«Проза жанр ретінде – күрделі. Проза қысқа қайырымға келмейді. Повесть пен романды айтпағанда, прозаның қысқа түрі әңгіме болса, оның өзі он-жиырма бетке барып жығылады. Проза таңдаған тақырыпты зерттеп, зерделеп, кейіпкерін танып, оның образын кемеліне келтіріп барып жарыққа шығады. Бұл – ұзақ процесс. Проза поэзиядағыдай сезімге ғана құрылмайды. Дәуір келбеті, ұлт қасіреті, жеңіс, жеңіліс, қиянат, авторлық ой – бәрі жымдасып келіп, күрделі композиция жасайды. Демек, суреткер саз балшыққа белуардан батқандай жанталасады. Не шығармаңмен жеңіске жетесің, не жеңіліс күтіп тұр. Сондықтан да болар, қыздар прозадан гөрі поэзияға құштар. Прозаның жүгі ауыр»
Бұл «Мәңгілік бала бейнесін» жасаған жазушы, драматург Роза Мұқанова бір сұқбатында осылай деген болатын. Бүгін – қазақтың тағы бір Розасының туған күні. Ол 1964 жылы 14 қазанда Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Көлденең ауылында дүниеге келген.
• 1987 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдады. 1987 жылы Орталық мұражайдың Әдебиет және өнер бөлімінде қызмет жасады. 1989 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Аударма коллегиясында аға редактор болды. Жазушының "Жарық дүние" (1994, "Жалын"), "Дүние кезек" (1997, "Жазушы") әңгімелер жинағы, "Құдірет-Кие" ( 2000, "Сөздік-Словарь") әңгімелері мен драмалық хикаяттары жарық көрді. 2001 жылы Рабғұзидің "Қисса-сүл-Әнбий-я" кітабын алғаш рет қазақ тіліне тәржі-малады.
• 1996 жылы Қазақтың мемлекетгік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында "Мәңгілік бала бейне" пьесасы қойылды. 1997 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында М.Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесінің желісінде драмалық қойылымы сахналанды.
• 2001 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Қыз жылаған» әңгімесінің желісімен кино түсірді.
Өзіңе көңіл толмайтын дертті жазу арқылы емдеген Роза Мұқанованы туған күнімен құттықтаймыз.