Досхан Жылқыбай: "Кванттық физика арқылы Тәңірге ғашық болдым"

Досхан Жылқыбай бүгінгі қазақ прозасында есімі аталып жүрген жас жазушылардың бірі. Оның соны тақырыптарға барған "Квант", "Матрица" әңгімелерін оқырман қауым жылы қабылдады. Біз бүгін жазушымен осы екі әңгіме айналасында ой өрбіттік.

***

Жастар арасында сенің есіміңдің жиі естиміз. Шығармаларыңда соны соқпақпен жүруге тырысасың. Бұған "Квант", "Матрица" атты әңігімелерің дәлел бола алады. Жалпы, физика мен әдебиетті байланыстыруға бола ма?

Нұрғали Маханов атты ұстазым кез келген ғылым жаратылысты, жаратылған арқылы жаратушыны тануға қызмет етеді дейтін. Яки бүкіл ғылым біртұтас. Тек зерттеудің оңайлығы үшін бөлінген. Ал бәрінің бастауы философияда жатыр. Мен ұстазымның сөзіне өнерді қосар едім. Яғни өнердің де, физика және басқа да кез келген ғылымның астарында Тәңірді тануға деген ұмтылыс жатыр. Мақсаты бір-екі саланың жолы да түйісері сөзсіз.

Досхан Жылқыбай. Квант (әңгіме)

Білім шектеулі, қиял шексіз екенін Эйнштейннің сөзінен білеміз. Ал адам қиялын әдебиет, өнерден басқа нендей ғылым дамыта алады? Меніңше, ақындар мен жазушылар ғылымға, оның ішінде физикаға ғалымдардан аз еңбек сіңірген жоқ. Ж.Верн шығармаларында сүңгуір қайықтар мен электр көліктері, дыбысты кино мен авиация, космос зымырандары суреттеледі. Ал М.Твен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға болатынын суреттеген. Оның мұндай шешімге келуіне досы, атақты Н.Тесла себепші болса керек. Ал Эйнштейн: "Достоевский маған бүкіл ойшылардан, тіпті Гаусстан да артық нәрсе берді", ­- дейді.

Әдебиетте, кинода ғылыми-фантастика жанры бар. Бірақ менің шығармаларым бұл жанрға жатпайды. Мен физикадан шығармамның негізгі идеяларын ғана аламын. Өйткені ғылыми теориялар арқылы образды, идеяны дәл түсіндіруге болады.

"Квант" әңгімеңде бас кейіпкер Бекболдың басындағы бір оқиға бірнеше түрге еніп өрбиді. Біз мұнан тағдырды өзіміз таңдаймыз деген сияқты қорытындыға келеміз. Шындығында Бекбол қай жолды таңдағаны дұрыс болар еді?

Кванттық физика деген терминді мен 7-8 сыныбымда естідім. Ол шақта атақты физик боламын деп армандайтын мен үшін бұл ғажайып жаңалық еді. Оның тереңіне түсіп оқи бердім. "Екі саңылау" деген кванттық физиканың тәжірибесімен таныстым. Кейін бұл оқығанымның бәрі әдебиет саласына ауысқандықтан қажетсіз, сана түкпіріндегі қоқысқа айналған. Жазып жүрдім. Бірақ мен ауылға сағыныштан асырып ештеңе жаза алмадым. "Қолымнан осыдан артық дүние келмейді" деп тағдырға өкпе артқан кездерім де болды. Бірақ осы тағдыр туралы ойларым мені миымдағы баяғы қоқыстарға қайта көміп жіберді. Кванттық физика арқылы Тәңірге ғашық болдым десем де болады. Өйткені мен ол кісіге (Құдайға) біраз шешімсіз сұрақтарым болған. Адам тағыдырын өзі жазып, оны өзі тозақ немесе жұмаққа бөлуіне жол болсын деп ойладым. Қанша құлшылық етуші құлмыз десек те, Құдекеңнің осы әрекеті мазақ секілді көрінетін.

Ал "екі саңылау" атты тәжірибені қайта көріп отырып Тәңірдің адам тағдырын әртүрлі нұсқада жазатынын түсінгендеймін. Өйткені екі саңылауға жіберілген бөлшектер қарапайым екі линия түзсе, кванттар бірнеше линия түзетін еді. Яғни квант бір сәтте екі жерде бірдей бола алады. Осы теория тұрғысынан неге адамның тарам-тарам тағыдыры бар деп ойламасқа? Яғни таңертең тұрып, қызыл костюм мен сұр костюмнің қайсысын киемін деп таңдау жасасаңыз, сіз екі костюмді де киіп шығасыз үйден.

Менің теориям бойынша, Құдай адам тағдырын жазып қойған. Бүкіл нұсқаларымен. Яғни біздің әрбір жасайтын таңдауымыз, ісіміз, сөзіміз бәрі-бәрі жазылған. Тек солардың арасынан дұрысын һәм Тәңірге жағымдысын таңдап жүруге тиіс шығармыз. Ойым тұсқа келгенде гүлдеп шыға келеді. Тәңірдің ұлы жазушылық қабілетін сезінем. Мен оған осы жазушылығы үшін ғашық шығармын.

Сауалға келер болсақ, Бекбол өзіне берілген таңдаудың бәрінде өмір сүреді. Мен Бекболдың орнында болсам, емтиханнан қуылған Кәмиләнің артынан шығар едім.

"Квант" әңгімең арқылы ғылымдағы "Көбелек эффекті" ("Эффект бабочки") терминін дұрыс дегің келе ме?

Солай деуге болады. Мен әлемді біртұтас материя ретінде қараймын. Ондағы әрбір адамның әрекеті келісі адамның тағдырына әсер етері сөзсіз. Сіздің автобусқа кешігіп қалып та кей адамдардың өміріне әсер ете аласыз. Кейбір шығармаларды оқып отырып, кейіпкердің "мен өле қалсам мына дүниенің мұрты да қисаймайды" деген толғамдарына кезігемін. Жоқ, бұл – адамның жүйеден шеткері шығуы немесе оның өлімі ізсіз кетпейді.

Енді Матрица туралы. Шығарманы оқып отырып "біз симуляцияда өмір сүреміз бе?" деген сұрақ туындайды. ХХ ғасыр басында бұл сұрақ шетелдік БАҚ беттерінде көтерілді. Бұл бағыттағы негізгі жұмыс – "Philosophical Quaterly" журналында 2003 жылы жарияланған Никостр Бостромның "Симуляцияны дәлелдеу" мақаласы. Жалпы адамзаттың "Матрица" деген әңгімеңдегі бас кейіпкер Досжан сияқты компьютерлік моделдеуде өмір сүретініне дәлелдер бар ма?

Әлем компьютерлік симуляция екенін жоққа шығаратын дәлел жоқ. Дегенмен одан ештеңе өзгермейді. Өйткені біз Тәңірлік модельде өмір сүреміз. Бұл жердегі Тәңірдің атын "суперкомпьютер" деп атасақ та болады. Маңызды емес. Атомның 99,99999... пайыз бос кеңістіктен тұратынын ескерсек, біз – энергияның аралық материяланған күйі ғанамыз. Компьютерлік ойынның персонажы секілді.

Симуляция гипотезасы футурология және трансгуманистік теория сияқты философиялық бағыттар шеңберінде зерттелді. Яғни, мына дүниенің бәрі, адам іс-әрекеттері де жәй ғана – имитация. Жақында GPT-3 атты жасанды интеллект пен адам арасындағы сұхбат әлеуметтік желілерде жарияланды. Сонда жасанды интеллект адамзаттың матрицада өмір сүретінін айтады. Сенің кейіпкерің Досжан да жасанды инттелект өнімі. Болашақта осы Матрица шынымен құрылатынына сенесің бе?

Сенем. Бүгінгі ғылымның даму қарқынымен біз қолдан әлем жасай аламыз. Сонда бір адамның бірнеше өмірі болатын шығар. Бірақ бұл адамзатқа қаншалықты қажет? Адамзат мұны қаншалықты гуманистік тұрғыда қолдана алады? Мәселе осында. Дәл қазіргі таңда адам санасы бұл жаңалыққа дайын емес. Тіпті симуляция жасауға қабілетті суперқуатты компьютерлер заманында да адамзат санасы жеткілікті деңгейде болады дегенге сене алмаймын. Яғни мен осы әлем ішінен тағы басқа әлем жасауға қарсымын. Өйткені ол әлемнің құдайы – адамның өзі болмақ.

Тағы бір айта кетер мәселе бар. "Матрица" әңгімесінің ішінен көпшілік "матрицаны" іздеді. Ал мен матрица туралы емес, бүгінгі қоғам туралы айтқым келген.

– Жасанды интеллект адамзат өнеріне қауіп төндіре ме? Мысалы, GPT-3 бағдарламасының жазған шығармаларын жазушы (адам) жазған шығармалардан айырмашылығы жоқ дейді.

Ғасырлар бойы еркіндікке ұмтылған адамзаттың өз еркіндігін шектеуші күшті жасауға ұмтылып жатқанына таңым бар. Жасанды интелект адамзат өнеріне білмеймін, өміріне қауіпті. Өйткені оның өнердің өзіне тән эстетикасын меңгере алатынына күмәнданамын. Мәтін жазу, көркем мәтін жазу бір басқа, оны сезіне отырып жазу бір басқа. Байқасаңыз, қарапайым ғана өлеңдер болады. Мысалы Блоктың мына өлеңі.

"Ночь, улица, фонарь, аптека,
Бессмысленный и тусклый свет.
Живи ещё хоть четверть века —
Всё будет так. Исхода нет."

GPT-3 – Құдайға сенетін жасанды интеллект

Қарапайым ғана сөздердің жиынтығы секілді. Бірақ мұның адамға әсері оның сөздерінде емес, ішкі "автор" сіңірген энергиясында. Қазақ әдебиетінде Асқар Сүлейменовті қиын жазады дейді. Бірақ оның сөз, сөйлемдерінде адам түсінбес нәрсе жоқ. Тек оның шығармаларына автордың жазу үстіндегі аурасы сіңген деп білемін. Осы шығармашылық аура, автордың жазу үстіндегі энергиясы жасанды интелектте бола ма? Меніңше ол қанша сезімтал болса да, мәтінге энергия сіңіруге қабілетсіз. Сондықтан жасанды интелекттен адамзат өнеріне қауіп болса да, ол қауіп үлкен емес. Ары кетсе әдебиетте "жасанды интелект әдебиеті" деген бағыт пайда болар... Ал постмодернисттерше айтсақ, әрбір жанрдың өмір сүруге құқы бар ғой. Бірақ мен постмодернист емеспін.