"Ар" баспасынан белгілі өзбек ақыны Мұхаммед Салихтың "Вал-Фажр" атты өлеңдер жинағы қазақ тілінде жарық көрді. Массагет порталының тілшісі кітапты тәржімалаған ақын, аудармашы Файзолла Төлтаймен тілдесті.
– Файзолла, өзбек әдебиетіне ғана емес күллі түркі әдебиетіне жаңалық болып келген Мұхаммед Салық өлеңдерін тәржімалап, кітап етіп шығардың. Неге басқа ақын емес, Мұхаммед Салихты таңдадың?
– Тұрсеке, кейде адамдар жолдарды емес, жолдар адамдарды таңдайтын секілді. Көзіңді ашып-жұмған уақытта ойыңа да кіріп шықпаған кей жолдардың басында яки соңында тұрасың, яки бастауының соңында, соңының бастауында екені белгісіз мекенде тұрасың. Кейде сол жолдарды жүріп бара жатып, айналаңа қарап таң қаласың. Қорқасың. Қобалжисың. Мазасызданасың. Сонда да жолды жалғастыруға бел буасың. Әрине, жолдар да өзіне лайықтысын таңдайды деп ойлаймын. Әйтпесе арқалай алмайтын жүкті Құдай саған бермейді ғой...
Дәл осы секілді М. Салихті, дұрысы диссидент ақынның шығармашығын іздеп жүріп, "қалайда бір ақынды аударсам екен" деген пиғылды ойламадым. Тіпті әуел басында М. Салихтың өлеңдерін аударып, топтап, жинақ етіп шығарамын деген ой да болған жоқ. Ақиқаты, отанын өлердей сүйген және сүйгені үшін "кінә" арқалаған "тірі ақынның" өлеңдерін мен емес, олар мені таңдаған секілді.
– Жалған ұлттық тақырыптарды пайдаланған кеңес өзбек ақындарының көпшілігінен айырмашылығы, Салихтың шығармашылығы батыстық авангардизмнің (әсіресе сюрреализмнің) күрделі сопылық философиямен (әсіресе Джалалиддин Руми мектебімен) және оның мистикалық негізіне байланысты метафоралардың үйлесімімен сипатталады. Аудару кезінде қандай қиындыққа тап болдың?
– Расында, Салихтің өлеңдері батыс пен шығыстың синтезі десек артық айтқанымыз емес. Бірақ кезінде өзбек қоғамы ақынды тым батысшыл, шығыстың өлең дәстүрінен ада, одан баз кешкен қаламгер деп айыптаған екен. Кез келген оқырман шығармалардың формасына, берілу стиліне қарап "шынымен батылшыл екен, ә" деуі мүмкін. Бірақ сәл бағамдап оқысаңыз, Салихтің шығармалары сопының зікірінен кейінгі хәліне ұқсайды. Бейне бір арқаңыздан шығыстың самал желі есіп тұрғандай күйге бөленесіз. Оның "қысқа-қысқа" өлеңдеріндегі контекст, сөздердің астына жасырынған ойлар сабырлы һәм байыпты оқырманды басқа әлемге, ізгі әлемге жететейтіні анық.
Ал енді, аудармалардағы қиыншылықтарға келсек; аударма процессі 2019-2022 жылдар аралығында болды. Осы уақыт бойы, тіпті қазір де "Көркем аударма дегеніміз не?" деген сұрақ ойымнан кетпей қойды. Класикалық көркем аударма кретерийлерін сіз айтқан аваргардтық өлеңдердің аудармасы сақтай ала ма? Әлде "маңыздысы, автордың ойын сақтау керек" деп алып, аудармашының оң жамбасына келетін формамен аудара беру керек пе?! Әлде "автордың формалық стилін де сақтау керек" деген оймен, қазақ дәстүрлі өлең формасына "келмейтін" жүйемен аударуға бола ма?! Ондай жүйемен аударсаңыз, "жолма-жол аударма" шықпасына кім кепіл?! Әлде өлеңді қазақ дәстүрлі өлең формасында аудару "көркем аудару" деп есептеліне ме?! Мысалы, өзіңіз де білетіндей, өзбек поэзиясында дәл қазақтікі секілді 4-5 буынды толық ұйқастар, жұп-жұмыр бунақтар жоқтың қасы. Бір өлеңде бірнеше бунақтар легі, бірінші шумақ 2 буынды, келесісі 3 немесе 1 буынды ұйқаспен, тіпті әріппен ұйқасып жатады және бұған кетік ұйқасты қосыңыз. Енді түпнұсқада осындай ұйқастармен беріліпті, осыны сақтау керек деп, дәл сол күйінде аударса не болады?! Біздің өлең техникасында бұл кемшілік ретінде есептелінбейтін бе еді?! Міне, осы және өзге де сұрақтар аударма процессінде ойымнан кетпеді. Бұл тек қана М. Салихтің өлеңдерін аударып жатқаны ой емес, жалпы басқа ақындардың өлеңдерін аударып жатқанда да ойыма оралады. Біз мұны, аударма кезіндегі "формалық қиындық" деп алайық. Енді өлеңдегі "мазмұндық қиындыққа" келсек.
М. Салих шығармаларының көбін Кеңес уақытында антисоветизм бағытында жазған. Бұл дегеніміз "семсермен су ішкендей" бір күй. Ал енді аударма барысында менің көзімнің нақты жеткені "шектеу – жаңа мазмұн жаратады" екен. Мысалы, жәй ғана "Құспен сұхбат" өлеңіндегі жаңа мазмұн өзбек жеріне қызыл империяның баса-көктеп кіруін суреттейді. Аспан иесі құсқа "егер сенің жеріңде мақта өсіруге болса, мен баяғыда-ақ төріне жайғасып алар едім ғой. Бірақ әзірше аспан сенікі деп есептей бер" дейді. Ал қызыл империя алып Түркістанның жерін ғана емес, көгін де жаулап алды емес пе?! Енді осы өлеңнің қып-қызыл цензурадан өтіп, кітапқа енгені бір мұғжиза дерсің.
Дәл осы секілді "Ояну" мотиві де жаңа мазмұнға ие. Біз оны көбіне жаңағы құспен, масамен, найзамен теңестіреміз ғой. Ал сіз оны тышқанмен елестетіп көріңізші. "Кезінде бізді оятатын еді, саһар уақытында шырылдап, мына сұр тышқан" деп жазады автор. Міне, осы секілді антисоветтік бағытта жазылған "жаңа мазмұндағы" өлеңдерге аударма барысында бірнеше қиындықтар тудырды десем болады. Бірақ барлығының мазмұнына, айтқысы келген ойына барынша абай болдым.
– Салық: "Блез Паскаль айтқандай, "біз мұнда қандай биіктіктен құлағанымызды білу үшін келдік" дейді. Оның шығармашылығымен таныс ретінде, ақынның сол айтқан биігіне шыға алды деп ойлайсың ба?
– Аударма барысында байқанғаным, М. Салих сүргін уақытында бірлі-жарым өлең болмаса жалпы шығармашылықпен көп айналыспапты. Бұл уақытта оның саяси тұлғалық көрінісі алдыңғы орынға шықты. Әрине, оның саяси көрқарастарының негізі оның шығармашылығында жатыр. Автор бір өлеңінде,
"Мұң сабалап мені ешкім жерге ұрмаса дәл бұлай,
Көк аспанның төріне қарғымас ем, а құдай!" деп жазады. Кейіннен дәл осы өлеңді ақын, Түркияның Премьер-Министрі Бүлент Эжевит М. Салих жайлы жазған мақаласында қолданады. Сонда түрік ақыны Бүлент Эжевит "Ақын болып көкте қалыптап үлгерді. Ендігі уақытта Ол басқарған демократия мен азаттық қозғалысының көкке самғайтын күндері жақын екеніне сенемін" деп жазады. Бір білетінім, расында М. Салихтің басқа ақындардан айырмашылығы билігі мен билері жерге тыққан сайын, биікте самғаған қаламгер.
– Неге соңғы уақытта бұл ақынның шығармашылығына қызығушылық артты, неге осы уақытқа дейін қазақ тіліне аударылмады?
Бүгінге дейін Мылтықбай Ерімбетов көкеміз, Ерлан Жүніс секілді ағаларымыз бірлі-жарым өлеңдерін аударған. Жасыратын жоқ, бәлкім, мендегі кей аудармалардың өзім үшін сәтті шыққандағы осы екі кісінің маған дейін аударғандарының көмегі ме деп те ойлаймын. Мысалы, М. Салихтің "Көпті көрген қарға" атты өлеңін Мылтықбай көкем де, Ерлан ағам да аударды. Екі аударманы да оқып, соңынан өзім аудардым. Меніңше, тәп-тәуір аударма шыққан секілді...
КӨПТІ КӨРГЕН ҚАРҒА
"Қарр", "қарр", дейсің қарқылдап қар үстінде,
"қарр", "қарр" дейсің қарқылдап хәл ішінде –
қаймананы қағытып,
қарды қарғап,
қаралауың қиналған жан үшін бе?
Қарқылдаған үніңнен жарадармыз,
қадым жаққа қасқайып қараған құс –
Түркістанда үш жүз жыл өмір кешіп,
үйренгенің бір ғана қара қарғыс.
"Қарр", "қарр" демей, сәтке ойлан шамалылап,
құлақ түріп отыр ғой бар атырап –
жалғыз тарих –өзіңсіз,
қадымнан айт,
қарқылдап аспанда ұшқан қара кітап...
1986 жыл
Ал енді неге соңғы уақытта бұл ақынның шығармаларына қазақ қоғамында қызығушылық артты деген сұраққа келсек, меніңше, қоғамның еркіндікке ұмтылуы, аспанға қарауға тиым салған елде аспанға қарағысы келетін ұрпақтың дүниеге келуі деп түсінемін. Оны М. Салихтің "Мүмкіндік" атты өз өлеңімен айтсақ:
Ол жүрегі аузына тығылып терезені ашты,
Күмәнмен қарады күнге.
Аспанға да сенбей қолдарын созды.
Жаңбыр жоқ.
"Жаңбыр жоқ!" деп айқайлап жіберді бірден.
Дереу терезені жапты.
"Міне, енді ақиқатты айтуға болады" деді,
Демін ішіне тартып...
– Салих бір эссесінде "Ұлықбек саусақ ұшындағы іздеріне қарап қайта-қайта таң қалатын еді. Біз сол таңғалу сезімінен айрылып қалдық" дейді. Әсілі, бүгінгі жылдам қоғамның ағысы, бүгін заман шынында да адамдарды таңғалу сезімінен айрып жатқан сияқты ма, қалай ойлайсың?
– Бірде М. Салих екеуміз Қара теңізді жағалап, жағасындағы үлкен тастарға келіп отырдық. Күн батар шақ. Көкжиекке ұзақ қарап отырып, "Балам, қарашы, әлем неткен сұлу. Құдай әлемді осыншалық сұлу еткені таң қаламын. Қарашы, бейне бір жұмақ па дерсің" дегені есімде. Сол кезде отыз жыл бойы қуғанда жүрген, қаншама қысым көрген, үйсіз-күйсіз елден елге көшкен, өмірінің бар бөлігін сүргінде өткізген ақсақалдың теңіз жағасында өмірге ғашық болып отырғаны таң қалдым. Айналасында қаншама қасіретті оқиғалар орын алды, бірақ ол сонда да өмірге ғашық. Бәлкім, таңғалу деген өмір сүру шығар. Дәл бұлай таңғалу үшін адамға қандай жүрек керек, ойлап көріңізші. Меніңше, қазіргі адамдар жалғыз ғана таңғалудан емес, қуанудан, шаттанудан, жылаудан тартынатын секілді. Олар барлық әрекетін осы қуану үшін, шаттану үшін, қуаныш-шаттықтан жылау үшін, таңғалу үшін жасайды ғой. Бірақ нәтижесінде бір ғана сезім тұрады. Ол – қорқыныш.
Айта кетейік, Файзулла ТӨЛТАЙ – ақын, аудармашы. М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің және Түркия Республикасы, Памуккале университетінің түлегі. 2020 жылы Стамбул қаласында "Қос есікті түстер" атты жыр жинағы жарық көрген.