Ғалым Боқаш. Арам шөптің ақыры (әңгіме)

Ғалым Боқаш. Арам шөптің ақыры (әңгіме)
Фото: favoritbook.ru
Өлкемізге жүз жылда бір айналып соғып тұратын жер сілкінісінен соң жұрт ен­ді ес жиып, мал мен жанын түгендеп жатқан аласапыран шақта жанталаса жекешелендіріп, айналасын мейілінше кең қоршап алған алағай да бұлағай аулалы, үгітілген іргетасының қисықтығы ұс­қынсыз шатырының алыптығынан бай­қалмай тұрған үйімнің алдында отырғам. Көр­шілермен арбасып өтіп жатқан өмі­рімдегі аз қызықтың бірі – ауланың әр же­рінде жабайы шымды шұқылап, ше­гірт­ке аңдып, құрт қуалаған қаратор­ғай­лар­дың риясыз қам-қарекетін қолым қалт ете қалғанда балаларыммен бірге оты­рып алыстан тамашалау еді. Сондай бір әсерлі сәтке енді сүңги бер­генімде жөткірінген дауыс естілді. Кіш­кентай дүрбісін төмен түсірген қызым қа­бағын шытты. Сол қапталымда тұратын ір­гетасының өзі менің үйімнен биік Сары көр­шім екен.
– Қалайсың, қоңсылас? Не болды өзі со­нымен? – деді күнде қоятын сауалын қай­талап.
– Аз қалды. Енді кірісем.
– Өзің білесің. Менікі көршіден де ыс­тық, туыстық деуге келетін пейіл ғой. Үйі­ңе зияны тимесін деймін де. Анау қоз­ғалмай тұрып кіріспесең, өзіңе қиын бо­лады-ау, – деп көшенің арғы бетіндегі га­ра­жының өзі Сарының үйімен шамалас, ал шойын қақпасы менің үйшігімнен де үлкен дарияға жетеғабыл каналмен қор­шалған Зор көршімнің қамалын нұс­қады.
– Айдалада жатқан оған келіп-кетер не қауіп бар екен?
– Жел факторы, көрші. Жел, – деп Са­ры көршім маңыздана саусағын шошайтты.
– Ағылшын газонынан кем емес жасыл желектің асыл тұқымы бар. Керек кезде айта қоярсың. Тездет. Айтпақшы, ауламызды бөліп тұрған аласа қоршауды алып тастадым, жеріңді культиваторыммен арзанға қопсытып берем. «Әуелі өз аулаңдағы шыңырау құ­ды­ғыңды сынған иінағаш пен құмнан тазартып, тот басқан темір-терсегіңді жинап ал, «туыс» деп естіртпей міңгірледім. Сары көр­шім екеуміздің соңғы кезде сөйлесе қал­сақ болды әңгімеміздің негізгі та­қы­рыбына айналатын «жел факторы» жыныма тие бастаған еді. «Газон?» деп таңыр­қай сұраған қызымның сөзіне жауап бер­местен оны үйге кіргізіп жіберіп, қақ­па алдындағы пошта жәшігіне қарай бет­­тедім. Түптің түбінде «көп қорқытады, те­рең батырады» деген қисынға мойы­нұ­сы­натынымды және білетінмін. Қалың ой­ға шомып кеткен екем, шәңк еткен да­уыс селк еткізді:
– Сарыға сенбе! Шығыс беттегі қарсы алдымда тұра­тын Қара көршімнің қай уақытта қасыма кел­генін байқамай қалыппын. Иегімнің ас­тынан сөйлеп тұр екен.
– Неге?
– Ағылшын газонынына жетеғабыл са­палы шөп тұқымы – менде. Ең бастысы – әлдеқайда арзан!
– А, соны айтасың ба? Рақмет.
– Алсаң болды, өзім-ақ егіп берем. Сол кезде бірі – манадан ауламның әр бұрышын тырмалап жинастырып жүр­ген, екіншісі – сыртқы дуалымды әктеп шық­қан оң жағымдағы жапсарлас екі ла­шықта тұратын Ақсақ көршім мен Со­қыр көршім бір-бірін жетектеп таяп келді. Оларды көріп Қара менімен қоштасуға да үлгірмей, тұра жөнелді де, ауласына кіре салып түр-пошымы Зордыкінен айнымайтын, бірақ қаңылтырдан жасалған қақ­пасын салдырлатып жауып алды.
– Болдыңдар ма-ей?! – деп шықты та­би­ғи қалпын тапқан дауысым.
– Болдық, ағасы, бәрін жинап кеттік. Ертең қора тазалауға кірісеміз.
– Жарайсыңдар. Бүгін көп шаруа бі­тір­діңдер. Бір емес, екі шелектен алың­дар.
– Алла разы болсын, аға! Қос-қос шелекке шыпылдата су толты­рып, қайқая көтеріп бара жатқан екеудің соңынан айғай салдым: «Ей, ертең қол құ­дықтың тұтқасын майлап, резеңкесін жаңартып қойыңдар!».
– Мақұл, ағасы, мақұл! Сарының ескертуінен соң көп уақыт өтпей жатып Зордың артқы ауласында ұйым­дастырылған көшенің үлкен құрыл­тайына жиналдық. Ішім бекер қыпыл­да­маған екен – күн тәртібінің жалғыз мә­се­лесі «ауласын арамшөп басқан» мен бо­лып шықтым. Өз ауламды құртқаным былай тұрсын, өзгенің ауласына жел ар­қылы зиянкес тұқым таратып жатқан қауіптің ошағы екем. Зор қаһарланып еді, Са­ры күңіреніп, Қара басын шайқай қал­ды. «Арам шөптің жәндік шақыратыны, жән­дікке құс біткен құмар болатыны, құс­тың аула көркі, балаларды компьютер­ден ажыратып, сыртқа алып шығудың жал­ғыз жолы екені» туралы уәждерім түк­ке жарамай қалды. «Келелі кеңес» үстін­де бұл сөздерім, тіпті, өзіме күлкілі ес­тілді. Сол кезде барып соңғы көзірімді суы­рып алдым:
– Егер арамшөппен күрес науқаны құ­дық­тың суынан қымбат болса, өздерің бі­ліңдер! Осы сөзімді күтіп отырғандай-ақ Зор көр­шім оң жағына жайғасқан Сақалды көр­шіме қарап ишара жасады. Көшенің ба­сындағы үйде тұратын, құмдауыт ауласына жөнді шөп өспесе де, сәндік сексеуіл егіп тастаған Сақалды сарнай жөнелді:
– Адал рызығын ақкөңіл құлына бұ­йыр­тып отырған Аллаға мың да бір шүкір. Сал­танатпен хабарлауға рұқсат етіңіздер – ауламның төрт бұрышынан су шығып, Зор көршінің ұстаханасында жасалған жап-жаңа төрт бірдей электр моторлы те­мір құдық орнатып жатырмын. Көше бойы арыққа да, ауызға да жетерлік су қо­ры бар, иншалла! Шабыттана дабырласып кеткен кө­р­ші-қолаң келесі бір сәт үндемей қалды да, «Енді не дер екен?» дегендей «көшедегі жал­ғыз құдық иесі» деген мәртебеден жұр­дай болып мелшие қалған маған бұ­рыл­ды. Үнсіздікті дәл алдыма тарс етіп түс­кен екі қаптың дауысы бұзып жіберді. Бі­реуі – ағылшын газонының тұқымы, екін­шісі – арам шөп өлтіретін гербицид екен. – Сыйлағаным болсын, – деп әдетінше отыз екі тісін көрсетіп ақсия күлді Зор көр­шім.
– Тегін бердім. Алдағы апта ау­лаң­да бығып тұрған бақбақ гүлдей бас­тайд­ы да, тұқымы көшеге түгел жайылады. Енді кешіктірсең, аулаңа қосып жеркепең мен шиқылдақ механикалық қол құдығыңды көршіаралық қауіпсіздік үшін кәмпескелеуге тура келеді. Ал, ха­лайық, не тұрыс? Бау-бақшамның сирек же­містерінен дәм татыңыздар! Жиыннан екі қап арқалап, басым сал­бырап үйге қайтысымен дереу бала-ша­ғам­ды кіші құрылтайға, төргі бөлмеге ша­қырдым. Бірақ Сақалдының төрт құ­дығы туралы тіс жармауға бекіндім. – Құрметті үйлестер! – деп әдейі тым ресми түрде маңыздана сөз бастап ем, жаңа қаратпа атауға енді еңбектеп жүр­ген кенже ұлыма дейін елең етіп таңырқай қа­рады.
– ХХІ ғасыр – көшелі қауіпсіздік ғасыры. Әркімнің өз ауласына қамалып ап, бықсып тіршілік кешетін заманы бая­ғыда өткен. Ал біздің ауламызда берісі ту­ған топырағымызға, арысы көрші-қо­лаңның бәріне қауіп төндіретін зиянды эле­менттердің көбейіп бара жатқаны анық байқалып отыр. Атап айтқанда, тараксакум, арктиум томентосум, сетария мен кардус тәрізді сырттан келген құ­бы­жық зиянкестер – ошақ қауіпсіздігіне зор қатер. Бірақ жау қолына жай отырып бе­рілетін біз жоқ! Бүгіннен бастап қыл­мыс­кер паразиттерді түгел құртамыз да, қар­сыласу қабілетінің жоқ екені дәлел­ден­ген жабайы шымды қазып алып, орнына мәңгі жасыл ағылшын газонын жаямыз. Жайқалған желек жасасын! Арам­шөпке – өлім! Таңдауымыз – өрке­ниет! Жалынды сөзім бала-шағама өзім күт­кендей әсер етпесе керек. Үлкен ұлым ба­сын қасыды, қызым мұңайып терезеге қа­рады, тілі шықпаған кенжеміз жыламсырай бастады. Сол кезде құрылтайға мамандығы ботаник әйелім араласты: – Неменеге аяқ-астынан латынша сөй­леп басымызды қатырып тұрсың? Бақ­бақ, шоңайна, итқонақ пен түйетікен деп қазақша айтуға болмай ма? Оны қойшы. Зор мен Сарының сөзін айнытпай қайталайтындай не басыңа күн туды? Әр жерде бір өсіп тұрған шоңайнадан не қиындық көрдің? Өткенде өтің ауырғанда соның шірнесін ішіп, жаның қалды емес пе? Итқонақтың тұқымы болмаса аулаңа құс келіп қона ма? Ол қашаннан бері арам болып қапты? Түйетікенді қойшы, па­разит болса болар. Қалай отасаң да, өзің біл. Бірақ атам заманнан бері балаға ермек, бауырыңа ем болған бақбақ қалай дәстүріңе кірмей қалды, а? Осының бәрін арам еткен ана екеуінің беттеріне неге өз міндерін баспадың? – Тұра тұр. Сабыр ет. Беттеріне бір адам­дай бастым. Осындағы көрші-қолаң­ның барша бала-шағасы солардың ауласын тырмалап, таңнан кешке дейін жұ­мыс­қа жегіліп жүргенін, самогонына ула­нып жатқанын айта бастап ем, көрші-қо­лаңның өзі-ақ шуылдап, «қанау да, зор­лау да жоқ, ерікті еңбек, рахат сусын» деп өзімді басып тастады. Сол кезде кеңеске жоғарғы класта оқитын үлкен ұлым қосылды:
– Сусынды білмедім, бірақ еңбектің ерік­ті екені рас қой, папа. Мен де жазғы ка­никулда Зор ағаның ауласына көшет отыр­ғызып, тиын-тебен таптым. Айтпақ­шы, сіз­дің Ақсақ аға мен Соқыр ағаға бе­ре­­ті­ніңізден әлдеқайда көп төледі, – деді.
– Не дейді-ей мынау?! Құдықты үйдің ба­ласы екеніңді қалай ұмыттың? Отба­сы­лық намыс қайда?! – деп гүжілдей жө­нел­дім.
– Өз үйінде көсеу ұстамайтын ұлың, өз­ге үйдің күлін шығарып жүрсе, ол да өзің­нің кінәң, – деді манадан шұлық то­қып отырған шешем сөзге араласып.
– Ақ­сақ пен Соқырды жұмысқа жегіп қойып, жантайып жатып ас ішкеннен бас­қа не білесің? Өсек іздегенше, өнер ізде­сей­ші. Тікен шөп пен пестицидке қоса Зор­дан жеміс ағашының көшетін сұрап ал­мадың ба? Ара-тұра шақырғанда ұста­ха­насының есігінен қарата ма өзі сені? Мына құдығың сынса, Сарыдан қайран болмай, Зордың алдына тағы тізерлеп ба­расың ғой? Мұндай басынуға одан ары төзе алмадым. Дереу «құрылтайдың шырқын бұз­ған» әйелімді ас үйге қудым. Бала-ша­ғаны «сабақ қарауға» бөлмелеріне жө­нелт­тім. Шешемнің қалтасына теңге, ар­қасына кенжені салып бердім де, ағайын­ның тойына жібердім. Манадан бе­рі бүгінгі тапсырманы күтіп ауланың ор­тасында состиып тұрған Ақсақ пен Со­қырдың қолына газонның тұқымы мен гер­бицидті ұстаттым да, үсті-үстіне насы­байымды атқан күйі террасадағы сәкіге жа­нтая кеттім. Арада бірнеше ай өткен. Көршілер жы­лы жымиып амандасатын болған. Жы­ми­мағанда қайтсін, Сақалдыға ере­гесіп ауыз суды екі есе, арық суды төрт есе ар­занға тартып беріп отырсам. Ал ауламда бір тал арамшөп қалмаған. Көз қарық­ты­рардай ашық жасыл түсті ағылшын газоны қашан қарасам да біп-бірдей, теп-тегіс болып тікірейіп салют беріп тұрады. «Пі­ләс­мәс құсаған иісі жоқ, иілмейтін пәле екен. Жамбасыма кіреді» деп жуымай жүр­ген шешемнің сөзін ұғып қойды ма біл­меймін, біздің аулаға құстар да маңай­ламайтын болды. Балалар да сыртқа ойнауға шығуды азайтты. Тек оң жақтағы Құдай берген екі көршімнің жұмысы кө­бей­ген. Күнұзақ көршілердің екі есе кө­бей­ген флягаларын толтырып, арасында ашқарақ газонымды суғарады да жүреді. Қыл­тиып бір тал жоңышқа, я қызыл мия кө­ріне қалса болды, гербицид ала жүгіре­ді. Үлкен құрылтайдан соң өз ауласын ай­құш-ұйқыш етіп түгел қазып шыққан Са­ры көршім мен гаражына кіріп алып әл­денені ұзақ дәнекерлеген Қара көршім бі­разға дейін көрінбей қалды да, кеше жұрт аяғы басыла бере келіп кетті. Көңі­лім­ді көтеріп тастаған да – сол екеуі. «То­­пырағыңды әбден зерттедік. Аулаңның тағы жеті жерінен су шығара аламыз. Са­ры қазады, мен моторлы колонка қойып берем. Тек екі колонканы иелігі­мізге бересің», – деген.
Бұл Қара – жер­дің үстіндегіні де, астындағыны да білетін қу. Сенем сөзіне. Жеті құдықтан су тартып, жер-әлемді аузыма қаратқанда кө­рермін көршілердің қалай маған салют бер­ге­нін. Күнұзақ сәкіде осылайша тәтті қиялға беріліп жатқанымда бала-шаға ғана шыр­қымды бұза береді. Қызым қара­тор­ғайын жоқтап қыңқылдайды. Ұлым Зор­дың ұстаханасын көріп келуге сұранады. Әйе­лім болса менен жасырып қыш ыдыс­қа еккен жас арамшөптерін баптап әлек. Ше­шем Сақалдының үйіне екі-үш мәрте той­ға барғалы сәндік сексеуілдің қасиетін тізбелеп, жиі мақтауды шығарды. Көршіа­ра­лық қатынастар мен аулааралық қауіп­сіз­діктен осыншама мақұрым болар ма? 

                                                                                                                                    "Қазақ әдебиеті" газеті
 
М. Ақан