Бейбіт Сарыбай. "Ақтабан" (хикаят)

Бейбіт Сарыбай. "Ақтабан" (хикаят)
Фото: phillymag.com

"Ит – жеті қазынаның бірі". Көшпенді қазақ тұрмысында иттің алатын орны ерекше. Әсіресе, малшылардың сенімді серігі. Олардың айтуынша иттердің қасқырға қарсы үрген дыбысы жай кездері үргенінен басқаша болады екен. Санаулы күннен соң ит жылы есігімізден енгелі тұр. Қазақ әдебиетінде ит туралы шығармалар жетерлік. Солардың бірі классик жазушы Мұхтар Мағауиннің "Тазының өлімі" шығармасы. Шығармадағы иттің адалдығы бөлек әңгіме. Біз ұсынғалы отырған шығарма сіздің жүрегіңізді елжіретпей қоймайды. Ит жылына орай жазушы Бейбіт Сарыбайдың "Ақтабан" хикаятын назарларыңызға ұсынамыз. Міндетті түрде оқып шығыңыз! 

"Ер тойған жеріне, ит тойған жеріне"

(Халық мәтелі) 

«Жақсы ит өлiгiн көрсетпейдi» – деген рас екен. Соңғы күндерде әлдеқандай ауру меңдеген Алапар ұшты-күйлi жоғалып кеттi. Әуелде оның бар-жоғына ешқайсымыз назар аудармаған екенбiз, итаяққа жуынды төгуге барғанда шешем байқапты. Кешегi, тiптi, алдыңғы күнгi құйылған тамағы сол бойы iшiлмеген күйi қалған екен. Әй, өзi де бiр бар-жоғы бiлiнбейтiн марғау едi. Не  үрiп  жарытпайтын, не айтаққа жүгiрмейтiн әбден қартайған иттiң жоғалып кеткенiне, шынымды айтсам, барлығымыздың iшiмiз ашыған жоқ. Күшiгiнен асыраған әкемнiң өзi бар болғаны:

– Дұрыс болды… – дедi бас-аяғы жоқ.

Алапардың қаншаға келгенiн кiм бiлсiн. Бiр бiлерiм мен ес бiлгелi берi бар. Ит деген аты болмаса осының ит болып үрiп, үй қорып қарық қылғаны шамалы. Бұның бар мiндетi жуынды iшiп, аяқ босату ғана болатын. Бiрақ қазаннан қақпақ кеткен кездерде, бұдан ұят кеткен емес. Өзге иттер құсап таза ыдыстарды иiскеу немесе iлулi тұрған қатықтың дорбасын ақтарып кету деген оның табиғатына жат қылық.

***

Мен төртiншi сыныпты бiтiретiн жылы көктемде әкем қызмет бабымен өзiмiздiң туған ауылымыздан шалғайдағы осы колхозға көшкенде де, мал-мүлiкке қоса, Алапарды бiрге алып келген. Шешем қарсылық танытып:

– Осының қимайтындай несi бар, қалдырып кетейiк, өзi де әбден қартайды, – деп едi, көнбедi.

Бiз көшiп келiп, ауылдың орталық көшесiндегi кеңсеге жақын маңдағы бiр үлкен үйге қоныс тептiк. Бұрын бұл үйде емхананың бас дәрiгері тұрыпты. Ол қызметi өрлеп, аудандық емханаға ауысқанда босап қалған екен. Неше жылдан берi қаңырап тоза бастаған үй ендiгi уақытта бiздiң еншiмiзге бұйырды. Адам тұрмаған үйдiң бiртүрлi сұрқай көрiнетiнi бар емес пе, бiз келiп жүктердi түсiрiп жатқанда көңiлiм бiртүрлi қоңылтақсып қалды. Әкем алдын-ала келiп, ретке келтiрген күннiң өзiнде кей бөлмелердiң бұрыштарындағы өрмекшiлердiң салған торын көрiп, шешемнiң де iшi қылп ете қалды. Дегенмен шешем екеумiз екi жақтап жүрiп әктеп, азғантай дүниемiздi орны-орнына қойып, ошағына от тұтатқаннан кейiн-ақ жайнап сала бердi. Мазардай қаңырап тұрған шаңыраққа нұр кiргендей болды.

Арада екi-үш күн өтiп, есiмiздi жиып, етегiмiздi жаптық-ау дегенде қазақы жөнге салып, көршi-қолаң мен әкемнiң қызметтестерiн шақырып, қонақ қылдық. Олар да бiздi кезек-кезек ерулiкке шақырды.

Мен мектепке барып, алдағы уақытта бiрге оқитын сыныптастарыммен таныстым. Ешкiмнiң сырын бiлмейтiн болғандықтан салған беттен ешқайсымен достасып кете алмадым. Олар менi бөтенсiмегенiмен менiң алғашқы уақыттарда өзге орта, жаңа таныстарымды жатырқағаным анық. Оның үстiне сыныбымыздағы Дәулет атты баланың менi келмей жатып келемеждегенi де әсер еттi-ау деймiн. Өзi осы сыныптың атаманы көрiнедi. Мұғалiмiмiз Айкүмiс апай менi таныстырып жатып:

– Колхозымыздың мал шаруашылығын өркендету үшiн арнайы шақырылған бас маман Жекен Әжиевтiң баласы – Әжиев Махамбет, – дегенде сол Дәулет қарап тұрмай қарқылдап бiр күлiп алды да:

– Па, шiркiн, «жаман иттiң атын Бөрiбасар қояды» дегендей аты дардай екен, ә. Көремiз қаншалықты батыр екенiн, – дедi.

Мектепке бiр оқушы ауысып келсе мiндеттi түрде екi-үш баламен төбелестiрiп, бiр шетiнен ермек қылып, екiншi шетiнен сынап, өзiнiң орнын белгiлеп беретiнiн бiлетiнмiн. Ол жағына өзiм де iштей дайындалып келгем. Бiрақ шабуылдың дәл осылай күтпеген жерден бiрден басталып кететiнiн кiм ойлаған. Бұның барлығы да мен үшін психологиялық соққы-тын. Бiрақ  Дәулеттiң сырын апайымыз бiлетiн болса керек:

– Егембердиев, айтпады деме, осыдан төбелес ұйымдастыратын болсаң мектептен шығасың, – деп ескерттi.

Сабақ аяқталғаннан кейiн балалар менi қоршап алып, «қай ауылдан келдiң, ол жақта нешiншi атаман едiң?» деген сияқты әртүрлi сұрақтардың астына алды. Кейбiр сұрақтарға менiң өз жауабымнан тыс жауаптар да берiлiп  жатты. Бiздiң отбасымыз турасында аз-кем хабардар болып үлгергендерi «мен бiлем» дегендей болып, әңгiмеге араласып жатты. Сондайлардың бiрi, көк көздi, шикiл сары бала кекiлiнiн желпiп қойып:

– Бұның әкесi мен шешесiнен басқа аға, iнi, қарындас дегеннен ешкiмi жоқ екен, – дедi.

– Сен оны қайдан бiлесiң? – дедi негiзгi сұрақ қоюшы Дәулет. Анау болса:

– Апам айтты. «Жекен бар байлығын арқалап кептi. Тiптi, өлермен итiне дейiн қалдырмай әкептi» деген, – дедi.

– Белесебетi де жоқ көрiнедi.

– Ей, өзiңде бар адам құсап сөйлемешi-ей сен, – дедi зiркiлдеп сөйлейтiн бiреуi. Жуасып қалған ана байғұс:

– Мен өзiмде бар деп тұрғам жоқ. Тек әйтеуiр көшiп келгендердiң балдарында бiзде жоқ нәрсе болушы едi дегенiм ғой, – дедi ақталған түрмен.

Мыналардың мылжың әңгiмелерiне зауқым соқпаса да қосылуыма тура келдi. Келмей жатып бөлектенбейiн дегендiктен ғана шыдадым. Жүрексiнiп те тұрғаным рас. Өздерiне қажеттi жауапты алып болғаннан кейiн барлық әңгiменi тағы да сол Дәулет қорытындылады.

– Ал, батыр бала! Атыңа лайықпын десең бiздiң қатарымызға қосыласың. Егер жақсы оқысаң, тәртiптi бала болам десең онда ана Елжан, Ерсiндермен жолдас боласың, – дедi.

Мен шынымды айтайын, алғашында қай топқа қосыларымды бiлмедiм. Мыналарының түрi – мынау.  Әй, құрсын, бiр үйдiң үмiт күтiп отырған жалғыз баласымын, төбелесiп абырой таппай-ақ қойдым. Одан да сабағымды оқиын деп шешiп, «Елжан, Ерсiн дегендерi кiм болды екен» деп жан-жағыма қарап едiм, менiң не үшiн алақтағанымды сезiп қалған бiреуi:

– Оларды iздемей-ақ қой. Олар класта ертеңгi сабаққа дайындалып отыр, – дедi.

Мен ойланайын дедiм. Дәулеттiң тобы маған үш күнге мұрсат бердi. Осы күндер ғой менiң жаңа ортаға кiрiгiп кете алмай жалғызсырап, жатырқап жүрген күндерiм.

Бiр сыныпта оқығаннан кейiн, әрине, әртүрлi себептермен әрқайсысымен араласа бастадым. Бiреуi қаламсабын ұмытып кетiп, «артық қаламыңды бере тұршы» деп сұрайды. Ендi бiреуiмен қайтар жолымыз бiр болғасын сабақтан бiрге қайтамын. Елжан мен Ерсiн де жаман балалар емес сияқты. Ешнәрсемен қақ-соғы жоқ, өздерiмен өздерi жүрген бiртоға, момын балдар екен. Олардың бар кiнәсi бiрi мұғалiмнiң, екiншiсi дәрiгердiң баласы болғасын бiздiң тәртiпсiз болғанымыз жарамас дейтiн болса керек, аналарға онша көп ере қоймайды екен. Мен соларға жақынырақ жүрдiм.

Менің соларға кіріге бастағанымды сезіп, «әуселеңді байқайық» деді-ау деймін, құрымағырлар. Күндегiдей сабақтан тарағанымызда Дәулет бәрiмiздi мектептiң артына ертіп барды. Өзi түрнектiң темiрiне шығып, екi аяғын салбыратып қойып отыр. Тап бiр маңызды мәселенi шешетiн адамға ұқсап маңғаздана сөйлеп отыр.

– Ей, Бөрiбасар, сен көп ойланып кеттiң ғой өзi. Кiммен дос боласың?

– Мен сендермен де, Елжандармен де дос болғым келедi. Сендер де қазiрден бастап бөлiнбеңдер. Бәрiмiз бiрге жүрейiк. Егер бөлiнсеңдер, өздерiң бөлiнiңдер. Мен бәрiңмен доспын, ешқайсысыңа қосылмаймын.

– Мәссаған, мынауың ақылды ғой өзi. Ондай деген жоқ. Онда өзiңмен өзiң жалғыз жүресiң. Ендi сенiң орныңды белгiлеймiз. Дархан – төртiншi атаман. Сен сонымен соғысасың. Жеңсең, үшiншi боласың. Жеңiлсең, бесiншi боласың. Одан кейiн екiншiге таласамын десең Ермекпен бiрге бiр шығасың, – дедi.

Ал ендi не iстеуiм керек? Бұлардың әрқайсысымен төбелесiп, жаға жыртысып жүрсем нем қалмақ? Атаманы құрысын, ешқайсысымен төбелеспей-ақ жайыма жүрейiншi деп шештiм. Бiрақ  өйтсем бәрi басынып алып, күн көрсетпей жүре ме деген де қауiп жоқ емес. Сөйтiп не шешiм қабылдарымды бiлмей тұрғанымда Дәулет:

– Тез жауап бер. Сенi күтiп тұратындай уақыт жоқ. Бәрiмiздiң жұмысымыз бар. Мен де ертерек барып, малдың астын тазалауым керек, –дедi.

Қалай аузымнан шығып кеткенiн бiлмеймiн, басыма кiрмеген ой едi, сасқанымнан:

– Әркiммен төбелескенше, бiрден сенiмен-ақ соғыса салайыншы, –деппiн.

Мен де аң-таң, балалар да аң-таң. Сыныптас ұлдар «мынау не деген жүрек жұтқан пәле» деп тұрған шығар. Қайдан білсін, менің абайсызда айтып қойғанымды. Бір қызығы, бұндай атаман анықтау шарасына сыныпта бірге оқитын кейбір қыздар да қатысады екен. Олар да тұр, «мынау не дейді?» дегендей болып. Бәрiмiз Дәулет не дер екен дегендей, iшiмiзден тындық. Дәулет те «мынау өзi не деп тұр, шын ба, өтiрiк пе?» дегендей аз-кем ойланып отырып қалды да артынша түрнектен секiрiп түстi:

– Ой, әкеңнiң… Өлейiн деген екенсiң. Берi келшi, берi, – деп тұра ұмтылды.

Менде шегiнетiн жер жоқ едi. «Сұрап алған ауруға дауа жоқ» деген. Не де болса айқасуыма тура келдi. Бәлендей құлқым соқпаса да сабақ сөмкем мен сырт киiмiмдi шешiп, қарсы қарап тұра қалдым. Бекерге таяқ жегенiмше, құр тұрмай, ара-арасында ретi келсе мен де бiрдi-екiлi жұдырық жұмсайын деп шештiм.

Ашуы басына шыққан Дәулет шабуылды бiрден бастады. Аузымнан абайсызда шығып кеткен сөзiме бола соғыспақ болған мен, көбiне қорғанысқа көңiл бөлiп, қашқақтай сақтанып жүрмiн. Ол ұрады, мен тигiзбеймiн. Кейде мен ұрамын, ол тигiзбейдi. Екеуара жұдырықтарымыз кейде тиедi, кейде тимейдi. Әбден шаршаған сәтiмiзде мен оңтайлы сәттi қалт жiбермей, жақсы пайдаланып кеттiм. Iшiнен тепкенiмде еңкейiп қалған оны шашынан ұстап тұрып, тiземмен қақ тұмсықтан екi мәрте теуiп-теуiп жiбердiм. Артынша арқасынан ұрып, жерге құлаттым да үстiне отырып алып, тағы төмпештедiм. Бiрақ бағанағыдай емес, жеңiстiң мен жақта екенiн бiлiп, аяй ұрдым. Ақыр соңында тұмсығындағы қанды көрдiм де орнымнан тұрып, басынан аттап кеттiм. Оны қасындағы кiлең атаман жолдастары құдыққа қарай жетелеп бара жатты. Мен үйге қарай бет алдым.

***

Айналасы бiр-екi айдың iшiнде әкем екеумiз қора-қопсыны ретке келтiрiп алдық. Үй-жайымыз ретке келгеннен кейiн туған ауылымызда қалған отыз шақты қозылы қойымыз бен бұзаулы сиыр, құлынды биелерiмiздi жеткізіп алдық. Осыдан кейiн барып қана аузы жеңiл әйелдердiң «жаңа келген зоотехниктiң бiр әйелi, бiр баласы, бiр аты мен бiр итiнен басқа түгi жоқ екен…» деген сынды қаңқу сөздерi тиылды-ау, әйтеуiр.

Мен де қарап жүрмей ауладағы теректерге бiрдi-екiлi құстың ұясын жасадым. Үш ұя жасап едiм, екеуiне қараторғай ұялап, балапан басты. Үшiншiсi сол бойы бос қалды. Сабағым да бiр ретке келдi. Өзiмiздiң ауылда да тәуiр оқитындардың қатарында едiм, мына жақта тiптi маңдайалды оқушы болдым. Ұстаздардың менi өзгелерге үлгi тұтқаны одан әрмен құлшындыра түстi. Қоғамдық жұмыстарға да атсалысамын. Балалармен де жақындасып кеттiм.

Айтпақшы, баяғы аяқасты болған төбелестен кейiн мен бiрден сыныбымыздың атаманы болып шыға келдiм. «Атаманмын» деп жүрген мен жоқ. Өздерi сыртымнан солай атайды. Менiң кесiрiмнен ойламаған жерден екiншiге сырғыған Дәулет менiң оң қолым iспеттi. Бiрнәрсеге басшылық жасағысы келсе, мiндеттi түрде менiң келiсiмiмдi алады. Жеңiлiс кiмге де болса жеңiл тимейдi емес пе, намысына нұқсан келтiрген менi ол бастапқыда жек көрiп жүргендей болды. Әйткенмен ол соншалық кекшiл емес екен. Тiптi, барып тұрған ұйымдастырғыш, бауырмал бала. Оның iшiне жел бiтiрiп, кеудесiне нан пiсiрiп жүрген итке айтақ қосқандай қылған айналасы екен. Өзi сондай қызық бала. Кейде түстен кейiн бiздiң үйге келiп, менiң қасымда жүредi. Айтқан әңгiмелерi де қызық. Бiр күнi:

–  Маха, саған бiрнәрсе айтайын ба? – дейдi.

– Айт, – дедiм.

– Мен өмiрiмде бiрiншi рет мықты төбелесетiн баланың сабақты жақсы оқығанын көрдiм. Бұрындары адам не сабақты жақсы оқиды, не төбелестi қатырады, мықты төбелесе алған адамның сабағы нашар болады, ал озат оқушы төбелесе алмайды деп ойлайтынмын, – дейдi.

Мен оған ол ойының қате екенiн, шындап кiрiссе өзiнiң де сабақты жақсы оқуына болатынын, егер қаласа алдағы уақытта сабаққа бірге дайындалуға қарсы емес екенiмдi айттым. Ол болса:

– Әй, қойшы, Маха, маған осы оқу қонбас, – дедi.

– Неге өйдейсiң?

–  Бiздiң тұқымда оқу қонған ешкiм жоқ. Одан да айтшы, сен менi  қалай жеңiп кеттiң? Мен ешкiмнен жеңiлiп көрмегем. Оның үстiне сен спортпен де жөндеп айналыспайсың ғой.

– Мен сенi жеңем деп ойлағам жоқ. Абайсызда солай болып қалды, – дедiм қолараммен кепкен талды кесiп жатып. Ол отын жарып жатқан. Балтасын жерге тастай салып, үнсiз ойланып отырып қалды. Әлден кейiн:

– Бiрдеңе айтсам ренжiмейсiң бе? – дедi.

– Жоқ, айта бер.

–  Шынымды айтсам,  сол кезде мен де жеңiлем деп ойлаған жоқпын. Мұрным қанамағанда төбелестi жалғастыра беретiн едiм. Ренжiмешi. Екеумiз тағы да бiр төбелесейiкшi, – дедi.

– Кел, – дедiм арамды орнына қойып. Ол тағы да бiраз уақыт үнсiз отырды да:

– Қой, құрсын. Мен әзiлдеп айттым. Сен кәдiмгiдей шын көрiп тұрсың ғой, – дедi де, қолына балтасын алып, отын жаруға кiрiстi. Аузы мен қолы қатар қимылдайды. Iштей не ойласа соның барлығын сырттай сөйлеп, айтып жүредi.

– Сен дұрыс iстедiң, Маха. Ана Елжан мен Ерсiндердi өзiмiзге қосып алғанымыз жақсы болды. Ендi осылай үнемi бiрге жүремiз. Бұрын қалай басымыз жетпей жүрген, – деп арасында басын шайқап қоятыны бар.

Дәулет менi өзiнiң ең жақын досы санайды. Кейде бiр нәрсеге ақылдасқысы келсе «досым, былай iстесек қалай болады?» деп бастайды да, кейде әңгiмесiн аяқтағанда «солай, досым» деп қоятыны бар. Бiр күнi:

– Осы сен менi шынымен дос санайсың ба? –деп едiм, бiтпес пәлеге қалдым.

– Ендi ше? Сонда сен менi дос санамайсың ба, не? Жоқ, мен саған достыққа татымаймын ба? Мен сенi ең жақын досым деп білемін, – деп ренжiмесi бар ма.

Ақыр соңында өзiм ұялып кеттiм. Шынымды айтсам, мен де Дәулеттi терiс көрмеймiн. Бiрақ соншалық досым деп санамайды екенмiн. Мен сыныпта оқитын он бiр баланың барлығын да бөле-жармай бiрдей көремiн. Барлығын дос санаймын. Бiрақ мынау менiң ең жақын досым деп айтатындай ешкiм жоқ екен. Өзiмнiң туған ауылымда бiрге өскен көршi Берiк деген досым бар едi. Таңның атысы, күннiң батысы демей бiрге жүретiн едiк. Дәл сондай жақындасып кеткен ешкiмiм болмағасын сүйтетiн шығармын, кiм бiледi. Не де болса Дәулеттi алдарқатуым керек болды. Әйтпесе, көңiлiне қаяу түсуi мүмкiн ғой.

– Дәулет, сен маған ренжiме. Мен де сендердiң бәрiңдi досым деп санаймын. Сенi де ерекше жақсы көремiн. Бiрақ баяғы соғысымыздан соң сен маған ренжулi шығар деп ойлайтынмын, – дедiм.

Аңғал досым менiң мына ақталуыма балаша мәз болды. Ақтарылып әңгiмесiн айтты. Маған ешқандай өкпесiнiң жоқ екенiн, мен сияқты досының бар болғаны үшiн мақтанатынын, шешесiнiң де ылғи менiмен бiрге жүр деп ақыл айтатынын ұзақ сонар жыр қылды.

***

Осы ауылға көшiп келгеннен кейiн көп ұзамай жоғалып кеткен Алапардың орнына асырап алатын күшiктi көп iздедiм. Шешемнiң айтысына қарағанда Алапар жерсiнбептi. Өлiгiн көрсетпей бiр жерге барып серейiп қалса керек.

Сабақ аяқталғаннан кейiн, бiз жазғы демалысқа шыққасын бірер күн өткенде әкем менi атына мiңгестiрiп алып, жайлауға тартты. Ол жақта әкемнiң жаңа танысы  тұрады екен. Бар мақсаты – маған жер көрсету және ретi келсе бiр күшiк таба келу. Жетi сағат жол жүрiп әупiрiмдеп әрең жеттiк. Жолсоқты боп зорға келген мен шай iшер-iшпестен құлай кеттiм.

– Мақаш, тұра ғой. Күшiк таңдайсың, – деген әкемнiң жұмсақ дауысынан ояна кетсем,  күн батуға таяп қапты. Бiз бар, үй иелерi бар, бәрiмiз қора жақтағы темiр тормен қоршалған кiшiгiрiм қопсыда тойынып алып, енелерiнiң бауырына басын тығып алып, монтиып ұйықтап жатқан төрт күшiкке бардық. Менiң көзiм бiрден басқа күшiктерге ұқсап, енесiнiң бауырына басын тықпай, керiсiнше, бөлектеу бiр бұрышқа барып, сергек жатқан төсiнiң болмашы ғана ағы бар қоңыр күшiкке түстi.

– Мынаны алайын, – дедiм көп ойланбастан.

– Оны алмайсың, ол менiң өзiме керек! – деп дүңк ете қалды қойшының менiмен қатарлас баласы. Аты Алмас екен.

Естуiмше Алмас та нағыз итжанды болса керек. Мына күшiктеп жатқан қаншықты да өзi бұрынырақта әлдеқайдан бiр қозылы қойға сатып алыпты. Қазақы төбеттiң тұқымын сақтаймын деп әдейi асыраған итiнiң алғашқы күшiктерiнiң бiрiне сұрау сала келген бiздi жақтырмағанын да сезгенмiн. Қазiр де мiне, менiң қалауыма қарсылық бiлдiрiп тұр. Әкесi оған бере сал дегендей ымдап едi, Алмас көнбедi.

– Осы колхозбастықтар мен зоотехниктерден-ақ көрдiк-ау көресiнi. Көзi түссе болды бұлардың, бар жақсыңды сыпырып әкетедi. Астың жақсысын iшiп, киiмнiң көгiн киген бұлар иттiң де жақсысына иелiк етуi керек пе? Бермеймiн бұл күшiктi. Бұл күшiк Бақмолданың тарғылынан қашқан жалғыз күшiк. Алса, басқасын алсын, –  деп дүниенiң зарын қылды.

Амал жоқ, қалағанымды емес, бұйырғанын алуыма тура келдi.

– Ол болмаса кез-келгенiн ала берейiн, – дедiм мен ренiшiмдi жасырып қала алмай.

Әкем қораға кiрiп кеттi де қалған үш күшiктi бiрiнен кейiн бiрiн желкесiнен тартып, өзi сынай бастады. Қыңқ етiп үн шығармаған қара күшiктi алып шықты да Алмасқа қарап:

– Мынаны қиясың ба бiзге? – дедi. Алмас болса:

– Оны ала берiңiз, ол мыңқ етпейтiн маубас болады, – дедi.

– Бiзге осы маубасы да жарар. Жақсысы қадiрiне жететiн өзiңде қалсын. Бiзге ит болса болды емес пе. Бiрақ, Алмасжан, сен бiлсең, кез-келген ит бағуың мен баптауыңа қарай өседi, – дедi әкем итжанды балаға күле қарап.

– Сiзге қарағанда жақсы бiлемiн. Кейiн өскенде алып келiңiз. Сол кезде көремiз, кiмнiң қалай баптап, қалай өсiргенiн.

– Ой, Жеке, ол жағына қам жемеңiз. Алмас iнiңiздiң иттен кандидаттық қорғайтындай жағдайы бар. Мына қаншықты да арнайы өсiрiп баққан. Мына күшiктер осы қаншықтың алғашқы тумалары, – деп әкесi баласының әңгiмесiн толықтырып қойды.

Әкем қазақы ырымын жасап, жаңа танысына азғантай ақша ұстатты. Ал мен Алмасқа қолымдағы сағатымды тағып бердiм.  Алмас сағатпен қоймай, қолыма ұстап жүрген компасымды да сұрап алды. «Ауыл-елдiң iшiнде жүрiп адасып кетпессiң, одан да маған бер» дегесiн оны да шешiп бердiм. Бiртүрлi қызық бала екен. Қойшы әйтеуiр, не де болса бiр күшiктiң арқасында әкелi-балалы төрт адам бiрдей қарық болдық.

Қайтар жолда түн салқындау болғасын әкем күшiктi қойнына тығып келдi. Досы «қонып, ертең асықпай қайтсаңдаршы» деп едi, «жұмыстарым бар» деп әкем көнбедi. Тау-тастың арасын күндiз-түнi жол қылған әкем үшiн жетi түнде сапарлау таңсық емес. Бiр шетiнен өмiрi жолда қалдырып көрмеген астындағы Ақтанкерiне сенетiн шығар. Бiз түнделетiп жолға шыққанда ай да жарық едi. Әйтеуiр, қырсық шалмай таңға жуық ауылымызға аман жеттiк.

***

Үйге келгесiн Алапардың даңғарадай ескi ұясын бұзып, күшiгiмiздiң өзiне лайықтап шағын ғана ұяшық жасап бердiк. Ол әп дегеннен бiзге бауыр басып кеттi. Арада бiраз уақыт өткенде өзiнше ит болып үретiндi шығарды. Күшiктiң атын қоярда бiздiң арамызда аз-кем талас туды. Әкем:

– «Ырыс кейде ит болып та келедi» деген мәтел бар. Бұл күшiктiң атын Құтжол деп қояйық», – деп едi, мен көнбедiм. Өйткенi, мен бұл күшiктiң сүп-сүйкiмдi әппақ табандарын көргенде-ақ өзiм iштей «Ақтабан» деп ат қойып қойған едiм. Әкем ақыры менiң айтқаныма көнiп, мен қойған атты құп көрдi.

Жазғы демалыста жүрген мен үшiн күшiктен басқа ермек жоқ-тұғын. Ақтабанға бiз жуынды емес, нан қосылған сүт беретiн едiк. Кейде әкем ауылға жақын маңдағы малшылардан өлген қойдың етiн алып келiп тоңазытып қоятын да сонымен қоректендiретiн. Бiрақ менiң тамақ беруiме тыйым салды. Өйткенi, әкемнiң айтысына қарағанда мен күшiкке қанша тамақ берудiң мөлшерiн бiлмейдi екенмiн. Күшiк те тойғанын бiлмей жей беретiн болса керек. Ал  артық тамақтандыру күшiкке зиян. Тамақты әкем бергенiмен қызығын мен көремiн. Ақтабан да қу. Бекерге сүйрелейтiн менен гөрi, ертелi-кеш тамақ беретiн әкемдi жақсы көредi. Ол келсе кәдiмгiдей құйрығын бұлғаңдатып алдынан жүгiрiп шығады.

Күн санап, ай санап Ақтабан екеумiз жарыса өсiп жаттық. Мен алтыншы сыныпты бiтiргенде Ақтабан да кәдiмгiдей өсiп қалды. Өте сақ және сондай елгезек өзi. Есiк ашық қалғанда аулаға кiрiп кеткен бөтен мал болса ешқандай айтақсыз-ақ жан таптырмай айдап шығады. Бiр қызығы, бiз оның мойнына бiрде-бiр рет қарғыбау тағып, шынжырға байлаған емеспiз. Ол өзi де келiмдi-кетiмдi кiсiлерге беталды жүгiре бермейдi. Ал пиғылы жаман адам болса иiсiнен сезе ме, кiм бiлсiн, үрiп жолатпайды. Сыртқы есiктiң босағасының түбiнде жатады ылғи. «Ақтабанның арқасында үйге құлып та iлмейтiн болдық» деп шешем де мәз-мейрам.

Осынша ақылды ит болар деп кiм ойлаған? Егер сол кезде Алмас ен салып, еншiлемеген болса мен анау қоңыр күшiктi алар едiм ғой. Ол мынау секiлдi ақылды болар ма едi, болмас па едi деген ой да мазалап тұрады ара-тұра. Кiм бiлсiн, ол бұдан да асқан ақылды болар ма едi? Мейлi, не де болса Ақтабанды алғаныма өкiнбеймiн. Керiсiнше, қуанамын. Мектепте де дос балалар жиылып, ит туралы әңгiме қозғағанда бәрi менiң Ақтабанымды аңыз қылып айтады. Мен үшiн одан асқан мәртебе жоқ. Әкем –атбегiлiгiмен аты шыққан адам. Жекен бәйгеге ат қосады екен дегендi естiгенде көп адам жүлдеден үмiтiн үзетiн. Үлкендер жағы әкемнiң Ақтанкерiн жыр қылса, менiң қатарластарымның бар айтары – Ақтабан. Дәулет те кейде менiң досымның итi дегендей иелiк етiп, «бiздiң Ақтабан» деп қояды.

Сөйткен Ақтабанымнан  бірде айырылып қала жаздап ем-ау… Жоғарғы сыныпта оқитын Мұрат деген бала қайта-қайта ұрынып қоймағаннан кейiн бiр күнi сабақтан қайтып бара жатқанында өшiмдi алғым кеп, ақымақтықпен Ақтабанды айтақтағам. Ақтабаным салған беттен тырқыратып қуып, әбден есiн шығарған. Қуып қана қоймай, балтырынан жайлап қана бiр-екi рет тартып қойса керек. Сәл-сәл ғана қанапты. Шошынып қалған Мұрат үйiне жылап барып, болған жайды айтқанда әкесi үйге жетiп келiп, Ақтабанды атып тастамақ болған. Қолында оқтаулы қосауыз мылтығы бар. Әкем әреңдеп жатып ашуын басып, айыбын төлеп құтылған. Содан берi мен Ақтабанды ондай тапсырмаларға жұмсамайтын болғам.

Тұқымы нән емес пе, Ақтабан үшiншi қар басқан жылы танадай болмаса да әжептәуiр үлкен төбет болды. Ауыл итiнiң iшiндегi ең зорына айналды. Ол әкеме iлесiп көшеге шыққанда өзге иттер ұяларынан шықпайтын. Кейде ауыл сыртына шығып қатарластарым ит төбелестіргенде бiздiң Ақтабанға шыдас беретiн қарсылас табылмайтын. Бәс тiкпек түгiлi, тегiн таластыратын адам таппай бекерге барып қайтатын едiм.

***

Бiр күнi таңда шешемнiң айқайынан ояндым. Әкеме ұрысып жатыр екен.

– Неменеге ертiп кете қойып едiң иттi? Ақтабан саған iлесiп кетпегенде жоғалмайтын едi. Екi-ақ рет киiп едiм ғой, жап-жаңа едi. Кiмнен келдi екен? – деп зар қылып отыр екен.

«Не болды екен?» деп сұрасам, шешемнiң су жаңа көйлегiн түнде жаюлы тұрған жерiнен әлдекiм ұрлап әкетiптi. Әкем өзiнiң қызмет бабымен қойшы ауылдарға санақ жүргiзуге Ақтабанды iлестiре кеткен ғой. Соны пайдаланған бiреу шешейдiң көйлегiн үптеп кетiптi.

Қызық, о заманда бұ заман көйлектi де ұрлайды екен-ау деп таң қалдым. Менiңше, қайрақ, шалғы сынды ер адамдар пайдаланатын саймандар ғана жоғалуы керек едi. Өйткенi, ұрлық iстесе ер адамдар ғана iстейдi. Ал олар өздерiне қажеттi нәрсенi ұрласа керек едi. Сонда бұл ұрлықты әйел адам iстегенi ме? Жоқ, әлде ер адам ұрлап, әйелiне апарып бердi ме? Сонда әйелiне қайдан алдым деп апарып бередi? Мүмкiн әйелi өзi айтты ма екен, «ұрлап бершi» деп? Мен үшiн жауабы белгiсiз осындай мың сан сұрақтар басымды ауыртып жiбердi.

Есiктiң алдында Ақтабан үнсiз жатыр. Мүмкiн ол «қайдан ғана кете қойып едiм» деп өзiн кiнәлi сезiнiп жатыр ма екен? Әйтеуiр, бiр ойлы кейiпте жатыр.

– Әй, болды, қойшы ендi, Бәтимаш. Бiр көйлекке бола дүниенiң зарын қылдың ғой. Табылар, – дедi әкем.

– Қайдан табылады?

– Алақандай ауыл ғой, бiр тойға барсаң осы ауылдың қатындарының бiрiнiң үстiнен көрерсiң.

– Иә, кiм кие қоюшы едi ұрлықы дүниенi. Әлдеқайда ауыл асырып жiберген шығар. Құдай-ай, ел алдына жарқыратып киiп шығатын үш көйлегiмнiң бiреуi едi. Оның өзiн Мәкеннiң құдалығында киiтке кигем.

– Табылмаса табылмасын. Ендi не көйлегiм жоғалды екен деп үйiң тоналғандай еңiремекпiсiң. Не көп, Мәкеннiң қызы көп, бiрiнен кейiн бiрi жарыса өсiп келе жатыр ғой әне желкiлдеп. Тағы бiреуiнiң құдалығына барып, тағы бiр көйлек киiп қайтарсың.

Сол бiр көйлекке бола шешемiздiң үш-төрт күнге дейiн көңiл күйi болмады. Кейде өз-өзiнен күбiрлеп «ой, сұмдық-ай…» деп қояды, әлде таңданған, әлде ренжiген сыңаймен. Әкем екеуміз бір-бірімізге ұрлана қарап жымиямыз.

Ақыры не керек, арада бiраз күн өткенде көйлек жайы да ұмытыла бастаған. Бiр күнi кешқұрым шақта шай iшiп отырғанбыз. Ақтабан есiктi тырналап, үрiп тұрып алды. Жайдан-жай өйтпейтiнiн бiлетiн мен неден хабар берiп тұр екен деп есiктi ашсам, аузында әлдеқандай бүктеулi мата. Ендi адам бүктемегенi көрiнiп-ақ тұр. Өзi ебедейсiз орап алыпты. Орауын жазып жiберiп қарасам шешемнiң жоғалған көйлегi екен. Артымнан ере шыққан әкем мен шешем бұны көрiп аң-таң болды.

– Айттым ғой, табылады деп. Ақтабанның табатынын бiлгем, – деп әкем де мәз, ендi ғана үмiтi үзiлгенде жоғалған көйлегiнiң табылғанына шешем де мәз. Олардың мәре-сәре болғандарын көрiп, Ақтабанның ақылдылығына риза болып, мен де қуандым. Ит екеш ит те өзiнiң әлдеқандай шаруа тындырғанын бiледi-ау деймiн, өзiнше масаттанған түр танытып, мен ғой дегендей құйрығын бұлғаңдатып қойды.

Әкемнiң Ақтабанның табатынын бiлгем дейтiнiндей де бар. Бiр жолы таудан келе жатқанда қанжығасына байлап қойған қырық құлаш арқаны түсiп қалғанда да осы Ақтабан түннiң бiр уағында тауып әкелген едi.

Ендi айдалаға түсiп қалған арқанды тауып келгенi бәлендей таң қаларлық iс болмағанымен, бүгiнгi қылығы тамсантып-ақ тастады. Адам ұрлап кеткен көйлектi ит тауып әкеле қояды деп кiм ойлаған.

Сөйтсек Ақтабан көшеден өтiп бара жатып, Зинаның үйiнде жайылып тұрған кiрлердiң iшiнен шешемнiң көйлегiн иiсiнен танып қойса керек, бiрден барып илектеп алыпты да аузына тiстеген күйi үйге қарата тартып отырыпты. Бұны сол Зинаның көршiлерi көрiптi. «Зинаның өз көйлегi екен» деп ойлап, біздің Ақтабанды қуғанда ақылды итіміз жеткiзбей қашып кетiптi. Ең болмаса табуына оңай болсын деп, сол арада тұрғандардың бiреуi Зинаның үйiне кiрiп:

– Әй, көйлегiңдi Жекеннiң итi алып кеттi. Жүгiр, артынан қуып бар үйiне, – десе, Зина ит қумақ былай тұрсын:

– Ойбай, құрыдым! Қарабет болдым, – деп үйiне кiрiп кетiп, сол бойы шықпай қойыпты.

Қызық болғанда, сөйтiп қолының жымысқысы бар Зинаның бiр ұрлығын бiздiң Ақтабан ашып бердi.

Көзiн ашып, бауырын көтергелi берi әкемнiң асырауында болған Ақтабан   сол әкемнiң қасынан бiр елi қалмай ерiп жүретiн едi. Қайда барса да iлесiп алатын. Тiптi, ауыл адамдары «осы Жекен десе атқа мiнiп, итiн ертiп бара жатқан кейпi ғана елестейдi» деп күлетiн. Сонда жұрттар әкемдi Ақтанкерi мен Ақтабанынсыз елестете алмайтын болғаны ғой.

Соңғы күндерде Ақтабан мүлде басқа мiнез тапты. Өзiмен-өзi құлықсыз жата бередi. Бiр жерi ауырды ма дейiн десең, ауруға мүлде ұқсамайды. Сау дейiн десең оған да келмейдi. Жанарын бiр нүктеге қадап алып мұңайып жатады да қояды. Көзi тап бiр ойлы адамның көзiндей. Бiр күнi бiлгiм келiп:

– Әке, осы иттер де ойлана ма? – деп сұрадым.

– Әй, балам-ай, ойланбағанда ше. Нағыз ойдың көкесi итте ғой, – дедi әкем әлде өтiрiк, әлде шын.

– Ойланса не деп ойланады?

– Ендi әр ит әр нәрсенi ойлайды да.

– Онда бiздiң Ақтабан не ойлап жатыр? Көзiне қарашы.

Әкем иттiң көзiне қарап тұрды да:

– Ақтабаның баяғы өзiмен бiрге туған күшiктердi ойлап, «олар не iстеп жүр екен, тiрi ме екен?» деп, сол сұрағына жауап таппай бас қатырып жатыр, – дедi.

– Ә-ә-ә, сағынған екен ғой, иә. Онда сiз неге ертiп апарып көрсетiп келмейсiз?

– Өзi еттi неме ғой. Алыс жолға шаршатып аламын ба деп ертпей жүрмiн.

– Ол шынымен бiрге туғандарын iздейтiн болса шыдайды ғой өзi үшiн. Жанын ауырта бермей апарып көрсетiп келсеңiзшi.

– Жарайды, ендiгi жолы ерте шығайын.

Әкемнiң келiсiмiн алғасын өзiмше Ақтабанға үлкен жақсылық жасағандай болып масаттанып қалдым. Қарызын өттедiм-ау итiмнiң. Ойнап жүрген добымды жоғалтып алып таппай қойғанда, үйдiң артындағы шалғыннан аяғымен дөңгелетiп алып шығып, тауып берген Ақтабаным ғой бұл менiң.  Ақтабаным жайлауға баратын едi, өзiмен бiрге туған күшiктердi (олар да дәл Ақтабандай үлкен ит болған шығар) көретiн едi. Бiрақ олай болмады…

***

Әкем колхоздың мал шаруашылығына байланысты бас маман болғасын алты ай қыс, алты ай жаз үй көрмей, малшы ауылды аралаумен жүретiн. Сондай бiр кезектi сапарынан келе жатқанда өзен тасып ағып, суға кетiп, қайтыс  болды.

Түннiң бiр уағы болатын. Үйде шешем екеумiз ғана отырғанбыз. Шешем ұршық иiрiп, мен оған әлем халықтарының ертегiлерiн оқып берiп отырғам. Бiр кезде Ақтанкердiң кiсiнеген дауысы естiлдi. Күндегi кiсiнегенiнен мына кiсiнесi мүлде бөлек. Құлындағы дауысы шықты. Қылбұрау салғандай қылқына кiсiнейдi. Сыртқа шығып қарасақ үстi-басы малмандай су. Жаманатты жүрегi сездi ме, шешем ойбайды салып, жылап жiбердi. Әншейiнде-ақ болмашыға күйiп-пiсiп жүретiн шешем ауылды басына көтердi.

Елдiң бiрнеше азаматтары жиылып, өткелден бастап ылдиға қарай өзендi жағалай iздеп, таңға жуық зорға дегенде тапты. Онда да Ақтабан өзеннiң тарамдалған тұсында терекке тiрелiп қалған жерiнен тауып алып, жағасынан аузымен тiстеп тұр екен. Қайта-қайта ұлып, бiресе қыңсылай үрiп қоймағаннан кейiн не болды екен деп барғанда көрiптi iздеушiлер.

Әкемнiң сүйегi үйде жатқанда үйдi айналып жүгiре бергесiн байлап тастамақ болып едiк, ұстатпады. Мәйiттi бейiтке қарай апара жатқанда да ол бiзге еріп алды. Тiптi, машиналардан қалмай, iлесiп отырды. Жерлеп жатқанда да жақын маңға келiп, жүрелей отырып алып ұлыды-ай дейсiң келiп. Сездi-ау деймiн бейшара. Қоштасқаны шығар.

Бастапқыда бiртүрлi сенбедiм бе, мүмкiн, қайтадан тiрiлiп келетiндей белгiсiз бiр соқыр сезiм болды ма, әлде елдiң дырдуы сездiрмедi ме, мен әкемнен айырылғанымды бiртүрлi сезiнбегем. Ақтық сапарға шығарып салғаннан кейiн әркiм өз жөнiмен кетiп, шешем екеумiз ғана сопайып қалғанда барып жүрегiм жылап, жаным ауырды. Бiз бұрын да осылай екеуден-екеу отыра беретiн едiк. Бiрақ бұл жолғы жалғыздығымыз жүрегiмiздi қанжылатқан жалғыздық едi. Шешемдi де, өзiмдi де қатты аядым. Ит екеш иттi де аядым. Ал Ақтанкерiн әкем арғы дүниеге мiнiп кеттi. Тума-туыстар ақылдаса келiп, «өзiнiң тiршiлiгiнде жақсы көрiп мiнген аты едi, ана жаққа да осы тұлпарын мiнiп кетсiн» деп қонақасына сойдырды. Бiреулерi «орнына семiз биемдi берейiн, мына бәйге атын сойғанымыз обал болады ғой» деп, ендi бiрi «ең құрымаса мына артында қалған жалғызы жаяу қалмай мiнiп жүрсiн» деп дауласқанымен ақыры көпшiлiктiң шешiмiмен солай еттi. Байғұс Ақтанкерге өмiр бойына әкемнiң ғана тақымы тиiп едi. Солай болып қалды да.

***

Әкем қайтқаннан кейiн шешем қоспадағы Ақтанау атты құнанымды алып келiп, әкемнiң күмiспен көмкерiлген ер-тұрманын ерттетiп, атқа қонғызды.

– Ал, құлыным, ендi сен бала емессiң. Осы үйдiң тiзгiнұстары өзiңсiң. Азамат болды деген осы. Ендi менiң тiрегiм сенсiң, – деп көзiне жас алды.

Мен сол күннен бастап өзiмдi ересек сезiндiм. Кейде әкемдi сағынған кездерде жылағым келсе, ешкiмнен жұбату күтпей жыраққа барып, жалғыз өзiм отырып, жылап алатынмын. Шешем де маған көз жасын көп көрсете бермейтiн болды. Ез болып езiлiп кетпесiн дегенi шығар. Мен де шешемнiң жалғыз жұбанышы болғасын жiгерлене түстiм. Сөйтiп бiр үйдегi екi адам бiр-бiрiмiзге сүйенiш болып, қуансақ бiрге қуанып, жыласақ жасымызды жеке сығып жүрдiк. Сабағымды да оқыдым, шешеме ерiп, жұмыс та iстедiм. Қанша ауыр тидi дегенмен, «уақыт – емшi» деген рас екен. Жыл өткен сайын жарамыз жазылып, қайғымыз жеңiлдей бастады. Ендi қашанғы жылай беремiз. Егер баласы жылағаннан әкесi тiрiлiп келетiн болса, менiң әкем тiрiлер едi. Есiмiздi жидық, етегiмiздi жаптық. Бiр күлiп, бiр мұңайып жүрiп жаттық.

Өзгермеген тек Ақтабан ғана. Сол баяғы мұңлы да ойлы көзiн бiр нүктеге қадап алып жатады да қояды. Кейде жоқ болып кетедi де, бiраз уақыттан кейiн қайтып оралады. Ондай кезде бiз онша көп алаңдап iздемеймiз. Қайда баратынын бiлемiз. Әкемнiң моласына барып, үйме топырағын жастанып бiраз жатып, мауқын басып келедi. Екi-үш күнде бiр барып келетiн әдетi.

Бiр күнi түс әлетiнде ашық тұрған есiктен төрге қарап үрiп-үрiп қойды. Мен не қалап тұрғанын ұқпадым. Шешем түсiнсе керек, орнынан тұрып жатып;

– Әй, бұл да бiр адамнан ары мұңлық болды ғой, – дедi.

Төрдегi кiлемде iлiнiп тұрған тақиясын алды да иттiң ұясының жанына апарып iлiп қойды. Бейшара иттiң құдды бiр адам құсап қуанғанын көрсеңiз. Iлулi тақияның жанына барып етпеттеп жатты да тұмсығын тақап алып иiскедi-ай дейсiң келiп. Бiр сағаттай өткесiн шешем тақияны алып қайтадан орнына iлiп қойды. Ақтабанға не керегiн бiлгесiн мен де кейде шешем жоқ кездерде ол сұраса әкемнiң тақиясын бiрер сағатқа бере тұратынмын. Оның мауқы басылды-ау дегенде алатынмын да орнына iлiп қоятынмын.

***

Өзiмiзге тиесiлi азғантай малымызды көктем шыға малшыларға қосып жiбергенiмiзбен, қазанның соңына, қарашаның басына таман қолымызға алып төлдететiнбiз. Әкем бардағыдай емес, кейiнгi жылдарда малшыларға мал қосу да қиындап кеткен. Қызметi бар адамға күндерi қарап тұрғасын әрқайсысы да кiрiптарлық танытып, «жылқыңды маған қос, қойыңды маған қос, сиырларың менде-ақ болсын» деп таласып жататындар бұл күнде терiс айналған. Кейбiр ұяты барлары  ғана келiсiмiн бередi. Онда да жазда жайлауға мал айдасу кезiнде, күзде қора-қопсысын жөндеу уақытында қолғабыс тигiзуiң керек. Мұндай кездердiң бәрiнде шама-шарқымша көмек берiп мен жүретiн едiм.

Ал қыстық жем-шөптi дайындау аса қиындық тудырмайды. Жазғы каникулға шығысымен колхоздың жұмысына кiремiн де,  маусым айындағы қой қырқымынан бастап, тамыз айының соңындағы шөп шабысына дейiн еңбек етемiн. Күз айларында кейде сабақтан тыс уақытта қырмандағы жұмыстарға да ат салысамын. Сол еңбегiмнiң ақысына күзде колхоздың есебiнен тиесiлi жем-шөбiмдi аламын. Ал қыстық отынды Дәулет досым екеумiз айналасы он күннiң iшiнде екi үйге жететiндей етiп жиып аламыз.

Менiң Ақтанауым – әкемнiң Ақтанкерiндей бәйге аты болмағанымен шаруаға ыңғайлы, нағыз қамыттың аты. Сонысы да дұрыс болды. Бәрiбiр ол жүйрiк болғанымен оны баптап, бәйгеден бәйгеге алып жүретiндей жайым да жоқ менiң. Және әкемдiкiндей серiлiк мiнездiң жұрнағы да жоқ менде. Мұндай жағдайыммен ненiң әнiн шырқап, ненi гигөк қылмақпын? Одан да осы қамытына шегiп, күнiмдi көргенiм мың артық маған.

Жауынды күндерi шабындықтың жұмысы тоқтағанда, сол бос күндерiмiздi пайдаланып қалу үшiн Ақтанауға арба жегiп, Дәулет екеумiз отынға шығамыз. Кей күндерi екi арба дайындап, бiреуiн Дәулеттiкiне, екiншiсiн бiздiң үйге жеткiзiп аламыз. Сөйтiп жүрiп-ақ бiр қысқа жететiн отынды оп-оңай жиып аламыз.

Қорғанымыздан айырылғанымызбен қамсыз емеспiз. Қанша қиналсақ та, бiреуден алда, бiреуден кейiн дегендей ел қатарлы күнiмiздi көрiп жаттық. Шешемнiң алатын азғантай айлығы ас суымыз бен киiм-кешегiмiзге жетiп жатты. Дегенмен шешем өзiмiздiң туған ауылымызға көшуiмiз керек екенiн айтумен болды.

Ол жаққа көшуiмiздiң жақсы жақтары көп. Әкемнiң бауырлары да, нағашыларым да сол ауылда. Мына ауылда да көштен қалып жатқан жоқпыз. Дегенмен, менiң де мектеп бiтiретiн кезiм жақындап қалды… Оқу оқимын деп Алматы асып жатсам, шешем қараусыз қала ма деп қорқамын. Ал шешеме қарайлап, оқымай қалсам, ертеңгi күнiм не болмақ деп тағы да қауiп қыламын. Оның үстіне кіндік қаным тамған туған жерім. Ақыры ойлана келе менiң биылғы оқу жылым аяқталысымен жылжимыз деп шештiк.

Егер көшiп жатсақ, мен оқушылық өмiрiмдегi қалған екi жылымды өзiммен төрт жыл бiрге оқыған сыныптастарыммен өткiземiн. Әлiппенi бiрге ашып, үлкен өмiрге қол ұстасып, бiрге аяқ басқан достарыма ораламын. Ол жақта менiң Берiк деген жан досым бар. Басқа да жолдастарым баршылық. Ендi балалықтың соңғы жылдарында сол ескi достарыммен бiрге болғаным маған да ұнайды. Ол жақтан көшкелi бергi бес жылдың жүзiнде бiрдi-екiлi барған кездерiм де жоқ емес. Бiрақ барлығымен қауқылдай кездесiп, бiрге жүрмегесiн мауқың да басылмайды емес пе. Сағынып-ақ қалғам. Осы жылдар iшiнде жаңа орта, жаңа достарыма да бауыр басып қалғам. О баста сыныптағы тәртiптi оқушылар санатындағы Елжан, Ерсiндермен дос болғым келгенiмен, бұзықтау болса да осы Дәулетпен жақын болып кеттiм. Кiм бiлсiн, iшi қандай болса сыртына да солай жарқырап көрiнiп жүретiн адалдығы мен аңғалдығын жақсы көрген шығармын. Айтпақшы, менiмен дос болғалы берi ол да көп-көрiм түзелiп қалған. Сабағы кереметтей алға жылжып кетпесе де әлiптi таяқ деп танып, кәдiмгiдей көшке iлесiп қалған. Ал тәртiбiне келсек әңгiме мүлде бөлек. Бұрынғыдай әркiмге жөнсiз соқтыға беретiн мiнезiн де қойған. Тiптi менiмен iлесiп барып, аудандық спорттық жарыста қазақша күрестен үшiншi орынға ие болып, мектеп директорының қолынан мақтау қағазын алды.

Сөйткен Дәулетiм ендi менiң кететiнiмдi естiсе не күйде болар екен?

***

Мамыр айының орта шенiнде мектебiмiзге колхоздың бригадирi келдi. Не үшiн келгенiн бәрiмiз бiлiп отырмыз. Кiм қой қырқымға, кiм шөп шабысқа жазылады, соны тiзiмдеу үшiн келiп тұрған бетi. Қолына журналды алып, тiзiм бойынша шақырып алып,  жаза бастады. Осы уақытқа дейiн көшетiнiмiз турасында ешкiмге тiс жарып айтпаған едiм. Оның үстiне шешем де нақты көшетiн күнiмiз анықталғанға дейiн ешкiмге үндемей қоя тұрайық деген. Себебiн бiлгiм келiп сұрағанда:

–Алдын ала дабыраламайық, – деген. Негiзгi себебi сол – шешем маған айтарын айтқанмен өзi де екi ойлы болып жүрдi-ау деймiн. Екi ойлы болатыны – шешей де мұндағы елмен арқа-жарқа араласып кеткен едi. Оның үстiне өмiрлiк қосағының сүйегi де осы топырақта жатыр емес пе. Ендi не де болса сол жасырып жүрген құпиямызды ашып, бiр шешiмге келетiн күн туған сияқты.

Әлiпби бойынша журналда Абдрахманов пен Асылбековтан кейiн Әжиев Махамбет болып мен тұрмын. Абдрахманов шөпке жазылды. Асылбеков қой қырқымға тiзiмделдi. Осы екеуiнен кейiн бiрден Бағлановқа көштi. Мен түсiнбей қалдым. Iштей «еее, бiздiң көшетiнiмiздi естiген екен» деп ойладым. Бiрақ кiмнен естуi мүмкiн. Бұл жайтты шешем екеумiз ғана бiлетiн сияқты едiк. Шешем айтты ма екен? Айтса, не үшiн айтуы керек? Мүмкiн көлiк сұрады ма екен? Сөйтiп басым қатып отырғанда мектеп директорының қоғамдық жұмыстар жөнiндегi орынбасары:

– Әжиевты ұмытып кеттiңiз ғой, – дедi.

Сол кезде көзiлдiрiгiнiң төбесiнен маған бiр қарап алған бригадир:

– Әжиевтен несiн сұраймын. Бiлемiз ғой, Махамбеттiң жайын. Бұл батыр жылдағыдай қырқымға да, шөп шабысқа да жазылатын шығар деп алдын ала тiзiмдеп қойғанмын, – дедi.

– Жоқ, аға, мен биыл екеуiне де жазылмаймын, – дедiм.

– Неге?

– Бiз биыл… өзiмiздiң ауыл… көшсек пе деп едiк, – дедiм үзiп-жұлып. Және осы сөздердi айтып тұрғанда Дәулетке көзiм түстi. Сұрланып кетiптi.

– Жә, онда жарайды. Сызып тастайын. Байқа, бiрақ көшпей қалып, қыста шөпсiз малдарың қырылып жүрмесiн.

– Анық көшемiз, – дедiм.

Бригадир тiзiмдi әрi қарай жалғастырғанымен бәрiнiң назары менде едi. Тiптi директордың орынбасары да, сынып жетекшiмiз де әлдене айтқысы келетiндей отырды. Тек мына бригадирдiң жұмысына кедергi келтiрмейiк деп қана отырғандай. Оқушылар түгел тiзiмделiп болғасын бригадир мен директордың орынбасары шығып кеттi де, сынып жетекшiмiз бен достарым – бәрi менi сұрақтың астына алды. Кейбiреуi үгiттедi. Бәрiнiң айтатыны бiр сөз. «Екi жыл ғана қалды ғой. Мектеп бiтiргенше шыда».

– Қап, мына Дәулет адам болып қалып едi. Ендi мектеп бiтiргiзiп кетсең жақсы болар едi, – деп әзiлдедi сынып жетекшiмiз Айкүмiс апай.

Сол кезде қу тiлдi сыныптастарымыздың бiрi Дәулеттiң қолын алып:

– Құтты болсын, – дедi.

Өзi жақын санайтын досынан тiрiдей  айырылайын деп тұрған Дәукең оның ненi құтты болсын дегенiн ұқпай, не айтып тұрсың дегендей оның бетiне бажырая қарады. Анау болса;

– Бес жыл бұрын айырылып қалған шенiң құтты болсын! Махамбет кетсе қайтадан атаман боласың ғой, – дедi.

***

Шiлiңгiр шiлденiң күнi едi. Әне көшемiз, мiне көшемiз деп жүрiп әртүрлi шаруалармен бiраз кешеуiлдеп қалғанбыз. Бүгiн түске жуық азғантай дүние мүлiктi колхоздың берген машинасына тиеп алып, шешем жолға шығып кеттi. Шығарып салушылар көп болды. Әркiм қал-қадiрiнше ырымын жасап, әрнәрсесiн ұсынып жатты. Үлкен бiр қойды сойып, ауылдан шыға берiс жерде құран оқытып, ауыл адамдарына ас бердiк.

Өзiмiздiң туған ауылымыз Ақбастаудан әкемнің Жұман деген iнiсi келген. Сол ағам екеумiз екi атпен төрт түлiк малымызды айдап кетпекпiз. Алдымызда төрт жүз шақырымға жуық жол жатыр. Төрт қона, бес қона жетермiз. Ақтабанды «машинаға басып әкет» дегенiмде «мал қайырғаныңа керек болар,  асықпай жүресiңдер ғой, iлесiп отырар» деп қалдырып кеттi.

Менiмен мал айдасып барамын деп, атын да дайындап, өзi де дайындалып жүрген Дәулет досым қырсық қылғанда бiз көшерден үш күн бұрын аттан құлап, аяғын сындырып алған. Балдағына сүйенiп келiп қоштасты. Онша көңiл күйi болмады. Бойын өкiнiш пен қимастық кернеп тұрғанын бiлдiм. Ауыр үнсiздiктi бұзғым келiп:

– Әй, Исатайым-ай, сол күнi атқа мiнбей қоя тұрғаныңда ғой менi көшiрiсер едiң, – дедiм.

Менiң атым Махамбет болғасын сыныптастарымыз оны әзiлдеп Исатай дейтiн.

Жасаураған көзiн күлiмсiретiп:

– Аман болсақ кездесемiз ғой, Маха. Жолың болсын! – деп қала бердi.

Бiз ауылдан ақырындап ұзай бердiк. Жылқыларды ағам алдына  салып, көштi бастап барады. Сиыр мен қойға – мен иемiн. Ақтабанның көмегi зор болды. Қия басып, қиыс кеткенi болса ақылды итiм қайырып әкеледi.

Қырық шақырымдай жүрiп қараңғы қоюланған кезде бiр ауылдың тұсындағы әлдеқандай қойшының күзеуiне аялдадық. Қойшылар жайлауға шығып кеткендiктен, жол бойындағы қой төлдететiн көктеулер мен ел жайлаудан түскесiн қыстауға дейiн отыратын осындай күзеулердiң бәрi де бос. Бiз тоқтаған күзеу де сондай бiр қойшының ескi жұрты екен. Малдарды асықпай жая-мая айдағандықтан, барлығы да тоқ. Бiрiн қалдырмай қаша қораға қамап тастадық та, өзiмiз бос тұрған үйге кiрiп, сабан төсеп, жантая кеттiк. Жол азығымызды ағам екеумiз екi қоржынға бөлiп салып алғанбыз. Жол бойында қайбiр қазан көтерiп, оңды ауқат  iшпексiң. Көмбе нанға сары майды жағып жiберiп, жеп-жеп аламыз да, артынан айранымыз бен қатық-көжемiздi iшiп аламыз. Ал ат үстiнде отырғанда жұдырықтай құртты екi бөлiп, ауызға салып алып, сөлiн қанағат тұтамыз. Шөлдеп бара жатсақ, ашымалдан бiрер ұрттап алсақ жетiп жатыр.

Барға қанағат қылған ағам астанып болғасын, орнынан тұрып малдарды бiр қарап келейiн деп шығып кеттi. Мен бүгiн жол бойы iшкен сусынымыздың бос қалған ыдысына малта езе бастадым. Ертеңгi жолдың қамы ғой. Алаң көңiлмен жатқан адамда қайбiр ұйқы болсын. Екеумiз екi бұрышқа жантайып жата кеттiк. Ең болмаса бел жазып алмақпыз. Ертең тағы таң атпастан атқа қонамыз. Тағы да нешеме сағыт бойына ат үстiне отырамыз.

Көз шырымын алып жерге жарық түсiсiмен қайтадан жолға шықтық. Кеше түс қайта шыққандiкi шығар, жолымыз онша өнбедi. Бүгiн бiраз жерге жетсек деп мөлшерледiк. Бiраз жер жүргесiн ағам:

– Жүре жеген шөптiң берекесi болмайды. Күн ысымай тұрып кiшкене жайып алайық, – деп ағам малдарды оты қалыңдау шалғынға қоя бердi.

Өзiмiз де таңғы ас есебiндегi құрт-майымызды ортамызға алып қаужап отырмыз. Неге екенін қайдам, Ақтабан менің тіземе басын қойып,  көзін жұмып алып мейірленіп жатты. Құйрығымен жерді жайлап қана еркелетіп сабап қояды. Мына қылығына таң қалдым.

Ағама да оғаш көрінсе керек, таңданған кейіппен:

– Мынаған не көрінді?  Өліп қалып жүрмесін, – деді.

– Көке, неге олай дедіңіз?

– Кім білсін, біртүрлі қоштасып жатқандай ғой.

Менің де ішім қылп ете қалды. Бұл не істесе де бекерге істемейді. Бірақ өлетіндей емес, жай-күйі келісіп-ақ тұр. Мүмкін алдамшы сезім шығар деп өзімді-өзім жұбаттым.

Осыдан қозғалып кетсек алдымызда биiк төбе жатыр. Сол төбеден ассақ, арғы жағы тағы да мидай жазық. Кеше түс қайта шыққасын, жолымыз өнбеді. Соның есесін бүгін қайыруымыз керек.

Күн арқан бойы көтерілгенде біз батыс жаққа қарай бет түзедік. Ілбіп жүріп келеміз. Жолдың өнуі қиын. Әйтеуір түске жуықтағанда көз ұшындағы төбенің де басына шықтық-ау. Жусанды төбеге келгенде жүрісіміз тіпті баяулай түсті. Онсыз да жерден бастарын ала алмай жусап келе жатқан малдар мына жусанды төбеге шыққанда, тіпті, тұралап қалды. Құдды бір тұмсықтары жерге желімделіп қалғандай. Бірер сағат аялдап, тойынды-ау дегенде қайтадан қозғала бастадық. Төбенің дәл шоқысынан ауар жерге жеткенде Ақтабан тұра қалды. Менің «кә-кә» дегеніме ерер түрі көрінбейді. Атымның басын кері бұрып жанына шауып бардым. Жерге түсіп жанына отырдым да, басынан бастап арқасына дейін сипадым. Сүйсініп қарап тұрмын. Көзіне көзім түсіп кеткенде айран-асыр болдым. Ой, сұмдық! Ақтабанның жанарында жас тұр. Иә, кәдімгі жас. Мөп-мөлдір. Өз көзіммен көрмесем, біреу айтса сенбес едім. Иә, итім шынымен жылап тұр.

Не істеу керек? Амал, жоқ атыма міндім де қойларға қарай шаба жөнелдім. Шаба жөнелген бойы «Ақтабан, фас!» деп айтақтаған түр таныттым. Ерер ме екен деген дәме ғой. Жоқ, сол бойы шоқиып отыра берді. Біз біртіндеп ұзай бердік, ол болса сол отырған қалпынан танбады. Ең қызығы қоштасқан түр танытып, алдыңғы оң аяғын көтеріп алып, сілтеп-сілтеп қояды. Біз әбден ұзағанда барып, кері бұрылған күйі жүгіре жөнелді.

Бізге ергісі келмеген шығар. Егер ергісі келмесе, о баста-ақ со бойы ауылда қала бермеді ме? Мүмкін осы жерге дейін шығарып салғысы келген болар. Иә, біз көшкен ауыл мен қонар ауылдың ортасын бөліп тұрған осы төбе еді. Осы жерде межелеген де болуы мүмкін.

Жұман ағам:

– Қап, әттеген-ай… Текті ит еді. Жібермеуіміз керек еді. Мүмкін артынан қуып жетіп, арқанға байлап алып кетейік, – деді.

Мен «керек емес» дедім. Өйткені, ол бекер істеген жоқ. Біріншіден, жеткізбейді де, ұстатпайды да. Екіншіден, ол бәрібір ит болып жарытпайды. Өмір бойы өз еркімен білгенін істеп келген итті байлап ит қыламын деу бекершілік. Сонша жерге жеткізген күннің өзінде, бұл кетемін десе кете салады. Одан да осы сүйкіміміз жоғалмай тұрғанда еркіне қоя берейік деп шештім.

Сөйтіп ойламаған жерден көшімізді Ақтабансыз жалғауымызға тура келді.

***

Қанша дегенмен ағайынның аты ағайын, туыстың аты туыс қой. Бізді ауылымыздың адамдары күндік жерден ықылас, пейілмен қарсы алып алды. Екі-үш аттылы адам қоржын тола асылған етімен, қымызымен күтіп алды. Арасында менің Берік досым да бар. Сағынысып көрістік, құшақтасып табыстық.

Арнайы келген ағаларымыз малға иелік қылған соң, біз Берік екеуміз еркін жүрдік. Өткен-кеткенді әңгіме қылдық.

– Келетініңді білгем, – дейді.

– Е-е-е, келмейтіндей Қытай асып кетпеп едік қой. Қытай асқандар да келіп жатыр. Оның жанында төрт жүз шақырым деген не тәйірі, – деп әзілдедім.

– Қалай, ол жақта да тәуір дос таптың ба?

– Енді, соншама жыл бекер жүрмеген шығармын.

– Жан достыққа шыдайтыны бар ма екен?

– Бар екен.

– Мені ұмытырып жіберген шығар.

– Әй, саған жету қайда? Өзің ше, мен кеткесін кіммен серттестің?

– Ешкіммен серттесе қойғам жоқ. Әйтеуір, Жанат пен Жақсылыққа жақындаумын.

– «Суайттығы бар» деп Жақсылықты онша жақтырмаушы едің…

– Онысын қойған. Сен білмейсің ғой, ол деген қазір мынау деген жігіт болды. Жігіттікке келгенде одан озары жоқ. Өзің де көресің, барғасын.

Біз келеді дегенді естігенде-ақ, ауыл жұрты үй-жайымыз бен қора-қопсымызды ретке келтіріп қойған екен. Оның үстіне үш күн бұрын жеткен шешеміз де аяулы қара шаңырағымыздың шырайын келтіріп қойыпты. Мен келген күні көрші-қолаң мен ағайын-туыстың басын қосып құдайы тамақ бердік.

Оның ертесінде балалықтың қызығын бірге бастаған достарым келді. Жазғы демалыс кезі болғасын көбісі ауылдан тысқары кеткен екен. Ал ауылда барлары түгел жиналды. Бәрі де қуанып жүр. Ескі күндердегі естеліктерді сөз қылдық. Олар жаңалықтарымен бөлісті. Бәрі тегіс аман екен. Бір ғана өкініштісі, сыныбымызда ылғи соңғы партада отыратын ұзын бойлы Марат атты досымыз жүрек талмасынан арғы дүниелік болып кетіпті. Біз оның басына барып, дұға бағыштап, топырақ салып қайттық.

Қызық, сыныптастарымның кейбірі адам танымастай өзгеріпті де, ал, кейбірі керісінше мүлде өзгермеген. Бар-жоғы бес жылдың ішінде. Сол күні түннің бір уағына дейін отырған жолдастарым кеткесін мен жатып алып көп ойландым. Иә, бес жыл деген де былай карасаң қас-қағым сәт. Ал, осы бес жылда не болмайды? Мысалға мен өз өмірімді ғана алып қарасам, көп нәрсе өтті басымнан.

***

Тарих үшін қас-қағым сәт қана болып саналатын осы бес жыл менің өмірімнің үлкен бір бөлшегі екен. Бес жылда менің тапқаным аз емес, жоғалтқаным да жоқ емес. Қайғысы бар, қуанышы бар, бір өкініш, бір үміті бар менің талайлы тағдырымның бір тарауы ғой. Аяулы тарауы…

Осы жылдардағы менің ең ауыр қайғым әкемнен айырылуым болды. Асқартауымның құлаған күні – менің өмірімдегі ең қаралы күн. Жалғыз тіреуімнен айырылған сәттен бастап арқа сүйер ешкімімнің жоқ екенін ұғынып, белімді бекем будым. Кіндік қаным тамған жерім –  туған ауылымнан оңы мен солын танымайтын кіп-кішкентай бала болып аттанып, есейіп оралдым. Әкесінің мойнына мініп кеткен ерке бала едім, екі тізгін бір шылбырға ие болып, атқа мініп келдім. Бұрындары әкеміздің арқасында көп нәрсеге мән бере бермейтін шешем де аса сабырлы, салиқалы әйел болды бұл күнде. Аяймын. Қырықтан аспай жатып жесірлік көрген анам байғұстың маңдайынан әжім, самайынан ақ шаш көру менің жанымды ауыртып, жүрегімді сыздатады. Ендігі өмірінде жамандық көрмесе екен деп тілеймін. Және сол жолда барынша талмай еңбектенгім келеді. Оның жүзінен шаттық ізін көру мен үшін үлкен қуаныш. Шешемнің қуанғаны – менің шаттанғаным ғой. Иә, мен шешемді қуанту арқылы ғана қуана аламын. Мүмкін, бақыт дегеніңіздің өзі бір адамды бақытты ете алу шығар. Егер анам мына бес күн жалғаннан жыламай өтсе онда мен бақыттымын. Менен басқа кімі бар оның? Қызық, неге мен жалғыз болдым екен? Осы күнге дейін жауабын таппаған сұрағым осы. Сұрауға батпаймын. Тіршілігінде әкемнен де сұрамаған екем.

Ақтабан…

Иә, Ақтабанды мен өмір бойы ұмытпайтын шығармын. Қанша жыл ғұмыр кешсем, сонша жыл жадымда жүрер. Балалық шағымдағы ең қимас қымбаттыларымның бірі деп білемін. Сонау жайлаудағы алғаш көрген кезімнен бастап әр сәті көз алдымда болғанымен, мен оны ойлаған сайын соңғы кейпі ғана елестей береді.

Нақ бір адам құсап шығарып салып, қоштасқанын айтам да. Алдыңғы оң аяғын көтеріп, жәудіреп қала беріп еді-ау. Неге ермегені мен үшін жұмбақ. Долбарлап әртүрлі нәрсені ойлаймын. Әртүрлі болжамдар жасаймын. Бірақ, нақты жауабын білмеймін.

***

P.S. Өткен күндердің кейбір үзік суреттері осы. Алдағы уақытта  не көретінім Аллаға ғана аян. Тәңіріміз тарымызды қай жерге шашса, сол жерден теріп жерміз. «Өлмегенге өлі балық жолығар». Өз басым «Жалғыздың жары Құдай» дегенге сенемін. «Шеше, сен бақыттысың…» деп айта алсам жарадым. Бірақ, оған дейін кө-ө-ө-өп күн бар.

P.S. Түнде Ақтабан түсіме енді. Сол баяғы өзі қалып кеткен төбенің басында бір аяғын көтеріп алып шоқиып отыр екен… Жанарында жас бар. Иә, жылап отыр. Егер сіз иттің де жылай алатынына сенбесеңіз, онда жылай алмайтын адамдар бар дегенге де сенбейсіз. Мен жылап ояндым. Менің де жанарымда жас бар еді…

Ж. Жұмағұлов