Massaget.kz сайтында "Бүгінгі проза" атты жаңа жоба қолға алынғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Бүгінгі кезекте Қанат Әбілқайырдың "Шал" атты әңгімесін ұсынамыз. Өткен жолы айтып өткеніміздей ұсынылған шығармаға замандас-қатарлас жазушылар, сыншы-әдебиеттенушылар сыни пікір білдіріп, талқыға салады. Кез келген оқырман пікір айтып, ойын ортаға салуға ерікті. Бұл ой "Бүгінгі жас жазушылардың аяқ алысы қалай?", "Кім не жазып жүр?", "Қалай жазып жүр?", "Қатарлас қаламгерлер бір-бірін оқи ма?" деген сұрақтарға жауап іздеу мақсатында туындап отыр. Шығарма қызу талқыға салынып, лайықты бағасын алады деген үміттеміз!
ШАЛ (әңгіме)
Азғынбай Азғынбай атанғалы 67 жыл... Азғынбай Азекең деген ныспыны иеленгелі де табаны күректей елу жылға жақындап қалды. Құдая тәубә, әзірге анда-санда қос тізесі дірілдеп, орнынан екі-үш талпынып барып түрегелетіні болмаса, тың. А, айтпақшы көзінің алды көлкілдеп тұрады. Ара-тұра бүйрегінің шаншып ауыратыны болмаса, атпалдай жігіттің жұмысын бір өзі атқарарлық қауқары бар. Тамақты талғап ішеді. Шынын айту керек, Азекең коммунист... Азекең 100 қойға 150 қозы алатын (Осы көрсеткіш естілсе, қарадай қысылатыны бар. Өйткені, аудан басшылары атақ үшін өзге шопандардың төлін Азекеңнің отарына қосып, марапат алып беретін-ді ) озат шопан болған. Азекең ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген. Азекең... Е, өткенді қойшы, бүгінгіні айталық... Азекең міне, ғұмырында бірінші мәрте, иә бірінші мәрте әке атанды. Бұл дүниеде өз кіндігіңнен ұрпақ таратқаннан артық бақ бар ма? Бақыт деген есалаңның өзі осыншама зарықтырып, төрінен көрі жақындап, ажал шіркіннің алқымға жармасқан шағында жеткенін қарашы. Осыдан жиырма жыл бұрын балалы болғанда, қазір немере сүймес пе еді? Ай, әттең-ай! Ай, әттең-ай!
***
Азғынбай асыға басып, перзентханаға бет алды. Кеудесін қуаныш кернейді. Жанарында өмір сүруге деген бір үміт шырағы жалт еткендей. Шаттығы қойны-қоншына сыймай, жанын қоярға жер тапқызбай барады. Өмірінде дәл осылай көкірегі қарс айрыла қуанып көрген емес. Бұ қу тіршілікте іліп алар жұбанышы болмаған, не жар бақытын, не бала бақытын сезінбеген о пәтшағар қайтсін енді?! Қолында ала дорба, ала дорбаның ішінде тостаққа құйылған ыстық сорпа... Мана ғана бір қойды қалжалыққа арнап, жәукемдеп тастаған. Майлы жіліктерді талғап салып, Балқызға арнап сорпаны өзі қайнатты. Сол балбырап піскен қойдың еті, ауыз күйдірер ыстық сорпасы суып қалмасашы... Балқызы осы атадан қалған асты сүйсіне ұрттасашы... Терлеп-тепшісеші... Қызылшақа балапанын омырауына тығып, шынтақтай ғана сәбиді әлдендірсеші...
«Өмір-ай, сен не деген керім едің»... Азекеңнің Азекең атанғалы аузынан шығып көрмеген сөзі. Ән айтқысы келді, ән... Кеше ғана шырқап жүрген: «Ойқарағай, Шауып өткен марал-ай, Өмірім өтіп барады-ай, Кәрілік жетті жағалай» деген ән бүгін әуелетуге жарамайды. Сонау Шартас пен Үйсінтаудың ар жағындағы бір көштік жерде орын тепкен Ойқарағайды, Ойқарағайды былай қойып, «кәрілікті» қайтпек? Азекең, жөргектегі сәбидің әкесі емес пе? Демек, қартайған жоқ. Сыны кетсе де, сыры кетпеді. Азекең бүлдіршін туралы ән айтуы тиіс. Азекеңді шал дейтіндер әлі-ақ өкінеді. Көр де тұр, Азекең қызылшақа сәбиі ат жалын тартып мінгенше өмір сүреді. Дәл осындай жолортада қалса, Балқыздың ғұмыры не болмақ, өмірінің жалғасы, соңғы үміті ұрпағының ертеңі ше? Сол үшін де, Азекең секілді асыл сүйекті көнекөздер мың жасауы керек. Төріңнен көрің жақындап, көрер күнің еңкейгенде ізіңді басар, өмір өзеніңнің арнасына ие болар тізгінұстар дүние есігін ашып жатса, басқа не демек керек? Азекең қуанар-ау! Бірақ, бір пенденің белі қайыстырар өкініші де жоқ емес... Осы бір балалы болу бақытын жарты ғасыр күтпеді ме? Жарты ғасыр...
Азғынбай бір әке бір шешеден тараған екі ағайынды еді. Ағасы Азбынбай, Азбыны ерте қайтты өмірден... Жігіттің төресі еді ғой. Қара нардай күші бар, білекті де, білгір жігіт болып өсті. Әке-шешеден ерте айрылса да, Азекеңе жетімдіктің тауқыметін тартқыза қойған жоқ. Інісінің киімін көк етуге, қарнын тоқ етуге барын салды. Ел үріккен Үркіншілік жылы бауырын бір мәстек торыға мінгестіріп, бір түнде аман-есен арғы бетке алып өткен болатын. Қытай жеріне бара салып, бір қалмаққа жалданып, Азекеңді ескіше оқытты. Өзі мал соңында жүріп, сүйген Ақлимасының қалыңмалын өтеді. Осылайша, айналдырған екі-үш жылдың ішінде үйелмелі-сүйелмелі орта шаруасы бар отбасына айналып шыға келіп еді. Сол Ақлима ағасымен отасқаннан кейін араға жыл салып барып, шекесі торсықтай ұлды болды. Жиырмадан енді асқан ағасының сол кездегі қуанышын көрсеңіз. Сондай шаттыққа Азекең міне, елу жылдан кейін ғана жетіп отыр. Ағасы мен жеңгесі балаларының атын Көпжасар деп қойып еді. Көпжасасын деп...
***
«Ой, атаңнан нәлет-ай»! Алжыған деген осы-ау! Мына қолымдағы сорпам не? Мұны Көпжасарым білсе, не болмақ? Әй, дүт мінез балам, терімді тірідей ірейді-ау, менің... Әй, Көпжасарым-ай, өлітіресің-ау, мені... Өлтіресің. Бұл қақпасты ажал да қажет етпес»...
Көпжасар биыл жазда сатуға арнаған жүзге тарта ісегін ауылда қалдырып, өңгесін Шәлкөдені жайлатуға жайлауға алып кеткен еді. Қыстауға күз аяқтала көшіп келмек болған. Көпжасар көшіп келетін уақыт жақындағаны ойына оралып, Азғынбай көшенің қақ ортасына жүрелеп барып, отыра кетті. Өзінің басын өзі тоқпаштап, жылап қоя берді.
«Әй, қу Құдай! Жылқының тектілігіндей тек бермедің бе, маған. Жұрттың бәрі көзтүрткі етерліктей не жазығым бар еді? Неге аздырдың мені? Неге айуан етіп жарата салмадың, неге? Маған бала не керек? Көпжасарым бар емес пе еді? Көпжасардың бал қылығына тоймап па едім? Соны тәй-тәй басқызып, соны атқа мінгізіп, соны үйлендіріп, бұл өмірдегі бар бақытты көріп тастаған едім ғой. Осының бәрін ұмыта қоярлықтай не қара басты, мені? Көпжасарымның жалғыз қызының маңдайынан иіскеп, аталық ақылымды айтып, отырсам, жарамас па еді? Өз кіндігімнен тараған жоқ демесеңіз, Көпжасар менің балам, оның қызы немерем емес пе еді? Маған бұл екеуінен басқа қандай ұрпақ керек? Е, жарайды. Өз кіндігімнен бір ұрпақ қалсын делік. О пәтшағар бұ ғаламның қандай жыртығына жамау болмақ? Артымда қалған сол ұрпақ не бітірмек? Төрімнен көрім жуық, онсыз да ажалдың ойыншығына айналған шағымда шекемді қыздырмақ па?»
Күні кеше ғана болған секілді. Көпжасар екіге аяқ басқан жылы Азбын ағасы дүние салды. Бүгінде екінің бірі пышаққа түсіп, тілгізіп алып тастайтын соқырішектен-ақ көз жұмды. Ол кезде қазіргіндей ауруды былай қойып, сау адамға пышақ ала жүгіретін дәрігерді емге таппайсыз. Апталдай Азбын ағасы 4-5 күн дөңбекшіп жатып, ажалмен арпалысты. Әке байқұс баласын мейірлене сүйгенімен, ол махаббатты 2 жасар «мұрынбоқ» Көпжасар сезіне қойған жоқ. Шиіттей баламен көз жасын көл етіп, Ақлима қалды... Не сүйенер әке, не сүйкенер шешесі жоқ, ағадан айрылған Азекең де зар еңіреді. Өмірдің бар қызығы, бар мәні ағасымен бірге кеткендей күй кешіп, сансырап жүрді. Бұл сансырау, бұл қайғы бір жылға созылды.
Ағасының жылы берілген күні Азекең ойламаған жерден бір отбасының иесі болып шыға келді. Ауыл ақсақалдары кеңесе келе, Азбын ағасының шаңырағын шайқалтпаудың жолын тапты. Он бес жасар Азекең жиырма үш жастағы жас жесірдің заңды әмеңгері атанып, екі жастың некесі қиылды. Сөйтіп, Азекең бір-ақ күнде үш жасар Көпжасардың әкесі, Ақлиманың жары болды да, қайғы-қасірет сейіліп сала берді.
Шынын айту керек, Азғынбай мен Ақлиманың арасы ә дегеннен жарасып кете қойған жоқ. Қайдан жарасым тапсын, кеше ғана шеше орына шеше болған Ақлима, Көпжасарға омырауынан ақ сүт берген Ақлима, Азбындай атпалдай жігіттің ыстық құшағынан тоят тапқан Ақлима «балақоразды» қайтсін? Десе де, қаймағы бұзыла қоймаған ата салт екі жасты қия бастырмады. Оларды күйіп-жанған жар төсегі табыстыра қоймағанмен, беймәлім бір күш бөлек кетулеріне жол бермеді. Маңдайға жазылған тағдыр ошақтың үш бұтындай осы үшеуін қосақтап қойды. Азекең – әке, Ақлима – шеше, Көпжасар – бала. Осы үштік бір-бірінен медет тілеп, отын маздатып, ел қатарлы өз отбасының түтінін түтете берді. Жылдар ағысы жылжып аққанымен, ешбір толқын оларды жағаға лақтырып тастаған жоқ. Осылай болуы міндет, осылай болуы заңдылық секілді. Бір кездері жеңгесі болған Ақлима табаны күректей елу екі жыл Азекеңнің отымен кіріп, күлімен шықты. Екі жасында туған әкеден айрылса да, Көпжасар жетімдік дегеннің не екенін білген жоқ. Оған ешбір адам батып «сенің әкең басқа еді» деген емес. Бұ жұртшылық Көпжасардың жаны кеудесінен ұшқанда ғана жаназа шығару үшін «Оның әкесі Азғынбай емес, Азбынбай болатын» деуі мүмкін. Ал, оған дейін Көпжасардың жалғыз әкесі бар. Ол – Азғынбай, ол – Азекең... Сол көпжасағыр Көпжасардың да шашына ақ кірді. Басқаны былай қойып, баласының самайын қырау шалған тұста Азекеңнің нілдей бұзылғаны қалай? Бұған Азекеңнің ақылы жете қоймайды.
«Бұл бұзылу ненің белгісі, ненің нышаны?».
***
«Мен қақпас қара жолдың қожасындай неге отырмын? Әй, кәрілік-ай!. Сорпам суып қалатын болды ғой, сорпам суып... Балқызым күтіп қалмаса игі еді. Шақалағым 7 айлық болып дүниеге келді. 7 айлық... Бабаларымыз шала туған баланы тұмаққа салып бағатын болған. Мен де сөйтем. Бүлдіршінім алдымен әлденуі керек. Әл жинау үшін мына сорпаны жеткізуім тиіс. Егер де осыдан 20 жыл бұрын балалы болғанымда ғой. Анау ауылдың ортасындағы перзентханаға ендігі 3-4 рет барып келер едім. Таң атқалы бір ыстық асты қамдай алмай жүрісім мынау. Қой, құрысын, құстай ұшайын. Отыра бермей, тұрайын».
Азекең тәлтіректеп барып, әрез түрегелді. Тізесі құрғыры шымылдап, ұйып-ақ қалған екен. Тұра сала қалт-құлт етіп, үстін қақты. Аяқ-қолы дірілдеп, жүрегі атқақтап барады.
«Ай, Ақлима-ай! Ай Көпжасарым-ай! Сендер, сендер мені түсінбессіңдер... Сендерді былай қойып, мұқым ауыл, бүкіл адамзат баласы түсінгісі келмес... Алжыған қақпас адамдықтан кетті дер. Алжыған миғұла айуандығын жасады дер. Қалжыраған кәрі шал ата-жолын тәрк етіп, жағаңды ұстатар тексіздікке барды дер. Адамдық дегенің не тәйірі? Адам болам деп жүріп, артыма із қалдырмасам, не болады? Тұл келіп, тұл кетпеймін бе, өмірден... Мен үшін ата жолының, баба жолының құны көк тиын. Сол ескі сүрлеу емес пе, менің жастығымды балталап тастаған? Сол ескі сүрлеу емес пе, жеңгеммен қосақтап, бір іңгәлаған сәбиге зар қылған? Сол ескі сүрлеу емес пе, өлген Азбынның өмірін, тірі Азғынбайға жалғатып, екі бөлек ғұмыр иесінің тағдырын бір пәшенеге күрмеп қойған?»
Азбын ағасы екеуі бір бастаудан нәр алғанымен, екі өзенге құятын дара-дара бұлақ емес пе еді? Азбынның тұла бойы тұңғышына әке болуға жарар-ау. Көпжасар да бала болудан қашпақ емес. Ел не дейді? Мұның бел баласы жоқ екенін білмейді деймісің... Сырттан түрлі әңгімелерді «гөй-гөйлейлететін» көрінеді. Оның бір парасы құлағына да жеткен.
Пах, десеңізші. «Азғынбайдың аты азғын болғанымен, заты адал. Ағасының баласына әке бола білді. Ал жеңгесіне еркек болып, «саусақ ұшын» тигізбепті. Ай ескілік-ай. Егер әмеңгерлік салт болмағанда, Азекең қазір өз үрім-бұтағын өрбітіп, жеке дара үйлі-баранды болып отырар ма еді?»
Азғынбайдың құлағына жеткен әңгімелердің ыңғайы осыған саяды. Алғаш естігенде ішек-сілесі қатқанша күлген болатын. Бір әйелмен елу жыл бірге тұрып, еркектік танытпапты деген не сөз? Періште емес, пенде еді ғой, Азғынбай... Жар құшағының жалынына шарпылмағаны рас. Бірақ, жарты ғасырдан бері Азекеңнің жалғыз жатқан күндері сирек. Әлі күнге Ақлимасы аяғын жылтып беріп жүрген жоқ па? Тек Ақлимадан перзент сүйе алмады. Бар кінәрат осы. Әйтпесе...
***
Азекең 1963 жылы жұртпен бірге елге оралды. Төтеше хат танығанмен, бұ жақтың теріс жазуын үйренуге құлшына қоймады. Колхоз алдына бір отар қой салып берді. Азекеңнің бар биігі, бар асуы сол Шопан ата түлігінің тұяғымен өлшенетінін бірден аңғарды. Күн-түн демей, қой соңында жүріп, озат атанды. Әр мейрам, әр жиын сайын Ұлы Ленин, Ұлы Сталин үшін 100 грамнан тартып жүріп, ақаңмен достасып үлгерді. Сол ақаңмен (арақпен) ажырамас достық әлі де үзіле қойған жоқ. Қазірдің өзінде той-томалақты былай қойып, өлім-жітімді де «жан-жолдасымен» атқарып қайтады. Жалғыз өзгеріс бар, бұрынғыдай Ленин, Сталин үшін емес, денсаулық үшін алады. 1963 жылдан бастап, міне биыл 2000 жыл, 37 жыл бойы аузы құрғамай бір күн сау, бір күн мас күйінде өмір өткізіпті. Сол мастықпен жүріп, қалай егемен ел болып алғанымызды, бір күнде қалай ғана 500 қойдың иесі атанып кеткенін де білмей қалды. Кезінде комсомол болып жүріп, өзі талайлардың қолына су құйған еді. Қойының саны бес мыңға жеткелі сол игі жақсылар мұның қолына су құюға таласатын болып алды. Әрине, барлық кімді масаттандырмайды...
Азекең осыдан бірер жыл бұрын Алматыға қыдырып барған еді. Бәлкім шалдың тотықұстай таранып, жігіттік шақты аңсай бастауы сол кезден бастау алған шығар. Кім білсін? Әйтеуір, бір шайқап еді ғой, дүниені. Кезінде колхоздың байлығын түгімен жұтқан «игі жақсылар» бас қосып, тойдың көрігін қыздырған. Бір кездегі комсомолдар, бүгінгі бизнесмен-капиталистер үш күн, үш түн тоқтамай ішкен. Алматыда олар адақтамаған мейрамхана, олар суға түспеген сауна қалмады. Ақша дегеннің құдіреті күшті. Қаусаған шалдар құтырып, жап-жас қыздарды жалға алды. Басқаны қайдам, Азекеңе бұйырған бұйрабас қор қызындай еді. Сол ақшаға сатылатын қор қызы шалды есінен тандырған-ды. Азекеңнің қауқарының қайтпағанының белгісі ме, жоқ әлде ана бұйрабас соншалық сезімтал ма, әйтеуір қыңсылап, дегбірін алған. Азекең мастықтың буымен немересіндей ғана қызды бауырына басып, жаншып-жаншып жіберген болатын. Көрген түстей сол күндер өтті, кетті... Азекең «бұл дәуренім қайтып оралмас» деп ойлаған. Ата сақалы аузына түскен шақтағы осы бір азғын ісіне бола ар алдында ақталғысы да келмеп еді...
***
«Түу, қайдағы жоқ ойыма қайдан келе қалады? Ақшаға сатылған анау бұйрабас Балқызыма қалай тең болсын? Жетпейді ғой оған, жетпейді. Қалай ғана сол «ең бақытты» күнімде мас болдым екен-ә. Егер де сау болсам, ар-ұят шіркін оянып, нартәуекел жасай алмас едім. Тәуекелге бармасам, бүгін әке атанар ма едім? Жо-жоқ. Құдайдың өзі осылай қиюластырып қойған шығар. Қой жеделдетейін. Әне, перзентхананың да төбесі көрінді».
Қанша жылдам жүрді дегенмен, Азекең тағы алқынды. Таяқ тастам жердегі перзентханаға жете алмағаны несі екен? Кеше ғана тау мен тасқа секіріп, қой бағатын Азекеңе, осы жазда ғана 7 көлік шөпті жалғыз өзі жинап алған Азекеңе, бағана ғана отардағы ісекті қуалап жүріп, тілерсегінен шап беріп ұстап алған Азекеңе не көрінді, соншалық?... Шынымен-ақ шал болғаны ма?
«Ай, Балқыз-ай! Сенің балалық шағың менің көз алдымда өтті ғой. Сенің ең алғаш тәй-тәй басқаның, мектепке барғаның, бір топ достарыңмен үйге келіп, асыр салғаның бәрі-бәрі есімде. Көпжасарға бетіңді сүйгізбей «атамның қызымын» деп қиғылықты салатыныңды қалай ұмытайын... Мен алжыған қақпас»...
Азекең перзентханаға жетіп, Балқызы жатқан палатаны іздей бастады. Міне, бірер минуттан кейін тұла бойы тұңғышын көреді. Тұңғышын... Жүрегі жарылып кетпесе жарар еді. «Көпжасар азар болса, өлтірер, Ақлима азар болса, безер... Өлім деген маған қорқынышты емес. Маған өмір, сәбидің өмірі қымбат. Сол ұзақ жасаса болды. Бұл өмірдегі бір қаталығым, бір адамға ғұмыр сыйласа, сол да жетеді».
Азекең, қарлыққан дауыспен «Балқыз» деп айғайлай бастады...
ІІ
Балқыз бұл дауысты естісе де, терезеге беттей алмады. Қалай беттесін? Іште айтылмаған, айтылмайтын бір сыр бар. Мектепті әлі бітіріп үлгермеген үріп ауызға салғандай бойжеткенді осыдан бір жыл бұрын ауылдың бір бұзақысы зорлап кеткен-ді. Ол аз болғандай, әлгі әумесер ауыл жігіттеріне мақтаныпты. Осыны бетіне салық қылып, кім көрінген басына бастады. Сол басынулардың салдарынан, іштегі шарана кімдікі екенін де білмей қалған-ды. Ақыры, бір еркек кіндіктіні кінәлау керек болған соң, бір күн сау, бір күн мас атасын көрсетіп «баланы атамнан көтеріп қалдым» дей салған. Сол ойланбай айта салған сөзі шындыққа айналып кетеді деп кім ойлаған.
***
Сонау екі мыңыншы жылдары болған осы бір оқиға есімнен шығып кетіпті. Әнеу күні бір танысыммен кездесіп қалдым. Сонау таулы өлкенің бір түкпірінде жатқан кіндік қаным тамған ауыл жайлы біраз әңгімелестік. «А, айтпақшы Азғынбай ақсақалды көрдім» дейді ол. Дәп бір шалға өлім тілеп жүрген адамдай «Тірі ме екен?» дептім мен. «Е, оның жанын алатындай әзірейіл туа қойған жоқ қой. Тірі, тірі...» деп күледі.
– Әлі ауылда ма екен?
– Жоғей, әлгі бір оқиғадан кейін көшіп кеткен. Алматыда бір өзі ғана күнелтіп жатқан көрінеді. Шал мықты, жас тоқал алу үшін зейнетақымды жинап жүрмін дейді.
«Жасы қаншаға келіп еді» дедім сасқаннан... Ауылдасым кәдімгіндей көсемсіп: «А, жасы ма, жасы сексеннің сеңгіріне шығыпты. О дүниесін ойламайтын біздің Азекеңдер «бақытты-ә!» деді.
Ал мен болсам, он екіде бір гүлі ашылмаған Балқыздың, «Бал-қыздардың» тағдыры жайлы ойланып тұрған едім...
2013 жыл
Қарашаның 23-24 жұлдызы
"Бүгінгі проза" #1 - Мәди Алжанбай. "Үрей" (әңгіме)
"Бүгінгі проза" #2 - Арман Әлменбет. "Ерлі-зайыпты" (әңгіме)
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: жеке мұрағаттан