Ермекқызы Гулдана. Отаным, саған айтамын

Ермекқызы Гулдана. Отаным, саған айтамын
Фото: Өмірбек Сансызбай

Ел ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Ермекқызы Гулдананың шығармасын ұсынамыз.

Ермекқызы Гулдана – 2001жылы 30 мамырда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Ақбейіт ауылында өмірге келген. "Тұран" университеті, журналистика мамандығының студенті. 

***
Аспанмен астасқан Хан-Тəңірі шыңының солтүстік етегінде емірене еркелеген нулы, сулы, таулы да, тасты жер жəннаты жатыр. Жетісудың тылсым табиғатын бойына тұтқан бұл өлкеде ірілі-ұсақты елді мекендер де жетерлік.

Тарихтың талай соқпақтарына, талайғы батырлардың додаларына, талай қара жорғаның тұяқ дүбіріне сан мыңдаған жылдардан бері куəгер болған киелі мекен. Жүрегімнің түкпірінде түлеген, бойымдағы қанымда өзіндік адреналинім болып тулаған осы бір туған жерім ғой, шіркін! Анамнан кейінгі анам. Шабытымды шарықтататын, самал желі беттен өбіп, қиялымда қалықтататын, қарауылдың қаруындай емес, хор қызының аруындай əрі сұлу, əрі жанға жылу болатын, сүйікті Отаным Қазақстанымның бір бұрышынан ғана орын тепкен, арқардың мүйізіндей бағалы – ауылым. Бөлмеме жарық сəулесін шашып тұрған терезеден үнемі сыртқа көз тастаймын. Берекелі елдің бетін ешкім қақпайды, берекелі жердің жыланы да шақпайды дегендей, адамдары жайбарақат əрі жайсаң, балалары да аулада алаңсыз. 

Таңғы шық. Жасыл шөп бетінде тамшыдай болып, түнерген түннен аман шықтым дегендей болып тұр, бəлсініп. Аспанның көк бояуы оңып қуқыл тартқан. Түйдек-түйдек қоңырқай бұлттар жылжып, күн шалған бауырлары ақшылданады. Ағара атқан таңмен де, қызара батқан түнмен де жарыса тулаған шабыт туған жерді сағынған ұлдың талай-талай шырқау шығармаларын жарыққа əкелгенді. Түн тербетіле отырып көз жасын емес, өлең мен сазын төккен. Ал оның əр жолында ескі касетадай ауылдың əсем бейнесі мен қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тіршілігі кезекпен кезек өтіп жатыр. Соңғы отыз жылда туған жерге ат ізін салмаған жүрек көлік ішінде шақырымдар дөңгелекпен шапшыған сайын, одан əрмен тулап келеді. 

Тегіс жатқан көк жазық көк таулардың етегінде өрілгенде, əуелі Көкпектінің көк жазығы көрінеді. Тобықтан аспайтын өсіндісі мен һəм шексіз аспан арасында тұрғанда əріден əріге жалғасып көк дала белдеуінен босанғандай күй кешемін. Бұл жазық ауылдағы қазыналы қариямның кең маңдайындай болып керілген кезде көлік терезесіне жабысып, көздерің жіпсіз байланады. 

Қаладан шыққандағы су жаңа, үлкен асфальт жол бара бара сүрлене де, сұрлана да кішірейіп келеді. Анау жақтарға көз салсаң сағымдай бұлдырап, тау етектерінен малшылардың үйінің шатырлары көрініп тұр. "Аялдама жолаушы! Жер жəннаты Жетісудің ғажайыбы əлі алда жəне ол таусылмайды. Сол үшін де шаршама!" дегім келеді осы сəтте. Жүйіткіген сайын мидай болған жасыл жазық даламыздағы таулар енді бірте-бірте жақындап, жылжып жатқандай, əп сəтте тау арасына кіре келесің. Иə, Шарынның шатқалының дəл тұсына жақындағанның белгісі бұл. Қызыл алқаптар ғимараты! Сыртқы жолымен айналып өткеннің өзі жүрекке қуаныштың қазығын қағады. 

Əне, Отырардың жау жалмағаннан кейінгі алып шаһарлары секілденген шатқалдар. Ал анау бір тау қатпарланып, мың жылдық тарихқа өз көзімен куəгер болғанын аңғартады. Бəлкім содан да ма деймін маңғазданып тұрғаны. Көлік тізгінін алып қала иіріміне қарай бұра сала шатқалда жаяулата жүруге ынтық бұл жүрек. Десе де, он жыл бұрынғы апат оның қос аяғына тұсау салған. Өздігінен нық тұру былай тұрсын, табанға батқан жоңқаны да сезбейді. Көңілдегі жел осылай басылды, бірақ әлі төзімді. «Жол жолға жалғасады, ел елге жалғасады» деп, Шарынның қызыл алқабы да артта қол бұлғап қала береді. 

Еліміз қанша үлкен болса, алып жатқан аумағы да кең. Тіпті, табиғаты да əр түрлі. Соның ішінде Жетісу елімнің өз алдына кескін-келбеті бар ажарлы, əсем құт қойнауы. Көзі ашық, көкірегі ояу, көпті көрген осыдан бір жарым ғасыр бұрын туған өлкемізде айдауда болған поляк халқының перзенті Адольф Янушкевич "Мұндай сұлулықты, мұндай табиғат тартуын тек қиялдауға болады. Алатаудың қасында біздің дəріптеп жүрген Альпі тауымыз жай төбешік қана екен" деп жеріміздің əсемдігін мадақтаған еді өз қолжазбасында. 
Иə, расында біздің жақта бірінен бірі өткен, біріне бірі ұқсамайтын үлкенді-кішілі таулар көп. Қоңыр, қызыл қоңыр, қызғылт түсті болып келетін таулар екі тұсыңнан қомдана қоршағанда таңданбау мүмкін емес. Жаратушының жаратқанына тағы бір мəрте таңдай қақтыратын қою қара түстес таулар шыңынан бастап етегіне дейін ұсақ тастармен көмкерілген. Тау тасымен көрікті демей ме, көненің көзіндей, кемелдіктің сөзіндей болған ойшылдық пікір. 

Осы бір тастарды төмен сырғып кетуден сақтап тұрған қандай күш деп ойлайтынем бала күнімнен. Мұнан əрі əкем екеуміз бірге келіп, бəйге көретін жасыл желекке оранған тау бөктері. Қазақылықтың иісі сіңген өлке. Көкпар шауып, бəйге алғандарды аса түсінбесемде, əкемнің жанынан қалмай, тау басынан гүл теріп жүретін балалығыма куəгер болған кең дала. Осындай сұлулыққа толы тоғыз жолдың торабында орын тепкен ауылым əр кезде де маған ыстық. 

Көзді ашып жұмғанша ауылға да ат басын тірейсің. Кішігірім ақ маңдайшадағы "Ақбейіт" деген жазуды көргенде алып-ұшып, еріксіз қуаныштан жымиясың. Алақандай ғана аяулы алтын бесік ауылым. Бұл мекен жайлы тарихтың қаншалықты сыр шертерін білмедім. Анау айтқандай көп емес те шығар, бəлкім. Бірақ сеніңіз, менің ауылым талай батырдың тұлпарының тұяқ дүбірі естілген қасиетті мекен. Райымбек батыр жайында естуіңіз бар ма? Əрине, жоқ десеңіз өтірік айтқаныңыз. Мыңнан дара туылған қазақтың айбын шашқан көк бөрісі Райымбектей батырды бағып қаққан, сан мыңдаған ерліктеріне сансыз жол ашқан қасиетті Жетісу жері, оның ішінде əрине, əлдеқашан менің жұмағыма, жерұйығыма айналған құтты мекен, менің ауылым. Көзімді ашып, ес білгеннен осында өстім. Тай құлындай тебісіп, құрбы-құрдастарыммен талай ойынның түбін түсірген сонау көк белдерді, жағалай бойлап жүгірген арықтар мен тоғандарды қалай ғана ұмытайын. 

Жазды күні тоғанды бойлай жүре ши, қамыстың арасынан бірақ шығатын едік. Шаршап шалдығып əбден шөлдегенімізге қарамай бір-бірімізді қуалай, келген ізбен кері қайтуда сол балалығымның ауылыммен астасқан бір көрінісі деп білемін. Кей кезде не нəрседен екенін қайдам, бірақ, біраз тынығу үшін сылдырап аққан тау суының жанына барып үніне құлақ түре, айнадай судың астындағы мөлдір ұсақ тастарға көз салып отырушы едім. Қандай керемет! 

Тұмса табиғаттың тыныштығында сылдырап аққан тау суының ғажап үнін əлемде ешбір оркестр қайталап орындап бере алмас-ау. Айналаны тегіс тау қоршап тұр. Бірақ ол таулардыңда ішіне бүккен құпия-сыры көп. Мəселен, əйел-ана кейіпіндегі "Тау ана". Мен өзім солай деп атау бердім. Себебі, бұл тауды өз көзіңізбен көрсеңіз басқаша атау ойластыруға дəтіңізде жібермес. Тауда əйел адамның мүсіні бейнеленген. Ешбір сəулетші де, ешбір мүсінші де ойлап таппаған табиғаттың таңқаларлық жаратылысы. Бейне бір жібектен төгілген шаштарын желдің лебімен жіберіп қана қойып, өзі тау басында тынығып, дем алып жатқандай. 

Туған өлкенің осыншама ғажабына бірнеше күн бойы көз құмары қанбастан қарап жүрген жан кеше "Сарқырамада", бүгін "Батпақтыда". Жаздың жайма шуақ күнінде айнала бұрынғыданда құлпыра түскені болмаса, өз əсемдігін еш жоғалтпаған. Таза алтынды тот баспас деген осы. Ағаш арасы айқындалып, тасада өскенн балапан қарағайлар мен шоғыр бұталар да анық көрінеді. Сонда ол анау бір қырқадан мына біріне жылжи жүріп, қалай ағынның жанында жалғыз қалғанын байқамады да. Кері бұрылмақ болып ниет еткен еді, арба астына оралған ұзын ағаш көлденеңдеп, жол берер емес. Одан сайын бар күшімен ұмтылды, маңдайдағы тер мойынға жетті. Тағы да, тағы да. Оның ендігі арбаның бір жақ шетін көтеруден өзге шарасы қалмады. Сол-ақ екен көзді ашып-жұмғанша астындағы арбасы аударыла кетті. Жерге өз салмағымен екшелей құлаған жан түсініксіз, мең-зең халде отыр. Көзінен толассыз ыстық жастың моншақтары үзілуде... Күннің жылуынан ыстық тарта тұрғаннан ба, топырақтың ыстығы қос табанын күйдіріп барады. 

Мына шетсіз, шексіз дүние-ғаламда өмір сүруді, мәңгілік кеңістігінен көрінуді мақсат етпейтін, мұрат тұтпайтын ұлт жоқ, ұлыс жоқ. Мен Отаным қазақ елін сүйемін. Оның әр тасы бағалы, қымбат. Бүгінгі әңгімеме арқау болған осы бір жан арқылы өз туған өлкемнің сұлулыққа толы құт қойнауын, қасиетін, жанға шипа болар табиғатын сізге түсіндіргім, жеткізгім келді. Жылдар бойы ыстықты да, суықты да сезінбеген оның қос аяғы туған елдің топырағынан жылулық сезінді. Бәлки, туған жердің қасиетті қара топырағы деген осы болар. Туған жер, ауыл жайлы жазғанда толғанбау әсте мүмкін емес. Осы сәтте ойыма өрілген өлең жолдары қорытынды болсын. 

Жан ұшырып жағаласа уақытпен, 
Жанталастым осы бір шақ шабытпен. 
Жоғалмастай жүрегіме туған жер, 
Жылулықтың бір ұшқынын салып па ең?! 

Жарылғанды беттің ұщы, қолы да 
Жүгіргенде қыңыр, қисық жолында. 
Жарақаттап тізені де, тобықты, 
Жылап қайтар анасына соңында. 

Жылытса да, тоңдырса да ызғары, 
Жол үстінде тәтті шақтан із қалды. 
Жас ханымдай әріректе терек тұр, 
Жапырағын жинайтұғын күз, жазы. 

Жұбанамын, жұбататын сен мені, 
Жырақтасам мұңға мұрсат берме енді. 
Жадымда сол жаңғырған балалықтан, 
Жарқын сәттер жанға маза береді.

Т. Раушанұлы