Го Фың (Тайвань). Көгілдір тауларға көз салып... #жалғасы

Го Фың (Тайвань). Көгілдір тауларға көз салып... #жалғасы

Басы

Көгілдір тауға көз салып, қиялыңды қиянға самғатып, оңаша отыру, шіркін, қандай ғажап. Түс ауа тауға қарап үнсіз ұзақ отырдым. Жүрегім бейне күміс айнадай тау бейнесін көкірегіме айнытпай сызып алды; қиялым ақша бұлтша қалқып, ғажайып шатқалдарды кезді. Ақша бұлттай қалқыған қиялдың бәрі бұлдыр елес емес-ті; тау маған мейірлене қарайды! Тау әуеніне құлақ түріп, келбетіне ашқарақтана көз салдым; бақыттың түрі көп шығар, дегенмен қанша ұқыпты жүрек болса да бүгін мейірімнің қалай қанғанын сезіне алмас-ау. Мен ессіз елттім, соңында, тіпті қирағатқа бар ыждағатымен ұйыған жанша жанарымды жұмып, үнсіз мүлгідім, ес-ақылынан айырылған жүрек тек тау деп соқты.

Көгілдір тауға көз салып, қиялыңды қиянға самғатып, оңаша отыру, шіркін, қандай ғажап. Рас-ау, кейде көңіл терезесін ашып, жаныңды жадыратқанға не жетсін. Өзіме бостандық бере алмасам, тауларыма не сын? Өзіме үңіле алмасам, тауларымды қалай танырмын? Баяғыда тау жайлаған күндерім болған, тау асып, тас басып сейіл де құрғанмын. Сол таулардың көңілімнің көгінде бой түзеген құз-шоқылары асқар да айбатты, шатқалдары шыңырау шүңет-ті; мен таңданушы ем, тамсанушы ем, бірақ жүрегім ежелден еш нәрсеге дәл осылай жарылардай қуанып көрмеген! Әй, көп қуануға да болмас, бір түйір шаттық ұрығы кеудеде сансыздаған елес жемісін бүрлетеді; таудың биік болуы да қажетсіз, бір жолғы есті рухани ояну адамды өмір бойы сарсаңға салады. Уақыт қысқа дей көрме, лездік сәттен де ғұмырлық сағыныш қоздайды. Қызғылт шапаққа оранған іңір келді, байтақ алап енді тылсым тыныштыққа шомады, әсемдік пен көріксіздік атаулының бәрі түсін өзгертіп, аяқ-қолын бауырына алып, күңгірттене бастады. Бірақ, бүгінгі түн бағызы заманғыдай тастай қараңғы болса да, мен тауымның асқақтай еңсе көтеріп тұрғанын көрдім. Ол менің көңілімде мәңгілік бейнесін сұлбалады.

Тау артында тау барлығы маған аян. Тау мен таудың айырмасы бар, мен тауымды сүйемін. Қиялыңды қиянға самғатып, оңаша отырып, көгілдір тауға көз салу қандай рахат!

Аударған: Байсенім Әбдібек

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: mendeleev.kz

M. Auelkhan