Хұсанова Ақбота. "Жапырақ жауған күз"

Хұсанова Ақбота. "Жапырақ жауған күз"
Фото: 1freewallpapers.com

Өткен жылы Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласына орай жастарды шығармашылық жағынан қолдау, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармаларды, аудармаларды ақпараттық насихаттауға байланысты тағы бір жас қаламгердің әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз оқырман қауым.

Хұсанова Ақбота Көрікбайқызы 1992 жылы 10 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында дүниеге келген. 2009 жылы «Болашақ» мектеп-гимназиясын аяқтап, 2009-2013 жылдар арасында Қарағанды қаласы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде филология факультетінің, қазақ тілі мен әдебиеті (бакалавр) мамандығы бойынша білім алды. 2012 жылы жас прозашылардың арасында өткен Ғ.Мұстафин атындағы облыстық бәйгеде «Бір жапырақ күз» атты  прозасы, «Нөсерлі көктем» новелласы басылымға енгізілген. 
***
Тағы  да таң атты. Тағы да ақ халат кигендер... Аурухана. Суық.Төрт қабырға. Тар төсек...Қатты төсекке жегіліп, тар қапастай болған палатаға  Ақбаянның еті әбден-ақ үйреніп кеткен. Қайта-қайта аурухана табалдырығын тоздырады. Бұл орын  үйреншікті мекенге айналғалы қашан. Жүрек ауруын былай қойғанда жүрек талмасы біраз әуреге салды. Жанын жегідей жеген сүреңсіз ойлардан әбден қажыды. Ой түбіне омалып алғаннан бәрі шешіле қалса жақсы ғой. Ойдың өзі бір бітпейтін шексіз тұңғиық екен-ау?! Тұңғиыққа еніп, қайта шығу – мына төрт қабырғадан шығудан да ауыр боп барады. Қырсыққанда ақ жауын да толастар емес. Ара-тұра жай оты ойнап қояды. Түнерген аспан жүдеу көңілді қалтыратып, дел-сал күйде еңсені тіпті басып тастады. Енді жел соға бастады. Қатты желдің әсерінен дала бір сілкінгендей болды. Уілдеп соққан жел күзгі жапырақтан түк қалдырмай барады.

Астана көшелерінде суға малынған күйде үйлеріне қарай безектеген бірен-саран кісіден өзге тіршілік нышаны сезілмейді. Аурухананың кең дәлізінен де ары-бері сабылған қарбалас сап тиылып, үнсіздік орнаған. Түнделетіп ауыр жағдайда түскен Айсара да ұйқы құшағында. Ел көшіп, жапан далада жалғыз қалғандай, терезеден мелшиіп сыртқа тесілген күйі жиі-жиі күрсінуде. Кеуде тұсы шаншып кетті. Кеудесіндегі жалын өзегін өртеп бара жатқандай... Уһ! деп терең тыныс алды. Ақырын ғана кереуетіне жайғасты. Дәрігерге айтқысы келді.

Удай ащы дәрі-дәрмектер мен жаныңды сыздатар екпелерден жиіркенді, жүрексінді. Шыдармын! Шыдайыншы деп тісін тісіне қойып, қалтырап-дірілдей бастады. Жастыққа басын қойып іштей өз-өзімен күмбірледі.  Әкем келем деп еді. Екі қолын өкпесіне алып құстай ұшып келе жатқанын сезем. Сонау ұзақ жолдан сабылтып, әкемді-де әуре қылдым-ау! Анам байғұс шырылдап не күйде қалды екен. Жуық арада аспанның ашылар түрі көрінбейді. Әкем жаңбырлатып келетін болды...

Жер көк-лайсаң. Су бетіне қабыршықтанып мұз қата бастады. Қарашаның суық ызғары. Қыс та таяп қалды. Бұл қалада өткізер Ақбаянның алғашқы қысы. Ата-ана, туған-туыс, туған жерден тым алыстап кеткендей. Осы кеткені кеткен, енді жылы ұяға бір мезет қана барып, аунап-қунап қайтқаны болмаса, бар тірлігі далада, олардан жырақта өтпесіне кім кепіл?! Ұзақ... алыс... жырақ... Кейде сансыз ұзақ қашықтықтар, бұралаңы көп алыс жолдар, сынаптай сырғып жатқан мағынасыз минуттар адамдар арасындағы қатынасты айқындайды. Қаншалықты жырақтасаң, соншалықты жақын. Неғұрлым жақын болса соғұрлым алыс.
Ұялы телефонын қолына алып әкесіне хабарласуды ойлады. Телефонын қолына алуы мұң екен, үзіле шыққан қоңырау бір-екі рет үн қатты. «Сағындым! Кешір мені, жаным!» деген сөздер жанарына оттай басылды. Жүрегі  ақырын ғана дірілдеп қоя берді. Ащы өксік алқымына келіп тығылды. Жүрегіндегі мұз боп қатқан өкпе назы көз жасымен еріп шыға берді-шыға берді. Өң мен түстің арасында аласұрып жатыр. Көз алды қара түнек. Қап-қара әлем. Ештеңе көрінер емес...

Бір сәт кең дүние тарылып кетті. Жан ұшыра айқайлағысы келді. Даусы шықпайды. Қараңғылық. Денесін ауырлық басып, көзі ашылар емес. Сөйлеуге талпынады! Бірақ тілсіз, дыбыссыз! Жүрек үні әлсін-әлсін тіл қатады. Тіл емес, жүрек сөйлеп тұр.
«О, Қаситетіңнен айналдым Жарық әлем, кең дүние. Көрер ме екенмін?! Бұл не ғажап?! Неге ештеңе көрмеймін! Өміріме шуақ бер»...

Жарық дүниені дәл мұндай аңсамас болар.  Таласқа түскен қараңғы әлем пен аппақ дүние. Ақ пен қараның таласы. Күн-Түн. Шуақ-Түнек. Қапас-Еркіндік. Осы қарама-қайшы арпалыстың ортасында жаншылып, күйреп бара жатқан – Ақбаян.
Анасының ақ бейнесі. Күлімдеп, қол бұлғап шақырып тұр. Бала кезі көз алдына елес берді. Қыр гүлдері көз қуантады. Ал, қызғалдақтар бейне бір қызарып батқан күн жерге сіңіп, кілемдей жайылып жер-анаға нұр беріп тұрғандай. Жүгіре басып анасына ұмтылды. Бірақ жете алар емес...

Бала күніндегідей анасына қыр гүлдерін сыйлағысы келді. Тамсанып әр гүлге бір анасына бір қарап, құшағын қыр гүлдеріне толтыруға асығады. Анасының бейнесі қыр асып, көрінбей кетті. Бір құшақ гүлдер жерге төгілді. Шыбын жаны шырылдап анасын көп іздейді. Бойын үрей билеп, жүгіре берді-жүгіре берді. Кенет, анадай жерде күн нұрына шағылысып, әкесі мен анасы көрінді. Жарық әлем тағы да шуақ шашты.  Бар күшімен солай қарай ентелей жөнелді. Қарсы алдынан әкесі шығып бала күніндегідей арқалап алды. Әкесінің мойнынан қапсыра құшақтай алған. «Құлыным, мойнымды қатты қыспа, құлатпаймын, ғой» дейді. Жіберсе болды сол биік қамалынан ажырап қалатындай, мәңгілік қара түнекке құлдырайтындай одан сайын қыса түсті. Анасы қыр гүлдерінен басына тәж жасап: «Басыңа қонған бағың қыр гүлдеріндей әдемі болсын Баяным!»

Қыр гүлдері әдемі! Иә, әдемі! Үстімдегі қызыл көйлегім,басымдағы қыр гүлім – бәрі-бәрі әдемі. Әдее-еемі-і гүлдер. Әде-е-емі-і әлем. Шыр айнала берді. Жан-жағына қарап, бар даусымен айқайлады. Жаңғырық! Жарық дүниеде бәрі бар. Тіпті жаңғырық та сырлы музыка сынды естілетіндей. Аппақ әлем! Әдемі әлем! Бал-бұл жайнап әр қырдың басына бір шығады. Енді бір мезет «Сағындым! Жааа-ныым! Кешір» деген сөздер құлағына жақыннан естіле бастады. Сыбырлап кетті?! Иә-иә! Естіледі! Өңім бе?!  Айқайлап күле бастады. Сағыныш! Иә, сағыныпты ғой! Ұзааақ уақыттан соң...

Сыбырлап тұрып та, батпандай ойды жеткізе алуға болады екен ғой.- Енді көктегі қалықтап ұшқан құстарға назар салды. Денесін суық меңдеп қалтырап барады. Айнала сары әлемге боялып, күзгі жапырақтар көктен жауа бастады...
Суық жел денесін қарпып өтті. Құстар кетіп барады. Көкке қарап, бар мұңын жайып салғысы келді. Жаңғырық! Үн! «Әр кез көктен құстар қалықтап ұшқанда, сағынышымды жеткізуін сұрайтынмын. Көкті қара бұлт торлағанда мұңайып отырғаныңызды, жұлдыздар сәуле шашқанда мәртебеңіз биіктегенін, күн шуағын шашқанда  қуанғаныңызды сезетінмін. Сендіретінмін.

Қазір далада күз. Бұл сағынышпен өткен нешінші күз, мүмкін екінші,... бесінші мүмкін  жүзінші. Есебіне жете алар емеспін. Бір ғұмырыңа татитын мәңгілік сағыныш!  Шыр айнала жерге отыра кетті.  Ағыл-тегіл көз жасына ерік берді. Жылусыз қалған жетім сағыныштарды аяп жылады.
Бір сағынышпен күніңіз атып, түніңіз батып жүрген шығар. Ал, мен ше?! Қазір қандай күйдемін?! Оны тіпті де елестете алмайсыз.  Далада күз! Жел ышқына соғып тұр... Ал, жапырақтар үздіксіз үзіле берді... Мына сұрғұлт күз, мына өрекпіген жел,ағаштарды жалаңаш қалдырудан тайынар емес. Ағаш жапырақтарын жұлып әкетуде...

Бүгінде менің жүрегім мына сәнінен, мағынасынан айрылған күзгі ағаштардайбос. Сезімсіз... Сенімсіз... Тек суықтан қалған шаншу бар. Шаншу бар! Бар! Жаңғырықтың үнімен дауысы таласа шықты. Сіз – жел секілдісіз.
Күзде ышқына соғып, қыста дауылдай тулап, көктемде самалдай есіп, жазда жылы леп болып өбкен осы бір желге ұқсайыз. Сіз де менің жүрегімді жұлып әкеткендейсіз... Кеудем – бос кеңістік. Жел үнемі, әр кез бір қалыпта соқпайтындай, сіз де тұрақтап жанарымның жасын кептірмейсіз. Қазір күз! Жаз ұзап кеткен. Жүрек жылытар жаз алыста...  Жүрегімді суықбасып барады...суып барам. Жел! Жапырақ-жанымды қайда апарсаң сонда ұшуға әзірмін. Ұшқым келеді. Көкте қалықтасам ғой! Бір түйір жапырақ құрлы болмағаным ба?! Ұшқым келеді... Сандырақтап жатып демі үзіліп барады...
***
«...Қызыңыз көп күйзеліске ұшыраған» – деп сөзін әріден бастады дәрігер, қарсы алдында отырған Кемелге. Өзі орта жастан асқан, кең иықты, шашы мен қияқ мұртына ақ түсе бастаған, көп жылдық тәжірибесі бар, білікті дәрігер. Көзілдірігін бір киіп, бір шешіп жатып
–  Көп ем қабылдау керек. Осы уақытқа дейін қабылдаған емнің бәрі кері кетті ме деген қорқынышым бар. Жүрек талмасы өте нәзік дерт.
– Қандай дәрі керек болса да айтыңыз. Қызым үшін аянарым жоқ.
– Біз барлық тексерістен өткіздік. Бұдан кейінгі қабылдайтын дәрі-дәрмегі ауыр болмақ. Ұзағымен бір жыл тоқтатпай ішкені дұрыс. Жүрегі бұған төтеп берсін деп күтейік.
– Кешегісі ана-а-ау,  бір өлімнен қалды. Тағы не күтуге болады...
– Кемел Хасенұлы, сізді өте жақсы түсініп отырмын. Сабыр сақтаңыз, өтінем. Ақбаянның  дертінен көптен бері хабарым бар ғой, оны өзіңіз де білесіз. Қазір емнің жаңа түрін жүргізіп жатырмын. Кеше дәрілерді көтере алмай қалды. Оның қазіргі жағдайындабірден күйзеліске түсуге болмайды. Жүрек талмасы кез келген уақытта ұстап қалуы мүмкін.
– Қаншама уақыттан бері, емдеп келетініңіз, рас. Сөйте тұра айтып отырғаныңыз осы болса! Мықты  дәрігер дегеніміз солай десе, басқадан не үміт, не қайыр?
– Сіз мені дұрыс түсі-ін..
–  Қызымды емдеуіңіз керек – деді бірден кесіп айтып. Оның күннен-күнге солып бара жатқанына шыдай алмаймын. Ол әлі жас қой. Өмірі алда емес пе?! деп сұраулы әрі үмітті көздерімен қарады. Жанарында ойлылық пен тереңдік барын бағамдап қалды, дәрігер. Және сол жанардан сескенді де.
– Сабыр сақтаңыз. Қолдан келген барлық шараны жасаймын. Уайымдамаңыз! Оның жүрек соғысы шошынған адам секілді жиіәрі қатты соғады. Сондықтан да кеудесінің жүрек тұсы шығыңқы болып тұр. Біз соның бәрін қалпына келтіреміз.  Нәтижесі оң болу керек. Ал, ары қарай бәрі де өз қолында. Ең бастысы күйзеліс пен уайымға салынбағаны жөн. Жақсы күтім керек... Сосын..
– Иә, дәрігер,  – көңіліне осы сөздері де медеу болғандай қуанып,Ақбаяным жазылады. Жазылу керек. –есікке қарай асыға  ұмтылып бара жатады. Дәрігер көңілінде бір түйіткілді әңгіменің барын сездіріп:
– Кешіріңіз тағы айтайын дегенім, - кілт тоқтай қалып сұраулы жүзбен қарап тұрған Кемелге жақындап келіп, ақырын ғана тамағын қырнап алып:
– Мһм..Бір ғана нәрсені ұмытпағаныңызды қалаймын. Жүрек ауруы – мәңгілік ауру. Жүректің емі – уақытша, жарасы- мәңгілік. Кез келген уақытта емдеп алуға болғанымен, мәңгілік кеудеңде сыздап тұрып алады. Сондықтан... Ақбаянға түсіндіргеніңіз дұрыс деп санаймын.
– Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін бұдан ары қарай өзім шешем! Сіз, тек еміңізді жасаңыз! Қызымның жаны ауырмаса болғаны...
***
Ауыр халден есеңгіреп тұрған Ақбаян палатасында тағы да жалғыз. Төрт күн бойы көзін ашпай ұйықтапты. Басын көтерсе жер айналып жатқандай. Айсараға бүгін ота жасалып жатыр. Бұған жас жүрек шыдай алар ме екен?! Осыны ойлаған Ақбаянның денесі шымырлап қоя берді. Әкесін көргеннен кейін көңілі жай тапты. Биік қамалдай қайратты тірегі келіп, өзінің көрген азабының бәрі түстей өте шығатынына сеніп, еріксіз көзіне жас алды. Төрт күн бойы түн құшағында аласұрып ажалмен алысқандай болып еді. Түсіне тағы да Асыл кіріпті...
Түсі ме өңі ме бір сәт ой сарабына салып көрді. Әйтеуір, ғасырдай созылған сол төрт күн, төрт-ақ минутта өмірінің барлық сәтін моншақтай тізіп, арғы өмірдің есігін қағуға бір ғана қадаммен қараңғылыққа жетеледі. Қашан да қараңғы түннің тыныш болғаны жақсы екен ғой. Жалпы тамылжыған тыныштықтыңтүні – қараңғы, айы – жарықболғаныдұрыс. Ақ дүниені оймақтай қара дақ кірлеткеніндей, аппақ әлемді қараңғылық басса алып тұңғиыққа айналады. Таза сезімдерді де солай кір баса ма? Әлде, адалдықты да арамдық басатынын біле тұра мойындағымыз келмей ме екен? Тағы да ақ пен қараның таласы...

Сонда адамдар арасындағы қарым-қатынаста арсыздық, арамдық, тұрақсыздық, кекшілдік деген қарабайыр ұғымдар, кір басқан сезім, селкеу түскен сенім алғы орынға шығып кеткені ме? Махаббат деген сайып келгенде аппақ әлемнің жолындағы адалдық емес пе еді? Махаббатта қатал заң жүрмейді. Егер махаббатта заң бар болса, ол – кешірім.

Кешірім – адалдыққа деген жақсы жауап. Сезім әр түрлі болғанымен нәзіктіктен бастау алады.  Нәзіктік – ешкімнің уысына түсе бермейтін асау бақ. Нәзіктік – мәңгілік сағыныш! Нәзіктік – махаббаттың сыйы. Ал, нәзік сезімдер ұлы махаббатқа жауап бере алады. Бірақ, нәзіктік – әлсіздік емес... Ашуланып тұрып жұбатуға, кектеніп тұрып жақсы көруге болады. Жек көріп тұрып, өлердей ғашық бола аласың.
Кейде ренжіткен көңіл кектің құрбаны болудан сескенеді. Ал, кек алудың ең ауыр да қымбат жолы – мәңгілік сағыныш. Өйткені сан саққа сабылтып қойған сағыныштың алдында өмір бойы дәрменсізсің. Сағыныш... Сағынтқан жылдар сағымға ұласып кеткені ме?.. Сағыныштың түбі, шеті жоқ шексіз екен. Ой үстіндегі ойы біраз жерге дейін апарып, қайтадан  палатаға жеткізіп салғандай...
Әлдене есіне түсіп, жастығының астына қолын салып ақырын ғана сипалады. Бүктелген қағазды алып шықты. Қағазға түскен ойларын тағы бір рет оқыды.
***
... Асылым... Құлазыған көңіл, қағаз басына сіздің есіміңізді бастап жазсам ғана жай табатындай. Сондықтан бүгін мен осындай әдіс таптым. Ой ішіндегі ием! Бүгін түнделетіп ауруханаға түстім. Жүректе шаншу қадалып, қанша жазуға тырыссам да кетпей қойды. Содан осы жерден қолдау іздегендей болдым. ...Өмірден үмітім бар...
***
...Білесіз бе бүгін қатты тоңдым. Аурухана қатты суық. Үнемі қалтырап-дірілдеймін. Дәрігерлер әйтеуір жанталасып жүреді. Ып-ыстық палатада қалай тоңып жатқаныма таңданады... Жарайды, әйтеуір менің аман қалуымнан бірден-бір үміткер жандар ғой.
***
... Өмірде ең ауыры – саған өмір сыйлаған ата-анаңа «өлімге жақын қалдым ба» деген ойда жүре тұра, ауырғаныңды сездірмеу екен. Әкем ертең келеді. Бүгін сондай бақыттымын. Өмірдегі қорғаным ғой. Әкем келгенше күш жинауым керек. Білесіз бе айнаға қарасам, Ақбаяныңыз мүлдем ағарыпкеткенін байқаймын. Бетім қуарып, жүзімнен өңім кетіп қалғандай...
***
... Сізге қатты ашулымын. Көп уақыт өтті. Үнсіз жоғалып кеттіңіз. Бірақ ауруханада жатқанымды білмейсіз ғой. Келер ме едіңіз, жанымда болар ме еіңіз? Әйтеуір осылай  отырып, сізге ойларымды жазғаныммен, сізге деген өкпем тарқамағанын білемін. Жүрегім ауырып кетеді. Әлсіздік танытып жүрсіз, иә? Өзіндік себебіңіз бар болар... Енді күте алмаймын. Себебі уақытым жоқ...
***
... Сағындым, кешір депсіз. Сары күзде сағынбауға уәде бергем. Ал, кешірімді неге сұрағаныңызды біле алмадым. Кінәлі ме едіңіз? Бүгін жарық күннен алыстап, қараңғы түнге асықтым. Бір өлімнен қалдым. Бұл жақсы ма, білмеймін. Өйткені халім жақсы емес. Осы жолданған екі ауыз сөзіңіздің өзі, сіздің аман екеніңізді білдіреді. Аман болыңыз. Сізге кел деп те айта алмаймын. Бұл халімді көруге міндетті емессіз. Бұл жолды өзім ғана жүріп өтем. Ал, сіз сағынышыңызды тоқтатпаңыз. Сағыныш – адамдарды жақындастырады. ...Тағдыр жазса, өмір жолымызды бір етер, тек аман болсам!»
***
...Ертең таң ата  ауруханадан шығамын. Әкем өзін қоярға жер таппай жүр. Аз күнде қатты жүдеп кеткендей... Мен жақсы көретін Әкем әкелген ақ раушандар да солып қалды... Ал, күзгі жапырақтар тіптен қуарып кетіпті. Бұл жазбаларым, сіздің өткен жолы жазылған екі ауыз сөзіңізе жауабым болсын. Хатымды екеумізге ортақ таныс адам жеткізер...
***
Сарғайған сары күз тағы келді. Сарғайған сары хат та Асылдың төс қалтасында жүргеніне міне екі жыл өте шықты. «Тағдыр жазса, өмір жолымызды бір етер, тек аман болсам!» осы сөздері жанына медеу болатындай...
Ақбаянның бір жапырақ хаты қолына түскелі, оны іздеуді тоқтатқан емес. Алғашында, жүрегінің ауыратынын білгенде әлде аяныш па әлде қорқыныш па бойындағы сезімін түсіне алмай біраз сергелдеңде жүрді де қойды. Бар ойы, оны іздеп тапқысы келді. Уақыт ұшқан құстай ұстатпай зулай берді. Ақбаяннан бүгінде ешқандай хабар жоқ. Асыл, бар күші мен ойын жинақтап Ақбаянды іздеді. Ортақ таныстарынан, құрбыларынан, жұмыс орнынан бәрі-бәрінен іздеп шықты.

Ешкімге ешқандай хат та хабар да қалдырмаған. Тіпті ондай адам бұл өмірде болмағандай...
Бар болмысын, бар өмірін, бар тілегін бір жапырақ қағазға сыйғызып, сол сағынышы мол сары күзде бір жапыраққа айналып ұшып кеткендей. Аман болса «өзі оралар» деп те өз-өзін жұбытып жүрген Асыл, уақыт озған сайын қорқынышы үдеп барады.  Әдеттегідей екеуі үнемі баратын саябаққа келді. Айнала сап-сары жапырақтарға толы. Әлсін-әлсін жел соғып тұр. Екі алып ағаштың ортасында тұрған арқалығы бар орындыққа жайғасып, айналаға назар салды. Өзі білетін сол таныс бейнені көріп қалудан үміті басым.  Әдетінше, тағы бір рет хатты оқып шығып, қайта бүктеді. Сағынады. Іздейді...

Терең тыныс алып, аспанға телмірді. Жапырақтар үзіліп, жерге қонғысы келмей біраз ауда жүргісі  келгендей... Ұшып жүр. Асыл қоңыр пәлтесінің жағасына үзіліп түскен бір жапырақты алақанына салып қарады. Жапырақтың бір шеті жасыл, ал бір шеті сары. Бір сәт жапырақты қызықтап қарап алып, өз ойына өзі мырс етті. «Екі түрлі түске енген жапырақты алғаш көруім. Сары жапырақ сенің көрген азабың десек, жасыл жапырақ – өмір болса ше?! Өмір... Бұл жапырақ та өмір үшін күресіп, қуарып жоқ болып кеткісі келмей тұр-ау... Сағыныш деп айтып жүргеніміз мәңгілік болғаны ма?!

Бір ғана қадам қалды. Өз ауылыңа барып іздеу. Бірақ... қандай хабар естуден де қорқамын. Иә, осыншалықты әлсізбін. Суық хабар мені мына өмірге сыйдырмайды. Ал, бәрі жақсы болып, отбасы құрған болсаң, қызғаныш мені азаптап өлтіреді. Иә, өзімшілмін! Мені қинап қойып, бақытты өмір сүрсең кешіре алмағаның.. Сені қинап қойып, осы халге ұшыратқан мен оңбаймын. Бірақ мен білетін, Ақбаян бір хабарын берер болар. Не болса да аман қалуға тиіссің! Дәл, осы жерде, дәл осы минуттарда басталған сезім, дәл осы жерде өзіңмен аяқталуы тиіс. Сондықтан сені күтуден жалықпаймын. Сен ораласың...». Екі түрлі ой беріп, екі түрлі өмір сыйлап, екі түрлі түске еніп тұрған жапырақты хатпен бірге орап, төс қалтасына салып қойды. Өз шешіміне өзі риза болып, сеніммен алға қарай жылдам басып жүріп кетті.

Т. Раушанұлы