- Негізгі бет
- Проза
- Достық іздеу жолында...
Достық іздеу жолында
...Өткен күнге қамшы үйіру жоқ менде,
Зұлымдықпен жете алмайсың мұратқа.
Ал, өмір ұқсайды ерте көктемге,
Көктем бұлтсыз болмайды ғой бірақ та.
М. Шаханов
Достық іздеу жолында
Бір жыл, төрт мезгіл. Көктем, жаз, күз, қыс. Әр мезгіл өзіне тән сұлулық пен тартымдылыққа толы. Мен, қыс мезгілін ерекше ұнатамын. Себебі, айнала ақ көрпеге оранған, кіршіксіз таза, тыныштық пен алғашқы махаббаттың, бейкүнә сәби бейнесі іспеттес. Сол тыныштықты көктем мезгілі келіп бұзатындай. Көктем мезгілі жеткенде тұңғиық ойға шомып, көктем айының соңғы күндерінде болған сол бір оқиғалар еріксіз ойыма орала береді...
Ауылдан шыққан қарапайым қыз, арман қуып әсем қала Алматыға оқуға келдім. Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін студенттік өмірге мен де қадам бастым. Алғашында бір ай көлемінде пәтер жалдап тұруға тура келді. Кейіннен жатақханаға тұруға рұқсат алып, қазан айының үшінде сонда көшіудің сәті келді. Біз үш қыз болып тұрдық. Міне, осылайша сабаққа, саббақтан кітапқанаға барып, жатақханада түннің бір уағы ауғанға дейін сабағымды оқумен, күндерім осылайша өтіп жатты. Тобымызда ұлдарға қарағанда қыздар көп болды. Бәріміз бір атаның балаларындай тату болдық. Жылдың басында бір - бірімізді жатырқағанмен, кейіннен, бауыр басып кеттік.
Мамыр айының он бесі, күн сәрсенбі. Сабақтан шаршап келіп, Аружан екеуміз шайымызды ішіп алып, шамалы уақыт болса да теледидар көруге жайғастық. Сол мезетте, есік сыртынан өзіме таныс Перизат деген дауысты естідім, ол Нүргүл болатын. Нүргүлдің бүгінгі жайы маған әдеттегіден өзгеше оғаш көрінді, ол әр қашан көңілді, әндетіп жүретін, оған қарап өмірде еш уайымы мен қайғысы жоқ, көңілі тоқ, алаңсыз адам секілді әсер алатынмын.
- Перизат, менің ішім пысып кетті, сендердің бөлмелеріңде теледидар көруіме болады ма, менің сүйікті телехикаям жүріп жатыр еді ?
- Әрине, кел бәріміз бірге көрейік.
Теледидардан телехикая жүріп жатыр, оны көріп отырған біз жоқ. Аяулымның есіл дертінің бәрі әдетінше агентте. Ал менің ойым мен көзім Нұргүлде. Нұргүлдің көзі теледидарда болғанымен, ойы өзге жақта. Оны мен көзінен байқадым. Көзіне қарасам жауабы жоқ сансыз сауалдарды өзіне - өзі жазып жатқандай... мұңды.
Сол сәттегі көріністі телефон қоңырауы бұзды.
- Алло, сәлем Перизат, қалың қалай?
-Ааа, сәлем Жадыра, шүкір жақсы өзіңнің қалың қалай?
-Шүкір, менде де бәрі жақсы. Перизат егер қолың бос болса, театрға барып қайтайықшы, ішім пысып отыр еді?
-Жарайды барсақ барайық. Алайда сағат алтыға жиырма минут қалыпты ғой, үлгереміз бе екен?
-Әрине, үлгереміз. Тіпті Есентай жағалауымен жаяулатып барсақ та үлгереміз.
-Онда жақсы.
-Перизат, сыртқа шығып біраз жүріп қайтайықшы.
- Нұргүл, ренжімеші, үшінші курстағы құрбым Жадыра жаңа қоңырау шалып, театрға шақырып еді, мен келістім.
- Ааа, әлгі ана тілі аруына қатысқан қыз ба?
- Ия.
- Егер қаласаң бізбен бірге театрға жүр?
- Ал, Жадыра қарсы болмайды ма?
- Әрине жоқ.
- Мақұл.
- Ендеше бөлмеңе барып тез киініп дайындал, қазір шығамыз.
Осылайша үшеуміз күтпеген жерден театрға баратын болдық. Есентай жағалауы арқылы өз бағытымызды түзедік. Сағат алтыдан жиырма бес минут өткенде келіп жеттік, бағымызға қарай билет те табыла кетті. Қойылым кіші залда болды. Бүгінгі қойылымның аты «Күзгі романс»................... Сақынадағы актерлар мен актрисалардың қимылдары мен іс - әрекеттері ерекше әсерге толы. Күлесің, мұңайасың, ойланасың соңынан өзіндік ой түйесің. Қойылым екі сағатқа созылды. Сыртқа шықсақ ауа райы бұлттанып, жаңбыр тамшылап тұр екен. Жадыра автобуспен қайтуды жөн көрді. Ал Нұргүл екеуміз жаяу қайтқанды жөн санадық. Жүріп келеміз, жағалауда қол ұстаса сырласып бара жатқан ғашықтар, жай жүріп бара жатқан достар, таза ауа жұтып өз-өзімен қалғысы келген жалғыз жүргіншілер.
-Перизат, білесің бе, егер де мен бағанағы әйелдің орнында болғанда күйеуімнің барлық жағдайын жасап, соның қас қабағына қарап отыратын едім. Әйелінің іс әрекеті мүлдем дұрыс емес.
-Ия, Нұргүл әркімнің өзіндік ойы мен пікірі бар бәлкім сенікі де жөн шығар, алайда таяқтың екі ұшы болады, демек екеуінен де кінә болғаны. От жанбаса түтін қайдан шықсын? Күйеуінің де теріс әрекеттері толып жатыр. Еее, еркек деген сол ғой, қай жерде тыныштық пен жайлылық бар, олар сол жерде, қиыншылық келе қалса болды оларды не сыраханалардан, не бөтен әйелмен бірге қол ұстаса кетіп бара жатқанын көресің...
-Барлықтарың ойлайтын шығарсыңдар, мені жүрген бір ойсыз, уайымсыз адам деп.
-Енді білмеймін, бәлкім, солай шығар, өз басым әр дайым көңілді жүретін адамдардың ішінде бір мұң жатқандай көрінеді, сенде де солай сияқты... Әлде қате айттым ба?
-Білесің бе, мен кеш ауа жалғыз жүргенді, өз өзіммен қалып ойланғанды жақсы көремін? Әсіресе жаңбырлы күндерде. Менің барлық адамдардан көңілім қалды, дос деп жүргендердің бәрі қиын сәтте менен теріс айналды, барлығы да мені сатып кетті. Мен соңғы күндері қатты ішіп кеттім, бәлкім маған біреуі келіп «Нұргүл мұның жарамайды, қыз балаға мұндай теріс қылықтар жасау жарамас, қой»,- дегенде қойып кетер едім, бірақ біреуі келіп олай деген жоқ, тіпті қалымды сұрауға да шамалары келмеді. Менің басым қатты ауырады, дәрігерлердің айтуынша басымнан қатты суық өткен, алты-ақ ай өмірің қалды деген болатын, дәрілердің күшімен бе, бәлкім ғажайып күштің арқасында ма, білмедім, осы уақытқа дейін өмір сүріп келемін? Мен оларға қолымнан келгенше көмектестім, кез келген сәттерде қастарынан табылдым, сөзбен де, қаржылай да. Өзіңде білесің ғой, студентте қай бір ақша болсын, десе де, мен өзгелерден қарыз алып болсын, тіпті өзімнің соңғы ақшаларыма дейін солар үшін аямайтынмын. Ал олар мен үшін не істеді, ештеңе. Кейде басым қатты ауырған сәттерде талып қалатынмын, сол кездерде де қасымнан біреуі табылмады ғой. Менің қуанышты күнім, туылған күнімде бөлмелес дос қыздарым, Сезім мен Динара құтықтаулары былай тұрсын, бөлмеге қонақтар келіп жатыр, маған көмектесудің орнына, олар болса сыртқа серуендеуге кетті. Сол күні менің қуанышымды бөліскен, Назым болатын. Ия, дәл сол Назым өзімнің жауым деп санап жүрген Назым.
- Менің бір түсінгенім бұл өмірде адамды толығымен танып білу мүмкін емес екен. Нұргүл Біржан ше, екеуің жақсы дос едіңдер ғой?
- Ол да мені сатып кетті, оны айтпай-ақ қояйыншы, не болғанын есіме алғым да келмейді, ол мен үшін тым ауыр.
-Жарайды өзің біл, егер айтқың келсе... кез келген сәтте тыңдауға дайынмын.
- Мен оныншы сыныпта оқып жүргенімде Алмас есімді жігітпен жүрдім, оның Нұрлан есімді досы болды. Олар әкешімнің достарының балалары еді. Алмас менің ең алғашқы махаббатым. Мен ол үшін, ол мен үшін бәрін жасауға дайын едік. Алмас жұмыс бабымен шет елдерде көп болатын. Бір күні қызық болды, он бірінші сыныпта түнде ұлттық бірыңғай тестке дайындалып отырғанмын, кенет басым қатты ауырып не істерімді білмей Алмасқа қоңырау шалдым, Алмас түнделетіп Испаниядан ұшып келді, ата анама қоңырау шалып, қыздарыңыздың басы ауырып жатыр, сіздер не қарап отырсыздар деп ұрыспасы бар ма? Ия, Алмас сондай еді. Бірақ мен одан айрылып қалдым, ол жол көлік апатынан қайтыс болды. Бүкіл әлемде мен үшін қараңғылық орнағандай, өмір сүруге деген құлшынысым қалмады. Әкешім мен анашымның жалғыз қызы болғаннан кейін солар үшін өмір сүруге тырыстым. Осы мезетте Нұргүл көз жасына ерік берді...Бір сәттік үнсіздік орнады. Осылайша менің алғашқы сезімдеріммен бірге алғашқы махаббатымда мәңгілікке оралмасқа кетті. Осылай сөйлесіп келе жатып, уақыттың қалай өткенін, жатақхананың алдына қалай келгенімізді де байқамаппыз.
- Нұргүл біздің бөлмеге жүр, қыздар тамақ жасап қойған шығар, кешкі асымызды бірге ішейік.
-Перизат көңіліңе рахмет, дүкеннен бірдеңелер алып жей салармын.
- Нұргүл бұлай мұңайа берме, әлі- ақ бәрі жақсы болады. Ертең сабақта жолығамыз.
- Перизат осы уақытқа дейін қайда жүрсің, сағат он жарым болды ғой.
- Жай Нұргүл екеуміз жағалауда біраз жүріп қайттық.
Тамақтанып алдым да, ертеңгі болатын сабақтарды оқуға кірістім. Түнгі сағат үш, ал менің ұйқым келмейді. Көз алдыма Нұргүлдің, Сезімнің, Динараның, Біржанның бейнелері алма кезек келіп жатыр. Қалайша бұлай болғаны, соншалықты адамдардың қатыгез болғаны ма, Нұргүл осыншама ауыртпашылықтарды көтере жүріп қалайша күле біледі? Жүрегі қан жылап тұрса да, әрдайым көңілді жүретін Нұргүлдің мықты қыз болғаны ғой. Мен білетін Сезім мен Динара бұлай жасамас керекті, Біржан ше...?
- Перизат тез тұр, сабаққа кешігеміз. Саған не болған, бір жерің ауырып тұр ма, өңің сыныңқы ғой? Әлде, кеше Нұргүл жағымсыз бірдеңе айтты ма?
- Жоқ, кеше кеш жатқандікі болар. Аяулым сеніңше бұл өмірде шынайы достық бар ма?
- Бар... бірақ сирек.
- Егер бар болса ол қандай болуы қажет...?
- Джон Аулердің: «Нағыз дос дегеніңіз – сіз жайлы бәрін білетін, сөйте тұра сізді өлердей жақсы көретін жан...», - деген сөздері шынайы достықтың көрінісін ашып тұрғандай. Демек шынайы дос осындай болуы керек менімше.
- Мүмкін...
автор: Әлия Бостанова
сурет: 4b.livejournal.com
Дайындаған: Фараби Арыстанбек
Л. Лига