Дидар Амантай. Біреудің өмірі

Қазақстан жазушыларының шығармаларын қолдау мақсатында белгілі жазушы Дидар Амантайдың әлі сиясы кеппеген "Біреудің өмірі" атты повесін ұсынамыз.

***

Часто самый верный способ

ввести человека в заблуждение –

сказать ему чистую правду.

Марк Твен

 

БІРЕУДІҢ ӨМІРІ

повесть

 

1

– Сіз, – десем, аспан айналып жерге түседі.

Әсем едіңіз. Мана, түс әлетінде, Қарағандыдан шықты деген хабар жеткен соң, мазам кете бастады. Бала кезімнен, осы шағыма дейін, басымнан өткен барлық қызықты, барлық бақытты жайттарды ойлап, ұмытқан күндер есіме түсіп, тынышымды алды. Қалқиып ашық теңізге шыққан алып кемеге қарсы, жолындағы кедергілерді құлатып, бұзып-жарып алыстан үлкен сең жүріп келе жатқандай көрінді.

– Сіз, – десем, аспан айналып жерге түседі.

– Қайталай бересіз бе?

– Иә.

– Қызық емес.

– Енді не қызық?

– Білмеймін.

– Басқа қызық бірдеңе жоқ па, бұл өмірде?

– Басқа қызық бірдеңе жоқ, бұл өмірде.

– Мысалы, ақ шарбы бұлттар.

– Иә.

– Көк таулар ше?

– Жоқ, басқа қызық бірдеңе.

– Дүниеде Сізден асқан басқа қызық бірдеңе болуы мүмкін бе?

– Қойыңызшы.

Күлдіңіз. Жас күніміздей қол ұстасып алдық. Күлкі тереңді қопарады. Шыңырауда жатқан мұң-шерді қозғайды. Әдетте, бір тамшыдан соң тамған бір тамшы қайғы ернеуіне жетпей, кенересінен аспай тұрған таязды телегей теңіз уайымға батырады.

Құдайға шүкір, біз қападан адамыз. Сіздің жүзіңіз жадырап, біздің жүрегіміз дүрсілдеп, кенет бір сезімнің құшағында толқыдық. Жарқ еткен ой, жылт еткен сезім екеумізді әлдилеп келеді.

– Біртүрлі қападар.

– Не?

– Аспан.

– Жаңа ашық еді, енді қара бұлт төніп тұр.

– Жоқ.

– Міне, күн шықты.

– Тез.

– Иә.

– Сіз де мұңлысыз.

– Неге?

– Түріңіз...

– Не бопты.

– Жүзіңізде жалғыздық бар.

– Жүзімде, дейсіз бе?

– Иә.

Мен қабағымды түйдім.

– Не істесем екен.

– Ештеңе.

– Ол не, ештеңе?

– Ештеңе... түк жоқ дегенді білдіреді.

– Қандай ақылды сөз.

 Жарыса күлдік.

– Түр – алдамшы.

– Бәлкім, ештеңеге сенбейсіз?

Сіздің тосын сұрағыңыз.

– Жоқ.

Менің келте жауабым.

– Неге?

– Махаббат көп, өмір қысқа, бәріне уақыт жет-пейді.

– Сөз құнсыз, әрекет нәтижесіз, ой тиянақсыз.

– Көңіл айнымалы.

– Керісінше, сұлулық опасыз емес пе.

– Иә.

– Оның мерзімі бар, уақыты өткен соң, көркі қа-шады.

– Ажары таяды.

– Тозады.

– Бәрі өтеді.

– Ой ғана қалады.

– Естелік.

– Жадта.

– Сосын, суреті.

– Бейнесі.

– Көркем сезімді қайтеміз.

– Сөз ажарын ше?

– Түйсікті оятады.

– Тозбай ма?

– Ескіреді.

– Бәрі тылсымнан жаратылады.

Үйге бет түзедік. Ту сыртымыздағы ауыл енді қарсы алдымызда жатыр. Ұзақ әңгіме емес, үзік-үзік сыр шертісеміз. Сәніміз жарасып, үнсіз басамыз. Көптен естімеген қамырықты дауысыңыз қоңырау шалған сайын тереңде тұнып жатқан ескі шерді қайта-қайта қозғап, қапа мен мұңға бөлейді.

Қам көңіл ер қайта қамықты, жасында есінен, есейгенде сабырынан айырған, қызығын жадында, қасіретін көңілінде сақтаған сезім, түпсанада бейқам жатқан жасырын сырдың құпиясын ашып, ішкі жан дүниесін ұйқы-тұйқысын шығарып, асты-үстіне келтіріп, аударып-төңкеріп кетті.

– Енді не қызық деймін.

– Көз алдыңызға тұман байлана ма?

– Иә. Сізді көрсем, есім шығады.

– Неге?

– Білмеймін.

– Қалай білмейсіз?

– Қалайы несі, сұлулықтың сиқыры бар, арбап алады.

– Маған олай қарамаңыз.

– Сонда қарсы алдымда тұрған адамды көрмеймін бе?

– Басқаға қараңыз.

– Мен басқаға мұқтаж емеспін.

– Онда, Күнге.

– Күнге ешкім қарай алмайды.

– Айға ше?

– Түнде айға да қарауға болмайды.

Бәсе, тыста жаңбыр, беймезгіл уақ шатырды үздіксіз сабалайды. Тегі, бірде, төбемізден себелеп, білінер-білінбес тырсылдатып тұрады да, тоқтамай, талмай ұрады. Енді бірде қаһарлана, екілене төгіп-төгіп жіберіп, ылдиға, төмен жүйткіп, шүмектеп ағады.

Түн жарып шыққан үні анық жетеді, күбір-күбір. Терезе әйнегіне әлсіз тигені жайлап тырс-тырс етеді.

Жай-күйімді аңғарған ақ жауын бей-берекет шақ, қалаға қалың жауын-шашын шашып, дым бүркіп, арпалысады, желмен ойнап аласұрады.

 

2

 

Тыныштықтың өз дыбысы болады. Тас қараңғы түн ортасы төңірегіне тосын тіл қатады. Жалғыздықтың көкірегінде, оқшаудың жан дүниесінде, адам есінде, ұйқыдағы сана оянады. Төңірегін шолып, қарап отырған сана болмыстың өзгеріп келе жатқанын аңдайды. Сіз ойлаған нәрсені көресіз. Қарағанда бар нәрсе теріс айналғанда жоғалады. Жанар тоқтатып, тән-тұлғасына мұқият зер салған дүние ғана бақылаушыға көріне бастайды. Көңіл қалағанды көз де көреді.

– Қайсы дұрыс?

– Оң жағыңыздағы төте жолға түсіңіз.

– Жақсы.

– Кеттік пе?

– Иә.

Көп уақыт өтті. Екеуміз ауыл сыртындағы өзенге бара жатырмыз. Мен суға түсемін, Сіз қарап отырасыз. Қашықтан Қарқаралы таулары бұлыңғыр тартады. Екі ара жеті шақырым. Кейін Сіз мектеп бітіргенде, мен соңдарыңыздан іздеп барамын. Бүкіл жұрт Шоқпартастың етегінде жүрдіңіздер.

– Етектегілер біздер емес едік.

– Неге?

– Біз ары астық.

– Атам екеуміз шөп шауып жүріп, кетіп бара жат-қандарыңызды көрдік.

– Әкем бүлдіргені қалың болады деген соң, өрге қарай қиялай өрледік.

– Сай-сала толған жидек.

– Иә.

– Өткен аптада ма?

– Өткен аптада.

– Қазір бүлдірген ағып кетті.

Күн ыстық. Сіздің жүзіңізге ұрлана қарап қоямын. Бірақ, хал-жағдайымды байқадыңыз, демек, Сіздің ойыңызда тұрмын. Ұмытпаған екенсіз, яғни, зердеңіздемін, тірімін. Ой ие бермейді, ноқтаға сыймайды. Оның өз өмірі бар. Өмірдің өзі – ой. Ойдың өзі – өмір. Қайғысыздың бейнеті жоқ, мехнатсыз көңіл ғұмырдың өзін де, мәнін де аңламайды.

– Сіз, – десем, аспан айналып жерге түседі.

Дегбірім қашты. Әр нәрсені бір ойлаймын. Әдеттен тыс мазасызбын. Сіздің есіміңізді қайта естігелі көңіліме алаң кірді. Байғұс көңіл алай-түлей болды. Бір орында отыра алмай, жаным жай таппай, ішкі рухани әлемімді мұң жайлады. Елегізіп, елеңдеп, ескі шақты аңсадым. Сары уайым басқан өкініш, күйініш, сағыныш кенет есін жиып алды. Өзгертемін өмірімді, таңдаймын тағдырымды.

Өзен жағасында от жағып ұзақ отырдық. Күн тымық, жел жоқ, аспан толы қазбауыр бұлт, түтін тігінен созылып, түзу ұшады. Жалыны кенеттен әлсіз самал соға қалса, кейін серпіліп, денемізді қарып өттеді. Шоқтана бастағанда, орнымыздан тұрып, жаға-жайдан отын іздеп кетеміз.

– Сіз оқу бітірген соң, қайда барасыз?

– Ешқайда.

– Мен Қарағандыда қаламын.

– Маған Алматы ұнайды.

Екеуміз кезек-кезек еңкейіп, қу ағаш жинаймыз. Томар кездесіп жатса, балаша қатты қуанамыз.

– Сіз әскерден келдіңіз.

– Иә.

– Мен дүниені көруге енді бара жатырмын.

– Әскердің алдында Политехникалық институтта оқыдым.

– Сіз, сонда, мені ұнатасыз ба?

Дәл осылай сұрайды деп күтпесем керек, тосылып қалдым.

– Жауап бермей-ақ қойыңыз.

– Сіз ренжіп қалмайсыз ба?

Күлдіңіз.

– Не үшін?

– Енді...

– Мен, бәрібір, білемін.

Кенет алысқа қарадым. Өзеннің бас жағында бір топ бала суға шомылып жүр. Делебем қозып, шешініп тастадым. Сосын, суға сүңгіп кеттім. Біраз ұзап барып су астынан қалқып шықтым.

– Сіз қызық адамсыз.

– Иә.

– Сөйлесіп келе жатып, шешіндіңіз де, суға бір-ақ секірдіңіз.

– Енді, солай болды...

– Сүңгідіңіз де қайтып келдіңіз.

– Черчиль тәрізді.

– Черчиль?

– Иә, Черчиль.

– Естімеппін.

– Британия премьер-минстрі.

– Сосын?

– Келіссөз жүргізіп жатып, шаршап қалса, орны-нан тұрып, жарты сағатқа шығып кетіп, ұйықтап келеді екен.

– Тамаша.

Күліп жібердіңіз.

– Келе сала, түк болмағандай, келіссөзіне қайта кіріседі, дейді.

– Қызық.

– Мен Сізді жақсы көремін.

– Соны суда тұрып айту керек пе?

– Жылы.

– Жылы болса да.

– Оттың жанында ма, судың ішінде тұрып па, әй-теуір бір айту қажет болды.

– Ел естісе, күлетін шығар.

Сіздің өзіңіз бірінші күлдіңіз. Еріксіз мен де күлдім. Судан шықтым. Сүлгімен сүртіндім де, киімімді кидім.

– Ешкім іздемей ме? – деп сұрадыңыз.

– Іздесе де.

– Бірақ, төсек...

– Түсіндім.

– Нені түсіндіңіз?

– Төсек...

– Болмайды.

Байланыс қайта үзілді. Әдемі күлкіңіз сыңғырлап естіліп келе жатыр еді, үзіп тастады. Пойыз жолында ештеңе жоқ, анда-санда бір қосылады, жұрт хат жазысып үлгереді, сосын, тағы газет қарап отырады.

Шілде айы, күн ыстықта, ауыл сыртында сылбыр ағып жатқан өзен жағасында, біз қызған құмға тіземізді қойып, алақанымызды басып, бір рақат күйге бөленеміз. Тас түйіршіктері табанымызға батады, батып жатып қариды.

– Мен қалаға біржола кетемін.

– Қарағандыға ма?

– Қарағандыға.

– Маған Алматы ұнайды.

– Уақыт өтпей қойды, тақау арада мен қалаға біржола кетемін.

– Оралмайсыз ба?

– Иә.

– Мен қалаға біржола кетемін.

Иә, рас, тағатымыз таусылды. Мазмұны ескірген, бұрынғы классикалық әдеби-көркем шығармалардың әсіре-драмалық персонаждары, мені жын ұратын шығар, деп сахнада азап шегіп, бейтарап көрермен алдында басын ұстап, ерсілі-қарсылы, әрі-бері жүгіріп, жорта қиналып, елдің мазасын алушы еді баяғыда.

– To be or not to be.

– Быть или не быть.

– Қазақша?

– Білмеймін.

– Күлмеңіз.

– Күліп тұрған жоқпын.

– Бармыз ба, жоқпыз ба?

– Дәл емес.

– Өмір сүре аламыз ба, жоқ, өмір сүре алмаймыз ба?

Шекспирдің драмалары неге еске түсті? Жағдаймыз осы, жазығымыз жоқ. Не болады, қайтер екенбіз, қалай кездесеміз. Сауал көп, ағыл-тегіл, жауап қайдам. Өзгерді ме, сол беті ме, кінәласамыз ба, әлде түсіністік танытамыз ба, белгісіз. Әлбетте, қонақүйге жеке орналастырамын.

Үйге апаруға негіз жоқ.

Жайғасқан соң, жақсы ресторанға шақырамын. Біреу көреді. Ол жанашырлық танытып, жылдам басқа біреуге жеткізеді. Қауесет бұрқ ете қалады. Өсек тарайды. Демек, басы ашық нәрсе, артынан бәрі әйгілі болады. Әуелі әйелім біледі, ас ішіп отырып, сөз арасында бір-бірімізді қажап, тәжікелесіп, ренжісіп қаламыз. Сосын, жұрт.

– Вы что, целоваться умеете?

– Пенде емеспіз бе?

– Мен жоқта, кіммен сүйістіңіз, айтыңыз?

– Басынан бастайын ба, соңынан ба?

– Ортасынан.

– Иә. Тым ертедегілерді өзім де есіме түсіре алмаймын.

– Он бес пе?

– Жиырма.

– Көп шығар.

– Көп.

– Өкінішті.

– Несіне қиналасыз?

– Енді ше.

– Қызғанасыз ба?

– Иә.

– Сүйіспек түгілі, бала да таптық емес пе.

– Білемін.

– Білсеңіз, сол.

Мен қарсы аламын деп шештім. Осыған тоқтадым. Бекіндім. Төзіп келдім, қанағат, енді шыдамаймын. Еркін өмір сүремін. Отбасымнан кетейін деп жатқан жоқпын. Бірақ, көремін.

Бұйырмаған бақытымды көруім керек. Бұл сәтті қанша жыл тостым. Маған ешкім бөгет бола алмайды. Тас-түйін берікпін. Солқылдақ емес, түбегейлі ұй-ғарым.

Иә, шешімім түпкілікті. Жұрт қызық көріп телефон соғады. Мен үндемеймін. Үнсіздігім зығырданын қайнатады. Сабыр сақтасам, жүйкесі жұқарады. Тозады. Келе жатқаныңызды басында ел айтты, кейін өзіңіз қоңырау шалдыңыз.

Сұлулығыңызға тәнтімін. Бір сиқырыңыз бар. Мен түн ортасы ауғанда, қайта-қайта оянып, үстел басында отырып, ескі фотосуреттерді шолып, ұзақ қараймын. Көп жылдан соң, қайыра тесіле ұзақ қарағанда, әр бояуынан жасырынып жатқан өткен уақыттың бір ізін көресіз. Кейде, аса бір қымбат сәт, мезеттері еске түскенде, пышақтың жүзіндей өткір естеліктер нәзік жаныңызды аямай тілгілеп, сағынышыңыз күшейеді, сол кезде, көз алдыңыз тұманданып, ештеңе аңғара алмай қаласыз, жанарыңызға жас толып, бірге түскен, көнерген фотосуреттер бір-бірлеп көмескі тартып, құлазыған жан дүниеңізді жалғыздық жайлайды. Сыршыл суреттердің ар жағынан кешегі уақиғалар көрініп тұрады. Сеңдей соғылысқан, теңіздей арпалысқан сезімдер алабөтен толқытып, толғандырады. Әредік ұзақ тебіреніп кетесіз. Сіздің келе жатқаныңызды ойласам, көкірегімді шаттық кернеп, ішіме сыймаған терең тебіреніс ноқта көрмеген асаудай бұлқынып, қуанғанымнан жарылып кете жаздаймын. Сондай таныс, таңсық әрі тылсым бір шақтар. Тырс-тырс. Қоймайды. Екілене төгеді.

– Сіз, – десем, аспан айналып жерге түседі.

Иә, Сізге айттым ба, түсімде сөйлеп жаттым ба, белгісіз. Мүмкін, санамда жаңғырып тұр ма екен. Қай-да жүрсем де, нені ойласам да – Сіз.

Дауыс бір жақтан құмығып естіледі. Күні бойы көз алдымнан жарқын бейнеңіз елестеп кетпей қойды. Іргемнен бе, білмеймін, күбір-күбір сөз құлағыма жетеді. Ойымды бөледі. Кіреберіс дәлізден көрші бөлмеге көмескі жарық түседі. Көше де күңгірт. Алакөлеңке.

Түн іші. Жұрт тегіс шырт ұйқыда жатыр. Жым-жырт. Тамшылар дегбірсіз терезе қағып, әйнектер бірде қатты, бірде әлсіз, тырсылдайды. Көпке дейін көз ілмей қойдым. Сергекпін. Қайтер екенбіз. Тіл табысамыз ба, жоқ, біржола тарқасамыз ба. Бір-бірі-мізді көрмейтіндей едік. Енді – зармыз. Құрметпен сөйлейміз, мұқият тыңдаймыз. Үніміз оқыс қаттырақ шықса, жүректің қылындай аса бір нәзік байланыс күрт үзіліп кететіндей көрінеді. Жан дүниеміз алай-түлей, арқа-жарқа көңіліміз астан-кестең. Кетіскеніміз кеше ғана сияқты. Бүгін кешірім сұрасуға келгендейміз.

Көп нәрсе түсініксіз, демек, ақылға қонымсыз. Мүлдем. Сезім жетегіне еріп, шырмалып, шыңырауға құлап бара жатқандаймыз. Бізді құтқаратын балалық шақ қана. Есімізге түскен сәт жүзіміз нұрланады. Бір жылы естелік, сағыныш сөзі кеудемізде, жүрек түкпірінде үміт отын жағады, еңсемізді тіктейді, әйтеуір келе жатқан кездесуден, алда тұрған қуаныштан ырзық күтеміз, жақсылық болса екен деп тілейміз, бақ-береке дәметеміз.

Күдер үзбейміз.

Бірақ, бақыт мүмкін емес. Бұнымыз бос әуре тәрізді. Бұл дүниеде бақыт мүмкін емес. Мен барлық бейнетті көрдім, бүкіл қызықты кештім, алайда бақыт көрген емеспін. Білесіз бе, бақыт мүмкін емес.

Осы күнге дейін бақыт көрген емеспін. Ел өзін-өзі алдайды. Бізді сақтап тұрған алданыш қана. Бірақ, алданыш қанша күшті болса да, қуаты азаяды. Сар-қылады. Әуелі Сізді алдайды, сосын, өзіңізді өзіңіз алдайсыз.

Алданбасаңыз, тағы жаман.

Ұйқым бұзылды. Бірнеше рет тұрып, қағаздарымды ақтарып, алғашқы әңгімелерімді, жазған қолжаз-баларымды көтердім. Әр шимайы, қатесі, үтір-нүктесі таныс, ыстық, қымбат, саржағал ескі қағаздарым. Көк дәптерлер, ерте келіп, кеш аяқталған көктемім сияқты, көңілімді босатады.

Төсегімде жатып, жастық шағымды ойлаймын. Сыртта жаңбыр, терезелер әлсіз тырсылдайды, шыныға тиген тамшылардың дыбысы, жүрек түкпірінде жатқан небір сырдың есігін қағып тұрғандай естіледі. Тырс-тырс. Сірә, тағы ояумын.

Тырс-тырс. Неге ғашық едім. Көмескі сезім қайта жаңғырды. Көздеріңізде – нұр, күлкіңізде жыр. Естен кеткен жоқсыз. Алайда, есіл ерді діңкелетіп, табаны күректей қырық жыл қинадыңыз. Жаныма батты, жүрегіме шаншудай қадалды. Сіз деп жүріп, жер ортасынан астық, бірақ, іздеген бақытымыз ұзақ кешікті. Сөйтіп, жылдар өтті, айлар өтті. Күн артынан күн ұзаттық. Енді бақытқа уақытымыз да қалған жоқ. Күтіп едік, әйтеуір бір көрінді. Бір күні қарсы алдымыздан қалқиып шыға келді. Тырс-тырс. Есімде, түнгі жаңбыр туралы көп жазғанмын. Тырс-тырс.

– Сіз, – десем, аспан айналып жерге түседі.

Бірақ, кейде кешіп жатқан бақытым өзіме бөтен сияқты. Ең бір тамаша сәт, елуге толған күні көңілімді қаяу шалды. Түс көрдім бе, ой қажытты ма, уайым жеді ме, таң қылаң бере, елең-алаң оянып кеттім. Сосын, Сіз есік қақтыңыз. Тырс-тырс.

Есейгендегі әдет. Толық ойланып-толғанып біткен-ше сергекпін, бір сәт көз ілмеймін. Ұйықтап кетсем, байланған түйін сол беті тарқатылмай қалатын сияқты көрінеді. Күрмеліп, ертең шешілмей қойса қайтемін.

Рас, Сізді, жастық шағымды іздедім. Қазір, екеуі де жоқ. Көңілім жүдеп, үстел басында жалғыз отырмын. Бұрын көп едік, енді некен-саяқпыз. Үйдің әр бұрышынан қарайып көрінеміз.

Үйден кеткім келді. Безіп, бір жаққа, қайда болса да, мейлі, ең бастысы, бұл уақыт, осы жерден қашып, қор өмірімді тастап, Сізге жетсем деп армандадым. Бұл шаңырақта мені байлап тұрған ештеңе жоқ. Астана, Қарағанды, Тараз, Шымкент, Ақтау, Қызылорданы аралап, елді, Жетісу, Түбек, Арқаны сағалап, сағы-нышымды басып қайтайын ба. Ғұмыр таусылды, дерт қаптады, науқас көбейді, қазір қыдырмасам, енді көрмесем, қашан?

– Сіз, – десем, аспан айналып жерге түседі.

Әлі есімде, Азамат екеуміз Жарлы өзені бойында суға түсіп жүрдік. Бір уақыт Сіз келдіңіз. Қасыңызда бір топ құрбыңыз бар. Күн жүзіндей дидарыңызға тамсанып, көгілдір ай бейнесіндей әдемі қалпыңызға таңырқап, жирен сары шашыңызға таңғалып, бір таңсық сезім жүрегіме тіл қатты. Көз жазып қалма, деді.

Бәрі теріске шықты.

Жас ару, деп үн қаттым, мен Сізді сүйемін. Күйе-тінімізді білмедік.

Екеуіміз неге қосылған жоқпыз, жұбымыз жарасып, өмірден неге қол ұстасып бірге өтпедік.

Дауыл күні от тиген ормандай өртендік.

– Сіз, – десем, аспан айналып жерге түседі.

Тырс-тырс.

 

3

 

Бүгін күтіп аламын. Өмір жүрдек пойыздай жылдам. Енді қарап тұрсақ, болды ма, жоқ па, деп күмән келтіреміз. Тез айналған кинокадр секілді, көріп үлгердік пе, әлде ондай кадр болған жоқ па, күмәндіміз.

Мен Сізді тойда көрдім. Кешегі өкпе-реніш жібер-меді, қасыңызға бара алмадым, тақаған жоқпын, бір-бірімізден алыста тұрдық. Содан кейін, Сіз күйеуге шығып кеттіңіз.

Бітті.

Бірден, бір-бірімізді ұмыттық. Күнделікті күйбең басталды. Бәрі шапшаң, асығыс, лезде өзгереді. Қар-балас тіршіліктен қол босамайды. Бала-шаға қамы, тұрмыс мехнаты, отбасы жағдайы. Қаншама ауызды асырап-сақтау қажет. Бейнет көп, шаруа жетеді. Бірақ, ұмытпаған екенбіз. Өмір бойы аңсап өттік. Сіз ас қамдап жүріп мені ойлапсыз, мен жазып отырып Сізді аңсап едім. Сөйтіп, бір күні ажырасқанда, бірінші іздеген адамыңыз да мен екенмін. Қатты сағынсаңыз керек, тез хабарластыңыз.

Енді Алматыға келе жатырсыз. Басым бос емес, қол-аяғым байлаулы. Әрі кетсе, бірге екі қонамыз, үшінші күні үйге қайтамын. Сізді жалғыз тастап кетемін.

Қорланып қаласыз. Енді, мені көрмеймін дейсіз. Сенемін. Бір-бірімізге ерегісіп отыз жыл жүрдік қой. Екі отбасында. Бөтен үйдің түтінін түтеттік. Басқаға бала тудық. Екеуміздікі қайда...

Бізді бір-бірімізге байлап, ұстап тұрған ештеңе жоқ, не дәнекер екенін білмеймін, әйтеуір бірдеңе жібермейді.

Екеуміз бас құрағанда қандай өмір сүрер едік. Қазір де қайда жүр екен деп іздеп отырамын. Бір-біріміздің өмірімізді әр сағатына дейін білеміз. Сіз де хабар-ошар алып тұрдыңыз. Сірә, біреулерден сұрастыратын шығарсыз.

Көзімде мұң бар. Кейде, мен өзі қандай ғұмыр кештім деп ойлаймын. Бала-шағама жат болмасам да, жарыма бөтен екенмін. Мені Сізден басқа кім қуанта алады.

Не істейміз, осылай болды. Бар қызықтың тас-талқаны шықты. Жас кезімде жасаған жоспарым жү-зеге аспады, тұғырым қирады, тұрағым астан-кестең. Бүтін нәрсе бар ма өзі. Бәрі бүлінген. Жарты. Орта.

Байлықтан адамыз, мүліктен айырылдық. Дүние-жи-һазға құмартқан жоқпыз. Үйір-үйір жылқы айдап, отар-отар қой өргізіп, топтап бәйге аттарын ұстап, желіге тізіп құлын байлап, ырысым артылған, дәулетім шалқыған емес. Денсаулықты күте алмадық, сыр берді.

Иесіз дала жау шақырады.

Сізді ше... көп нүкте жақтырмасам да, қойылып кетеді. Әредік. Сіз басқаға кеттіңіз. Басқаға бақыт әпергіңіз келді. Бірақ, ол, бәрібір, басқаның бақыты еді. Иә, ақырында – мынау. Не ары, не бері емес.

Бүгінде – айқын, еш жасыратыны жоқ, біз басқаның өмірін сүрдік. Сондықтан, бақытсызбыз.

Мен күнде таңертең ерте, елең-алаң төсектен тұрып жатып қашан осының бәрі бітеді деп ойлаймын.

Өзенге үшінші рет келгенде, су жоқ, тартылып қалыпты. Жан-жағы – қаптап, қаулап өскен қияқ шөп. Кешегі өзен табаны – бұрқылдаған ақ ұлпа топырақ. Біз аңғарда, дере жардың шетінде аяғымызды төмен салбыратып ұзақ отырдық.

Үнсізбіз. Көз алдымыздағы Қарқаралы таулары сол беті. Бұрынғыдай сағымданып көрінеді, шың-құздары да өзгермеген. Бірақ, өзен жоқ, кезінде Жарлы суы мол өзендердің бірі еді.

Біз аңғардың ішіне секіріп түстік те, ілгері жүрдік. Алыстан Шортанды көрінді. Кірпіші көне Шатырлы бейіт қарауытады.

– Бұ дүниеде жалған жарықтықтан асқан не опасыз?

– Махаббат.

– Неге?

– Әйел баласы ұната қоймаған, жақтырмаған, тіпті, жек көрген еркектен де перзент сүйе береді.

– Рас.

– Зорлықтан да періште туады.

– Енді, қайтесіз.

– Сіз сүйген баланың әкесі аяр болса да, сәбиден бас тарта алмайсыз.

Жазда, елде, Арқа өңірінде жайма-шуақ кез орнайды. Күн шуағын паналаған тіршілік тегіс ұшып-қонып, алып-ұшып, қым-қуыт, астан-кестең күйге түседі. Жалғыз қонып шыққан түні Сіздің көңіліңіз суып, өрекпіген сезіміңіз басылады. Білмеймін, түбі баянсыз сияқты. Бірақ, құштарлығымыз артады. Жас күнімді қайтарса, мен ойланбастан бірден Сізге күйеуге шығар едім деп айтыпсыз.

Ол күн қайда. Мен де кібіртіктемес едім. Шешімім дайын, өзім де тас-түйін.

Қателігім сол. Сірә, Сізді шексіз, мүмкін, көзсіз сүйген шығармын. Жұптаса алмғанымызға жаным ауырады, бірге ғұмыр кешпегенімізге өкінемін. Алда не күтіп тұр, артымызда қимайтындай не қалды. Ештеңе. Тіпті, ешкім.

Жадайымыз осы.

Бұл бастан өткен кейбір жайттар сұрақты еселейді, күмәнді көбейтеді. Қайдасыз, мен Сізді күтіп жүрмін.

–Кешігуге бола ма, – дедіңіз.

Өзен аңғары бойымен келе жатырмыз. Шілденің таңғажайып күні көңіл күйіміз де тамаша. Сүйіскіміз келеді. Батылымыз бармайды. Бірақ, сүйісусіз де жақ-сы. Әлі үлгереміз.

Сол кезде Сіз сөз байласып жүріпсіз. Бірақ, басқаға тұрмысқа шықтыңыз. Бір түнде танысып, ертеңіне көлік мініп, кетіп бара жаттыңыз. Кейін мен естігенде, маған ешқандай әсер еткен жоқ. Мен, тіпті, бұл жағ-дайдың салдары қатты болатынын да ойламаған, аңғармаған екенмін.

Соңы жаман болды.

Сіз бақытсыз, мен – өкіндім.

– Кімге кінә артамыз?

– Сізге.

Дала қапырық. Ептеп майда самал жел еседі.

– Екеуміз де айыптымыз.

Сосын, сөзіміз үзіліп кетті. Пойыз жылдамдығын еселей түсті. Байланыс қайта қалпына келгенде, Сіз айттыңыз:

– Мен Сізді әлі күнге шейін...

– Бірінші рет естіп тұрмын.

– Неге?

– Есіңізге түсіріңіз.

– Мен Сізді әлі күнге шейін сүйемін.

Үндемей қалдық. Сосын жайлап үн қаттыңыз:

– Сіз де.

Кенет дүние кеңіп сала берді. Көкірегіме қуаныш толды. Бұрын айтсақ, қайда қалдық. Неге дүние кешігіп жүреді, неге сүйіспеншілік жасырынып жүреді. Әлемде не көп, өкініш көп. Күйініш те, күйзеліс те көп. Өкіндірмейтін, опындырмайтын өмір неге жоқ. Әттеген-айсыздың әуресі алақайлаған шаттықтан әлдеқайда басым. Мен бұрылып, жүзіңізге ақырын барлап қарап, тіл қаттым. Сіздің ішкі жан дүниеңіз алай-түлей.

– Кешіріңіз мені.

Үнсіздік орнады.

– Жоқ, кешірмеңіз, мен бейнетін толық көруім керек, уын түбіне шейін ішуге тиіспін.

– Одан не пайда?

– Пайда жоқ болса да.

– Уақытты кері шегіндіреміз, десе, мен де мехнатына шыдар едім.

– Бейнет-мехнат кепіл емес.

– Иә.

– Қайран, жастық.

Ар жақтан Сіз күрсіндіңіз.

– Өткен бір жерде жүр, өмір сүретініне кәміл се-немін.

– Жүрегімізде.

– Көңіл – өткен шақтың мекені.

 

4

 

Көп жылдан соң, бірінші рет кездесуге келе жатырсыз. Енді амал жоқ. Құдайдың жазғанына көнеміз де. Сізді алғаш көргенім есімде қалып қойыпты. Мектеп дәлізінде, дәлірек, кіреберісінде құрбыларыңызбен бірге шулап жүгіріп жүрген едіңіз. Мойныңызда қызыл орамал. Желп-желп етеді. Жалаудай желбірейді. Тү-ріңіз орыс қызынан аумайды. Таң қалдым.

Әрине, ерекше әдемісіз. Елуге тақасаңыз да, ажарыңыз тайған жоқ. Сосын, дауысыңызда бір сиқыр бар. Адамды өзіне баурап алады. Сиқырдың күші қатты, мен әлі айыққан жоқпын.

Қасен марқұм есіңізде шығар. Жақсы жігіт еді. Бірде, ол маған қоңырау шалды. Әлиманың үйіне ша-қырды, қасында Сіз бар, деді. Мен құстай ұштым. Шай іштік. Күлкі-қалжың айттық. Анамыз іздей бастағанда, тарқастық.

Сол кеште екеуіміз бір-бірімізге қатты әсер қалдырдық. Сол әсер маған әлі күнге шейін маза бермейді. Тәлімгер кезімде, аудиторияларда дәріс тыңдап отырғанда, ойын-сауық кештерінде биге кезек бергенде, тоқсаныншы, дағдарыс жылдары қараңғы көшелермен түнде жалғыз ән салып келе жатқанда, ұшақтарға мініп шетел асқанымда, Париж, Рұм, Берлин, Милан, Амстердам, Вена, Хельсинки, Братислава, Вашингтон, Нью-Йорк қалаларына құрлықтар, мұхиттарды көктей өтіп, талай тау-орманды артқа тастап, таң ата елді мекендерге келіп қонғанымда, осы әсер ойымнан бір сәт кетпейтін еді. Жазған жазуымнан да білініп тұратын.

Дәл есімде жоқ, Сіз звондадыңыз ба, әлде мен телефон шалдым ба, әйтеуір Алматыға келетініңізді айттыңыз. Сіз хабарлама салдыңыз, қабылдағанда, хат жіберген номеріңізді көріп, мен де тере бастадым.

Телехабарға қатысып, “31 арна” ғимаратынан есік алдына шыққан бетім осы еді, көп сөйлесе алмадық, кісі қалың, бірақ дауысыңызды естігеніме, келемін деп айтқаныңызға қатты қуанып қалдым.

– Бұрынғы өзен жоқ, – дедіңіз.

– Бұрынғы әсер ғана бар.

– Бәрі жадымызда.

– Жад – әсердің ұясы.

Сіздің өзенді еске алғаныңызға таңмын. Бірақ, бұл өзеннің жағасында біздің балалық шағымыз қалды. Түнде түсіме кіреді, күндіз ойымнан кетпейді. Қызық, түсім өзгермейді. Үнемі бір ғана түс көремін. Қашанда суға түсіп жүреміз.

Су – тіршіліктің бастауы. Топырақтың құнары суда, судың отаны – қара жер. Өмір суды мекендейді. Су топырақта өмір сүреді.

Біздің жақта су аз, сондықтан қадіріне жеткен елміз. Су жоқ жерді құрғақшылық басады. Шөл дала арманмен өмір сүреді.

Су – жадтың қойнауы. Дүние тарихы судың есінде. Әдетте, су ештеңе ұмытпайды.

Біз түскен су – біздің есімізде, біз – судың есіндеміз. Қарағанды суы қасиетті, бірақ судың бәрінде кие бар. Су өзі өмір сүрген форманы ешқашан ұмытпайды.

Қарағанды. Бала кезімде кеттім, жер ортасынан асқанда, қайттым. Дүние кезіп, ел көруге шыққан едім, қартайыппын.

Біздің кездесетінімізді айтсаңызшы. Мен кеңсеңізге барамын. Сіз күліп қарсы аласыз. Шаруаңызды бітірген соң, қараңғылыққа сіңіп жоғаламыз. Қара мақпал түн қараң-қараң көрініп кетіп бара жатқан екі сұлбаны бірте-бірте қараңғыға батырады.

Жүзіңізге қарап-қарап қоямын. Тағы фото ақтарып отырмын. Не көрінді маған, осы сұлулықты неге бұрын көрмедім. Кім бөгет болды, не кедергі жасады. Маған жұмбақ. Бірақ, белгілі.

Қазір Сіз маған келе жатырсыз.

Алғашқы бекеттерге тақап қалдыңыз ба. Пойыз сартылдап шойын жол үстінде, сірә, ағызып, зымырап келеді, телефон шалғанымда, іңкәр дауысыңыз кейде құмығып жетеді, кейде анық естіледі, байланыс қайта-қайта үзіліп қалады, күміс қоңыраудай сыңғырлаған үніңіз ән салып келе жатып құлағымда біртіндеп өшеді.

Кейде жаңғырып тұрып алады.

Мен Сізді Алматыда күтіп жүрмін. Біресе кіремін, біресе шығамын. Есікте маза жоқ. Бір ашылады, бір жабылады. Әңгімені неден бастасақ екен деп ойланып қоямын. Сіз, төсек қатынасын дәметпеңіз, деп айттыңыз. Мен де зар емеспін. Жай ғана Сізді көргім келеді. Бірақ, екі жақ та бірге қонамыз деп келістік.

Бір үйде емес. Бұл жасқа дейін еркек те, әйел де, құмардан шығады, ыстық-суығы басылады. Жалғыз-дықтан қашып, жанына да, тәніне де жылылық із-дейді.

Төсек, шіркін, төте жолдан айналма ұзақ сапарға айналады. Бұрынғы көрсеқызарлық орнына тыныштық, сабыр, байыптылық келеді.

Енді төсегіне асықпайсыз, төсіне қызықпайсыз, төңіректеп жүріп алмайсыз. Сіз көңілін күтесіз. Ықыласы жоқтан бой тартып, ымырасызға жоламайсыз, нәпсі қара дүлей күштен нәзік сезімге айналады. Сізге шынайы сезім қажет.

Бізге.

Кеше ғана тәкаппар едік, бүгін – кішіпейілміз. Бұрын жанарымызда жалындаған от-жалын бар-тұ-ғын, қазір көзімізде сәуле де жоқ.

Сөнген.

Бірақ, өртеніп өмір сүрмесек, дүниенің несі қызық. Оттан шоқ, шоқтанып жатқан қоламтадан күл ғана қалады. Ерте сөніп не керек.

Жас кезімде Сізді құшқанда, омырауыңыздың ар жағынан лүпілдеп соғып тұрған жүрегіңізді сезетінмін. Елуге жеткенше жалаңаш дененіңізді көрген емеспін. Жасында қандай болды екен деп ойлайтыным да рас. Шіркін-ай, аппақ сұлу тәніне басқа тояттады ғой деп күйзеліп кететінім де бар. Тығыз, мүсіндей бәденді жас денеңізді қызғанып-қызғанып қаламын.

Біз бірге келе жаттық. Аңғар ішімен жалаңаяқ жүріп келеміз. Қарсы алдымызда орасан зор Күн.

Күн де су ішеді. Таңғы шықты бір деммен жұтып қояды. Сосын, мұхиттарға көшеді. Теңіздерден көсіп алады. Көлдерден уыстайды.

– Өзенге барамыз ба?

Бұл керемет сиқырлы сөз болатын. Жаз қызығы суға түсу еді.

– Иә.

– Жаяу?

– Енді.

– Суға жаяу барған жақсы.

– Рас, ыстықтап барасыз.

– Енді өзен жоқ.

– Ешқашан көрмейміз.

– Сонда, ол қайда кетті?

– Жер астына шығар.

– Иә, бірақ, басқа қайда болады.

– Бір күні бір жерден шығады.

– Басқа жақтан ба?

– Басқа жақтан.

– Одан не пайда.

– Демек, бізге басқа өзен ағып келеді.

– Басқа атпен.

– Басқа атпен басқа өзен ағып келеді.

– Суалған арналар көміліп, жаңасы пайда бола ма?

– Мүмкін.

– Өмір тоқтамайды.

– Салыстырмалы түрде.

– Күн сөнетін де уақыт белгілі.

– Бес млрд жыл мәңгілікке тең.

– Бізге берсе ғой.

– Кісілік, әсіресе, ар-ұят өмірдің ұзын-қысқалығына байланысты.

– Қысқа ғұмыр қас-қағым дүниенің құнын көте-реді.

– Шексіз тіршілік қадірінен айырады.

Үнсіз жоғары өрледік. Кешегі өзен ағысына қар-сы. Өзен бері ағып еді. Біз ары жүрдік. Енді Сіз келе жатырсыз. Қарағандыдан бірнеше сағат бұрын шықтыңыз. Алда Ағадыр, Сарышаған, Мойынты, Шу, Отар, Шамалған бар. Сосын, Алматы.

Мен дәметемін. Бірге қонсақ, бірге жатсақ деймін. Көп жылдан соң көргенімнің төлеуі ретінде. Қанша азаптандым, бейнет кештім, мехнат шектім. Дүние әділетсіз, екі бастан аян, дүние әділетсіз. Бәрі біздің қолымызда, көнсек, құрбанымыз, төзбесек, сырттанымыз.

Әскерге кетіп бара жатқан күні, кешқұрым уақыт, дастарқанды тастап, Сізге барғаным есімде. Үй сыртында сөйлесіп көп тұрдық. Салмақты сөзімді жеңіл қылжаққа айналдырдыңыз, теріс мінез көрсеттіңіз, әңгімеміз жараспады. Үмітім ақталған жоқ. Мен әс-керге құлазып аттандым.

Кейін аз уақыт хат жазысып тұрдық. Сосын, байланыс үзілді. Бір-бірімізді ұмытуға тырыстық.

Бірақ, әскерден келгенде, құштарлығымыз күшейді. Тағы да жұптастық, тағы да тарастық. Сонда, не үшін тартыстық. Кім биік дегенде, мақтануға ма, мақтануға бола ажырадық па. Әркім өзінің аса тәкаппар екендігін көрсетті. Алдымызға жан салмаймыз. Елді меңсінбейміз. Бұл қылықтарымыз үшін тағдыр бізді жазалады. Екеуміз де бақытты емеспіз. Жалғыздықта күн кешеміз.

Өмірдегі кез келген қателік ешқашан түзетілмейтін қателікке айналады, себебі, жас өзгереді, уақыт жаңарады, бірақ, жастық шақтың қателігі өзгермеген қалпы сол жастық шақта қала береді.

Пойыз жүйткіп келе ме, терезеден қарап тұрсыз ба, әлде көзіңіз ілініп кетті ме екен. Мүмкін, түс көріп жатырсыз. Шын сүйетін шығармын, дегбірсізденіп мазам кете бастады. Сіз келгенше маған тыныштық жоқ. Кездесуіміз бекер ме екен. Бір-бірімізді ұнатпай қалсақ ше. Әсерден айрыламыз.

Кәріліктің басы да кәрілік. Қартайған шығармыз, денеміз ауырлап, түріміз шау тартқан шығар. Бір-бірімізді жақтырмай жатсақ ше. Уайым-қайғы да қартайтады.

– Сіз өлімнен қорқасыз ба?

– Жоқ.

– Сонда, неден?

– Қартаюдан, сосын... төсек тартып жатып қал-ғаннан қорқамын.

Жын емеспіз, жүзіміз тотығады, жүрісіміз баяулайды, басымызды қырау шалады. Тағы қандай теңеулер бар. Әсер етпейді. Метафора қанша кемел айтылса да, метафизика емес. Ол жай ғана сөз. Мүмкін, қанатты, ұшқыр, жүйрік шығар, бірақ, өмірдің өзі емес. Көлеңкесі.

Жас күніміздегі махаббат қайда, бірақ, ес жоқ. Бұлағай сезімнің жетегінде кетеміз. Күштіміз. Шарт ете қаламыз. Шауып түсіреміз. Бір-бірімізді жаралаймыз. Аямаймыз да. Бізге қатыгездік қайдан келді. Өкпе тұстан оңды-солды найза шаншып, қынаптан семсер суырып, турап жібереміз. Түйреліп, шабылып жатамыз. Осының бәрі не үшін. Бұған махаббаттың қатысы жоқ. Көксегеніміз өшпенділік емес, көргеніміз. Біз сүйіспеншілікті аңсадық. Аңсап өттік те. Енді не қайыр. Не бізге опа, кім – пана.

Шаршадық. Жабырқаумыз. Ғұмырымыз тас-тал-қан, арман-қиялымыз күл-парша. Кім жауапты, әрине, өзіміз. Дүрсілдеп келе жатқан пойыз іші алакөлеңке шығар. Ойлануға жақсы.

 

5

 

Перзент сүйдік. Бала – жан емшісі. Нәрестеге қарап, періштені көреміз. Сәби ересек адамға ес береді.

Сосын, күш. Балада қуат көп. Ол кез келген қайғы-қасіретке дауа. Ұрпақ біздің өмірімізді ұзартады. Қайғымызды жазады.

Бірақ, бір-біріміздің баламыз бір-біріне жат, бізге де бөтен. Сіздің қуанышыңыз біздің бақытымыз емес. Бауырымызға тартсақ та, Сізге анасы, бізге әкесі көрініп тұрады. Қабылдай алмаймыз.

Іштей жақтырмауымыз да мүмкін. Екеумізде ортақ бақыт жоқ. Мұңымыз бір, қайырымыз бөлек.

Ұрпақ айырып отыр. Екі жақ. Туыс емес, туажат та. Атасы бөлек, ағайын-жұрты басқа.

– Біз бір-біріміздің балаларымызды жақсы көреміз бе екен?

– Жақсы көрмейміз.

– Неге?

– Атасы бөлек.

– Сол үшін бе?

– Сол үшін.

Кейде жазудан шаршаймын. Шаршағандық та емес, мағына көрмеймін. Қалам мүдірді. Жазуда бұрынғыдай қуаныш жоқ. Уайымы көп, мәңгі деп жазған кітаптарымыз уақытша да керек емес. Оқырманды келешектен іздейтін болдық. Бүгіннен таппадық. Күдер үздік.

Жұрт немқұрайды. Тағдырымыз неғайбыл. Туындымыз түсініксіз. Аш қоғамның халқы да асыранды. Бай елдің кедейіне дейін еңбекқор.

Шынымен, енді кітап оқылмай ма? Меніңше, оқырман дәуірі, қаламгер дәурені аяқталды.

Өлейін деп жатқан науқасты аман алып қаламыз деп, су да ішкіземіз, таңдайына бал да тамызамыз. Үшкіреміз. Дем саламыз. Бекер әлдилейміз, аялаймыз, күтеміз. Бұйрық келді. Дәм-тұзы таусылды. Енді кідіріс жоқ.

Қазіргі күні кітаптың қазасына қайғыратын адам да қалмады. Бәріне – бәрібір. Біз, азғана топ соңғы сапарына шығарып саламыз.

Бізге, жазушыларға басқа жұмыс іздеу қажет.

Жас күнімізде неге бір-бірімізді жақсы көретінімізді біле тұра, керісінше, бір-бірімізден сезімімізді жасы-руға тырыстық. Сіз басқаны жорта қаладыңыз, мен өзгені жалған сүйдім,

Есімде, тауға шыққанда, мен соңыңыздан бардым. Тасадан шыға келгенде, екеуіңіздің сүйісіп тұрғаныңызды көрдім. Теріс бұрылып кеттім. Енді ешқашан Сізбен жолықпаймын деп шештім,

Ұмытамын деп ұйғардым. Содан соң, бірде тойда кездестік. Сіз басқа ортада, бөлек билеп жүрдіңіз. Мен Сіз жаққа көз салған да, назар аударған да жоқпын. Онсыз да өзіме қызықты сияқты, немқұрайды болуға тырыстым. Бірақ, қарағым келді. Бар ойым Сізден кек алу еді. Оны жүзеге асырдым, алайда Сізден айрылып қалдым. Сол кештен кейін Сіз біреумен танысып, асығыс тұрмысқа шықтыңыз.

Ол Сізді қинады. Әуелі қызғанды, сосын, қорлады. Сіздің ауылда туып-өскеніңізді үнемі бетіңізге басып отырды. Жер-жебіріңізге жетіп, Сізді, ар-намысыңызды аяққа таптады. Күндіз көңіліңізді құлазытты, түнде жа-ныңызды жылатты. Қараңғыда көз жасыңыз жүзіңізді жуып, Сіз көпке дейін кірпігіңіз айқаспай, ұйықтай алмай, әрі-бері дөңбекшіп көп жатушы едіңіз.

Сіздің ғұмырыңыз басқаша болуы керек еді. Бірақ, Құдай басқа салған соң, көнуге тура келді. Бала сүйдіңіз. Екі перзент көп те, аз да емес, бірақ, Сізді бұл босағаға біржолата байлады.

Мен Алматыда оқыдым.

Екі бөлек өмір сүрдік. Сіздің ғұмырыңыз өзгеден бұрын өзіңізге жат еді, бірақ, мен де адастым. Түбінде кездейсоқ бас құраған жұбайымыздан айрылысып тындық. Қайта үйлендік. Бірақ, екі арада қайда жүрдіңіз. Хабар кеш келді ме. Жоқ. Себебі, Сіз өзіңіз кешіктіңіз, мен ерте кеттім. Әрине, бір-бірімізді айыпқа бұйырған оңай, негізі, бірдей кінәліміз. Екеуміз де ажыраса сала, бір-бірімізді іздедік. Жақсы. Таптық. Тамаша. Бірақ, тағы қосыла алмадық.

Бұл неткен зауал. Неге біздің басымызға күн туды. Бір сынақтан өтіп едік, енді екіншісі алдымыздан шықты.

Сіз жоғалдыңыз. Мен де хабарласпай қойдым. Не көрінді бізге. Бір-бірімізді тәрк еттік. Алда өміріміз көп сияқты барымызды бағаламаймыз. Қалай болса, солай қараймыз. Бақыт бізді қайтсін, бір-біріміздің қадірімізге жеткен жоқпыз. Енді телефон шалмаймыз, ватсабымыз істемейді. Инстаграм мен Фейсбуктен шығып кеткенсіз.

Сонда, осыған дейінгі сергелдеңнің не қажеті болды, несіне бір-бірімізді аңсадық. Ынтызар болдық. Ықылас көрсеттік. Әуреледік. Сағынышымыз қазір де күшті, бірақ, бір тылсым күш екеуміздің басымызды қоспайды. Бірге жүріп адасқан жоқпыз, бөлек өмір сүріп бағытымыздан, тіпті, бақытымыздан да жаңылдық.

Өмірде бақыт бар ма. Шат күндер, шат-шадыман мезгіл, шынымен, бақыттың белгісі ме, меніңше, біз анық қателесіп жүрміз. Көбейген күлкінің сыртында жалғыздық бар. Бейнет жатыр. Ұйқысыз түндердің бейнеті. Жол тоспаймыз, ешкімді күтпейміз. Бірақ, елеңдейміз. Бүкіл әлем бізге қосылып, құлақ түріп бізбен бірге елеңдейді. Елестен басқа ештеңе жоқ. Екеуміздің де ерегісіп отырғанымызды білеміз. Ешқайда жылжымай, ештеңе көрмей, ешкімді тыңдамай.

Бізге бақ қонып, құт дарып, бір күні пенделік бақыт бұйырмасы белгілі. Бақыт іздеп, бақ тауып қажеті бар ма. Бақыт біздің пешенемізге жазылмаса керек.

Өзімізге өзіміз мойындай алмай жүрміз. Шындықты аңсап, шындығын айта алмаймыз. Екі жүзді емеспіз, опынамыз. Жақсы күнімізді жамандыққа қимаймыз. Маңдайымызға жазғаны – осы мехнат.

Кейде қатты ойланып кетемін. Неге жақын қосылмайды, екі жарты бір бүтін құрауға не кедергі.

– Енді бұл өзенді көрмейтін шығармыз.

– Неге?

– Меніңше, көрмейміз.

– Қайда кетеді деп ойлайсыз?

– Тартылып қалады.

– Мүмкін.

– Немесе, енді біз келмейміз.

– Есейдік.

– Ешкім суға түспеген соң, тартылып қалады.

– Одан емес шығар.

– Көр де тұр.

Дәл солай болды. Көп жыл өтті. Жарлы өзені тартылып қалды. Су жоқ, бар болса да, суға түсетін ешкім жоқ.

Біз де өзгердік.

Кеше зорлықта, қорлықта көрген, ұзақ жылдар шыдаған, төзген нәрсені енді қазір өз бойымыздан көрсек, бір-бірімізге қайтіп кешірмейміз. Бір-бірімізге деген талап күшті. Қатаң. Ал басқаға жұмсақпыз.

Өйткені бір-бірімізді шын сүйеміз. Махаббатымызды кіршіксіз көреміз. Сәл дақ түсіп, ептеген фальш байқасақ, кешірмейміз.

Бірақ, бұл дұрыс па?

 

6

   

Ертеде Сізді бір көрсем деп армандаушы едім. Енді өзіңіз келе жатырсыз. Жағдайдың күрт өзгеруі екеумізге де қатты әсер етті. Кішіпейілміз, екі сөзі-міздің бірі – Сіз.

Сізде үміт, сенде күдік бар. Сондықтан, сыпайымыз.

Бірақ, өткен уақыт оралмайды. Ол Сен болып қала береді. Біз – бұйырмады. Шын мәнісінде, бөтенбіз. Бір-бірімізді жақсы білмейміз.

Табаны күректей отыз жыл бір-бірімізді танымадық. Қандай халде болдық, не өмір сүрдік, қалай үйлендік, қайтіп айырылыстық. Екінші рет талпынып көрдік.

Ғұмырымыздың бейнетіне біз жауапты емеспіз, бірақ тағдырдың тәлкегіне себептіміз. Бас құрағанда, баламыз ортақ, басымыз бір болар ма еді. Қазір жат әулетпіз, жүріс-тұрысымызды перзентімізден жасыруға тырысамыз.

Жас кезімізде бізге де ғұмыр ұзақ, қуаныш мәңгі сияқты көрінетін, енді қазір өмір өткен соң, екеумізді адастырып кеткен асау сезімдерді ұрағымыздың жүзінен танып, бойынан тауып, сүйсіне, қызыға қараймыз, сірә, қартайып өлетін өмірге деген махаббат, шексіз құштарлық жас буынмен қайта тіріліп отыратын тәрізді, кісіліктің бір ұлылығы осында жатқан шығар, адам да, өнер де өлім дегенді ешқашан түсінбейді, ол бір кездейсоқ қателік секілді көрінеді, біз де кетеміз дегенге кім сенеді, менің өз басым мәңгі өмірдің бар екеніне қатты сеніп өмір сүремін.

Әйтпесе, мағынасы не?

Өмір сүрудің өзі – бақыт, бірақ, біз бақытты өмір сүргіміз келді. Бақыт адамды адастырады. Бейне бір мәңгілік ғұмырды әперетіндей бәріміз бақытты іздейміз. Бақытын таппады деп қиналамыз, қайғымыз да сол, бағы ашылмады деп аза тұтамыз. Ал, шын мәнінде, бар қасіреттің басы – өмірдің қысқалығында, өлімнің тура келе жатқанында. Сіз бақытты таппасаңыз да, ажал Сізді дәл табады.

Бірақ, қазаны ойлап өмір сүре алмайсыз ғой.

Қарым-қатынасымыздың өзі қателік. Жалғыздықтан қорықпаймын. Бақытымды уайымдаймын. Көңілімді жұбатар кім бар дейсіз. Қуаныштан айрылғаннан гөрі, оны көрмеген жақсы.

Дүние – жалған. Ертеден бар пікір. Меніңше, пенденің өзі де жалған. Қазаға ұшырағанда, көз жазып қаламыз. Содан кейін – көрмейміз. Ғасырлар өтеді, бір орында ұзақ аялдамай, бір жерде тыңғылықты орнықпай, біржола, көз алдымыздан мыңжылдықтар кетеді, сосын, одан да көп уақыт... адам түгілі, нәсілдің өзін жойып жібереді.

Тезаурастың ұзақтығы он шақты мыңжылдық қана. Адамзат өткенін білмейді, өзін танымайды. Жады қысқа, жаны бір сәттік.

Өмірі – қас-қағым.

 

 7

 

Сіз пойыздасыз. Өмір жайлы ойландыратын сапар. Әрбірден соң, өмірдің өзі саяхат. Шытырман. Қызығынан күресі, қуанышынан мұңы басым. Шырғаланы көп уақиға.

Біз – уақиғаның қаһармандарымыз. Финалы ашық. Қандай тартыс жүрсе де, соңы белгілі. Сюжеттердің басы мен аяғы бірдей. Ортасы бөлек. Тақырыбы ұқсас, тіпті, бір, желісі – бір-бірін қайталау.

Адам өмірі – ең қарапайым лиро-эпостық жыр. Бір күнде айтып шығасыз. Махаббат дастаны. Батырлар туралы қисса бөлек. Өйткені, қаһармандық – жырдың өзекті тақырыбы емес, эпизодтары.

Пенде – әлсіз нәрсе. Тез тоңады, тез үсиді. Ыстық-тайды. Аштыққа шыдамайды, шөлге төзбейді. Қай-ратсыз, күші аз, боркемік. Арыстан емес, жолбарыс та. Екеуіндей күші жоқ. Жануардан гөрі, жәндікке ұқсайды.

Бірақ, ой-сана берген соң, бәрінен озып отыр.

Кісінің міндеті не, киелі кітап жүктеген миссия ма? Адамзат оны мүлтіксіз орындауға қабілеті жете ме? Орта жолдан бұрылып кетеді.

 

 8

 

Сіздің дауысыңызға ғашықпын. Қоңыр. Естігенде, толқып кетемін. Мәнеріңізде үлкен мәдениет жатыр. Кісіге деген құрметіңіз. Әуезділік бар. Нәшпен тіл қатасыз. Баяу, орнықты, дербес. Кез келген жағдайда мінез-құлқыңыз, жүріс-тұрысыңыз бірдей. Біркелкі. Бір мінезді адамның қасиеті. Томаға-тұйық емес, орныңызды білесіз. Сондықтан, орынды сөйлейсіз.

Өкінішке қарай, ер таныған жоқ, ұрпақ асыл те-гіңізді ұққан емес. Сіз – ертеңгі күн адамы едіңіз. Кеше тудыңыз, бүгін – қор.

Елдің қадіріңе жеттіңіз. Жұрт – Сіздің. Парасат сезіледі. Құстың тілін білетін адамдай жорғасыз. Ділмар. Әсем дауысыңыздың бояуы қанық. Қалың. Құбылып, қаулай жөнелгенде жыр төгіліп жатқандай көрінеді, біреу ән салып тұрғандай әсер қалдырады. Іңкәрмін. Үніңіз ашық. Әрбір дыбысына дейін анық естіледі. Бар әріпті анық айтасыз.

Әдетте, паузаңыз ғажап. Үндемей тұрасыз да сөйлеп кетесіз. Алтын қанатты асыл сөздеріңіз ұясынан билеп ұшып шығады. Інжу-маржандай төгіледі.

 

9

 

Көп нәрсе еске түсті. Сіздің жорамалыңызға жақпын. Шынымен, біз бір-бірімізді білмейміз. Екі қалада жүрдік. Ортамыз әртүрлі болды. Биіміз бөлек, биігіміз оқшау. Үйіміз де басқа, үйіріміз де жат.

Көлденең жұрт Сізге де сөз салған шығар, біз де ару жандарға көңіл білдірдік. Бес жыл бойы он шақты қызға ғашық болдық. Күздің жабырқау күндері терезелерден көшеге телмірдік, қысқы шынылтыр аязда далада қыдырдық. Сәуірде ала қанат қыр астынан қызғалдақ гүлін күттік, жазғы маусымда өзен-көл жағаладық.

– Өзенге барайық, – дейсіз.

– Кеттік, – деймін мен.

Келесі сәт қол ұстасып кетіп бара жатамыз. Күн тас төбеде жарқырап тұрады. Әлі күнге шейін өзен көрсем, жастық шағым есіме түседі.

– Су суық па екен?

– Жылы болуы тиіс.

– Иә, Күн ыстықта су жылы болуы тиіс.

– Сіз түс көресіз бе?

– Иә.

– Не туралы?

– Мен түсімде ылғи Қарағандыны көремін.

– Жарлы өзенін ше?

– Оны түсіңізде Сіз көресіз.

– Шын, мен түсімде Жарлы өзенін көремін.

Қыздардың есімі, сұлу жүзі жылдар өте келе жадымызда көмескі тартты. Қазір фотосуреттен ғана танимыз. Уақыт табанына салып, танабындай таптайды. Тас диірмен тәрізді. Үгітіп жібереді. Сары бидай қалпымызда келдік, ақ ұнтақ ұн тәрізді диірменге түскен күйімізде кеттік.

Сіз ше? Тұрмыс құрғанша, талай адам ізіңізге түсіп, соңыңыздан ерген шығар. Түнде есігіңізді қақты, күндіз оқу аудиторияларына іздеп барды. Кафеге ша-қырды, билеп жүріп абайсызда қапсыра құшақтап қалды, құшақтап тұрып елеусіз ерніңізге қарады, қарап жатып сүйді.

Көздеріңізді мақтады ма екен, ерніңізге тамсанды ма, үніңізге сүйсініп, үнсіз тыңдап тұра берді ме. Болды ғой, болмаса, еске түсе ме.

Пайдасыз нәрсе. Оны қойдық. Тастадық. Шын мәнінде, қызғаныш уақытыңызды алады. Шаршатады. Өзіңізге өзіңіз келе алмай, есеңгіреп жүресіз. Біткен соң, ойланасыз. Несіне әуре болдық, несібеміз емес, бұйырған нәрсе кетпейді.

Елдің де, ердің де құтқарушысы – еңбек. Еңбек – ғұмырдың мәні. Ізгілік. Діни кітап, діндарман жұрттың бәрі еңбекті жырлайды. Еңбексіз – дін, дінсіз еңбек жоқ. Дінсіз өмір діңкелетеді. Тіпті, дінсіз еңбекте не мағына бар.

Еңбек – бейнет емес. Мәнсіз, еріксіз еңбек – бейнет. Бір жақты махаббат – мехнат. Демек, махаббат – екеуара сүйіспеншілік. Біреуді сүйген азап шегеді. Екеуді, үшеуді аңсаған – нәпсіқұмар.

Нәпсі жан рақатынан айырады. Биік сезім төмен-дегенде, жаны тән ләззатын кешеді. Көз көрмейді, құлақ естімейді, сана түсінбейді.

Жан өнерден, өмірден, еңбектен күш алады.

 

10

 

Пойызда Сіз де ойланып келесіз бе? Жалпы, пойыз – өмірге баға беретін жер. Басқа уақытта топшылауға қол тимейді. Өткенді тұжырымдауға, келешекті болжауға қолайлы, ыңғайлы көлік. Қала ішіндегі автобустардың жолы қысқа, ұшақтардың уақыты тез, автомобильдердің жылдамдығы қатты. Пойыз осы кемшіліктерден ада. Байыпты. Өзі де асықпайды, өзгені де асықтырмайды. Бірқалыпты жүріп отырады. Жол мұраты – асығу емес, жету.

Не есіңізге түсті екен? Сіздің ойыңызша, бәріне кінәлі – мен, неге табанды болмадыңыз, еркелігімді шын көрдіңіз, теріс бұрылып кеттіңіз, төзбедіңіз, шыдамадыңыз, Сізді кемсіту ойымда болған жоқ, білмеймін, тәкаппар болғым келді, тез көнгім келмеді, мінез көрсеткім келді, бірақ, бұл бас тартқаным емес, сүйіспеншілігімнің белгісі, сүйгенімнің көрінісі еді.

Жұмбақты шеше алмадыңыз, дейсіз, оның жұмбақ екенін қайдан білемін, құштар екеніңізді қайтіп сеземін.

Өзіңіз мені адастырып жібердіңіз. Содан соң, басталды, бір қателік мың қателікті шақырды. Оң басқаным – теріс, солға жүргенім – кеміс, қандай қадам жасасам да, адастым.

Мені жұрт түнгі кафелерден көрді, би алаңдарынан таныды, үйімде жанып тұрған шамдардан байқады. Ел адасқанымды білді.

Қуанғаны да болды, ренжігені де табылды. Бірақ, ешкім қол ұшын созған жоқ. Өзгені емес, өзімді айыптаймын. Әркімнің обалы – өзіне. Мені біреу адастырған жоқ. Адасқан – өзім, жол тапқан да өзім.

Іздегенім – Сіз. Мен Сізден көз жазып қалдым. Сол екі ортада Сіз де адасып үлгердіңіз. Отбасыңызға қайғы-қасірет келді. Ол өз жөнімен кетті, Сіз Алматыға алаңдадыңыз.

Бұл кезде мен де қайғы кешіп жатқан едім. Көз алдым бұлыңғыр, қарға адым жерде ажал тұрды. Сырқатымның сырын тапты. Бұл күнді мен ешқашан ұмытпаймын. Басында сенген жоқпын. Үш-төрт рет қайталап сұрадым. Дәрігерім үш-төрт рет бір жауап қайтарды.

Бітті. Сөйтіп, қызық таусылды, сауық аяқталды. Ендігі өмір – күрес. Жеңілсеңіз – жығыласыз, құла-саңыз – тұрмайсыз. Жеңіске бастар бір-ақ жол бар – жігер. Қажыр-қайрат.

Әлсіздік танытсаңыз, шаруаңыз біткені. Көз жасына ерік берсеңіз, сағыңыз сынады. Сізге ешқашан, ешқай жерде, ешкімнің алдында,

 

11

 

Екеуміздің ерлі-зайыпты өміріміз екі түрлі өтті. Тіпті, төсек қатынасымыз да бірге басталған жоқ. Бір-бірімізден дербес жүрдік.

Бала шақтан қатар өстік, бірақ, есею жылдары бөлек кеттік. Енді жер ортасынан асып қайыра кез-десіп отырмыз.

Бәрі бөтен. Тәніңізді аймалаған, жаныңызды әлди-леген – мен бе екен, басқа адам еді ғой. Есік алдында теңселіп жүрмін. Ой көміп, естеліктер қинап, сағыныш шақырып, өкініп, опынып, ренжіп, сонда, кімге, не үшін, қайтпеді деп.

Өзім кінәлі. Сол тойда бара салуым керек еді. Сөзімді айтып, Алматыға біржола алып кеткенде, қасымда екеумізден өрбіген ұрпақ, тараған ата, туған немере жүгіріп жүрер еді, айнала қоршап, даурыға айқайласып, шуылдасып жатар еді.

Соның бірі жоқ. Біз – жақындаса алмастай алыстадық, қиюы қашқандай ажырадық, ендігәрі қосылмастай айрылыстық.

Жат ел болдық.

Сіздің әдемі көздеріңіз біздің жанардан қарап тұрған жоқ. Екеуміздің зәузатымыз бір-бірін танымайды. Сіздің нәсіліңіздің бойында менің қаным тулап тұрған жоқ, жүрегі менің етімнен жаралмағаны тағы анық, сүйек-шатыс туысқан да емеспіз.

Қиынның қиыны. Қисынын таппас жағдай, түйіні шешілмес жайт. Мәселе, ұрпақ дүниеге кімнің көзімен қарайтынында екен. Ет-бауырыңыздан жараған ұрық-шәріфіңіз ғана Сіздікі, сүйген жардың соңынан ерген бала – Сізге тірек емес.

 

12

 

Cізді көшеде қымбат дүние-жиһаз сатады деп естідім. Қымбат абыройыңызды неге саудаға салдыңыз? Қасыңызда Нұр-сұлтанда бірге тұрып жатқан бейтаныс бір азамат – қазіргі күйеуіңіз бар көрінеді.

Кешегі оқу озаты, баланың алды қайтіп үстел-орын-дық саудасына көшті. Биік, сұңғыла, сұлу едіңіз. Үй аралап, мебель тасып, не көрінді. Естігенде, жағамды ұстадым. Сосын, қорланып кеттім. Көзіме жас келді. Сіздің өр кеудеңізді, тік еңсеңізді кім басты. Қайсының қолы барды екен. Менің асыл арманымды, асқақ махаббатымды аяққа таптап, күйе жағып, көлеңке түсіріп жүрген, қай есалаң.

Кешпеймін. Жасағанын алдына келтіремін. Қыл-мысына қарай зауалын тартады. Әділетсіз қоғамнан құнын даулаймын. Құныкер қашып құтылмайды. Кісінің құнын сұраймын, ардын азабын қымбатқа бағалаймын, намыстың ақысын берсін.

Сөз ерді. Қарғаның валетіндей едірейген біреудің мебелін пұлдап алтын басыңызды арзан пенденің алдында неге идіңіз. Намыстан жарылып кете жаздадым.

Мен жырлаған ару асқақ емес пе еді. Мына жүрісіңіз не. Сандуғашқа теңедім. Бұлбұлға шақ көрдім. Қыран бүркіттей қомданып, ес жия бастағанда, Сіз көз алдымда сүрініп, қиямет-қайымнан, қатерлі шың-құз-дардан қатты екпінмен, қанатыңыз қайырылып, тосын құладыңыз. Биіктен құлаған аман қалмайды. Төбеден жығылғандардың несібесі бар.

Сізді періштелер қақты. Жан-жақтан қорғап, тұс-тұстан қақпайлап, Жерге қондырды. Ешкімге кіріптар емессіз. Көлеңкесімен қорғап жүргендердің тілеуқор көңілі аман сақтап қалды.

Бүтін адамға ажал жоқ. бірақ, қорлық бар.

Біз қорлық атаулыға шыдамаймыз, екі дүниеде абырой-беделіміз бәрінен артық.

 

13

 

Күбір-күбір. Сөйлеседі де, тына қалады. Ұзын дәлізді қайта үнсіздік жайлайды. Тып-тыныш. Сәлден соң, күбір қайта шығады. Дауыстың бірі жас, бірі – кәрі. Үйде қалған шаруаларды қозғайды. Өзі қалса да, уайымы өзімен бірге.

Купедегілер, сірә ояу, дөңбекшіп, көп аунап кетті. Сіз шалқаңыздан жатырсыз. Төбеге қадала қарайсыз. Өткен өмірдің соңы қалай өтеріне ойланасыз.

Теміржол үстімен зырылдап келе жатқан пойыз-дың тарсыл-гүрсілі біресе күшейіп, біресе әлсіреп кетеді. Ойыңызда – мен. Әлде, жорамалым теріс пе. Баянымызға бөтен жұрт араласқаны нақ. Сіз екі-ұдайсыз. Пайда іздеп жолықтыңыз ба, пана тауып жүрсіз бе. Сонда, жетімдік көрсетіп отырған кім.

Сізге не болды. Маған ше. Өмір Сіздікі, көңіл – біздікі, ерік те өзіңізде. Менің қолымда тұрған ештеңе жоқ.

Несіне әуремін. Сіздің соңыңыздан еріп, қаншама адам адасты. Мен өз сүрлеу-соқпағымды таптым. Жасырып қайтемін, адасып таптым.

Енді, міне, жолдасыз. Бір-бірімізді қайыра қи-надық. Нәтижесінде не, қосылдық па, теңелдік пе, бақыт қонды ма, бағымыз ашылды ма, ырысқа ке-нелдік пе, ырдуан арба ырыс келді ме, ызғар қайтты ма, ырқымызға көнді ме.

Тағдырдың тәлкегі біткен бе. Тас диірмені ұршықтай үйіргенде, ұнтағымыз желге шашылды. Қара топырақ, шаң-тозаңға айналдық. Бізді ала құйын айдап әкетті. Қай сайға тастап, қай шыңыраудан құлатарын, кім білген.

Бар салмағымен рельстерді белінен басып, қунақ жорғалап ұзап кетіп бара жатқан пойыз піл сауырлы қара жерді ұзақ солқылдатады. Екпіні бәсеңдегенде, ентігі де басылады.

Сіз қазақ даласын қақ тіліп келе жатырсыз. Кейде, тас қараңғы дала, бетпақ түзде көмескі шамдарын сығырайтып, түн жарып, елең-алаң таңға асыққан көліктің басы мен аяғы бұрылыстарда бір-бірін көргеніне қуанасыз.

 

14

 

Келешексіз ғұмырдың кешегісі көп, ертеңі – күң-гірт. Ертеңсіз – құсаға ұшырайсыз. Бүгінде – еш-қандай мағына жоқ. Оның мәні – ертеңде.

Сіз екеуміздің ертеңіміз ескі, өткенді аңсап, өмір сүргіміз келеді. Ескі-құсқы жаңаға өң бере ме.

Бос әуре. Болашағы жоқ нәрсенің соңынан кеттік. Не табамыз. Ештеңе. Бірге тірлік кешпеген соң, Сіз анда-санда бір жолығатын көңілдес болғыңыз келмейді. Бірақ, әйелі шоқиып елінде жалғыз қалған бөтен азаматқа – ашынасыз.

Әрине, қалауыңызға ешкім қарсы емес. Еркіңіз өзінізде, қайда барамын десеңіз де, жолыңыз ашық.

Ең бастысы, өмір екеумізді де былғады. Өткірдің жүзімен жүреміз деп қайшыға түстік.

Екі баудың байлана алмаған, көлденең қиылған қиындысы сияқтымыз. Қиып жіберген, үзіп тастаған үзігі. Бізге ешкімнің жаны ашымайды. Біздің біреуге жанымыз ашыды ма. Өз қолымыздан келмегенді өз-геден сұраймыз ба.

Орда бұзар жас емес, қамал алған кезіміз емес, бізге не көрінді. Қайыра қайшылықтың үстінде тұрмыз.

Шынымен, зая ма, зарымызды кеш естіген Жасаған Ие неге бізді жайлы, жылы орнымыздан қозғады. Қазір пысылдап ұйықтап жатар ма едік.

Өз опасыздығымызды көрмей, өмір опасыз дейміз. Опасыздықты жасайтын кім, әлбетте, өзіміз. Жорта сөйлеп, жоғымызды жасырамыз, жалған айтып, барымызды асырамыз.

Рас, өтірікшіміз.

 

15

 

Естелік те өтірікші. Өткен нәрсенің бояуын қалыңдатады. Жад оқиға түсін өзгертіп жібереді.

Әрине, естелік – ерсі. Өзіне өзі қарама-қайшы. Дәл қалпында емес, далиған кейпінде көрінеді. Болмысты бояйды.

Сондықтан, елдегі өзен жайлы түс көргім келмейді. Өткенімді өлімге байлап, өмірдің осы кезінен өзгені ұмытамын. Еске сақтап жүргеніміз дұрыс емес. Естеліктің салмағы ауыр, бақыт жолында өзімізге жүк. Өткен шақ – жай ғана елес, қайратыңызды, күшіңізді алады. Бүгнгі бейнеттің өзі кешегі бақыттан артық.

Ойға көп шомдым. Сіз Қарағандыдан отырып, Алматыға жеткенше, бар ғұмырым көз алдымнан көлбеңдеп өтті. Шат күндерім есіме түсті, азапты түндер жадыма оралды. Сонда түйгенім, жоқ, біз кез-деспеуіміз қажет. Жас кездің қуанышы да бөлек еді, қайғысы да терең, мұңы да ұзақ.

Екеуміздің арамыздағы сағыныш қазіргі екеумізді аңсап жүрген жоқ, кешегі уақытты іздейді. Кеңістік те басқа. Демек, мазмұны да жат.

Ол ескідегі екеуміздің қол ұстасқан күйімізді жақсы көреді. Сол жылдары бір-бірімізді шын сүйдік. Сезім балаң еді, көңілде алаң жоқ. Бүгін екеуміз кешегі қасиеттерден жұрдаймыз.

Бармыз, бірақ, басқамыз. Сіз – Сіз емессіз. Бізіміз де бөлек. Сағынуымыз қандай терең еді, тіпті, әсері әлі сезіледі, алайда, бұрынғыдай сүйе алмаймыз. Шамамыз келмейді. Күшіміз жетпейді. Құмарымыз қанған, қуанышымыз азайған, мұңымыз көбейген, жасымызда арынымыз қатты еді.

Күлкіңіздің өзіне тойып қайтатынмын. Жүзіңізден бір сүйгенім жүз күніме татитын еді. Аз көргенімнің өзі жаным азық-тұғын. Қазір, қадіріңізге жетсек те, ірге теуіп, бірге қонсақ та, қанағат жоқ. Шалқығанымыз шамалы, біртін-біртін асып-тасып жүрдік деген тіршілігімізге опындық. Бай ғұмырымыз жұпыны шықты.

Шалқарымыз шағын, ырду-дырдуымыз ынсапты. Жадағай жадымыздан өшкен, жадау – семірген. Шынымыз да, шынайылығымыз да – ұзақ жолда жо-ғалды.

Таң атқанша таусылмайтын қызығым қазір күрмеуге келмейтін қысқа жіптей шолтаң ете қалады. Қараптан-қарап шаршаймын. Ұйқым келеді. Бойымда күш жоқ, қалауымның қолы қысқа, таңдауымның аясы тар.

Жырақта үйіме асығамын, үйде сыртқа алаңдаймын. Пенденің пейілі жарқын, сөзі – көлеңке.

Әйтеуір қапа көп, уайым-қайғы қалың. Ескі – мұң-шерді еселейді, жаңа – елеңдетеді.

Ертеде сүйгенде, ертегідей күй кешетін едік. Қазір құмардан шықтық, қызыққа тойдық. Түн қатып жүрген заман өтті. Қуаныш тарқады, көңіл ортайды, күш-қайратымыз сарқылды. Үлбіреген ерін асқақ сезімге ғана емес, төмен нәпсіге де жетелейтін. Сүйген жардың қойны оттан да ыстық еді. Енді бойымыз жылынбайды.

Енді – суық. Құштарлықсыз махаббат бола ма. Жоқ, біз кездеспейміз, көлік тауып кейін қайтыңыз, мен Сізді күтпеймін.

 

16

 

Екеуміз жатқа айналдық. Сіз немере сүйді деген хабарды естіген соң, көңілім, тіптен, бұзылды.

Тағы алыстадық. Өмір бізді бір-бірімізден алыстатып бара жатыр. Енді не қалды?

Арамызды ашып, туыстығымызға шәк келтіретін енді тағы не қалды? Сіз әже атанып жатқанда, махаббат жайлы сөз қозғаудың өзі ерсі. Қол ұстасып, бірге өмір сүру бақыты бізге бұйырмаған екен.

Осымен біткен де шығар.

Бағымызды ашқан жоқ, қуанышқа бөлегені құры-сын. Жас кезімізде оянған сүйіспеншілік екеумізді өмір бойы азаптап келді. Қай жері бақыт, несі бақ?

Бір-бірімізді көрмегеніміз дұрыс еді. Құдай таға-ланың өлшеп-пішіп қойған, дайындап жүрген бейнеті көп екен. Кеше тобықтан келген мехнат бүгін бастан асады.

Сезімді тұрмыс билейді. Шаттық шаш-етектен, бірақ, сорымыз да қалың. Белшемізден батамыз.

Енді қайттік. Ештеңе. Қаракет жасап қажеті жоқ. Енді ештеңе өзгерте алмаймыз.

Өзгертуге күш, өртенуге от бар ма?

Бойдағы қайрат, жүректегі жалын қайда. Ұшты-күйлі. Жас сезімде ес, қарт сезімде жад жоқ.

Тамам болды.

Ертеде, сонау заманда, Сіз бізді, біз Сізді жақсы көрген шақ, бойымызда бақыт өмір сүріп еді, енді дәурені өткен дәуірде, қызығы да, мәні де жоғалды. Махаббатымыз ұрпағымызда жалғаса алған жоқ. Жаңа ұрпақ жалғастырмаған нәрсенің бәрі өледі. Оны құтқарып қажет емес. Бәрібір, өмір сүруге қауқарсыз,

Көшеде құр сүлдерін сүйретіп жүреді. Үйде телміріп терезеден сыртқа қарап отырады. Толық өмірі жоқ. Сөзіне ешкім сенбейді, сезімін бәрі ұмытқан. Сіз ұлы махаббат болды деп ойлайтын шығарсыз, өтірік, былжырап тым ұзаққа созылып алған, жалт еткен кішкентай ғана сүйіспеншілік.

Бүгінде ізі де жоқ. Ойға, еске түсіріп тұратын нәрсенің бәрі жойылған, бүлінген, қираған, жермен-жексен.

Ешқандай белгі қалмаған.

Пустота.

 

17

 

Есіл уақыт, рәсуа ғұмыр. Қиындық кештік, бейнет көрдік. Ақыры – басымызға күн туды. Бақыт тастап кетті, уайым-қайғыдан көз ашпадық.

Мехнатта тудық, күмәнда өмір сүрдік, науқастанып дүние салдық. Туғанда, өзіміз жылап келдік, өлгенде өзге артымызда жылап қалды.

Суға түскенде, Сіз қарап тұратын едіңіз. Сіз қараған сайын тереңге сүңгимін. Тереңде қашанда мағына бар. Жеңіл қай кезде де, бетінде жатады. Салмақты нәрсе тереңіне батады.

Жеңілдің орны үстінде, ауырдың орны астында. Іргетас іріден, қабырғасы – ұсақтан. Немесе, іргетас шаңырақты көтереді.

– Бері жүз.

Мен бері жүземін.

– Әрі, – дейсіз күліп.

– Жоқ.

– Шын, әрі.

Тақап қалдым.

– Құлашта,

– Шаршадым.

– Енді, кішкене.

Жағалаудан алыстап кетіппін. Әзер жеттім.

– Шық.

– Қазір.

Шашымды сілкіп, судан шықтым. Сіз ерніңіз үлбі-реп қарап тұрсыз. Сүйіп алғым келді. Күлдіңіз. Сүйіп алдым.

– Қойшы.

Ұялдыңыз. Жан-жаққа қарадыңыз. Көрген ешкім жоқ. Бірлі-саран бала жүр. Өздерімен өздері әуре.

– Енді сүймеңіз.

– Иә.

Тағы сүйдім.

Сіз қашып кетпегенде, сүйе беретін едім.

– Қош.

– Неге?

Ертеңіне Сіз қалаға кеттіңіз.

 

18

 

Сіз қаладан бақыт тапқан жоқсыз. Қала өмірі қасірет әкелді. Жылатты. Жолыңызды жапты. Бірақ, көзіңізді ашты.

Бір-бірімізден алыста едік. Көз жазып қалдық. Тіпті, бір-бірімізді ойламадық. Алматыда басқа аруды көрдік. Сезім білдірдік. Жүздестік. Сүйдік. Түңілдік. Қайта кездестік.

Махаббатта шек бар ма? Ыңсап жоқ.

Бұл жазғаным роман бола ма деп едім, көлемі шағын хикаяттан аспады. Хаттардан құралған хикаят тәрізді, бір хат келмей қалса, оқиға желісі үзіліп қалады. Сондықтан үнемі жазып тұр. Шығармаға менің де хаттарым енетін шығар.

Жоқ, бұл – бүтін естелік. Басы-аяғы бар толық туынды. Екеуміздің жастық шағымыздың құжаты. Бір дерегі жалған емес, бәрі – рас.

Әлде, ұйқысыз түннің бей-берекет, беймезгіл ойлары ма? Кім кінәлі? Мүмкін, Сіз емес, біз емес, тағдыр айыпты. Бар адамның тағдыры бір. Туды, сүрді, өлді. Басқа өмір жоқ. Бір-бірінен қандай айырма көріп тұрсыз.

Ешқандай.

Бір қарағанда, өзгеше тәрізді. Анау басқа, мынау бөлек. Жүріп өткен жолы оқшау, жеткен жетістігі дара.

Алайда, басы мен аяғы тең: сайран мен ойран арасы. Қызық жылдар қиын жылдарға ұласады. Балалықтың түбі – кәрілік. Кәріліктің соңы – қаза. Біртектес, бір пішінді, өзегі де бір.

Қызды ауылдан басталған қызық азап-мехнатқа жалғасады, ауруханамен аяқталады. Басқа жол жоқ, қызық-думан – келте ғұмырдың ең қысқа кезеңі.

Шолақ өмірде махаббат атаулы бақытқа жете алмайды. Бақыт кешіп үлгермейді.

Қысқа ұзынға пана емес. Ұзақ сапардың жолы қысқа. Көп жүрген сияқтымыз, бірақ, сөйтсек, екпі-німіз төмен екен. Баяудың бақыты ұзақ секілді кө-рінеді.

Демек, өмірдің уақыты қысқа, қас-қағым. Жылдам сапар, бірақ, жолы ұзақ сапар.

Ұзын сүрлеу-соқпақты тез жүріп өте шығады. Өкінетіндей не бар, дейсіз. Күйінетініміз – жас күніміз ес жоқ кезде рәсуа болды. Ақыл тоқтатқанда, мерзімі озған еді. Ойдың бәрі беймезгіл, сөздің бәрі рәсуа, сезімнің бәрі бекер.

Сондықтан, қашанда – қызықта ес, өкініште уақыт жоқ екен.

Жалған дүние. Сезім жетегінде кетіп, Сіздің сезі-міңізге сенім артып, мәңгілік жайлы әңгіме қозғап, сыр шертісеміз. Ғұмырымызға бүкіл әлем куә болғандай көрінеді. Шын мәнінде, біздің уақыт, Сіздің уақыт, ешкімге керек емес.

Екі уақытымыз бізге ғана жұмсауға қажет еді. Өліп жақсы көрсе де, әркім өз өмірін сүреді, өзі сүреді, біреудің бақыты біреуге бақыт емес, мәңгілік ұғымдар өте эгоист, өз жағдайын қоя тұрып, басқаның хал-жағдайына көңіл бөліп, көлгірсіп жатпайды, олар өзіне ғана көл-көсір, көбіне адам өзіне адам, өзгесіне қатыгез. Өз-өзіне мырза дәулет өңіріне – сараң. Қиналып көмектеседі, қимай қоштасады, жүздескенде жорта қуанады.

Ісі тиянақсыз, жаны орнықсыз, байлауы жоқ, айнымалы. Онда береке бар ма, несіне ырза, қайтіп он сегіз мың ғаламға ие, Тәңірі міндет жүктейтін жауапкерді, құныкерді тапқан екен.

Кісіліктің қадіріне жетпеген кісі қай мінезімен жағады.

Уақыт күресетін, белдесетін пендесін жақсы тауыпты. Қос алдамшы нәрсе бірінен бірі үркеді. Қайсы алданып қалады, уақытын күткен бе, әлде уақыттан озған ба. Озғанда, күйген байлық не керек, күткенде, үйген байлық не керек.

Бірақ, Сіздің ажарыңызды көлеңкелеп, ізіңізді сырт көзден біртіндеп жасырған қайран уақыт әуелі күн, ай, жылдарымызды ұрлайды, сосын, қызық-қуанышымызды алады, кейін – денсаулықты жаға-лайды – шыр айналдырады.

Шат күлкі тоқтап, енді көп ой кешеміз, жүзіміздегі бақыт жанып, көзіміздегі от сөнеді. Бойдан қайрат, білектен күш, сөзден қуат кетеді. Әлсірейміз. Сонда, әл үстінде жатқан бізді кім құтқарады. Сенім, әлде қажыр-қайрат.

Күш қашанда жүректе.

 

19

 

– Мен туралы кітап жазамын деп едіңіз.

Сіздің пойыздан түсіп жатып қойған бірінші сұрағыңыз осы болды. Жүктеріңіз көп емес. Мен Сізге қадалып қарадым. Басқа біреуді қарсы алып тұр-ған сияқтымын. Бір-бірімізге бөтен адамдай ресми сөйлесеміз.

– Жаздым.

– Оқуға бола ма?

– Иә.

– Жақсы ма?

– “Біреудің өмірі” – дәстүрлі қазақ, орыс, француз үлгісінде жазылған повесть. Дегенмен, модернистік белгілер де бар.

– Повесть пе?

– Иә, повесть.

– Шағын ба?

– Іс-әрекетке құрылған қысқа сөйлемдер.

– Көлемі – ықшам.

– Бейнелеу мәнері – нақты, сөздері – дәл.

– Осында оқып тауысамын.

– Демек, бұлдыраған көмескі ештеңе жоқ, бәрі анық.

– Тақырыпты білмейтін, кітап оқымайтын қаламгер ғана тұмандатып жазады.

– Біздің мақсат – оқырманға бағыт-бағдар сілте-мей, жол көрсетпей, ақыл айтпай, кеңес бермей, тәр-биелемей, бостандық, еркіндік, қалау хұқын алға тарту. Аталған нәрселердің барлығы қимыл-қозғалыс, әс-әрекетте жатқаны абзал.

– Сөзіңізге қарағанда, “Біреудің өмірі” – үздік туынды.

– Мен үшін.

– Оқырманды ізгілікке, жақсылыққа, жарыққа оның кейіпкерге деген махаббаты сүйреуі қажет.

– Жасаған ісің көріп, жарықтық оқырман роман-повестерден оқыған қаһармандарға еліктейді.

– Рас.

– Қазақ прозасы, негізінен, дидактика. Мораль басым, жасанды маңыздылық көп. Ұр да жық кейіпкерлерден аяқ алып жүргісіз. Бұл мәселе – француз, орыс, поляк, қазақ, ұбық-абхаз, жапон, АҚШ, Латындық Америка, австралиялық, африкалық әде-биеттерде бар дүние.

Жаяу келе жатырмыз. Сырттан көлік аламыз. Үй дайын, тек мен жұмысқа барып келуім керек.

– Тургенев, Хемингуэй, Маркес, Борхес, Баграт Шинкуба, Бунин, Толстой, Кавабата, Колин Макколау тәрізді жазушылар қалам тартқан тақырып.

Күн тамаша. Алматыдан асқан әдемі қаланы көрген емеспін. Ол – бақыт қаласы, одан басқа жерде бақыт жоқ.

 

20

 

–  “Біреудің өмірі” – шыңға шыққан повесть болды ма?

– Иә.

– Қалжыңым емес.

– Өзі ұзақ, компьютерлік он төртінші кегелмен қырық бет болуы керек.

– Қандай қасиеті бар?

– Ерекшелігі ме?

– Өзен туралы жаздым.

– Жарлы?

– Иә.

– Жылағым келеді.

–  Жылама.

– Сосын?

– Тілі шұрайлы, жатық, сөз қоры бай, классикалық дәуір мен модернистік талаптардың, ұштасқан, тоғысқан жері. Жылдам оқылады, бірақ әдемі, кең шығарма. Бұл повесте мен тапқан стильдің үлгілері бар. Раскованность, бекзаттық, кінәздік бар. Фальш жоқ. Оқығанда, музыка естіліп тұрады.

– Мақтауын асырдыңыз?

Күлді. Күлкісі әдемі екен. Қалай ұмытқанмын. Ерсілі-қарсылы жүрген, асыққан адамда есеп жоқ. Интеллектуалдық ой-сана – ақыл-парасат пен ізденістің нәтижесі. Қазақта оқығандықтың, білетіндіктің культі жойылып бара жатыр. Библиотекалар жабыл-ды, кітаптардың құны түсті, алға өлермендік, ақ-шақұмарлық, жағымпаздық шықты. Әдебиеттің, ұлы романдардың мұраты – “сострадание”, яғни жанашырлық, қамқорлық тәрізді адами биік сезімдер еді. Жақсылыққа шақыратын еді. Қазір карьерасы үшін досы түгілі, анасын сататын адамдар шықты. Кітаптың насихаты күшеюі тиіс. Кітапта қасиет көп. Интернет кітап емес, интернет – қолжазба. Кітап сөз қорын молайтады, ол өз алдына ойлауды тереңдетеді, күшейтеді, себебі көп сөз білген адам ойын, пікірін басқаға қарағанда дәлірек жеткізеді. Тәрбие құралы, жас ұрпақтың бойына, санасына ізгі ойларды, асыл сезімдерді сіңіретін ақылшы, адал серік, кемеңгер дос.

Шақырған көлік темір жол бекеті алдында көл-денең тұр екен. Кейін жылдар жылжып, көп уақыт өтті, біз тағы қартайдық, арамызда байланыс үзілді, көп нәрсені ұмыттық, бірақ, бүгінде мен оны қарсы алғаным дәл есімде жоқ, шын мәнісінде, шопырдан да екі-үш мәрте сұрадым, ол ешқандай темір жол бекетіне барған жоқпыз, сұлу әйелді қарсы алған емеспіз, деді, сонда кімнің жүгін көтердім, өмір бойы басқаның бейнетін арқалап жүргенмін бе, сұлулық қайғыдан құтқармайды екен, пешенемізге жазылған мехнатты өтемей, о дүниеге де жол жоқ, адасқан пенденің соры екі есе қалың болатыны сондықтан.

28.01.2020 – 05.03.2020