Көмір тақыр таза таусылған. Қауға да, күрек те бос жатыр. Пештен аяз азынап, бөлме ішін суық құрсаулаған. Сыртта ағаштар қырау жамылып, мүлгіп тұр. Аспан әлемі күміс түстес қалқанға айналған. Менің қараптан қарап үсіп өлуіме болмайды ғой, көмір тауып әкелуім керек. Артым аяз азынаған пеш, алдым – қақаған қаһарлы аспан. Осы беймазалықтан құтылып, көмір сатушыдан көмек сұрауым керек. Жайшылықта жалынып-жалбарынуымды қаперіне де алмайтын қожайынға, бір түйір көмір қалмағандығын дәлелдеп беруім керек. Өйткені, қожайынның қолындағы нәрседен, маған аспандағы бұлт жуық. Бұл рет оған қайыршы кейпінде баруыма тура келді. Аштықтан өзегі талып, табалдырығының алдында жан үзгелі жатқан адамды көргенде қожайынның әйелі қалған-құтқан кофені оған құйып бере салатыны сияқты, қөмір сатушы қаншалық күйіп-пісс де, менің қауғама бір күрек көмірді салып бермей тұра алмас.
Бұл сапардан бірдеңе өндіру үшін қалай барудың да шарасын таптым. Қауғама мініп, жолға шықтым. Екі қолыммен қауғаның тұтқасынан ұстап, үйдің сатысынан әзер сырғып түстім. Бірақ, жер тағанға барғанымда қауға лып етіп, қайта жоғары көтерілді. Екі қабат үйдің биіктігіндей жоғарыда жүрмін. Көмір сатушы жеркепесінің күмбез төбесінде мен тұрмын. Ол үстелде жазу жазып отыр. Ыстық үйді салқындату үшін жеркепенің есігін ашып қойған.
− Қожайын! − деп айқай салдым. Шырқыраған үнім ыстық деміме оралып, қақаған аязда құмығып әрең естіледі, - қожайын, Құдай үшін маған азырақ көмір бере гөріңіз, көмір қауғам бос қалды. Сол қауғама мініп келіп тұрмын, рахым етіңіз. Ақшаңызды тиын-тебен табылысымен қайтарамын.
− Мен жаңсақ естіп тұрғам жоқ па? − деп қожайын қолын құлағына таман апарып, пештің жанындағы орындықта тоқыма тоқып отырған әйеліне бұрылды, – мен жаңсақ естімесем, көмір алушы келді ғой деймін.
− Мен ештеңе де естігем жоқ, − деді әйелі, сыртын пешке беріп, тоқыма тоқыған қалпын бұзбай.
− Иә, солай, − деп дауыстадым мен, − мен өзіңіздің бұрыннан келе жатқан көмір алушыңызбын ғой. Сізге екі айтқан жерім жоқ, қазірше қолда тиын-тебен болмай тұр.
− Кемпір, - деді қожайын, − рас, біреу келіп тұр. Мен өтірік айтып тұрғаным жоқ. Менің таныс көмір алушым ол. Ол менің тілімді табатын егде көмір алушының дәл өзі.
− Әкесі, саған не болды? − деп қожайынның әйелі істеп отырған ісін тоқтатып, − жан баласы көрінбейді, көмір алушының бәрін көмірмен қамдап болғанбыз. Бірнеше күн жұмысты қоя тұрып, демалайық.
− Мен мұнда қауғаның ішінде отырмын, − деп айқай салдым. Суықта шұбырған көз жасым алдымды шұбартып көрсетеді, − бастарыңызды көтерсеңіздер, мені көре аласыздар. Тым құрыса бір күрек көмір беріңіздерші, екі күрек берсеңіздер тіптен қуанар едім! Иә, Жасаған Ием, қауғадан көмір салдырын естірте гөр!
− Мен барайын, − деп қожайын домалаңдап жеркепенің баспалдағына қарай жүре бергенде әйелі қасына келіп, жеңінен тартты:
− Осы арада тұра тұр! Қасарысып болмадың ғой, мен өзім барып қарап келейін. Түні бойы жөтеліп шыққаныңды ойласаң нетті. Сауда, сауда деп әйеліңді де ұмытып барасың.
− Онда оған біздегі көмірдің түрлерін айтарсың, бағасы әртүрлі.
− Болады, – деп кемпір сатымен көтеріліп, көшеге шықты. Әрине, ол мені бірден көрді.
− Апатай, − деп айқай салдым, − Сізбен шын жүрегіммен амандасып тұрмын, маған бір күрек көмір керек еді. Қауғаға салып берсеңіз болды, алып кетем. Нашар көмір болса да мейлі, ақшасын, әрине, кейін толық төлеймін. Қазір беретін ақшам болмай тұр...
«Бірден төлей алмаймын» деген сөз қоңырау үніне қатты ұқсайтын. Бұл шіркеу мұнарасынан әлгінде ғана соғылған қоңырау үнімен тоғысып, қаншама адамды алжастырды десеңізші.
− Ол не алмақшы екен? − деп дауыстады қожайын.
− Ештеңе де алмайды, − деп жауап қатты оның әйелі, − сыртта ешкім де жоқ, ештеңені көре алмадым. Тек сағат алтыны ұрған қоңырау үнін ғана естідім. Есікті бекітіп қоялық, түу, не деген суық еді. Ертең тағы сарпалдаңға түсетін сияқтымыз ғой.
Ештеңені де көрмеген, ештеңені де естімеген ол белдемшесін шешіп алып, мені сабалап жүрді. Амал не, сабап жүріп мені қуып жіберді. Мен отырған қауға желқабыз сияқты артықшылығы болғанымен, тым жеңіл еді. Әйелдің белдемшесі-ақ оны желпіп тастады.
− Оңбаған мыстан, − деп мен, ол тәкаппарлана дүкенге қарай беттегенде, бұрылып айқай салдым, − оңбаған мыстан, бір күрек жаман көміріңді қимадың-ау, маған, − осыны айттым да, қалықтай жоғарлап мұзды алқапқа қарай кеттім. Сол кеткеннен мәңгі оралмастай болып бір-ақ кеттім.
Аударған Әбдібек БАЙБОЛАТОВ