- Негізгі бет
- Проза
- Есей Жеңісұлы. "Талапкердің...
Есей Жеңісұлы. "Талапкердің әкесі" (әңгіме)
Мектеп мүдірі Тағатбек Темірбекұлы кабинетіне екпіндей кірді. Орнына отырар-отырмастан сұқ саусағы шошаң ете қалып, үстел үстіндегі нүктені басып үлгерді. Жаңа ғана таптап кетердей өте шыққан директордың өзін шақыратынына хатшысы да бой үйретіп алған, есіктен сығалай қалып, «завұштарды шақыр» деген бұйрыққа бас изей салды. Екі орынбасар басшының қарқыны қатты екенін байқаған, содан да артық қимылдамай, артық ештеңе демей, орындықтың шетіне ғана жамбас тигізді. Директордың не айтатынын екеуі де жақсы біліп отыр.
– Не істейміз? – деді Тағатбек Темірбекұлы сүзіле қарап. – Не істейміз? Аудан тағы сілкіледі. Әй, осы жұрттың миғұла баласы үшін сөз естіп-ақ біттік қой...
Бастырмалата сұрақ қойғанмен, мұндай сәттерде мүдірді үнсіз тыңдаған дұрыс. Тағатбек Темірбекұлы өзі сұрақ қойып, өзі жауап беріп отырып, соңында екі орынбасардың бірінің пікіріне ұйыйтын әдеті бар.
– Қамалға айтсам ба екен?.. Бірақ оның әкесінің аузы бос, ертең-ақ елге жаяды, – деп бір тоқтады.
– Жорықбаевқа не жоқ деймін, соны БҰТ-қа бекер жібердік, – деп кінәлі тап алдында отырғандай, екеуіне кезек тесілді. Бірыңғай тестілеуді мәймөңкелеп жатпай, сыралғы жұрттың көзінше БҰТ дей салуға аузы үйренген.
– Шпаргалкі кіргізе алар ма екенбіз? Егер бақылаушылар облыстан келетін болса, адам түгіл, шыбын өткізбейді! – деп бір кіжініп алды.
– Не істейміз, а? Айтсаңдаршы... – деді ақыры әріптестеріне жалына көз тастап.
Оқу ісі жөніндегі орынбасар істің сәті келгенін дәл болжап, мүдірді барлап бір қарап алды да:
– Тәке-ау, оған несіне бас қатырамыз? – деді барынша жылы сөйлеп. – «Ұятқа қалдырады» дегендердің ата-аналарын жинап алайық та, бір ауыз айтайық. Өздері жол тапсын. Қашанғы бізді есекше тепкілеп мінеді?
Тәрбие жөніндегі орынбасар да әзер отыр екен:
– Ата-аналарын жинаудың қажеті жоқ, – деп іліп ала жөнелді. – Көп жиналған жерде әжік-күжік әңгіме болады. Баланың саны онша көп емес қой, сенсеңіз, Нұрбай екеуміз жеке-жеке сөйлесіп шығайық.
Мектеп мүдірінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұрбай Бекахметұлының салмақты сөзі Құлжабайды қатты ойландырып тастады. Өзі өз, көйлегі бөз болғалы аламанға жүйрік қосып тұрғаны осы. Жә, қайдан жүйрік болсын, баласы дәл өзіне тартқан жуас, үндемес. Бұрын білмепті, баланың мектеп бітіргені де бәле екен ғой. «Көппен бірге көреді-дағы» деп ұзын арқан, кең тұсауға салып жүрсе, тест дегенің жатқан бір азап сияқты. Мәжиті жұрттың баласына ұқсап күндіз-түні кітаптан бас алмай, жаттайтынын жаттап, жазатынын жазып жатса бір жөн. Қайда-а-ан... Мектептен келе салысымен сөмкесі бір жақта, кітабы бір жақта қалады. Сонда тындырып жүргені шамалы. Малдың қиын бір күн тазалайды. Сыртқа жұмсаса, қона-түней келетін әдеті де жоқ емес.
Құлжабайдың өзі де мектепте мықты оқып қатырған жоқ. Ілініп-салынып бітіргенін біледі. Әскерге барып, Ресейдің Төменгі Тагил деген қаласында жүргенде жақын-жуық, ата-ана, туған жер дегеннің қадірін бір кісідей-ақ түсініп еді. Борышын өтеп оралған соң, заман кілт аунады. Қазақстан өз алдына ел болды. Оқу іздемеген, «екі қолға – бір күрек» деп жүрген азаматтар сияқты, Құлжабай да сөлеңдеп бос жүрумен күн өткізді. Үйленгенін, бірнеше балалы болғанын біледі. Бірақ қайран ата-анасының арқасында өзінің мойнында әкелік парызы барын да сезінбепті. Былтыр ақсақал аяқ асты кетіп, артынан үш ай өтпей анасы да мәңгілікке тартып тұрғанда, Құлжабай жардың ернеуінде қалғанын бір-ақ ұқты. Баланы да тууындай туыпты-ақ. Өзінің айтатынындай, «алты қасқырға» нан тауып беру оңай емес екен. Әйтеуір, әкесінен қалған азды-кем дәулеті бар, соның құйрығына жармасып кешіп жатқан бір өмір...
Не істесе екен, а? Баласын тесттен қайтарып алайын десе, жұрттың сөзінен қорқады. «Әке-шешесінің көзі тайып еді, Құлжабайдың үйінен береке кетті ғой» деген қаңқу шаншудай-ақ қадалар. Қой, не де болса Мәжиті бағынан көрсін... Дейін десе, бұл босөкпе ұпайды соңғы шекке де жеткізе алмайтынын біліп тұр.
– Өй, атаң-ң-ң... Оқу қуып несін алған-ей? Жеті атасынан кітаптың соңына түскен ешкім шықпап еді, профессор болмақ па? – деп баласына бір кейіп алды. Бірақ іші Мәжиттің талабын құптап-ақ тұр. Жұрттың баласы жалтыратып туфли киіп, қыры қылыштай шалбармен ауылға келгенінде Құлжабай көрмейді дейсіз бе? Кеше ғана мұрнынан ақбозаты жылтыңдап жүрген ауыл баласының байсалды амандасып, хал-жай сұрасқанына ол да қызығады. Өзінің сондай бола алмағанына өкінген емес. Бірақ «менің балаларымның бірі осылар сияқты Алматыда оқыса ғой» деген ой санасын түртіп өтеді. Үйелмелі-сүйелмелі төрт ұлының жұлынып тұрғаны жоқ, екі қызы әлі кішкентай. Сондықтан да мектепте үштікті ерттеп мініп, қою шаңның арасында келе жатқан Мәжитінің аяқ асты тест тапсыруға құлшынғанын әуелі түсіне алмай дағдарды. Артынша өзін қамшылап барып бекінді. «Ертең қалаға барса, балам жұрт қатарына қосылып кетер. Егер тесттен өте алмаса, Мәжитті ешкім жазғыра қоймас. Оның құлайтынын бәрі күнібұрын білгендей, «-е-е» деп иек қаққаннан арыға бармас».
Бірақ Нұрбайдың сөзі ауыр тиіп кетті. Мәжит тесттен төмен ұпай алса, мектептің беделіне нұқсан келеді екен. «Бұрыннан көштің алдын бермей жүргендей-ақ» деп ерегесе кеткісі келді де, тез қайтты. Бұған азамат деп келіп тұр ғой. Жұрттың көзінше тұқыртып, «топас балаңды тестке қатыстырмай алып кет» десе қайтер еді? Жеке келіп айтқанына да іші жылыды.
Құлжабай үш күн армансыз ойланды. Әуелі Мәжиттің алдына үйіндегі бар кітапты үйіп тастамақ болған, бірақ кітап дегеннің елесі де қалмапты. Әкесі жинаған оншақты кітапты отқа тамызық қып бітіргені есіне түсті. Нұрбайға барып, мектеп бағдарламасына сай деген кітаптарды кештетіп арқалап әкелгесін көңілі бір тынғандай болған. Бірақ қанша көміліп оқыса да, тестілеуге дейінгі аралықта Мәжиттің басына білім құйылып түсетініне күмәні зор. Күмәнданғаныңыз не, сенбейді. Мәжит те құлшына қойған жоқ. Әуелгі екі күн қасына ешкімді жолатпай, бас көтермей оқыған рай танытты да, артынша бәз қалпына түсті. Бала жасынан әдет қылмағасын, екі күннің ішінде данышпан болып кетті дейсің бе?
Иә, бір айла жасау керек. Дұрыс, Тағатбек аға да, Нұрбай да жөн айтады: «мектепке сын келмеуі керек».
Ақыры Құлжабай ойлап тапты. Ой деген жарықтық түпсіз тұңғиығына тартып әкетсе жаман екен. Басы қызып, көзінің алдына сәулелер ойнап дағдарып отырғанда, санасының бір түкпірінде «Шалатай» деген сөз жарқ ете қалғаны!.. Құдай-ау, қалайша есіне бір түспеген? Өткен жаз ауылға қыдырып келгенде Құлжабайдың көрсеткен сыйына ырза болып, «қалаға жолыңыз түссе, хабарласыңыз, қолымнан келгенше көмектесемін ғой» деп кеткен. Бұл ағайыны көзін ашқалы қалалық, ендеше сол шәріңізде оқу жайын ретке келтіретін бір танысы бар шығар.
Құлжабай ұзақ ізденді. Шалатай кетерінде бір құлаш нөмір жазып берген-ді. Сол тілдей қағазды қайда қойғанын есіне түсіре алса ше? Бәйбішесі де білмейді екен. Абырой болғанда, кіші қызы қуыршағының киімдерін салып жүрген шағын сандықтың түбінде қалыпты, жоғалмапты. Құлжабай салып отырып Нұрбайға барды. Қалта телефонынан бір қоңыраулатуға тарына қоймас. Мәжиттің телефонынан хабарласуға болмайды. Ертең Мәжит бөтен нөмірді көріп, өзі де қоңырау соғып жүрсе ше? Әзірше баласына ештеңе сездірмей, шаруаны ақырын тындыра бергені жөн. Орайласса, бітер, орайласпаса, баланы «майданға» жібереді, амал кәні...
Нұрбайға «телефоннан тере алмаймын» деп айтуға да ұялды. «Міне, мына нөмірді көрші, қоңырау барса, өзіме бере сал» деді қиылып. «Бір қоңырау – бір сиыр, тегін жатқан дүние жоқ» деген «завұштың» сөзіне езуін тартты да қойды. Дауға да, жауға да бермейтін құрдасы ғой.
Үздік-создық дыңылдаған дыбыс естіліп, артынша тұтқаның көтерілгені білінгенде, Құлжаекең тілін жұтып алғандай тым-тырыс қалды. Шалатайдың таныс даусы «алло, бұл кім? кто это?» деп үшінші рет қайталанғанда ғана ес жиды.
– Әлеу, Шалатай, ассалаумағаләйкүм! – деді тұтқаны аузына тақап. Ағайынының даусын есту үшін тұтқаны қайта құлағына апара бергенінде, Нұрбай шап беріп ұстап, ары-бері жылжытпай қойды. Кім білген, дамыған заман ғой, тұтқа жарықтықты құлаққа ұстап тұра берсең де арғы жақтағы адам анық естиді екен ғой.
– Слушаю, тыңдап тұрмын! Салам! – деді Шалатай.
– Шәке, мен ғой, Құлжабай! Ауылдағы Құлжабай.
– Құл-жа-бай? А-а, есіме түсті, вспомнил я. Қалайсыңыз? Қалыңыз жақсы ма?
Шалатайдың өзін ұмытпағанына ырза болды. Телефонды сүйіп алардай еміне түсіп, әр сөзін айтқан сайын басын изеп тұрған Нұрбайға қарап көңілденіп, шаруа жайын жеткізді-ау... Шалатай да әңгімені көп созған жоқ. Аз уақытта ретін табатынын айтып, өзі хабарласатын болып сөзді доғарды. «Алаңдамаңыз, Құлжаеке» деуді де ұмытқан жоқ.
Құлжабай үйіне ысқырып қайтты. Өзі өзі болып бір істің бетін бері қарата бастағанына мақтанып келе ме-ау... Босағадан аттағанда алдынан шыққан Мәжиттің көк желкесінен жеңіл ғана шапалақтап, ас үйге кіре берді.
Таң атпай үйінің алдына тоқтаған сия түсті мәшинені Құлжабай жазбай таныды. Қамал ғой. Өзінен бес-алты жас кішілігі бар. Қолды-аяққа тұрмайтын пысық жігіт. Бала күнінде шидей арық еді, осы күні бұғағы салбырап, рабайсыз толып кетіпті. Орта бойына шартиған қарны да жарасып тұрған жоқ. «Ассалаумағаләйкү-ү-ү-үм!» деп әндете амандасып, қолын ала жүгіргені ұнамай қалды. Ауылда төбе көрсете қалғанында, Құлжабайға қарауға ерінетін сабазың еді. «Ненің иісін сезіп келгеніңді білемін» деді іштей отағасы. Екеуі амандық сұрасып, аз-кем тұрып қалды. Құлжабай не де болса әліптің артын бақпақ. Қамал әрнені жорта сұрап келіп, Мәжитті де іле кетті. «Үлкеніңіз оқуға тапсырғалы жатыр екен, сәтті болсын!» деді жақауратып. Құлжабай басын изей берді. Қамал ақыры шыдай алмады:
– Құлжаеке, Алматыда жүрсек те, ойлағанымыз сіздердің қамыңыз ғой! – деді көтеріңкі дауыспен.
– Қашаннан менің қамымды ойлап қалып едің? – Бұл – Құлжабайдың ішкі дауысы. Сырты үндеген жоқ.
– Мәжиттің тесттен жақсы өтіп кетуіне көмектесе аламыз, аға.
– Білеміз ғой өнеріңді!.. – Құлжабай іштей оңдырмай тұр.
– Былтыр Бағашардың баласын, Асаубектің қызын түсіріп жібердім.
– Жаңа ғана көп болып сөйлеп тұр едің, енді «өзімге» көштің бе? Иә, естігенмін, Бағашар мен Асаубектің саған қанша ақша бергені де құлағыма жеткен... – Құлжабай Қамалға сығырая қарады. Қамал сәл бастырмалатса, ыңғай беретін сұры бар. Бірақ бұл зуға көп сенудің қажеті жоқ. Әкесі күні ертең бетіне салық қылады. Осы күні біраз жұрт Қамалдың әкесі Құрышжанның үй жағын айналып өтетін кепке түскен. Құрышжан – ауылға белгілі бөспе. Есіп сөйлегенді жаны сүйеді. Көптің арасында көзіңді бақырайтып қойып, «менің Қамалым көмектеспесе, мына Бәленшенің баласы көзіне көк шыбын үймелеп, қой соңында жүрер еді» дей салады. Бетінің бір сызығы бүлк етсе ше?! Қамалдың мына жүрісінен қысылмақ былай тұрсын, тіпті мақтан етеді. Құрысын, әзірше тура жауап бермей, ұзын арқан, кең тұсауда ұстай тұрғаны дұрыс. Шалатайдан жақсы хабар жетіп қала ма?
Құлжабай әңгімені көп созған жоқ. Қамалды үйіне де шақырмады. Телефон нөмірін жазып алды, үмітін де үзген жоқ, уәде де бермеді. Таңғы асқа отырып жатып, өзінің кәнігі кісілікпен сөйлескеніне ырза болды. Шалатай жайлы тіс жармағаны да дұрыс болыпты. Ести қалса, Құрышжан бүкіл ауылға жаяр.
Бірақ Шалатай сол бойы хабарласпай кетті. Құлжабай Нұрбай құрдасына екі-үш рет барып ақыл сұраған. Нұрбай сөзге берік екен, ешкімге сездірмепті. «Шаруасы қауырт азамат қой, қайта-қайта мазалай берме. Қаланың адамдары кіді келеді. Қоңыраулата берсең, бетіңді қайтарып тастауы да мүмкін» деді. Ал Мәжиттің ойына ештеңе кіріп-шығар емес. Бір ғана мақсаты бар – Алматыда оқу. Үйбай-ау, мықтылардың мықтысы ғана оқитын Алматыда жеті атасы бардай шіренетіні несі-ей? Әлде қазіргінің баласы сондай ма? Түнеугүні Нұрбай аз-кем білімін тексергенде, Мәжит мәу дей алмады. Бір сұраққа жөні түзу жауап берсе арман кәні...
– Ө-өй, қазіргінің бәрі осы, – деп түңіле қол сілтеген Нұрбай. – Бастарында дым жоқ, бірақ кеуделері аяққаптай. Дүниенің қожалары өздері ғана сияқты. Біз бұлардай кезімізде бірдеңе білмейтінімізге ұялатын едік, бұлар мақтанады... Топастығын мақтан етеді...
Бұған дейін Құлжабай бала тәрбиесі туралы еш ойланбағанын іштей мойындады. Өзі бас жарып, көз шығармағасын, жұрттың алды болуға талаптанбағасын, балалары да сол соқпақпен тура тартып келеді екен. Мәжиттің ештеңеге бас қатырмай, тестілеуді қалай тапсыруды ойламай жүргеніне алдымен әкесі ретінде өзі кінәлі екен-ау... Осы бозөкпе оқуға талаптанады деп кім ойлаған?.. Кешегі сөзі тіпті түйеден түскендей. «Оқуға түсіріп берші, әке, арғы жағын өзім қатырам» дейді. Ойпыр-ай, мына жарғақбас әкесі өзінің орнына тестке кірсе де түк бітірмей шығатынын неге түсінбейді-ей?
Мамырдың басы әбігерге толы болды. Мектеп бітірушілер барлық сабақты жиып қойып, тек тест жаттауға көшті. Күнде – ұлы шу, ұлы майдан. Бақылау тестінен нашар ұпай жинаған Серіктің баласын бүкіл ауыл болып жабыла қуып жүріп әзер ұстады. «Асылып өлемін» дейді шімірікпей. Ертең шын емтиханнан тырапай асса, өзіне ойланбай қол жұмсайды-ау мына сұрымен. Мәжиттің кісіні күйдіріп, төртінші пәнге физиканы таңдағанын айтсаңшы! Мұрнына иісі бармайды ғой. Тіпті формула деген сөзді дұрыс айта алар ма екен?..
Құлжабайдың салы суға кетіп жүргенде, үйдің телефоны безілдей жөнелді. «Құлжабай брат, мен ғой, Шалатай. Ертең қалаға келіп кете аласыз ба?» – әңгімесінің төркіні осы. Құлжабай арқаланып жетті. Бәйбішесі салып берген бір қоржын ауыл дәмінен бөлек, ыстап кептірілген ісектің мүшеленбеген тушасы және бар. Дегенмен Шалатай Құлжабайды жұмысының қасында күтіп алып, асханадан котлет алып беріп қана шығарып салды. Көлігінің артына ауылдың базарлығын ықтияттап салып алуды да ұмытқан жоқ. «Құлжаеке, я тут біраз іздедім. Біраз адамдарды подключил. Қорықпаңыз, бір айласы болады. Самое главное, екі бала шығып тұр. Сіз ауылға барғасын, әлгі завуч досыңыз маған хабарлассыншы. Сізді көп әурелемей, сол арқылы шаруаны будем решать. Договорились?» деді. Құлжабай басын изей берді. Шалатай бұдан бірдеңе күтетін сияқты. Бірақ не нәрсе? Құлжабай сөз арасында біліп алуға тырысқанмен, ұғу мүмкін болмады. Ақыры Шалатайдың өзі тікесінен салды.
– Құлжаеке, сіз ол балалар сұрайтын ақшаны тауып бере аласыз ба? Можете? – деді.
– Қай балалар?
– Тфу, Құлжаеке, что я говорю вам битый час? Это те ребята, которые будут сдавать экзамен вместо вашего Мажита и того мальчика.
Құлжабайдың орысшасы нашар еді. Дұрыс түсінген жоқ. Қайта сұрауға ұялды, Шалатайды ашуландырып алудан қорықты. Бар тапқаны – «тауып берем ғой, бар малымды сатсам да тауып берем» деп бас изей берді.
Қаладан ауылға екіұдай сезіммен аттанды. Шалатай айтқан балалар кім? Олар неге ақша сұрайды? Неге ұғындырып айтпайды-ей? Таксидің артқы орындығында қара терге түсіп, ауылға жеткенше іштей кіжініп барғанын біледі.
Айналайын Шалатай-ай! Мұның түк түсінбей кеткенін біліп, Нұрбаймен телефон арқылы сөйлесіп қойыпты ғой. «Завұш» құрдасы дереу көңілін тынышталдырды. Сөйтсе... сөйтсе, тестілеуге Мәжиттің орнына қаланың баласы кіріп бермек екен. Үлкен ақша сұрайтын көрінеді. Нұрбай өзі бас болып, құжаттарды ақырын туралай бермек. Құлжабайдың міндеті – ақша табу. Бірақ өзге жұрттың сезігін тудырмау үшін, әзірше қарызға ала тұру керек. Сосын жыл соңына дейін қолындағы ірі малды сатып қайтарады. Құлжабайға бұл ақыл ұнап кетті. Қалаға қайта шапты. Бір ернімен жер тіреп, бір ернімен көк тіреп жүретін жездесіне салмақ сала сөйлеген. Бір тушаны өңгере баруды да ұмытқан жоқ. Жездесі тез келісті. Маусымның алғашқы аптасында Құлжабай сұраған ақшаны дайындап қоятын болды. Құлжаекең оны қыстың басына дейін қайтаруға тиіс. Сөйдеп қолхат та жазып берді.
Жау жағында да бір үйің болсын! Мына Нұрбай болмаса өлгендей екен! Бірақ бұл жазған да бірдеңе дәметеді-ау... Осы күні тиын бермесең, тышқан құйрығын көрсете ме? Мейлі, осыдан Мәжиті тұяқ іліктірсінші! Құжаттың бәрін туралап, қалаға барған сапарында Шалатаймен де, әлгі екі ақылбас баламен жолығып жүрген де сол Нұрбай. «О-о, құданың құдіреті! Өстіп те адам адамға ұқсайды екен-ау, ә... Жолың болып тұр, Құлжа! Әлгі баланың бірі Мәжиттен аумайды!» дейді екі иығын селкілдете күліп. Ауылдан көп аттап шықпайтын Құлжабай сонда да біраз нәрсені түсінбей жүр. Мұның емтиханға қатысатын баласы біреу-ақ, екіншісі қайтеді сонда? Осыны Нұрбайға айтып еді, ол сұқ саусағын мұрнына тақады. «Дымың ішіңде болсын!» дегені. Құлжабай не де болса бара көруге бекінді.
Тестке аттанатын күн таяғанда, Нұрбай бәрін тағы бір пысықтады. Мәжит ақ жейде, қара шалбар киюге тиіс. Шашын оң жағына жатқыза тарасын. Таң бозынан топ бала бір автобусқа, ата-аналар бір автобусқа отырып, ауданға тартып кетті. Құлжабайдың көзіне жас келді. «Үлкен сапарлар осылай басталады екен ғой» деді өзінше терең ойланып отырып. «Біздің әулеттен де іске жарар біреу шықсыншы» деді толғанып. Ата-аналар тым-тырыс. Тымпи ойнап отыр. «Ішімдегіні біл» дейді көзқарастары. Балаларына сенімді төрт-бесеуі ғана әрнені әңгіме етісіп, ара-арасында күліп қойып, жолды тез тауысып барады. Өзгелер үшін олардың әр сөзі, әр күлкісі жүйкеге жүк. Тағатбек Темірбекұлы мен Нұрбай алдыңғы орында қағаз аударыстырып уақыт өткізді.
Ауданға жете салысымен Тағатбек Темірбекұлы балалардың шашауын шығармастан иіріп алып ақылын айтты. «Бұл – барған адам қайтпай қалатын соғыс емес. Өз болашақтарың үшін күрестің басы ғана. Жақсы тапсырсаңдар, бізге де, сендерге де, түптің түбінде мектебімізге де абырой» деп сұлу сөйлеп келе жатқан сияқты еді, Мәжит қатарлы төрт-бес балаға көзі түскенде, шынжырлы иттей өршеленіп кеп берсін:
– Жорықбаев, осыдан бар ғой, елуден төмен балл алсаң, ісім сенімен болсын! Ертең ана іні-қарындастарыңды мектептен қуып шығамын. Үй-үйелменіңмен қосып ауылдан көшіріп жіберемін! Қайқай кәне! – деп осы қазір ауылдың қарасын көрсетпей қуатындай Мәжитке шүйлікті. Құлжабай түк дей алмады. «Құтқарсаңшы» деген жалынышты көзін Нұрбайға қадай берді. Нұрбай мұны көрсе де көрмегендей, директордың әр сөзіне шыбындаған аттай бас шұлғып тұр.
Тағатбек Темірбекұлы басқа мектеп директорларымен кеткесін, Нұрбай Мәжитті алып жөнелді. Құлжабай біраз күтіп қалды. Білсе, Мәжит осы қазір Нұрбайдың әпкесінің үйінде отыр. Тырс етпеуге тиіс.
Қап!.. Мәжиттің орнына кірген баланың түрін бір көріп алуы керек еді. Нұрбайға ескертіп қоймапты да. Не кетіп қаларын білмей, не күтіп тұрарын білмей, талапкердің әкесі біраз сенделді. Жаңа ғана бір автобуста келген ауылдастарының қасына баруға жүзі шыдайтын емес. «Ей, Құлжабай, Мәжиттің орнына басқа біреуді кіргіздің ғой» деп бетіне басатындай. Жаз күні болғанына қарамастан, бәйбішесі де ыстық кеудеше кигізіп жіберіпті. Борша-борша терлеп, мазасы әбден кетті. Нұрбай бір жылт ете қалып, кеудешесін қолына ұстап алуға кеңес бермегенде, самайынан тер саулап тұрғаны тұрған екен.
Кім білген, бұл тест дегеніңіз нағыз сынақ екен ғой. Ауданның спорт мектебінің алды ығы-жығы адам. Бәрі – бір-бір талапкердің тілеулестері. Сынақ уақыты жаңа басталды, бірақ ешқайсысының кеткісі жоқ. Әр терезеге үмітпен тесіледі. Есіктен жылт етіп көрінген әрбір адамға еміне қарайды. Әуелде әр жерде шошайып-шошайып жалғыз тұрғандай еді, сағат өтпей топтала бастапты. Әр топтың ортасында қолын сілтелеген бір-бір «көсем» көрінеді. Ешкімді тыңдамай, өлермендікпен өңешін соза сөйлеп, саусақтарын кезек шошайтатындары Құрышжанға ұқсайды екен. Құлжабай өз ойына мырс ете қалып, әр топты алыстан бақылай берді. Қайран ауылдастар-ай, тура өзіндей аңқау ғой бәрі. Әлгі Құрышжандар өмірдің ақиқатын ғана айтып тұрғандай, сөйлеушінің аузына ене жаздап, жапырлай бас шұлғып, іле шайқап, көрінбейтін командирдің әмірін орындағандай бірдей қимыл жасайды. Сыртынан қараған қызық екен! Құлжабай сияқты аулақтап тұрғандар сирек. Бүгін үш мектептің бітірушілері тапсырып жатыр. Қанша дегенмен, ауыл халқы тіршілік қамытын киіп жүріп, өздеріне қарауды да ұмытып кетеді-ау... Құлжабай осыны аңғарды. Мына жігіт ағасы Құлжабайдан әрі кеткенде бес-алты жас үлкендеу болар. Бірақ бет-жүзі әжім-әжім. Еңкіш тартып, екі иығы салбырап тұр. Оның да Нұрбай сияқты бір құдіреті бар сияқты, галстукке қылғынған біреудің соңына біресе ілесіп, біресе қалыңқырап, бетіне жаутаң-жаутаң қарай береді. Ал мына әйелдің я ұйықтап, я ояу отырғанын білу қиын, көзін тарс жұмып алып, әуенге елтігендей теңселеді. Қасындағы бос орынға отырып-тұрып кетіп жатқандармен ісі жоқ. Жастардың жүрісі бөлектеу. Құлаққаптарынан шат-шәлекей саз екпіндей естіледі. Мынадай музыкадан милары қалай көже болмайды десеңізші... Телефонды қайта-қайта құлағына жүгіртіп, аса маңызды адамның кейпін салып тұрған жігітке Құлжабай күле қарады. Бар дүние уысында тұрғандай, бір алкеуделік бар. Өзі мұндай сынақтан баяғыда өтіп қойғанын әр қимылымен аңғартады. Қасына елпелектеп жетіп барған үлкен кісіге самарқау қарап, үнсіз бас шайқайды. «Ауылда жолықса ғой, – деп ойлады Құлжабай, – мойнын бұрап-бұрап жұлып алуға болар еді. Кісімсінген неменің аптығын лез демде-ақ басар едім». Өз ойынан өзі шошып кеткен Құлжабай жан-жағына ұрлана қарады. Қайдағы-жайдағының еске түсетіні несі осы?
Біреумен әңгімелескісі келді. Ауылдастары отырған тұсқа барғысы жоқ еді. Нұрбайдың айтқан ақылы есіне сарт түсе қалып, ол алға емпеңдей жөнелді. Күдік тудырып алмауы керек!
– Әй, Құлжа, сен нағып сырттап жүрсің? – деп қарсы алды Барақбай.
– Мен... әлгі... – деп асып-сасып жауап бергенінше, Күләнда тәте:
– Бұ байғұс бұрын-соңды баланы ымтиқанға сүйреп көрді дейсің бе? Мәжит тұңғышы емес пе? Өзінше толқып жүр-дағы, – деп жағдайды жеңілдетіп-ақ жібергені. Құлжабай басын изеп, күле берді.
– Телефон алып кіре алмады...
– Қаршадай балаларды сонша тінткені несі? Онсыз да жандары мұрындарының ұшында тұрған сорлылар ғой...
– Осы тест дегенді шығарғандардың есі жоқ. Бала он бір жыл жинаған білімін айналдырған төрт сағатта дәлелдеп береді дегенге кім сенеді?
Құлжабай ауылдастарына кезек қарап, әрқайсысымен келісіп-ақ тұр. Бірақ үні шықпайды. Жә, шынында да балаларды осынша қиын сынаққа сала отырып, тым құрығанда бір шпаргалкі қолдануға рұқсат бермейтіні қиын екен... Көптің ішінде тұрып-ақ ол жалғызсырап кетті. Мәжит не істеп отыр екен? Быршылдап терлеп, берекесі кетіп-ақ қалған шығар-ақ. Оның орнына кірген ақылман бала бәрін сарт-сұрт шешіп, шығуға асығып отырған болар. Құлжабай баласын ішінен оңдырмай балағаттап алды. Жақсы оқыса, осылай айдың-күннің аманында қылмысқа бармас еді ғой. Танымайтын студентпен, әлдеқашан арасы алыстап кеткен Шалатаймен ауыз жаласпас еді ғой. Әй, бірақ алма ағашынан алыс түсе ме? Әкесі оқымаған, өзі оқып қатырған жоқ, енді баласына сын артып тұрғанына жол болсын... Қайта Мәжиттің осы тест деген бәлеге тәуекел етуінің өзі ерлік екен. Ұлының орнына өзін қойып көріп, Құлжабай қатты қорқып кетті.
Заман ауысқаны осы шығар. Қазіргі балалардың өмірі тым ширақ. Әйтеуір асығады да жүреді. Олардың қолындағы айфон, планшет дегендер Құлжабайдың түсіне кіріп пе? Мәжит үйге радиошыны ертіп кеп жүріп, қалқандай табақты орнаттырып алды. Содан күнде интернетке кіріп, ойын ойнап отырғаны. Былтыр ғана үш қойды сатып жүріп әперген ноутбук тозып қалды. Кейін білді ғой, сол интернеттен-ақ әлемнің білімін игеруге болады екен. Сыныптастарына, өзінен төмен оқитын балаларға үйдегі ғаламторды пұлдап жүріп, Мәжиттің біраз табыс тапқанын да біледі. Бірақ Құлжабай соған қызыққан емес. Бірге оқыған достары конференция дей ме, бірдеңе ашып алып, күндіз-түні сөйлесіп отыратын көрінеді. Бір-бірінің отбасындағы жаңалықтарын тез біліп, бұлардың аузын аштырады.
Құлжабай ауылдастарының арасында тұрып осыны ойлады. Өзі жақсы әке болса, дүние білімінен аз-маз хабардар болса, осынша мұңлық болар ма еді? Осынша қулық ойлап, Нұрбайдың дегеніне жүрер ме еді? Өзіне-өзі серт берді. Ендігі бес баласының оқуын қатты қадағаламақ. Реті келсе, бірге оқымақ. Ертең балалары оқымаса, кісі қолына су құюға жарамай қалатынын алғаш түсінді.
Қап, Мәжиттің орнына кірген баланың түрін бір көріп алуы керек еді. Қандай жігіт екен? Өзі студент болса, бұған дейін де осы кәсіппен нан тауып жүрген болды ғой. Көрдің бе жұрттың баласын, кәлласымен-ақ жанын бағады. Оған төлейтін ақшаны ойлағанда, Құлжабайдың іші ашып-ақ кетті.
Өз ойымен әуре болып қалған екен, топ ортасына кірген Қамал өзінен сырт айналып бара жатқанын көріп есін бір-ақ жиды. Қызыл-жасыл галстук тағып алыпты. Шолақжең жейдесі мықынымен мықын болып, бұлтиған қарнын рабайсыз даралап тұр. Әлгі үйіне іздеп келетін Қамал емес бұл. Ірі сөйлеп, кесек турайды. Ауылдастарының қайсысы Қамалдың қабағын баққанынан-ақ Құлжабай біраз нәрсені аңғарып үлгерді. Осы топта Қамал кемі екі-үш адамға уәде беріп қойған секілді. Аз-кем әңгімелескен түр танытып, ол ақырын жылыстай берді. Артынша топтан кезек-кезек үш кісі әрнені сылтауратып, сыртқа кетті.
Бұл кезде балалардың алды шыға бастап еді. Ойпыр-ай, кім көрген, бұл да бір қызық екен ғой. Перзенттері құдды майданнан аман оралғандай, ата-аналар шұрқырасып-ақ жатыр. Балалардың бірі қуанып, бірі қанын ішіне тарта сұрланып шығып келеді. Қаумағалаған жұртқа сараң жауап береді. Көпшілігінің өзіне ырза еместігі атойлап тұр.
Бұлардың арасынан бірінші болып Барақбайдың баласы шықты. Даудырай қарсы алған әкесіне мойын бұрған да жоқ. «Бір де бір шпаргалкі қолдана алмадым, – деді тістеніп. – Облыстан келген бақылаушы әкесін мен өлтіргендей, қылқиып қарады да тұрды».
– Басқаны қойшы, мәтимәтикадан қалай жауап бердің? – деді Барақбай.
– Ой-и, әке, мені аяқ асты ғалым боп кетті дейсің бе? Сенің, мамамның, бәріміздің туған күнімізді есептеп, долбарлап ұра салдым...
«Қуырдақтың көкесі» алда екен. Бір қыз ботадай боздап келіп, өзіне құшағын жая ұмтылған анасын төмпештей жөнелді. Жұрт қарап тұр-ау деген жоқ. Жұбатқандарға мойын да бұрмады. «Көмектеседі дегенің қайда? Қайда? Үш сағат күттім ғой! Үш сағат бір жауапты белгілемей күттім ғой! Қайсы көмектескенің? Қайда әлгі дайын жауап әкеп беретін адамың?» деп айналаны басына көтерді. Ағасы ма, ағайы ма, біреу тік көтеріп әкетпегенде, тағы біраз нәрсе айтатын ба еді?
Жанарымен жер шұқып шығып жатқандар көп. Аяқ асты ақыл кіріп, физиканы, я биологияны ерікті пән ретінде таңдағандарына өкініп жатқандар да аз емес. Шыға салысымен тест сұрақтарын бұрқылдап сынап жатқандар ше? «Мағжанның «Мен жастарға сенемін» өлеңі қай жылы жазылған?» деген сұрақ бола ма?» дейді бір бала.
Спорт мектебінің алды осылай күңіреніске кернеліп кетті. Құлжабай бір қараса, тізесі дірілдеп тұр екен. Жанына келген Нұрбайды медеу тұтып, бетіне жаутаңдай қарады. Нұрбай міз бағар емес. Мұндай майданның мыңын өткеріп, бәрінен аман келген сабаз ғой.
– Нұреке, әлгі бала шыққанда маған көрсетіп жібер, иә, – деді Құлжабай ақыры шыдай алмай.
– Оны қайтейін деп едің?
– Енді... танып алайын деп едім-дағы...
– Танып алсаң немене, үйіңе шақырып, алдына бас тартайын деп пе едің?
Нұрбайдың қитыққан жауабы ызасын түртті.
– Шақырсам шақырам, несі бар? Баламның болашағынан әулие дейсің бе? – деп күңк етіп еді, Нұрбай ала көзімен атты. Енді бірдеңе десе біраз нәрсені бүлдіретінін ұғып, Құлжабай тілін тістеді. Сонда да Нұрбайдың көзін бағып тұр. Ал оның жанары сұп-суық. Өз оқушыларының қандай нәтиже көрсетіп шығып жатқанын тап басып танып тұрғандай. Бірінің басынан сипайды, біріне тіпті назар салмайды.
Бұлар ұзағырақ күтіп қалды. Аузы-мұрнынан шыға толған алаңқай босаңқырап, әр жерде қадау-қадау адам қалғанда бір қара бала көрінді-ау... Құлжабай тесіле қарады. Нұрбай ол баланың Мәжитке ұқсайтынын айтып еді ғой. Иә, ақ жейде, қара шалбар. Иә, шашын оң жағына жатқыза тараған. Дәу де болса, соның өзі.
– Ө-өй, батырым сол! – деп емірене алға ұмтылды. Тік қарап тура тартып келе жатқан бала кілт тоқтады. Таңырқап тұр. Нұрбай Құлжабайды мықынынан тартып қалып:
– Ол емес-ей! – дегенде ес жиды. – Ит-ай, не істеп тұрсың?
– Баламды қарсы алмаймын ба енді? – Құлжабай өзінің сыбырлай сөйлеп тұрғанын байқады.
– Сенің өститініңді білдім ғой мен! Тыныш тұр! Тыныш тұр деймін! Бұл сенің Мәжитің емес! – Нұрбай құрдасының білегін ауырта өзіне тартты. – Сенің осылай істейтініңді біліп, әлгі екеуіне «соңынан шық» дегенім қандай жақсы болған! Бүкіл ауданның алдында абыройымызды төге жаздадың ғой.
Құлжабай өрттен аман шыққандай сөлпиді де қалды. Ай, осы ештеңенің байыбына бармай тұрып өзеуреп кететін мінезі-ай! Жұрттың көзінше мейірімді әкенің кейпіне ене қалғысы келгеніне қысылып кетті. Не де болса шыдап бағу керек еді. Қара бала мен Нұрбайдың бетіне кезек жаутаңдап, самайынан аққан терді сүрткіштеп, әбігерленумен болды.
– Жорықбаев, жақсы тапсырдың ба? – деген дауыстан селт етіп басын көтергенде, қарсы алдында бала мұрты жаңа тебіндеген, бір қарасаң, шынында да Мәжитке ұқсайтын жас жігіт тұр екен. «Жорықбаев» басын изей салды.
– Ал құшақта «балаңды»! – деді сонда ғана Нұрбай шырай беріп. Әлгі арын жоқ, Құлжабай сүмірейген күйі баламұрттың арқасынан өп-өтірік қағып, шетке ысырыла берді. Алдымен шыққан баланы ауылдасы Серік құшақтап алғанын көріп қана Нұрбай мен Шалатайдың сөзін есіне түсірді. Серік те дәл өзі сияқты су жаңа бала тауып алған екен ғой...
Кешқұрым Құлжабай Мәжитті ертіп, тест нәтижесін білуге келді. Бірі талып, бір налып жатқан адамдарға назар аударған жоқ. Киіп-жарып тақтаның алдына келді. Тышқанның ізіндей жазудан баласының аты-жөнін табу да қиын екен. Үш ұмтылып барып әзер байқады. «Жорықбаев М.Қ.» деген фамилия тұсында тұрған 109 деген санды көргенде, жүрегі орнынан секіріп түскендей болды. Өз көзіне өзі сенбей, қайта қарады. 109!
– Осыдан оқымай көр енді! – деді Мәжиттің шүйдесінен сарт еткізіп. Мәжит түк те ауырсынған жоқ. Желкесін қасып қойып, әкесіне бір, тақтаға бір қарап қойып жымиды.
Ж. Жұмағұлов