Дулат Исабеков. "Тағдырдың кейбір кездері"

Дулат Исабеков. "Тағдырдың кейбір кездері"
Фото: vk.com

Қазақтың көрнекті жазушыларының бірі Дулат Исабековтың шығармашылығы оқырман қауымға жақсы таныс. Жазушының бұл әңгімесін оқи отырып, адам жан дүниесіне сапар шегіңіз!

Аудан орталығы боп есептелетін шағын қаланың шағын ғана баспаханасында он төрт жыл әріп теруші боп қызмет істеген Жәдігердің облыстық ауруханада жатқанына міне, бес ай болды. Алғашқы кезде дос-жарандарының бірі болмаса бірі кеп, бұрын дәрігер атаулының алдын көрмеген оның көңілін көтеріп, рухын өсіріп жүруші еді, бертін келе мұның ауруханада жатқанына жұрт әбден үйреніп алды ма, әлде келе беруден жалықты ма, әлде ұзақ уақыт көрмеген соң адамдар бірін-бірі ұмыта ма, соңғы үш-төрт айда оны іздеп әйелінен басқа ешкім келмейтін болды. Әйелінің өзі де алғашында апта сайын, әр жұмада келетін. Жол алыс, үйде үйелмелі-сүйелмелі үш бала бар, сондықтан Жәдігер бір жағы жүзі жадау тартқан әйелін аяп, әрі шешелері келгенше тамақ ішпей томсырайып отыратын балаларына жаны ашып, екі айдан соң аяғына мінген ол әйеліне де жиі келе беруге рұқсат етпеген-ді.

Олар бір палатада бесеу. Қалған төртеудің ағайын туыстары түгел осы қалада. Оларға адамдар сапырылысып келіп жатады. Әуелгі кезде Жәдігер жолдастарының аздығына, сол аз жолдастарының өзі ат ізін салмай кеткендеріне іштей қапаланып, таң атса болды, терезенің алдында біреуіне болмаса, біреуіне қылтиып кеп тұратын іздеушілері мол мына төртеуіне қызғанышпен қарайтын. Өзімен салыстырғанда, олар мейлінше бақытты боп көрінетін-ді. Сапырылысып келіп тұратын дәл осындай ағайын-туыс, дос-жарандар мол болса, онда бес ай емес, бес жыл бойы алаңсыз ауыра беруге болатындай көрінуші еді.
Мұндағы «ескі көздерден» соңғы кезде өзі ғана қалды. Қалғандарының бәрі әлдеқашан шығып, орнына жаңа адамдар келді. Аурухана қабырғасы мұны әбден қажытты. От басын, ошақ қасын сағынды. Кешке шейін көрмесе сағынып, үстінен баспахана бояуының иісі аңқыған әкелерінің мойнына тұс-тұстан асылатын алды он бір, соңы төрт жасар балаларының маңдайынан бір иіскеуді аңсады. «Бәлкім, олар мені ұмыта бастаған да шығар, – дейтін ол жарық сөніп, ұйықтауға жатқанда. – Балалар бәріне тез көндігіп, тез ұмытпаушы ма еді. Мен де сөйтіп едім ғой. Әке-шешем қайтыс боп, біреулер детдомға апарып берген жылы көрпені жамылып алып, екі-үш ай бойы жыламадым ба? Кейіннен ұмытып, бәріне көндігіп, әке-шеше дегеннің не екені де естен шығып кеткен жоқ па еді?! Бұлар да сөйтіп ұмыта бастаған шығар-ау?»
Жәдігердің көзіне жас келді. Өзінің өмірі жайлы, әкесіз күн кешіп жатқан балалары жайлы, үй-ішінің ақшадан тапшылық көріп жатқаны жайлы ойлағысы келмеді. Бірақ оны ойламау мүмкін емес, қиялы қай жақты шарлап кетпесін, бәрібір алдынан үй-ішінің жағдайы сопиып шығады да тұрады.
Бұл ауруханаға түскеннен кейін, төрт айдан соң әйелі үш баласын да ертіп кепті. Екі ұл, бір қыз. Мұны көрген кезде олар баяғы күнде көріп жүргендегідей тұс-тұстан анталап кеп мойынға асылған жоқ, үшеуі де ұяла күлімсіреп, төмен қарап тұра берді. Жәдігер кеп құшақтап беттерінен сүйгенде ғана ортаншысы мен шалдуар, тентек кенже қызы көздеріне жас алды. Үнсіз жылау – басқа түскен ауыртпалықты түсінуден, соған көндігуден тұратынын Жәдігер жақсы білетін-ді. Дегені болмаса көнбейтін, айтқаны орындалмаса таң аппақ атқанша жылаудан шаршамайтын шатақ қызы да «уақытша әкесіздік» өмір мен уақыт қиындықтарына көндігіп қалған сияқты. Жәдігерге осы батты. Балаларының еркеліктен қол үзіп қалғандары, тентектіктен момындыққа ауысып келе жатқан көз жанарларындағы мойынсыну мен момақан мінез өзегін өртеді. Мамалары арқылы әбден біліп алған болулары керек, үш баласының үшеуі де «пап, қашан шығасың?» деп сұрамады да.
Мұның ауруханада ұзақ жатуы үй ішінің қаржыдан қысылуын үдете берді. Оның үстіне, барлық кінә да өз жағында.
Демалыс күні болатын. Бұлар бірнеше жігіт көрші колхозға қыдырып барып, кәдімгідей «көңіл көтерген». Сол колхоздың бір жолдастары «Беларусь» айдайтын. Ішкілік таусылған соң бәрі – бес жігіт бір тракторға отырып алып, қырдағы магазинге барған. Лайсаң болатын. Қайтып келе жатып «Беларусь» жолдан тайып, жанамайлап барды да, бір жағына жантая кетті...
Мұның төрт қабырғасы, оң жақ бұғанасы сынды. Аш ішекке екі жерден зақым келген. Миы шайқалған деген диагноз тағы бар.
«Арақ ішіп жүріп тапқан жарақат». Дәрігерлер осылай қорытынды шығарды. Қатал қорытынды.
Оның он төрт жылдық адал еңбегі ескерілмеді. Оның арақ атаулыны мүлде сирек ішетіні ешкімнің ойына да кірмеді. Рульде отырғандықтан, қылығы қылмыспен парапар деген айып та тағыла жаздап, ісін сотқа бермей, оған үлкен жақсылық жасалды.
Ауруханада жатқан күндері үшін оған бір тиын да ақша төленбейтін болды.
– Екі қойды саттық, – деді бір келгенде.
Ол ләм демеді.
– Екі ұлының да мектеп формасы тар боп қапты. Үлкенінің формасы тозып та қалған екен ғой.
Ол ләм демеді.
– Ден сау болсын, – деді әйелі күйеуінің жүзіне қарамауға тырысып. – Жазылып шықшы әйтеуір. Үйге келген соң екі қой қайда кеткен деп жүрмесін дегенім ғой. Әйтпесе... нем бар айтып. Дәрігерлер не дейді өзі?
Жәдігер жағдайының жаман емес екенін, тек тігілген ішегі бір рет сөгіліп, дәрігерлер қайта тіккенін, сол бітсе, көп ұзамай шығатынын айтты.
– Құданың құдіреті, – деді әйелі. – Түсімде... сенің орныңа басқа біреуді алыпты. «Ей, бұларың не. Жәдігер шыққалы жатыр ғой десем», баспахана бастығы: «Бізге ішегі бүтін адам керек» деп теріс айналады.
– Қызық екен, – деді Жәдігер мырс етіп. М, көп ойлана берме. Жақында шығамын.

***
Бүгін дәрігерлер көп кеңесіп, Жәдігерді шығаратын болды. Оның қуанышы қойнына сыймады. Күйеуі үйге келетін болған соң әйелі екі баласына қыстық пальто алмақ боп сақтап отырған жинақ кассасындағы өткен жылғы қойдың ақшасын түгел сыпырып ап, «кәдімгідей» тойға дайындалды. Есік алдында екі үйрек пен үш тауықты да сойып тастады. Кіші қызының туған күніне рулі бар шана әпермек боп жинаған ақшаны да алдап-сулап «уақытша қарызға» ап, күйеуін алып келу үшін таңертең жолға шықты.
Папалары келетін болған соң балаларының ешқайсысы қабақ шытқан жоқ, қайта қуана келісті.
Жәдігердің бүгін келетінін естіген көршілер мен бірге жұмыс істейтін адамдар түстен кейін-ақ бұлардың ауласына жиылып, еркектер жағы кешкі сыбағаларының есебінен Жәдігердің балаларына арақты таптырып алып, бастырманың астынан «төтенше дастархан» ұйымдастырып жатты.
– Қойсаңдаршы, ұят емес пе? – деді бір әйел еркектерге зекіп.
– Ұят емес, мамам айтқан, кісілей келсе шай беле беліңдел деген. Алақтың қайда тұлғанын да көлсетіп кеткен, – деді кенже қызы тақылдап.
Ол шашына үлкен ақ көбелектің қанатындай аппақ бантик тағып алыпты.
Кешкі сағат бестер шамасында сонау ойпаңнан қылт етіп баспахананың «Уазигі» көтерілді.
– Келе жатыр. Солар ғой деймін, – деді бір еркек бүтін қиярдан бір тістеп. Ол қызып қапты.
– Иә, тап солар! – деді баспахана бастығы машинасын бірден танығанын білдіріп. – Біздің машинаның жүрісі ғой. Ағызып келе жатыр.
Ауладағы балалар ойындарын тоқтатып, әкелерінің алдынан шықпақ боп оларға қарсы жүгірді.
Сәлден соң «Уазик» балалардың қасына кеп тоқтады да, ішінен папасы мен мамасы түсті. Жәдігер балаларына қарай құшағын жая ұмтылды.
– Құлындарым, қошақандарым! Қане келіңдерші!
Ол ең әуелі кенже қызын, ерке қызын көтермек боп тізесін бүгіп еді, есейіп кеткендерімен ісі жоқ екі ұлы да бірі арқасынан, бірі оң иығынан жабысты.
– Ал, мініңдер, мініңдер бәрің. Құлап қалмайтындай мықтап ұстаңдар! Ұстадыңдар ма?! – деді Жәдігер мәз болып.
– Иә! – деп үш баласының үшеуі де шу ете түсті.
– Ана екеуі жарайды, саған не бар-ай еңгезердей боп, – деді бұларға күлімсірей қарап тұрған Жәдігердің әйелі үлкен баласына ұрысқан боп.
Жәдігер үшеуін көтеріп орнынан тұрды да, өзіне қарсы келе жатқан көңілді топқа қарай күлімсіреп жүре берді. Сол кезде ішкі дүниесі тыз ете қалды. Лездің арасында көз алды қарауытып сала берді.
– Түсіңдер... түсіңдер, – деуге ғана шамасы келген ол еңкейіп балаларын жерге түсірді де, өзі етпетінен құлады.
Сол бойы тұрған жоқ. Машина жалма-жан аудандық ауруханаға қарай бет түзеді. Жәдігер жолда қайтыс болды

Ж. Жұмағұлов