- Негізгі бет
- Проза
- Буддeнбрoктар немесе бір...
Буддeнбрoктар немесе бір Нобельдің тарихы
Пауль Томас Манн 1875 жылы 6 қарашада Германияның Любек қаласында жергілікті шенеунік Томас Йоханн Генрих Манн жанұясында өмірге келген. Оның ағасы Генрих Манн да (1871-1950) белгілі жазушы болған. 1891 жылы болашақ "Нобель" иегерінің әкесі қайтыс болады да оған үлкен жер иелігі мұра болып қалады. Осыдан соң жазушының отбасы Мюнхенге қоныс аударады.
Бала кезінен әдебиетке қызыққан Томас алғашқы әдебиеттегі жолын "Көктемдегі найзағай" атты журнал ашумен бастайды. Осыдан соң ағасы иелік ететін "ХХ ғасыр әдебиеті" басылымына мақалалар жазып тұрады. Әскери қызметтен оралған ағалы-інілі Манндар новеллалар жазып бастайды. Бірақ бұл жұмыстарынан нәтиже болмағасын Италияға кетеді. Ол жерде Томас 2 жыл ішінде "Буддeнбрoктар. Бір oтбасының күйрeу тарихы” ("Buddenbrooks – Verfall einer Familie") атты рoманын жазады. Оны 1901 жылы кітап етіп шығарады. Бұл роман авторға үлкен даңқ әкеледі. Осыдан соң Томас Манның "Тристан" ("Tristan"), "Тонио Крегер" ("Tonio Kröger") атты тамаша новеллалары баспа бетін көреді.
1905 жылы жазушы профессорлар жанұясында тәрбиеленген Катя Персингхем есімді қызға үйленеді. Олар 6 перзентті болады. Ең қызығы, Манның үш баласы – Эрика, Клаус және Гололар әкесінің жолын қуып жазушы болады.
"Венециядағы өлім" (Der Tod in Venedig, 1912) новелласында жазушы Густав Ашенбах дейтін кейіпкердің жалынды махаббатын баяндайды. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Манн соғысты жақтайды. Бұл соғысқа тіс-тырнағымен қарсы саясаткер ағасына ұнамайды. 1922 жылы ғана екеуі қайта татуласып, нәтижесінде Томас саяси көзқарасын өзгертіп, фашизмге қарсы тұрады.
1912 жылы Томас Манн әйелі емделіп жатқан Давос шипажайына барады. Ол жерде өзінің де құрт ауруына шалдыққанын белгілі болады. Емделе жүріп, өзі сияқты шипажайға емделуге келген Ганс Кастроп атты кейіпкердің бастан кешкендерін суреттейтін "Сиқырлы тау" ("Der Zauberberg") романын жазып, 1924 жылы жариялайды.
1929 жылы Томас Манн дебюттік "Буддeнбрoктар романы үшін" Швед академиктері тарапынан "Нобель" сыйлығына лайық деп табылады. Осыдан соң жазушы Еуропада және басқа елдерде де қатты танымалдылыққа ие болып, насихаттала бастайды.
1933 жылы Германияның сол кездегі саяси жағдайы мен үкімет басына Гитлер келгендігі себепті шет елге кетіп, Швецияға қоныс аударады. 1938 жылы АҚШ-қа кетіп, 1944 жылы Америка азаматтығын алады. Соғыстан соң да отанына оралмайды. Томас 1926-1943 жылдары шетелде жүріп "Иосиф және оның бауырлары" атты тетралогиясын аяқтайды. Ол өзінің шығармашылығында Гетенің дәстүрін сақтауға тырысады. Бұл "Веймардағы Лотто" (1939), "Вертьера", "Дәрігер Фаустос" (1947) сияқты шығармаларында айқын көрініс тапқан.
1952 жылы Томас Америкадан да көшіп, қайтып Швецияға келеді. Жазушының Еуропаға оралуын көптеген әдебиеттанушылар оның өз отанын сағынғанымен байланыстырады. Расында да ол отанына оралуды аңсады. Бірақ фашизмді насихаттаған саясаттың құрбаны болған Германияны көру оған ауыр тиді. 1949 жылғы Гете мерейтойына байланысты Германияға келіп, оның Батыс және Шығыс жағында да болады. Томас Манн арада алты жыл өткесін қарын қатерлі ісігінен 80 жасында өмірден өтеді.
Томас Манның қазақ тілінде шыққан "Буддeнбрoктар" романы туралы филология ғылымдарының кандидаты Қарлығаш Байтанасова: "Томас Манн неміс гуманизмінің мұрагері әрі оның жалғастырушысы бола отырып, уақыттың ықпалымен бейбіт өмір және жарқын болашақ үшін, қоғамның жаңаруы үшін талмай күресе білді. Сөйтіп ұлы суреткердің тағылымды қызметінің, ізденіске толы шығармашылығының бастауы "Буддeнбрoктар" романы болып қалды", – дейді.
Т. Раушанұлы