Бүгін Массагет порталы жас жазушы, экономика және бизнес магистрі, біздің тұрақты оқырманымыз Әсел Қайратқызымен сұхбаттасты.
— Әсел сіздің жақында «Жас толқын» сериясы бойынша мемлекеттік тапсырыспен жинақ кітабыңыз жарық көрді. Құттықтаймыз! Алдымен идея қайдан пайда болды? Әңгімемізді осыдан бастасақ.
— Жақсы, рахмет! Идея осыдан 4 жыл бұрын келді. Жасым ол кезде 20-21 шамасы еді. «Бір жинақ жазып көрейінші» деп ойладым. Нақты жоспар құрып, материалдар жинақтай бастадым. Дүкен сөрелерінде қыз балаларға арналған кітаптар өте көп. Өкінішке орай, олардың барлығы орыс тілінде жазылаған. Оның үстіне пайдаланылған әдебиеттері көрсетіліп, автор жинақ етіп құрастырған кітаптар. Ондайлар түр-түрімен, бір-бірімен тайталасып тұр... «Для маленьких принцесс» «для девушек» «для девушек старше 18-ти» «для молодых женщин» дәл осылай кете береді... 6 сыныпта оқып жүрген кезімдегі бір оқиға есіме түсті.
Дүкеншіден "Ал осындай кітаптардың қазақ тіліндегі нұсқасы бар ма?" деп сұрадым. Дүкенші «Мұндай кітаптардың қазақ тіліндегі нұсқасы шықпаған да болар» деп жауап қайырды. Керек ақпаратты ана тілімде оқығым келді. Іштей қатты ренжідім. Ақпаратқа зәру болғанда, шарқ ұрып, іздемеген жерім қалмайды. Жақсы жазушылар болса да, қыз балаларға арналған кітаптар жоқ. Жасым үлкен, қазіргі жастарды түсінбеймін десе, психолог мамандармен кеңесе отырып жазсын. Тек олардың есімін көрсетуді ұмытпасын. Осы ойдың жетегінде жүріп бойжеттім. Мектеп пен жоғарғы оқу орнын тәмамдадым. Сол жоғарғы оқу орнының бірінші курсында әлгі дүкенге тағы да бардым. Арада бірнеше жыл өтсе де, ешнәрсе өзгере қоймаған екен. Көңілімнен шыққан әдебиеттерді пайдалана отырып өзімнің білген-ұққан сырларыммен сабақтастыруды жөн көрдім. Нақты айтқанда, осы іске 2011 жылдың 3 қаңтарынан бастап кірісе бастадым. Міне, идея осыдан туды.
— Жас өрендерге пайдасы мол идеяның бастауы белгілі болды. Жұмысыңызға өзіңіздің көңіліңіз тола ма?
— Жоғарыда айтып өткен орыс кітаптарымен қатар тұра алады. Қыз балаға, бойжеткенге, әйелдерге бөлек жазылатын орыс кітаптарының орнын басады. 12 жастан бастап өзгерістер болатыны, өзін-өзі тануы, психология, мәдениет, салт-дәстүр, сөйлеу өнері, қарым-қатынас тізгіні, махаббат, тұрмыс құру, келін болу әдебі, ана болу, бала тәрбиесі, отбасын құру, дұрыс тамақтану, денсаулыққа күтім жасау, сән әлемі, жұмыс іздеу барысында сұхбаттасу жүргізуді үйрену, шабыттандыратын жұмыстар сынды тақырыптарға арналған материалдар бар. Бір жайды айта кеткім келеді. Биыл мемлекеттік тапсырыспен шыққан жинағым 7 бөлімнен тұрады. Әзірге оның тек 4 бөлімі шықты. Осы көмектің өзі әр жас толқынға жаңаша серпініс береді деген ойдамын. Мұнымен әлі аяқталған жоқ, жалғасын асыға күтесіздер деген ойдамын.
— Жақсы, ал қазір қандай сезімдесіз? Кітабыңыз қолыңызға тигенде қандай ой келді? Шығармашылықтың нәтижесі ме әлде бір міндеттен құтылғаныңыз ба?
— Шығармашылықтың нәтижесі деп ауыз толтырып айтатындай мен кәсіби жазушы немесе журналист емеспін. Мамандығым бойынша қаржыгермін. Жас өрендердің алдындағы бір міндетімнен құтылғандаймын. Себебі осыны 4 жыл уақыт күттім. Ал бағасын оқырман өзі береді деген ойдамын.
— Кітап жазылған соң міндетті түрде сын айтылады. Жағымсыз пікір естуге дайынсыз ба?
— Сын түзелмей, мін түзелмейді. Біткен іске қашан да сыншы көп демекші, мақтап немесе керісінше жағымсыз пікір айтатын адамдар бар. Кітап жазылуын жазылды. Бірақ оқырманға жеткенше түрлі процесстен өтті. Безендірілді, жас ерекшеліктеріне қарай әріп тұрпаты өзгертілді. Мұның барлығын оқырман біле бермейді. Ал жақсы кітап деген не? Оның өлшемі қандай? Жақсы кітап жұртшылыққа ой салып, тәлім-тәрбиелік мәні терең, ақылдың кені, кісіліктің кілті болуы тиіс деп есептеймін. Бір сөзбен айтқанда, қандай сын айтылса да, оларды дұрыс қабылдауға дайынмын. Мен үшін кітаптың өзгеге берер пайдасы болса, болғаны.
— Қазіргі кітап басылу деңгейі, оның таратылуы, барша қазақ оқырмандарының кітап оқуға деген құлшынысы туралы не айтасыз?
— Сұрағыңыз өте орынды. Біздің елімізде кітаптың басылуы, оның таратылуы, жарнамасы – бәрі шетелмен салыстырғанда, ақсап келе жатыр. Ал шетелде баспа процессі өзара тығыз байланыста: жазушы – баспа – кітап дүкені біріге жұмыс жасайды. Өкінішке орай, бізді осы үштіктің басы бірікпей отыр. Бірақ кітаптың өтуі оқырмандармен де байланысты. Қоғам ішінде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру қажет. Мен жастардың болашағы жарқын болатынына, олардың білімді болатынына сенемін.
— Қазір біраз оқырман электронды кітап оқу үрдісіне көшіп кеткен. Осыған не дейсіз?
— Қолына қалам алған әрбір жазушы іштей өз жазғанының басылып шыққанын, оқырмандардың қолына тигенін қалайды. Қазір жұрттың назары электронды кітапта болса да, басылып шыққан кітаптың өнер туындысы екенін мойындауымыз керек. Ол – ұзақ жылдар бойы сақталып қалатын асыл мұра. Меніңше, оқырманның қолына тиген кітаптың қадірі кеткен емес, кетпейді де...
— Өзіңіздің отбасыңызды, шыққан тегіңізді таныстырып өтсеңіз?
— Қарағанды қаласының тумасымын. Мектеп пен жоғары оқу орнын сол қалада тәмамдадым. Ал түп тамырым - тарихта мәңгі аты қалған қасиетті Торғай өңірі. Орта жүз, Арғын тайпасы, Қазақта жалғыз тархан атағына ие болған Шақшақ Жәнібек батырдың ұрпағымын, руым Үмбетей, және де Алаш арыстарының бірі Ахмет Байтұрсынов біздің руымызға жақын аталас болып келеді. Сондықтан біз сол кісілердің ұрпағы саналамыз...
— Қазақ қызына қандай талап-тілек айтар едіңіз?
— Әр халықтың өзіне ғана тән ұлттық тәрбиесі бар. Мүмкіндігінше, сол салт-санадан аттамауға тырысады. Біздің халқымыз бойжеткеннің абыройлы ізгілігін, жан сұлулығы мен тән сұлулығын, еңбекқорлығын, ақыл-парасатын ең құнды қасиет деп бағалайды. Сондықтан қыздарымыздың рухын биіктетіп, жанын нәзік, жүрегін мейірімді, ой-түйсігін ұшқыр қылып өсіруіміз керек.
— Алда қандай жоспарлар бар? Кітап жазып жүрген жоқсыз ба?
— Жоспарларым өте көп. Қазақта «Арық сөйлеп, семіз шық» дейтін аталы сөз бар. Бәрі уақыттың еншісіндегі дүниелер.
— Негізгі мамандығыныз қандай? Болашақта шығармашылыққа бет бұруыңыз мүмкін бе?
— Мамандығым – қаржыгер. Болашақта шығармашылыққа бет бұруым бек мүмкін. Бәрібір әдебиет, өнер әлемін жаныма жақын тартамын.
— Бойыңызда өзіңіз ерекше бағалайтын қандай қасиетіңіз бар?
— Негізі, осындай сұрақты кітапты жазуға аяқтап қалған кезде жігіттерге қойғаным бар еді, сонда қарапайымдылық басым түсті, өзімнің жан дүниеме тереңірек үңілсем, қарапайымдылығымды жоққа шығара алмайды екенмін. Жүрегімнің кілтін тапқан жандарға ашық жайдарымын...
— Әсел, жылы лебізге толы сұхбатыңыз үшін көп рахмет! Алдағы уақытта шығармашылық табыстар тілейміз!