Нұрлан Қабдайұлы. Жас жазушы. Мені Нұрланның қаламынан туған әңгімелердің жандылығы мен шынайылығы, образ жасаудағы шеберлігі қуантады. «Сұр әңгімесінде» ашаршылық жылдары қазақ ауылындағы бір ғана отбасының тарихын айтып, бүкіл қазақ даласын жайлаған трагедияның палатносын жасайды. Жан сақтау үшін адамның қандай да әркетке баратындығын өз сәбилерін жеуге белдерін буған жас отбасының диалогы арқылы жақсы жеткізген. Көп сөзділік жоқ. Айтар ойын ситуациямен сәтті берген қаламгер одан әрі дамитын драмманың кілтін ұстады. Келіні мен ұлының осы сөздерін естіген қарт ақырын ғана жөргектегі немересін алып, өлікке толған қалаға қарай «үмітсіз шайтан» деп бет алады. Сол қалада отырған қалпы демі үзіліп кеткен қарттың қойнында домбырасының қайысын емген немересін бір қыз тауып алады. Сүркейсіз қаланың сүреңсіз суретін жасаған Нұрланның әңгімесінің өзегі тарихта болған оқиға болғанымен, адам баласының тіршілікке құмарлығын, ұрпақ жалғастырғысы келетіндігін жеткізе алған. Қазіргі модный тілмен айтқанда, қаптаған измдердің біріне жатқызатын болсақ, экзистенциалиизм бағытындағы сәтті шығарма деп қойып қалмақпыз.
«Кезек» деген кезекті әңгімесінде бүгінгі қоғам тап болған кредит деген қамыттың зардабын айтады. «...іскер банктегі кеңесшінің аузында аз көрінгенмен, қағазға түскенде аспандап шыға келетін пайыздың жайын» ойлаған кейіпкердің санасын сансыратқан ойын бір жарым беттік әңгімеге арқау қылған Нұрлан кейіпкердің монологы арқылы бар шындықты жайып салады. Жұрттың бәріне пайыздық қарыз беріп, жіпсіз байлып отырған банктің қызылмен жазылған атауына көзі тұскен қарияның «ұяттан нарттай болмасаң да, күйтің келісіп, бөртіп тұр екенсің-ау» деген ойымен-ақ тек банкке емес, «таяқтың бір ұшы өзіңе тиеді» дегендей адамдарға да қатысы бар екенін сондағы кассир қыздардың немқұрайлы қызметтерімен жеткізеді. Нұрлан Қабдайұлы әңгімелерінің айтары бар, тілі жатық. Тек кей тұстарында ұзақ баяндау мен тым асыра суреттеуге бой алдыратыны болмаса, осындай ізденіспен қазақ әдебиетіне шама-шарқынша өз үлесін қосар.
Бағашар Тұрсынбайұлы
Сұр әңгіме
Үй екені белгісіз, үңгір екені белгісіз, қожалақ қабырғалардың қоршауында қалыпты. Келіннің жүзінде аналық мейірімнің ізі де жоқ, тулақ үстінде тырбаңдап жатқан нәрестеге жемтік көрген жыртқыштай оқшырая төніп, ыңыранып отыр екен. Ұлы итінген сайын шықшыты ойнап, сұр жанарын бір нүктеден аудармаған күйі екілене пышақ қайрап отырды. Кенет нәресте шар ете түскенде шошып оянды. Жыпылықтай қорбаңдап ішіктің өңірін айқарып, қойнына саңылау жүгірткен. Жалаң қабат жаялықтың жықпылындағы қалақтай неменің тыржиған әлпетін қарлыға шыққан іңгәсінән айырды. Емшек сұрап жатыр. Шал абдырай алақтап, жан-жағын қармана бергені сол еді, қолы қапталында сүйеулі тұрған домбыраға тиді. Жалма-жан шанаққаптың бүрулі аузын ағытып жіберіп, сыпырып алды. Атам заманда иі қанбаған серкеш терісінен қалыпқа кептеп қаусырған бұйым. Қос саусақты қонышқа сүңгітіп, мүйіз сапты бәкісін сауырынан сүйреп шыққан. Белін жазып, жүзін жеңіне бір-екі жанып, сосын шанаққаптың ернеуінен таспалай тіліп алды да, түкті бетіне қарай бүктеп аузына салып, шайнап жіберді. Әуелі күстің кірлі дәмінен лоқсып қалып, түкіріп тастады. Содан соң қайта қаршып еді, көннің бойын буған идің қағы тіл қуырып, қос ұртына сілекей жинала бастады. Оны да лақытып жіберіп, үшінші мәрте тіс арасына қырымен тастап, мылжалай толғаған. Таспа ылжырай жұмсарып сала берді. Шал сағызша былқыған таспаның ұшын әлі құрып, үні өше бастаған нәрестенің аузына тосқанда, ессіз неме әуелі тыржия түртінектеп, содан соң құныға сорып әкетті. Шал ауыр күрсінді!
***
Бесіннің көлеңкесі жетім дарақтың төбесін әудем жерге сорайтып апарып тастаған екен. Алатаудың да екпеті зорайып, қозы көш жерде ғана үңіліп тұрғандай көрінді. Таспаның ащы нілінен тәтті өмірдің дәмі қайдан шалынсын. Тек аузына түскен қойыртпақтың әуресімен өз ұртынан сілекей қақтаған талайсыз періште, танауы жіпсіп қалғып кетіпті. Шал бір қолымен өңірін қымтай қысып, екінші қолымен жер тірей орнынан тұрып еді, құдды аяғының асты жиырылып бара жатқандай теңселіп кетті де, терекке сүйеніп тұрып қалды. Көзі қарауытып, самайы солқ-солқ етеді. Не заматта жанарындағы тұман сейіліп, дүние қалыпқа келгендей болғасын, домбырасын қиғаш асынып, Алатауды бетке алды...
...Мешіннің жұты иендегі жалғыз үйді де адаспай тауып, шыр айналдырғанда, мұқым елді талақ тастаған кісілік кейіп мұнда да дар-дар айырылды. Жалғыз үйдің екі аяқтылары әуелі бірді-екілі көтерем қараны кемігіне дейін кеміріп тауысқан. Содан соң беліне тұзақ байланып, белес кезіп кеткен әке мен бала аяқ жетер жердегі қосаяқ пен түйеқұлақты да жылан жалағандай қылды. Бұл уақытта бұлағай дүниенің астаң-кестеңінен бейхабар тағы бір тіршілік иесі пайда болған еді, жалғыз үйде. Шалдың ойын шырмаған аштықтан аман құтылудың азапты уайымы жалғыз ұл мен көмпіс келіннің шеңгелінен тірі шыға аламыз ба, жоқ па дейтін үрейге ұласатыны да міне осы кез...
...Шырт ұйқыдан көз ашқан-ды. Құлағына шалынған күбір-сыбырдың дуасы қол-аяғын құрсаулап тастағандай еркін тыныстауға да дәрмені келмей, сілейді де қалды.
- Өзіміз арам қатсақ, бәрі бір мұның да шипасы бітпей ме...
- Жарғымды қалай қиям?! Келіні өксіп жіберді.
- Сұңқылдамай ақылға келсеңші, сен қатын! Шау тартып тұрғамыз жоқ қой. Құдай
оңдап, аштықтан аман қалсақ... - ұл нендей сұмдыққа бекінгені жетесіне енді жеткендей іркіліп қалған. Аздан соң түнекті қақырата сөккен қорқау үні әлгіндегіден де батыл шықты, - Менің өлгім келмейді!
Бағанадан екі оттың ортасында қап, күйзеле күңіреніп жатқан келін де, енді көндіге бастаған сыңайлы.
- Тірідей тозаққа салды ғой... қайтейін енді. Өз баламызды өзімізге жегізгенше,
төбемізден жай түсірмедің бе, қу құдай!
Келін көрпеге тұмшаланып, булыға солқылдап жатыр. Ұлда үн жоқ. Шал тұла бойын тер жауып, қалшылдап кетті.
Үзіктің шұрық тесігінен таңғы боз сәуле сорғалап тұр екен. Шал атып тұрып, апыл-ғұпыл етігі мен ішігін киіп, өңір түймесін салмаған күйі белін буды да, керегінің басында ілулі тұрған домбыраны асынды. Содан соң ошақтың аузын айнала аяқ жақтан келіп құндақтаулы немересін еппен көтеріп ап, қойнына салды. Екі-ақ аттап босағаға жеткен. Есікке тұтқан құрым киіздің жапсарын қайрып, табалдырықтан аттай бергені сол еді, ту сыртынан оқыс шыққан «Әке!» деген суық дауыс селк еткізді. Жалт қараған. Жапсардың қиығынан сығырайған бозамықтан онсыз да көзі шүңірейіп, бет сүйегі шодырая сорайған ұлы, қараңғы көр түбінен үңілген тірі аруақтай көрінді. Шынтақтай бас көтеруге ғана мұршасы келіпті. Жеміне шеңгелі жетпей қинала қыңсылаған шынжырлаулы тағының кекті жанарына арбалғандай болған қас-қағымда, шал артында енді қарайлайтын ештеңе қалмағанын ұқты. Жалғызын жалмауыздай құбылтқан сұм өмірдің қысасынан жаны шырқырап, тамағына өксік кептелді. Жалғыз-ақ ауыз «Қош!» деуге ғана мұршасы келген. Келін сыртта, іргеге сүйене бүктетіліп лоқсып тұр екен.
Қойнындағы немересін ішіктің сыртынан аялай қысқан күйі, шал түстік шығысты бетке алып, кемсеңдеп бара жатты.
***
Сүтті іңірде ұшары көк түртіп, дүниенің төбесінен төніп тұрған Найзағараның сұлбасын шырамытты. Әне-міне Алматының шалғайына ілінбек. Мүліктен домбырасын, мүридтен немересін алып иендегі жалғыз үйден, жалғыз үйде тірісінде-ақ тіршіліктен күдер үзіп, жер таянған жалғыз ұлдан жырыла қашқандағы, шарасыз шалды аспан мен жердің арасында ес-түссіз қаңғалақтатқан бар мақсат осы ғана. Ел орынға отырмай қалаға кірсек тірі қалармыз дейтін соқыр үміт мұны емес, бұл сол соқыр үміттің өзін сүйреп келе жатқандай. Жағы қарысып қалған. Аяқ басқан сайын миы солқылдап, ми солқылдаған сайын жер-дүние тамырынан жұлынып қап, билеп жүргендей болады. Нәресте тоқтаусыз ықылық атып жатыр.
Қаладағы қырғын даладағы топалаңнан кем соқпаған. Даладағы қазақ қалаға қарай босқанда, қаладағы қазақ қайда қашарын білмей, әлі барлары асхананың жуындысын көпек иттің көмейінен тартып ішіп, әлі құрығандары арыққа құлап, арам қатуда. Көше толы қайыршы. Теңкиген өліктен де аяқ алып жүргісіз. Ауа жемтік сасиды. Алматыда араша боларлық сиық жоқ еді. «Жолдастар, құрбандықсыз болашақ жоқ. Әйтсе де, большевизм болашаққа өлексе арқалап бара алмайды. Сүйікті Отанымызды иіс-қоңыстан арылтуымыз керек!» деп даурыққан шолақ көсемдердің жарымес ұраны бұйрыққа ұласып, жұмысшылар мен студенттер аштан өлгендерді арбамен қала сыртына тасып, сай-жыраның аузы-мұрнын мүрдемен тығындап жатқан. Мұның бәрін бейбақ шал қайдан білсін...
***
Алматының аспаны көмусіз қалған қазақтың қайғысын жамылғандай түнеріп тұрған бір күн еді. Бұл өзі аяқ басқанның алдын ораған қаралы кеп пендесі тұрмақ құдайының өзін бездіріп жіберердей азапты қарекет. Бірақ сонда да болса өлік жию науқанына бойұсынған бір топ студент қарағайлы саябаққа кірісімен, үн-түнсіз бытырай бастады. Саябақтың қақ ортасында айқышы аспанға шапшып әулие Вознесенский шіркеуі тұр. Тек сазырайған сұлбасы ғана. Хрестиян жұртының дәмесінше, заманында Жетісудың аспан қамқоршылары - азап шегуші Вера, Надежда, Любовь әулиелердің мехнатын жеңілдетуге мехраб етілген. Ал қазір әр бұтаның қалқасынан мүрде терген мына бейбақтарға айбат шегіп, келімсек жұрттың кісілігін көлденең тартарлық сықпыты ізім-ғайым. Өзге тұрмақ өзінің дін-қарындасына опа таптырмаған, жаратушыдан үмітсіз, махаббаттан жұрдай, біз-құдаймыз дейтін өктем сеніммен дүниені ластаған коммунистер жарты әлемге жарлық шашатын радио үйіне айналдырғалы қашан.
Әр жерге бір шоңқиып, жемтік аңдыған мың сан қарғаның қарқылы мен радио үйінен бірде анық, бірде талып жеткен әйелдер хорының күңіренген зарлы үні қарағай басын бұлттай буып, еңсе көтертпейді. Үлкен қаладағы аз қандастың алапат қырғыны жадау көңілін жер қылып, ал онымен жоқшылық қойындасқанда, ажары семіп, бар сұлулықтан жылай-жылай бұлаудай болған қой көздері мен оқтаудай қос бұрымнан басқа түк те қалмаған қаршадай қыз үнсіз егіліп келе жатқан. Кенет оң қапталдан қылаң еткен тосын көріністі көзінің қиығымен шалып қап, кілт тоқтады. Сосын жалт қараған. Жүрегі зырқ ете түсті. Қаптаған өліктің ортасында тірі адам... Баспалай жылжып жанына жақын барып, жүзіне үңілгені сол еді, әлгінде ғана жылт еткен үміт бардан жоққа айналды. Қыз еңіреп қоя берді...
...Шал ағашқа сүйеніп тік отырған күйі жүріп кеткен екен. Сол қолы алдында көлденең жатқан домбыраның мойнында қарысып қалған, оң қолымен кеудесін орай қысыпты. Ішіктің өңірінен нәрестенің қара-сұр жүзі қылтияды.
Кезек
Жер бауырлаған жайындай пұшық «Тойота» шалдың қылтасын тірей тоқтады. Қайта тапайдың тал түсі. Жолында түнде кездессе таптап өте шығудан тайынбайтын. Булыққан музыканың ырғағымен тұмсығы жерге шаншылып, көтені селкілдеп, ентігіп тұр. Тізгінде айт десең тұра шапқалы тыздаяқтап отырған бір шолжаңның, өзін асфальттың кенересіне дейін көзбен желкелеп әкелгенін шал арқасымен сезді. Есіне Алматының қаңғыбас иттері түсті. Әлденеше рет куә болған. Бағдаршамның жасылы қашан бағжаң еткенше шоңқиып отырар еді. Содан соң қос таспа жолдың қасқасына дейін сол қапталға, өте бере оң қапталға жалтақтаған күйі бүлкектей желіп өте шығатын. Ит тірлік итке де қымбат. Бірақ көрінген көпектің салпаңына қамкөңіл боларлық сиық қайда? Шал несиеге мелдектеген жұрт есінен адасса да, есігімнен адаспасын дегендей төрт жолдың түйілісіне қонжиған банкті бетке алды. Атауы қызылмен жазылыпты. «Ұяттан нарттай болмасаң да, күйтің келісіп, бөртіп тұр екенсің-ау» деп ойлады...
Кемпірі марқұм арттағы балаларға абанс қып тастап кеткен соң, күйбеңінен жаңылар жайы жоқ... Әр айдың өларасында бабасының басына тәу ете барғандай, сүңкиіп банкте тұрар еді. Сосын есеп машинкасының тілінде, онда да өзі емес, саусақтары сөйлейтін, амандассаң ақша сұрайтын кассир қыздың бол-болынан бұ жолы құтылғанымен, алдағы күндерге ермек боларлық уайым арқалап қайтатын. Тап бүктеуі күстен үлбіреген қошқыл парақтағы қарыз айлар тізімінде, тағы бір торкөзінің тұсына белгі түскенмен, бәрі бір бүгін-ертең өле қалуға мұрсат бермейтін дуа бардай.
...Өзі секілді бет-аузының әжімін пұлдап, жаулығымен жол дәметкен бірді-екілі шал-кемпір болмаса, кезек күткендердің дені жастар екен. Бұл сембілік көрініс. Аптаның бес күнін шаруаның борсаңымен көтерем қып, сосын жылап жүріп тапқанынан жырымдап әмиянның әлиментін төлейтін бос уақыт – осы сембі. «Өшіреттің соңы кім екен?» деді алақтай кібіртіктеп. Ретті-ретсіз ошарылған топтың пұшпағына жан бітіп, дауыс шыққан жаққа нәумез мойын бұрды. Шеттеу тұрған бірі қапталындағыны, ал ол залдың түкпірін нұсқап иегін шошаң еткізді. «Ана жақтан ізде» дегені. Көз ашқалы кезектен басқа түк көрмеген тәртіпті жұрттың бойын жайлаған зиянсыз әдет. Шал зиянсыз әдеттің заман талғамайтын қарапайымдылығына, тұқым қуатын белсенділігіне тұңғыш рет таң қалды. Кезектің өзі секілді көш-құлаш тарихы мұның да өткен өміріндей шұбатылып жатқан...
Ертеректе осылардың аталарымен бірге колбасаның кезегіне талай тұрған. Рас, ол кезде жеңсік ас емес еді, таңсық ас еді. Жұрт анда-санда тіске басатын. Онда да бұйырған ауыздың ғана жықпылында жүретін. Қол басындай колбасаның көш-құлаш кезегінде тұрып зеріккен жұрт оны-мұны әңгіме қылысар еді. Әрине қазіргідей қулығына құрық бойламайтын іскер банктегі әккі кеңесшінің ауызында аз көрінгенмен, қағазға түскенде аспандап шыға келетін пайыздың жайын қаузау о заманда кімнің басына келді дейсің. Тіпті өздері «маған да... маған да бір білемін» деп жалмаңдай қол созғанда сатушының есін шығарып, есебінен жаңылтатын шұжық туралы да сөйлеспейтін. Қызық емес. Ненің етінен қалай жасалатынын, ішінде не жүруі мүмкін екенін сұрай қалсаң, кезекте тұрған қай пақырыңның да тиегі ағытылып қоя берер еді, өйткені. Бірақ... таңсық астың аты - таңсық ас.
Анау – қалды бас қасқа көсемнің «қоғамның ындынын тыю туралы» әйгілі қарары аңқаны кептірген бір заманда, осылардың әкелерімен бірге арақтың да кезегінде тұрыпты-ау. Талай рет дүкеншінің өзінен бұрын барып, күзетшіге серік болғандары есінде. Кезекте тұрған кісінің бауырын көтергелі шынжырдан босамаған төбеттей қабаған келетінін сонда көрген. Өңкей бір жүйкесі тозған адамдар. Тіршіліктің соңғы нәрінен құр қалып бара жатқандай анталайтын. Қашан мөлт-мөлт еткен қаз мойынның сауырына қол апарып, қашан ашуын ащы сумен басқанша, тап сол кезекке жаншылып өлуге бар еді.
...Шал аузы жеткеннің өңешін өртеп, өңештен өткен соң, талай бейбақтың өзегін қоса қарыған қазмойын мен бүр тұтам бүрісе семген колбаса тұрмақ, «күн көсемнің» жемтігіне де тәу ету үшін тәуліктеп жіпсіз байланған аталардан немерелерге кезектен басқа мұра қалмағанына нали алмады. Қайта ошарылған жұрттың алтын уақытын жемеу үшін, қосымша касса ашылғанына қуанып тұрды. Өйткені банктің ауасы тарылып бара жатқан.
Дайындаған: Қайсар Қауымбек
Сурет: жеке мұрағаттан