Жер бетінде бізден де басқа жаратылыстың бары анық. Соның бәрі біз тыныстаған ауамен тыныстап, бізбен бірге өмір сүріп жатады. Алайда, біз оларды байқай бермейміз. Бізге оларды көрудің де қажеті шамалы. Тек өмірімізге қол сұқпаса болғаны. Бірақ, біздің қалауымыз қашанғы орындалсын... Ендеше, бүгін сіздердің назарларыңызға Нарытбек Гүлзаттың осы бір жұп-жұмыр әңгімесін ұсынып отырмыз. Әңгіме тілі өте майда, кестелі өрнектей өзіне тарта түседі.
Беймезгіл ұйқы
(әңгіме)
... Көзімді ашсам әлгінде ғана күйіп-жанып тұрған күн көзі көрінбей, қап-қара бұлттың арасына жасырынып қалыпты. Дала алай-дүлей. Жаңбырдың желі ағаш бастарын ары-бері жұлқиды аямастан.
Міндетімді өтедім де оны-мұны парақтап отырдым. Тағы да мызғып алғым-ақ келіп еді, тыйдым өзімді: біраздан соң Намазшам уақыты. Ес білгелі ести-ести құлаққа әбден сіңісті болып қалған ғой, бейкүнә бал балалықтан қалған әдет дейін бе, әлде тәрбие ме, әйтеуір бірдеңе нәпсіге ергізбеді.
«...Батар күнмен жарысып жатпаңдар, таласып ұйықтамаңдар!.. Мұндай уақытта төсек тартып жатқан аурудың өзін, шамасы келсе, отырғызып қояды...» - дейтін...
«...Осы кезде жындар жүреді екен жер бетінде. Ұйықтап жатсаң иманың әлсірейді екен де, жын бойыңа кіріп алады екен...» - дейтін...
Алғашқы ескертпені анам мен апам миымызға құйған-ақ аямай. Ал екіншісі... үнемі үлкендер айта беретін ескертпесіне орай тапқан өзіміздің «себебіміз» бе еді, жоқ әлде сол үлкендердің өздері айтпақшы, осы секілді қорқынышты нәрселер айтып қоймаса оңайлықпен тыңдай қоймайтын біз секілді «құлақсыздарды» айтқандарына көндіру үшінгі айлалары ма еді – ол жағын анық білмейді екем... Әйтеуір, кезіндегі ең өтімді «хиттеріміздің» бірі болатын...
Есік ашылып, ішке Айжан кірді. Шәйін ішіп алды да, төсегіне құлай кетті. Айжаны кім деп отырмысыз? Менімен бір бөлмеде жататын қыз ғой. Бірге тұрып жатқанымызға бір жылға таяу болса да, әңгімеміз онша жараса бермейді. Кей-кейде ғана болмаса, ашылып сөйлесуіміз тым сирек. Жарайды, ол жайлы, реті келсе, кейін бірде айтып берермін. Содан жатталып қалған сөз аузыма түсті:
- Айжан, батар күнмен таласып жатпа!..
Ол өзінің бұрқылдауық әдетіне басты:
- Ой, қойшы, шаршап кеттім...
Не дейін, үндеместен ісімді жалғастыра бердім. Үйдегілер мені осылай тәрбиеледі екен деп, өзгелерге де солай жасатқыза алмаймын ғой.
Намазшамның кіруіне аз ғана қалды. Дала сүреңсіз болып тұр. Бағанағы құтырынған жел тоқтаған. Жаңбыр жауған жоқ. Бұлт та қап-қара болып мыңқ етпестен орнында тұр. Көк аспанды бізге көрсететін ойы жоқ секілді. Кеш әлі толық түсе қоймағанымен, бұлттың арқасында сұрықсыз қараңғыланып тұр. Әншейінде жап-жасыл болып, көздің жауын ала терезеден сығалайтын ағаштар да қорқынышты көрінеді.
Азан. Ақшам. Біраз уақыт өтті. Айжан шырт ұйқыда. Бөлме іші жым-жырт. Әлденелерді шимайлап отырдым өзімше. Кенет сол тұсымдағы кереуетте ұйықтап жатқан Айжан басы мен кеудесін төсегінен оқыс жұлып алды. Селк етіп, жалт қарадым. Оның қашан қарап үлгергенін қайдам, көзімен атып барады екен. Шошып кеттім. Әйтсе де, қорқынышты түс көріп оянған болар деп өзімді сабама түсіріп-ақ жатырмын. Бірақ... бірақ... көзі... иә, көзі... өзінікі емес! Мүлде жат! Жансыз секілді. Әдеттегідей жалындаған жастықтың ұшқыны көрінбейді. Оның орнында ыза мен мысқыл ойнайтын секілді ме, қалай? Қадалған қарашық әлі бір жұмылмады – өңешімді суырып барады. Мұздай тер маңдайымнан бұрқ ете қалды. Бүкіл денем қатып икемге, тілім күрмеліп сөйлеуге келмейді. «Айжан! Айжан! Саған не болды?» деймін ішімнен (Дауыстап айтар дәрмен қайда?). Көзін әлі тайдырар емес. Өңменімнен өтіп кетті. Тынысым да тарылып, ауа жетпей кеткендей. Тілімді кәлимаға келтірдім (әрине, ішімнен). Содан бойыма бір күш дарығандай болды да, батылданып:
- ... А...й...жж...ааан...н... – дей беріп едім, бөлмені басына көтере айқайлай күлді. Дауысы... сұмдық! Тым жағымсыз! Басқа теңеу таба алмадым – әлгі... жалмауыздың, мыстанның мысқылдап, кекете күлетіні бар ғой фильмдерде... дәл сондай! Әлі күліп жатыр. Өн бойым қалтырап, көзімнен қорқыныштың жастары еріксіз парлап шығып, бетімді жуып кетті. Тіптен ес-ақыл қалмаған. «Бисмилладан» бастап бар білетін сүрелерім мен дұғаларымды айтып жатырмын, айтып жатырмын. Қашып кетейін десем, біреу мені сол жерге шегелеп қағып тастағандай қозғала алмаймын.
Осынша уақыт Айжан не істеді деп отырмысыз? Адамның ойынан жүйрік нәрсе жоқ қой...
«О, Құдайым! Әлі күліп отыр!.. Не көрінді оған?!.». Манадан бері ойласам да сенбей отыр ем, енді оның бойына жын кіріп кеткендігіне күмәнім қалмады. Ол қадалған күйде мыстан-күлкісін тыймастан төсегінен түсті де, маған қарай қадам басты. Енді үш-төрт аттаса жанымда болады!.. Сосын... Өлген жерім осы болар дедім... Жүрегім дәл алқымымда дүк-дүк, дүк-дүк соғады. Енді болмаса аузымнан шығып кетердей...
... Сосын... одан соң не болғанын білмеймін, есімді бір жисам дәлізде алқынып жүгіріп барам. Бар ойым – жетінші қабатқа көтерілу. Денеме қорғасын құйып қойғандай, жүрісім өнбей, зорға жеттім «межеме». Осы қабатта тұратын иманы кемел, намазхан ағалардың бөлмелеріне жұлқына кіріп бардым. Әрқайсысы өз тірлігімен айналысып отырған олар мына сұрқымды көріп үрпиісіп қалды. Сол түрімді өзім енді көз алдыма әкелем: бетімде қан-сөл жоқ, сұп-сұр; қорқыныштан көзімнің шарасы кеңейіп кеткен, жылап жатқаным жоқ, бірақ жас тоқтамастан атқылауда. Ентігіп кірдім де, әй жоқ, шәй жоқ, қолымды ербеңдетіп бірдеңелерді түсіндірмекші болдым. Қорқыныштан байланып қалған құрғұр тіл бұралып, икемге келмей қойды. Үрей мен ызаға булығып тұрған мен босаңсып өкіре жылап жібердім. Не болдылап бәрі жинала қалды. Демеп отырғызды, су ішкізді де «тыңдап тұрмыз» дегендей үнсіз аузымды бақты. Аздап басылғаныммен қалш-қалш етем. Өксігімді тыйып, әрең сөйлеп:
- ... Ша...й...таннн!.. – деп оларды да бір сілкіндірдім, - ббөл...ме...де...
Анықтап ұғындыра алмасам да, өздерінше жобалап, бірі тәспісін арқалай, бірі қамшысын ұстай дұғалатып төменге түсті. Менің қайта баруға, көруге дәрменім жоқ. Сонда да амалсыз ағаларға сүйеніп, дірілдеп, бөлмеге келдік. Есік айқарыла ашық тұр. Іштен еш дыбыс естілмейді. Кіре алмадым. Олар, жігіт қой не десең де, еніп кетті. Не болар екен деп жанымды шүберекке түйіп мен мен тұрмын. Ағалардан тығылып шығып, сыртта тұрған маған бас салатын секілді сезініп, тіпті тұра қашуға да дайындалдым. Не деген сужүрек едім десейші? Аздан соң бірі шықты да «...ештеңе жоқ...» деп зорға дегенде алып кірді. Буын-буыным босап ішке беттедім. Қорыққаным жоқ. Жүрегім мені тастап кетіп қалған секілді...
О, тоба! Өлі тыныштық! Бар бөлменің астын үстіне келтірген болар деп едім. Жоқ, заттар орнында. Оларды қойшы... Айжан!.. ол да орнында! Иә, түк болмағандай ұйықтап жатыр. Алғашында әдейі солай жатыр деп сенбедім. Қазір де әлгіндегідей атып тұрып бір сойқанды бастайтын болар деп күттім. Жо-оқ, бейкүнә сәбилер секілді аузы ашылып, мұрны пысылдап шын ұйықтап жатыр. Мен есімнен адастым... Осылай ақылымнан ауысып тұрғанымда Айжанның көрпесінің сыртында қалып қойған қолының білегіндегі тырнақтың жырған ізін көзім шалды. Қанталап тұр, әлі кеппеген. Дереу қос қолымды жайып, тырнақтарымның бастарына қарадым. Сол қолымның балаң үйрегінің тырнағының ұшында жаңа жұққан, қатып үлгермеген қанды көрдім... Мен анық жынданғанмын-ау... Ертіп келген ағаларым тіл-ауыздан қалған маған түсіндір деп әлек. Не айтам? Не түсіндірем? Өзім де түк ұқпай тұрғам жоқ па?..
Сурет: stihi.ru