Бексұлтан Нұржекеұлы. "Бауыр"

Бексұлтан Нұржекеұлы. "Бауыр"
Фото: vk.com

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлы Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына арнап «Кек-намыс» атты тарихи хикая жазып бітірді. Осы шығарманың тұтқыннан қашқан он үш жастағы қырғыз баланың қазақтарға қалай тап келгені жөніндегі үзіндісін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Ескерту: Жазушының кейбір сөзді өзіндік орфографиялық ерекшелікпен жазуына қол тигізбедік. Себебі, латын қарпіне көшкенде, бұл сөздер өзінен өзі солай жазылатынын ескердік.

Ұзын бойлы, ірі сүйекті Назарға қасындағы жылқышы қалмақ үнемі үреймен, күдікпен қарайды: Оның ойынша, оның он үште екені өтірік. Өйткені жүріс-тұрысы, аттың құлағында ойнайтын әбәкілдігі зіңгіттей жігіттікінен бір кем емес. Ал, Назардың ойынша, ол бұдан қашып кетеді деп қана қорқпайды, өзімді өлтіріп кете ме деп те сескенеді. Үрке қараған көзінен соны аңғарады.

Қалмақ жылқышылардың қолында – найза,   белінде – қылыш. Ал Жолдыбай екеуінде қамшыдан өзге ештеңе жоқ. Сонда да қорқады. Мейлі, қорққаны жақсы. Мыңғырған малдың бәрі бұрын қырғыздікі еді, кәзір қалмақтікі. Өз жеріне қашып кете ме деп, бұлар малдан да қорқады.

Әскер Жарбұлаққа қарай қозғалғанда, мал мен малшылар Түргентоғайдың қасындағы тепсеңде қалған. Кеш бата ілгері жылжып қонармыз деп ойлаған. Алайда аспан мен жердің арасында өзімнен басқа біреу бар-ау демей келе жатқан қалмақ бір-ақ күнде өзгеріп сала берді. Қас қарайа бере қалың қалмақ у-шу болып, алды-артына қарамай зытты. Соны көрген Назар іштей қуанып, «Құдай бұйыртса, бүгін қашам!» – деді бекем шешімге келіп.

Әскердің артынан мал мен малшылар да қашты. Қазақтың қолы қуа жетіп, аздаған малды айырып қалғанмен, тоғай ішіне індетіп кірмеді. Сірә, сескенген болар. Тоғайдың ішінде тосын жағдайға тап келіп қалулары мүмкін ғой.

Әскер екі өзеннен өтіп кетті де, малшылар екпіні өзеннің іргесіндегі тоғай шетіне келіп тоқтады. Сол арадағы ашық тепсеңнің айналасы тоғай, алды биік жарқабақ екен: малды ійіруге ыңғайлы. Жолдыбай мен Назарды үш қалмақ жылқышы аңдыйды. Көп сөйлемейтін, қабағы  ашылмайтын бір қалмақ қайда барса да қастарынан қалмайды. Ол бұлардан, бұлар одан қорқады. Қаруы қолынан түспейді, екі жаудың жанында жүрмін дейді, сірә? Үш қырғыз жылқыны күзетсе, алты қалмақ оларды күзетеді.

Қалай болғанда да дәл бүгінгідей сәтті кез туа бермесін Назар сезді. Адыраңдап, қодыраңдап келе жатқан қалмақтардың жүні бір-ақ күнде жығылды. «Сол аласапыранды  пайдалан», – деген Ахайдың сөзі есінде. Жолдыбаймен не көрсе бірге көрмек. Түн жарымнан кейін де жат жерге барғысы келмегендей, жылқы жануар жусамады: біресе ана жерден, біресе мына жерден жырылып, топ жылқы тоғайға қарай қаша берді. Соны пайдаланып, Жолдыбай мен Назар да жылқы қайырғансып, соңынан ұзай берді. Арттарына жалтақтап, жылқының алдына енді шыға бергендерінде, ырс-ырс еткен үш қалмақ арттарынан қуып жетті. Не дегенін байқамай қалды, Жолдыбай бірдеме деп еді, әй-шәй жоқ қалмақтың бірі найзамен дәл қабырғасынан соқты.

– Өлдім-ау! – деді  Жолдыбай атының жалын құшып.

Одан  сыпырылып жерге түсті. Назар атынан түсе сап басын ұстады.

–  Ұзақ жездеңнің ауылы осы маңайда, –   деді Жолдыбай күбірлеп.

– Не дейді, ей? – деді қалмақ Назарға ақырып.

– «Атыма мінгіз» дейді.

– Мінгіз ендеше.

Назар көтермелей сүйреп, Жолдыбайды орнынан тұрғызды. Тағы бір қалмақ  атын көлденең тартты. Тағы бірі қолтығынан демеп, Жолдыбайды қайтадан атына мінгізді. Бірақ ол атқа отыра алмады, ат жалын құшып ыңырсый берді. Қатарласа жүріп, Назар атын жетектеп алды. Қашқан жылқыны қайырып әкелген кезде Жолдыбай ат үстінен топ ете қалды. Атынан түсе салып Назар басын көтеріп еді, тіршіліктің ешбір нышаны байқалмады. Жау ішінде жалғыз қалғанын біліп, Назар жылап жіберді.

Жерлейін деп, өлікті тоғай ішіне көтеріп әкетті.

–  Кетеміз, таста! – деді бір қалмақ ақырып.

Қонышынан кездігін алып, Назар үн-түнсіз екі ағаштың арасын шұқый берді. Қалмақ не істерін білмей тұрып қалды. Қазған шұңқырына өлікті сүйреп түсірді де, бетін жауып,  топырақ үйіп, бейіт жондады. Сонан соң  қалмақ екеуі       үн – түнсіз аттарына қарай айаңдады. Сақтанғаны ма әлде қызыққаны ма, ым жасап, қалмақ кездігін сұрап алды. Қыймаса да, найзалы қалмаққа Назардың қылар айласы болмады: берді.

Назар атына мінейін деп жатқанда, қалмақ тізгінді қолынан жұлып алды. Екеуі аттарын жетектеп, жылқы шетіне жайау жүріп келді. Екі қалмақ қастарына келіп: «Ұйқтамаңдар! Кәзір кетеміз», –  деп  ескертті. Атын байлады да, Назар ағаштың түбіне қыйсайа кетті. Қалмақ жылқышы да сөйтті.

Айсыз түнде айнала түнек. Тоғайдың іші тіпті көзге түртсе көргісіз. Салқын желемік ағаштардың ұшар басын ғана сыбдырлатады. Жусаған жылқы, мүлгіген тоғай. Тіршілік осы араға шөгіп қалғандай.

Кәзір қалмақтар кетеді. Ашынған жау айдаһардан да жаман. Жолдыбайдың жолын құштыруы мүмкін. Назар жан-жағына сақтана қарады. Қалмақ жылқышы қыбыр етпейді. Атты шешіп алу мүлде мүмкін емес. Не де болса деп, әжет қысып бара жатқан адамша ішін басып еңкейе жүгірді. Әдейі қалмақтың дәл алдынан өтті. Ол ойау екен, орнынан ұшып түрегелді. Назар  ұзаңқырап барып отыра кетті. Сол сәт жылқы шетінен адамдардың    дабыр- дыбыры естіле бастады. Сірә, қозғала бастаған сыйақты.

Әріректе тұтасқан топ бұта тұр екен, екі тізесін бүккен қалпы Назар солай қарай жылжыды. Шоғырланған итмұрынның түбі қара  түнек екен, жуан білектей кеспелтекке сүрініп қала жаздады. Кенет келген жағынан ағаш сыбдыр етті. Қалмақтың найзасын кезеп келе жатқанын анық байқады.

Оған естірте ыңырана күшенді. Қату келе жатқан қалмақ кілт тоқтады. Қалмақ екеуін енді не өлім, не өмір ажырататынын Назар түсінді.

– Тұр, ей! – деді қалмақ алыстан жекіп.

Назар тағы күшенді. Екі қолын бұтынан алмай, кеспелтек ағаштың дәл шетіне шоқақтап барып тоқтады. Оның тұра қоймағанына ашуланып, қалмақ найзасын кезеп тұра ұмтылды. Найзаның ұшынан тартып қалып еді, қалмақ етпетінен түсті. Кеспелтекті ала сап тап шүйдеден қойып қалды. Ыңқ еткен қалмақ тырп етпеді. Аңырып аз тұрды да, қалмақты аударып қарады. Сонан соң сүйреп апарып итмұрынның ортасына тастай салды. Айағы сыртқа шығып қалған екен, лақтыра бергенде, қолы қонышындағы кездікке тиді. Өз кездігін қонышына тықты да, қалмақтың айағын итмұрынның ішіне қарай итере салды. «Ой, атаңның аузы!» –  деді күбірлеп.

Ажалдың аузында тұрғанын Назар анық білді. Енді қолға түссе, өлтірері хақ. Жау мұны, сөз жоқ, төмен қарай қашады деп ойлайды; одан таппаса, батысқа   қарай – қазақтың ішіне қашады деп шамалайды, ал шығысқа, қалмақ жаққа қарай қашады деп ойлай қоймауы мүмкін. Тәуекел деп, шығысқа – өзенге қарай қашты.

Ұзай бере арт жағындағы  қарбаласты құлағы шалды. Өзен жағасы тұтасқан шырғанақ екен, етпеттеп ішіне жата кетті. Дүрсілдеген ат дүбірі тап үстінен түскендей естілді. Кеудесін сәл көтеріп құлақ түріп еді, арт жағынан оқшау ештеңе байқай қоймады. Сонда барып аңғарды: зәресін алған өз жүрегінің дүрсілі екен.

Аз жатты ма, ұзақ жатты ма, өзі де білмейді, әбден тоңазығанда барып басын көтерді. Өзеннің өр жағынан еміс-еміс дабыр-дұбыр естіледі, бірақ оның не қылған дабыр екенін ажырата алмады.

Өз айналасында дабыр-дұбыр да, қыбыр-жыбыр да жоқ, момын тыныштық. Соның өзі тым қорқынышты: қыбыр еткенін аңдып қалмақтар қоршап тұрған сықылды. Құлағын төсеп тың тыңдап еді, дәл қасынан әлдене жыбыр етті. Тышқан болуы керек? Әлде жылан ба? Назар  ұшып түрегелді.

Бүкіл тоғайда жалғыз қалғанына көзі жетті. Енді қалай жүреді? Қазақ ауылы қай жағында? Өзенді құлай жүргені дұрыс шығар, өйткені өзен бойы елсіз болмайды ғой.

Күн құланиектенгенде оң жағынан тағы бір өзен қосылды. Тұйыққа тірелді. Өзеннен ары өтсе, қуғыннан құтыларына сенді. Қалай дегенмен, оң жақтағы өзен, әрине, қазақ ішіне жақын. Соны жағалап  өткел іздеді. Тау-тасты тіліп аққан өзеннің жайылма жерін таба алмады. Күркіреп, гүрілдеп, өрден төменге  құлап аққан судың ағыны аса қатты. Тасша домалатып әкететін түрі бар. Суы да, сұсы да суық: жұтып жіберетін жалмауыздың жұтқыншағына ұқсайды. Осылай өрлей берсе, байағы өзі қашып шыққан араға қайта ораларын сезді. Ол жақта мұны не күтіп тұрғанын бір құдай білмесе, ешкім білмейді. Тәуекелсіз түк бітпесіне көзі жетті. Тасты тіліп аққан судың мұны қаңбақша қағып әкететін түрі бар. Ал арғы жағаға жүзіп жетсең, қабаққа шыға алмай қалуың тағы мүмкін; онда ағын су айдаһардай жұта салады. Әлде таң атқанша бұғынып жата берсе ме екен? Қалмақтың қолына қайта түссе, бүкіл ісі еш кетпей ме? Өйтіп өкінішпен өлгенше, суға кетіп өлгені жақсы емес пе?

«Міне! – деді кішкене сарқыраманың  жоғарғы жағына келіп. – Осы арадан өтем!»

Өзеннің ені он бес -жиырма қадамдай. Секіріп суға түссе, ағыс өзі-ақ іліп әкетеді.Тек сарқырамаға  жетпей арғы бетке өтіп үлгеруі керек. Су – суық. Сіңірі тартылса, – өлгені. Кенет тоғай ішінен тосын бір дыбыс естілді. Адам ба, аң ба, айыра алмады. Енді өтпесем, мүлде өтпеспін деп ойлады. Апыл- ғұпыл шешінді.  Етігінен кездігін алды. Қынын қайтадан қонышына тығып, жалаң кездікті жерге тастады. Арғы беттегі жарқабаққа қарап, керек боларын болжады.

Бүкіл киімін бүктеп, белінен шырмауықпен шырмай байлады да, арғы бетке қарай бар пәменімен лақтырды. Сонан соң мұздай сумен бет-аузын ысқылап, екі айағын кезек-кезек малып, біраз уақыт денесін үйретті.

Секіріп, суға күмп берді. Ағыс оқша зымыратып ала жөнелді. Суда ағып келе жатқандай емес, аспаннан құлап келе жатқандай. Айақ-қолымен қарманып, жан-дәрмен  арғы бетке қарай ұмтылды. Құлағына сарқыраманың сарыны жетті. Жағаға қолы тигендей болып еді, айағын тірейтін тірек таппай, тағы ағып бара жатты. Қақалып-шашалып жағаға қарай қарғыды. Оң қолындағы кездік кірш етіп жағаға қадалды. Сол қолы мен сол айағы тас жағаға сарт етті. Айағы сынып кеткен секілденді, алайда ауырғанын сезбеді. Тас жағаға жабысып, жиекке азар шықты. Тізесі, шынтағы шып-шып қанталап кетіпті. Кеудесінен шығып кеткен жаны кеудесіне қайта кіргендей, өне бойының мұздағанын сонда сезді, тісі тісіне тимей сақылдап кетті. Үсті-басын алақанымен ысқылап, жалаңаш күйі ары-бері жүгірді. «Балам-ау, мынауың ұйат қой», – дегендей, күн шұғыласы тоғай асып жалт ете қалды. Асығыс-үсігіс киіне бастады. Ұшы сынған кездігін тастай салуға қыймады, қынына салып, қайтадан қонышына тықты. Ахайдың көзі ғой.

Өлімді көзімен көріп, қолымен ұстап, өз кездігімен жерге көмген Назар өзінің өлімнен құтылғанына енді ғана көзі жетті.Тарқатылған шүйкедей көз жасы шұбырып ақты. Тірі қалудың өзі тіл жетіп айта алмайтын бақыт екенін жүрегімен сезді.

Жайау адамға айналаның бәрі алыс, қайда барарын, қалай жүрерін білмей бөгелді. Өзеннің оң жағасы ағашсыз, тоғайсыз жалаңаш екен, ашықпен жүруге жүрексіне берді. Біраз еңістеп келіп кілт тоқтады. Таудан ойға кетіп бара жатқаны қалай деген ой сап ете қалды. Қазақ пен қырғыз жаз бойы жайлауда, тау ішінде болмай ма? Ел-жұртты мынадай жазда тек жайлаудан  іздеуі керек емес пе? Осы оймен тіке батысқа қарай бет бұрды.

Төбеге шықсам, төңірек көрінер деген оймен жақын арадағы жотаға қарай жүрді. Қылт етіп төбеге шыға келгенде, өр жақтан сауылдап келе жатқан бір топ жауынгер де мұны байқап үлгерді. «Ой, атаңның аузы!» – деп, әуелгіде сескеніп қалды. Артынан қазақтар екенін киімдерінен таныды. Қуанғанынан соларға қарай тұра жүгірді.

Алда келе жатқан құла атты кісі тоқтай қалды.

– Балам, айдалада нағып жүрсің?

–  Ассалаумағалейкум!

– Әлікісалам! Иә, жөніңді айт, қай баласың?

–  Құда баламын.

Құла атты кісі мұртын бір сыйпап, жылы жымыйды.

– Танымадым, қай құдамның баласысың?

– Мен қазақтың бәріне құда баламын.

Құла атты кісі мырс күліп, иегін қасыды.

– Міне қызық! Бүкіл қазаққа құда болатындай не құдіретің бар, балам?

– Ешқандай құдіретім жоқ. Мен қырғызбын, аға. Әпкемді Ұзынмұрт

Ұзақ  батыр деген қазақ алған. Соны іздеп келемін.

– О-о, онда жөн. Онда, шынында, бүкіл қазаққа құда баласың.

Алайда, балам, құда болсаң, бұл айдалада қайдан жүрсің? Жөндеп жөніңді айтшы!

– «Таныспай жатып, көлденең кісіге жөніңді айтпа», – дейтін әкем.             – Өзіңіз кімсіз, аға?

–  Өй, мынауың бала емес, бәле ғой! – деп қалды біреу.

Құла атты кісі оның сөзін құлағына да қыстырған жоқ. Назарға сүйсіне, таңдана қарады. Кенет атынан қарғып түсіп қарсы жүрді.

– «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал келіп амандасады» деген, балам. Болайын деп тұрған бала екенсің, құдай бағыңды

ашсын! Мен Жалаңтөс батырдың жүзбасы Тілеу деген ағаң болам. «Қазақ пен қырғызды қалмақ шауып жатыр» деген хабар алған соң, ел мен жерді қорғауға келген ағаңмын. Қашқан жауды қуып келсек, түнімен қыспақ асуды қаша жол ашып қашып кетіпті. Орнын сыйпап, опық жеп қалдық. Ал сен неғып жүрсің?

– Мен қалмақтардан қашып шықтым, аға. Тұтқын болып, жылқысын бағып жүргем.

Бар шындығын айтқан Назарды бауырына басып, Тілеу арқасынан қақты.

zhasorken.kz

Т. Раушанұлы