- Негізгі бет
- Проза
- "Чарли және шоколад...
"Чарли және шоколад фабрикасы" кітабы қандай балаларға арналған?
Балалар жазушысы Руал Даһлдың (Roald Dahl) "Чарли және шоколад фабрикасы" ертегі повесі қазақшаға аударылды. Кітапты Қазақстанда "Steppe & WORLD Publishing" баспасы шығарды. Бұл шығарма қандай балаларға арналған? Кітаптың қазақша нұсқасын кімдер дайындады?
Баспа басшысы Райса Қадірдің айтуынша, 13 қыркүйекте әлем бойынша Даһл күні аталып өтеді екен. Сондықтан қазақ тіліндегі "Чарли және шоколад фабрикасы" осы мерекеге орайластырып жарық көріпті.
"Кітап өте қарапайым ағылшын тілінде жазылғанын атап өткен дұрыс. Зерттеушілер автордың қолданған сөзі екі мыңның ар жақ-бер жағында дегенді айтады. Қазақша нұсқасы да тілі жеңіл, ұғынықты болып шықты. Бұл аудармашы мен редакторымыздың жоғары деңгейдегі маман екенін дәлелдейді", - дейді Райса Қадір.
Шығарманы қазақ тіліне лексикограф, ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Үрила Кеңесбаева аударған. Редакторы – Назгүл Қожабек.
"Чарли және шоколад фабрикасында" ерке, тамақты талғап ішетін, алдына қойған тамақты жемей қоятын, "ананы да бер, мынаны да бер" деп жер тепкілеп отырып алатын қанағатсыз балалардың барлығы суреттелген. Ал негізгі кейіпкер Чарли Бакет – барға қанағат ететін бала. Оның бар тамағы – орамжапырақтан жасалған көже. Соның өзінде Чарли бақытты, өміріне риза. Балаларға қанағатты үйретіп, тамақ деген Алланың берген ырыздығы екенін түсіндіру үшін осы кітапты оқыту керек деп ойлаймын", - дейді Назгүл Қожабек.
Баспа басшысы кітаптың балаларға арналып жазылғанына қарамастан, оқырмандардың көбі ересек адам екенін айтады. Оған кітапта өрбіген оқиғаның қызықтырып, елітіп әкетуімен қатар, үлкен ой салатыны да себеп.
"Чарли және шоколад фабрикасын" дүниедегі ең тәтті туынды деп айтар едім. Оқып отырғанда шоколад дәмін сездіріп, тіл үйіретін шығарма. Бұл – қазақ тілінде алғаш рет Даһл әулетінің және атақты иллюстратор Күентин Блэйктің ресми рұқсатымен шығып жатқан басылым", - дейді Райса Қадір.
Еске салайық, "Steppe & WORLD Publishing" баспасы балаларға арналған Жулия Дональдсонның "Ақын Қоян" және "Груффало", Эрик Карлдың "Қомағай Жұлдызқұрт", Элен Дельфорждың "Мама", Жефф Киннидің "Тентек балақайдың күнделігі", сондай-ақ "Анна Франктің күнделігі" секілді кітаптарды қазақ тіліне аударып, шығарған. 2020 жылы баспа Жоан Роулиңтің "Хәрри Поттер мен пәлсапа тас", "Хәрри Поттер мен жасырын бөлме" кітаптарын ұсынды. Қазір "Хәрри Поттер" сериясына кіретін қалған бес кітап аударылып жатыр.