- Негізгі бет
- Проза
- Едігенов Нұрлан. Түсімдегі...
Едігенов Нұрлан. Түсімдегі Қазақстан
Елдің ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Едігенов Нұрланның шығармасын ұсынамыз.
Едігенов Нұрлан Маралбекұлы 2000 жылы 13 маусымда БҚО Жәнібек ауданы, Ұзынкөл ауылында дүниеге келген. Орал гуманитарлық-техникалық колледжінің, "қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығының студенті. "Жүйрік қалам" республикалық жас жазушылар байқауында І орын, Республикалық "Жас қаламгер" байқауының бас жүлде иегері атанған. Проза жанры бойынша "Қазақстан үздігі" медалінің иегері.
***
"Тәуелсіз ел, егеменді ел, тұғырлы ел. Осындай ғажайып ғаламда өмір сүріп жатқан бүгінгі ұрпақ, сіздер бақыттысыздар. Сіздердің болашақтарыңыз жарқын!", – деп ұстаз өз ойын аяқтап, сыныптан шығып кетті. Сыныпта қалған оқушылар бір-бірімен алысып, жұлысып дәптердің бетін жыртып, одан қала берді тік ұшақ жасап, сыныпты басына көтерді. Ең соңғы партада отыратын Ерасылдың әлемі мүлде бөлек. Ол "қиял" деп аталады, өзі сабағын "5"-ке оқиды. Әдебиет сабағында оқыған батырларға ұқсап бағады. Бірде Ерасыл сабақтан шаршап келіп, киімін шешпестен ұйықтап қалды. Оны көрген әжесі "біссіміләсін" айтып, маңдайынан сүйіп, үстіне қалың көрпе жапты.
Ерасыл тәтті ұйқы құшағында жатып мынадай түс көреді: қарасаң көзің тоймайтын, жырласаң сөзің жетпейтін, күмбірлетсең күйің бітпейтін, әлемде жоқ "фердаустай" керемет мекенде жүр. Ол мекеннің ортасында жайқалған терек, ұшар басында алып құстың ұясы алтындай жарқырайды. Қайтсін, "алтын көрсе періште жолдан таяр" деп қызығып терекке өрмелей бастап еді, біреудің : "Әй, бала ол ұяға тиіспе, түс жерге!" деген қатқыл дауысын естіді. Шошынып оянып, сыртқа шықты. Ауладағы орындыққа жайғасты. Жоғары қарап еді көзі теректегі ұяға түсті. Ойланып қалды. Сөйткенше, қасына таяғына сүйенген әжесі келіп отырды.
– Айналайын, балам-ау, ұйқыңнан атып тұрып, сыртқа шығып кеткенің не? Мен сені ойынға асықты ма деп ойлағам.
– Әже , мені ойын қызықтырмайды.
– Балам, балалық шағында ойнап қал. Ертең азамат болғанда балалықты сағынасың, – деп арқасынан қақты.
Ерасыл аз ғана үнсіздіктен соң:
– Әже, сізге бірдеңе айтайын, – деді.
– Оу, құлыным сол, айта ғой... Ол көрген түсін жіпке тізгендей етіп әжесіне айтып берді.
– Ә-Ә-Ә, мынау ғажайып түс қой. "Таңғы ұйқы-тәтті, түнгі ұйқы – қатты, түскі ұйқы – түрлі болады" – деген қазағым. Бұл түсің маған бір жәннәт сияқты болып елестеді.
Ол мекен біздің Қазақстанға ұқсайды. Жиырма жеті жылда Нұрсұлтандай аталарың Ұлы Дала Елін жаңғыру жолына түсіріп, әлем деңгейіне "қазақ – ақылды", "қазақ – алымды" деп танытып отыр. Алыс жақыннан келген шетелдік қонақтар да Қазақстанға, бас қаламыз бұрынғы Астанаға қазіргі Нұр-Сұлтанға, біздің салт-дәстүрімізге, әдеп-ғұрпымызға, өнерімізге қызыққаны, тіпті "Қазақстан – ең керемет аспан астындағы мұражай" деп бағалағаны тегін бе?
Ал енді алып бәйтерек, алтын ұяның мән-мағынасы терең. Біз мәңгілік емеспіз. Бүгінгі Қазақстанның алдыңғы аманатын келешек жастарға тапсырамыз. Ол – сендер. Мысалы: сенің түсіңде көрген бәйтерек, ол – бүгінгі жастар. Күннен-күнге бәйтеректей бой көтеріліп келеді. Олар өз ойын еркін айта алады, өздері қыран құстай алғыр. Ал бәйтерек бейігіндегі алтын ұя – бүгінгі, ертеңге жастардың бірлігі, татулығы, білімділігі, ұлтшылдығы, тәрбиесі. Түсіңдегі бәйтерек - алтын ұяны көтеріп тұр. Сендер көпсіңдер, біздің елдің алтын ұясын тік көтеру қолдарыңнан келеді. Міне, балам, мына терекке қарашы: жазда алмасын, ыстықта көлеңкесін, береді; құстарға ұя салдырады, ал шаршағанның өзінде бізге отынға жарайды. Сенің түсіңді осылай жорыдым, жаным.
– Әже, қандай мейірімдісіз! Мен сізбен мақтанамын! – деп, ол әжесін құшақтап алды. Әжесі: – Ботам-ау, жалғыз мен емес, барлық ата-әженің тілегі осындай, – деп басынан елжірей сипады. Сөйтіп, үйге барып шәй ішуге орнынан тұрды.
Таң. Ауыл әкімшілігінің көк туы желмен желбіреп тұр. Адамдар жұмысына бара жатыр. Ерасыл да сөмкесін асынып мектепке келді. Бұрынғыдай емес, құрбы-құрдастармен ойнап, әзілдесіп мәз.
Қоңыраудан соң қазақ әдебиеті сабағы. Мұғалім "Отаным саған айтамын" тақырыбында оқушыларға эссе жазуға тапсырма берді. Ерасыл бірден әжесінің айтқандарын қағаз бетіне түсіріп, тез аяқтады. Мұғалім оқып шығып: "Туған елді сүйе алатын, тарихын біле алатын қазыналы-қариялар аман болсын", – деді...
Бұғанда біраз уақыт өткен. Ерасылдың "түсі" келді. Қазақстан мүлдем жаңарды. Ауылы қалаға теңесіп қалды. Ал, жалынды жастар көп тілді еркін меңгеріп, әлемнің барлық жерінде білім алып, еңбекке еркін араласуға қол жеткізді.
"Отаным саған айтамын" деген тақырыпты толғантқан ұстаз сенімі де ақталып келеді.
Ерасыл шыттай киініп, бойын тік ұстап, мәжіліс залында сөз сөйледі. "Бүгінде Қазақстан – дамыған елдердің қатарына қосылу жолында, сол үшін жас ұрпақты бұдан да мықты, білімді, патриот етіп тәрбиелеуіміз керек", – дегенді нық айтты.
Ерасылдың қиялы шындыққа айналуда. Биыл жастар жылында еркін ойлы Ерасылдар ел намысын биікке көтеруден алдына жан салмас.
Т. Раушанұлы