Досхан Жылқыбай. Сарыл

Жуырда ғана Массагет порталы ұйымдастырған "Отаным саған айтамын"  прозалық онлайн-байқауының жеңімпазы атанған жазушы Досхан Жылқыбайдың тағы бір экспериментал әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.

***

Мен жатқан «Ғажайып» деп аталатын емхана қаланың орталығынан гөрі шетіне жақын. Бір кездері кафе болған екен. Оның көңіл көтеретін орын болғанын айғақтайтын нәрселер бүгінгі күнге дейін сақталған. Кәуәп пісіретін орыны, асханасы және тек кафелерде ғана болатын орындықтар мен үстелдер. Сол орындықтар мен үстелдерге қарап отырып бұл жердің қымбат мейрамхана болмағанын да аңғарасың. Үстел үстінде жазылған жазуларға қарап отырып адамдардың бұл жерге көбіне сыраға сылқия тою үшін келетін болғанын да байқауға болады.

Ал кафе болуынан бұрын бұл жерде ауқатты азамат отбасымен өмір сүрген екен. Рас-ау. Қазіргі таңдағы емхананың негізгі ғимараты еңселі үй. Көше жағынан қарасаң бір қабатты болса да іргетасы биік соғылған. Ал артына айналсаң жертөлесі тағы бір қабат. Үйді салдырған ауқатты кісі асығыстау көшкен бе, кім білсін, жертөле терезесінен баланың шашылып жатқан ойыншықтарын аңғаруға болады. Жерде жатқандарын анықтап, нендей ойыншық екенін айыру мүмкін емес. Бірақ қуыршаққа арналған кішкентай арба тұрады. Соған қарағанда қыз баланың ойыншықтары-ау деп топшыладым. Бірақ ол арбада қуыршақ бар ма, жоқ па белгісіз. Өйткені жертөле терезесіне ол теріс қарап тұр. Жертөлеге кіріп-шығып жатқан адам байқалмайды. Есігінің тұтқасын қалың шаң басып тұрғанына қарағанда мұнда адам кірмегеніне көп болған секілді.

Жертөлелі еңселі үй ­­­­­­­–ем­­­­­­­­ хананың бас ғимараты. Кафе болып тұрған кезіндегі екі «вип залында» әйелдер жатады. Ал үлкен залы асхана. Еркектер үй артынан салынған, бір кездері билейтін алаңы болған үлкен бөлмеде жатамыз.

Үшінші мегаполис болса да, халқының деңгейі әлі көтеріле қоймаған бұл қаланың өмірі маған оғаш көрінеді. Әңгімешілдігі бір басқа, сенің өміріңді білгісі келіп тұрады. Әңгімелесе кетсең, тұрмыс тауқыметі қажаған бір адам. Адам сенгісіз тағдырлар. Кейде жаным түршігіп кетеді. Алғашқы келген күні туыстар көңілімді сұрай келіп, ыстық тамақ әкелген. Соны өзім отырып жегенім үшін бүкіл асханадағы үлкендерден ұрыс естідім. Сөйтсем бұл қаладағы емханаларда келген тамақ бөліске түсу керек екен. Дәрігерлерді шақырып ауыз тигізіп, өзге үстелдердегі адамдарға да біршама салып беруің керек. Өзіммен өзім болып қалған мен оны қайдан білейін. Алматыда оқып, бүгінде өзінің жеке кәсібі ретінде осы емхананы жүргізіп отырған Айнұр атты дәрігер бетіме қарап күлді де қойды. «Үйреніп кетесің бұл қалаға да», – деген еді.

Сол келген күні-ақ тамырыма жарты литрден астам бірдеңе құйды. Орап тастап терлетті. Қайта тұрғызып, массаж жасады. Қысқасын айтқанда таңнан қара кешке дейін тыным тапқызған жоқ. Маңайымдағы үлкен кісілердің ешбірінің түтіндететін жаман әдеттері жоқ екен. Сондықтан кешке, бүкіл ем біткен кезде ғана тығылып шылым тартып жүрген едім. Сол алғашқы түннен-ақ ұйқым бұзыла берді. Түнде даңғаза әуен естимін бе, әлде құлағым шуылдай ма. Біртүрлі түстер көремін. Сықылықтап кішкентай қыз күлетін секілді. Ояна беремін. Ауру шығар кезде қозады деуші еді, соған жауып елемедім.

Таңертең есеңгіреп тұрып, әжетханаға бара жатып жертөле терезесінен тағы бір үңіле кеттім. Қуыршаққа арналған арба кеше тік тұрған секілді еді. Қазір құлап жатыр. Есігіне қарадым. Тұтқасы әлі шаң басып тұр екен.

Қаладағыдай унитаз орнатылған әжетхана кабинкасындағы қол жуғыш істемейді және бұл әжетханаға кіретін мен ғана. Қалғандары қарапайымына барады. Қол жуатын жер әжетханадан он шақты қадам жерде орналасқан. Оның жанында кәріз суралына арналған, беті бетондалған шұқыр бар. Бірақ бетонның жаны ойылып түсіп қалған. Жағымсыздау иіс шығады. Оған назар аударып жатқан ешкім жоқ. Қол жуатын жерге жақындай бере шұқырдан сарылдаған дауыс естілді. Үлкен етіліп қазылған болуы керек, сарылы жаңғырып шығады екен. Адамды селк еткізген. Алғашында назар аудармаған едім, бірақ кейіннен дәл осы сарылдаған дыбыс тек мен қол жууға жақындағанда шығатынын аңдайтын болдым. Әжетханадан шығамын да қол жууға жақындай берем, сарылдап су төгіледі. Өзгелерді аңдып тұрамын кейде. Олар жақындаса су ақпайды. Бұл тылсымның сырын түсіне алмай жүргенде түндегі түстерім мазалағанын күшейте берді. Әсіресе кішкентай қыздың сыңсып жылайтыны мазамды ала берген. Сондай түндердің бірінде оянып, әжетімді өтедім де қол жууға жақындай беріп тағы да сарылдаған дауысты естідім. Жеті түнде тіптен денемді тітіркендіріп жіберді де, бетонның ойылған жерінен сыбдыр етіп бірнәрсе қашқандай болды. Жүрегім тас төбеме шыққан мен қолымды да жумастан орныма келіп жатып қалдым. Денем түршігіп жатып ойқылы ояу тағы да қыздың жылағаны келді құлағыма.

Таңда тағы бәрінен ерте тұрып алып, әжетке соғып асханаға беттедім. Сол жерде жылы су бар. Соған жуынамын. Жертөле терезесінен үңіле қарап, қуыршақ арбасының тікесінен терезеге қырын қарап тұрғанын көрдім. Басы қисайып, шашы қобыраған қуыршақ отыр үстінде. Осы сәтте тағы да сарылдаған су дыбысы келді құлаққа. Жүгіре басып асхана кіріп кеттім.

Мына жердің тылсымы маған маза бермейтін болып алды. Ұйқым қашқаннан шылымды да көп будақтатып жүрген едім. Бір күні қасымда жататын үлкен кісінің баласы бір бума газет әкеліп тастады. Тек осы қалада ғана шығатын «Қызық газет», «Замана» секілдісінен басқасы жоқ. Ұйқысыз кездерде «Замананы» біраз ақтаратын едім. Тек ауыр тағдырлар туралы жазылған әңгімелер ішінен бір күні көзіме «Жылаған қыз» деген әңгіме оттай басылды. Кеше ғана шыққан нөмірі екен. Оқуға кірісіп кеттім.

***

Мақсат әйелі қайтқаннан тура 2 жыл өткенде Айнұрға үйленіп, бірге өмір сүре бастаған күннен-ақ оның бірінші әйелінен туған Назгүл мен Айнұрдың арасынан салқындық сезген еді. Бірақ аса мән бермеген. Үйренісіп кетер деп ойлады. Күні-түні жұмыста. Оның үстіне Айнұр Алматыда оқу бітірген дәрігер, жеке клиника ашып бер деп қиылып жүрді. Соның шаруаларымен де отбасыға мойын бұруға шамасы келмейтін. Кәсібі өрге домалап келе жатқан кәсіпкер еді. Үйін де ақшасын аямай, биік етіп салған. Қонаққа келер кәсіпкерлерден ұят болмасын деген. Үйленгеніне үш-төрт ай өткенде Назгүл қызының 5 жасқа толған туған күніне қуыршақ пен оны отырғызатын арба сыйлаған. Бірақ қызы аса қуанған жоқ. Әкесіне жақындап келіп: «Әке, басым ауырады», – деген еді. Ол қызының басынан сипады да, Айнұрға дәрігерге апаруды тапсырды. Ертесі күні әйелі дәрігердің бәрі жақсы деген сөзін жеткізді де, тіршілік ары қарай жалғаса берді. Мақсат ерте кетіп кеш келіп жүріп,су төгілетін шұқырдың бетіне қойылған бетонның да бір бұрышы ойылып қалғанын байқамаған. Бір күні үйге кеш келгенінде қызының бөлмесінен Айнұрдың шығып келе жатқанын көрді. Алғашында қызы екеуінің арасы жақсарғандай қуанып қалған. Жақындап келіп оның қолынан иістеніп кеткен етті көріп таңғалды. Мәнін сұрағанда әйелі: «Құрттаған етті тастайын деп жүріп Назгүлдің бөлмесіне кіре кеткен ем», – деп жылы жаба салған. Мақсат тоңазтқышы бар үйде қалайша ет құрттайды деп ойлады да, әйелінің дайындаған шәйін ішіп отырып ұмытып кетті. Жеке клиника туралы ақылдасты. Айнұр атын да ойлап қойған екен: «Ғажайып».

Мақсат сол түні таң ата ыңырсыған дауыстан оянды. Бұлардың жатын бөлмесінің есігін мысық тырмалап отырғандай. Бірақ үйде мысық жоқ. Оның үстіне есік артында отырған жан иесі жылап отырған секілді. Аяқ-қолы дірілдеп, жатын бөлмесінің есігін ашқанда өзі сыйлаған қуыршақтың бір көзін ойып, соған саусағын тығып алған қызын көріп жүрегі тас төбесіне шыққан еді. Екінші қолымен есікті тырмалап отыр. Ұйқылы-ояу дейін десе, қызы бұған қарап ыржалақтап күліп қояды. Оны құшақтаған қалпы ауруханаға тартты. Дәрігердің айтқандарынан жаны түршіккен ол, үйіне қарай көлігімен ағызып келе жатып, бағдаршамның қызыл түсін аңдамай қалған еді. Мақсаттың қолындағы дәрігер жазып берген қағаз сынған терезеден желге ұшты. Ол қағазда: «Смертоносный мозговой червь» деген диагноз бар еді. Қыздың миына құрт түскен.

***

Әңгімені соңына дейін оқуға жүйкем шыдамады. Бәрі менің жатқан емханама ұқсас. Оқиға дәл осы жерде өткендей. Осынша жауыздыққа барып, жаны түршікпей жазған адамның атын білгім келді де авторына көз жүгірткенде үстімнен біреу мұздай су құйып жібергендей болған. Жүгіре басып, түн қараңғысында аяқкиімімді де киместен жертөленің терезесіне үңілдім. Ештеңе көрінбейді. Телефон фонарын қосып қарағанымда қуыршақ арбасында маған тесіле қарап тұрған жалғыз көзді қуыршақ отырған еді. Селк етіп бұрылдым да, алдымнан жарқ етіп шыққан ақ киімді албастыны көріп, көзім қарауытып кетті. Жүрегімнің соғысының жиілеп барып, баяулағанынан басқа ештеңе сезбедім.

***

Есімді жиғанда күлімсіреп Айнұр қарап тұр екен. Жүрегімнің соғысы қайта жиілеп кетті.

– Не болды Алматылық жігіт? Түнде қатты шошыдың ғой.

– Неден?

– Менен. Көмекші қыздардың қолы тимей, түнде кезекшілікке өзім қалған ем. Жертөледен не аңдып жүрсің?

– Жәй. ...Айнұр, осы сіз күйеуге тигенсіз бе?

– Жоқ. Не болды? Ағаңызға әперейін деп пе едіңіз?

– Білмеймін...

– Айтпақшы, «Замана» деген газеттен сізге қаламақы әкеліп тастады. «Жылаған қыз» деген бе, бірдеңе жазыпсың ғой.

– Мен бе?

– Иә. Сосын, бүгіннен бастап жазу мен шылымды доғарасыз. Мен білмеген екенмін. Білсем ескертер ем. Біздің салып жатқан дәрілер мен некотиннің араласуы галлюцинация туғызады.

– Галлюцинация?

– Иә, көзіңізге бірдеңелер елестеп, ретсіз әңгіме айтасыз. Әртүрлі дыбыстар естіп, ұйқыңыз бұзылады. Өзіңізден ондай белгілер байқамадыңыз ба?

– Жоқ...

– Онда уақытында біліппін. Демала беріңіз,– деп дәрігер шығып кетті. Мен не болып жатқанынан мүлде бейхабардаймын. «Замана» газетіндегі әңгімені қашан жаздым?

Түске қарай тысқа шығып әжетханаға кірдім де, жуынатын жерге жақындадым. Тағы да сол сарыл естілді. Есеңгіреп тұрдым да, әжетхана мен су төгілетін шұқырдың арасының он шақты қадамдай екенін көріп күлкім келген. Ағызылған су менімен бірге жүріп жетеді екен ғой шұқырға.

Түскі астан кейін үйдің иесі қызын ертіп келіп, жертөледегі ойыншықтарды алып кетіп жатты. Қуыршақты көргенде қыз қатты қуанған. Екі көзі де сау. Оны құшақтап кетіп бара жатып, кішкентай қыз маған ыржалақтай күліп қарады. Менің есіме өзім жазған әңгіме түскен еді. Қашан жаздым екен?