тыс қатты естілді. Сасқанына "Апа" деп айқай салып еді. Естіген жоқ. 

Т. Раушанұлы