Елдің ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Байтемір Заңғардың шығармасын ұсынамыз.
Байтемір Заңғар Нұрланұлы 1999 жыл 28 мамыр Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Бақты ауылында өмірге келген. Бүгінде Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің 4 курс студенті.
***
Мен өз елімнің, Отанымның перзенті, патриоты болғанымды мақтан тұтамын. Мына жатқан шексіз сайын даланы менің ата-бабам көзінің қарашығындай сақтап, найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап бізге аманаттап кетті. Олай болса, осындай аманаттап кеткен Отанды сүймеу үлкен қасірет. Отанды сүю дегеніміз – оның әрбір тасын сүюден басталады. Одан әрі ол туған анаңа, туған жұртыңа, тіліңе, дініңе, салт-дәстүріңе ұласа береді. "Отан оттан да ыстық" деп бекер айтпаған. Мен өз жұртымды, өз елімді мақтан тұтып, жақсы көремін, өз елім үшін қолымнан келгенін аямаймын.
Осы туған жер туралы толғанғанда қасиетті Қарқаралы туралы айтпай кете алмаймын. Өйткені, мен осы талай ақын атын әнге арқау еткен атақты Қарқаралы жерінің тумасымын. Осы жерде туып, осы жердің саф, таза ауасымен тыныстап, мөлдір суынан дәм татқанымды ойласам, бойымды бір қуаныш, мақтаныш сезім кернейді. Қарқаралы өңірі тарихы тереңнен тамырын тартқан, таусылмас жыры бар, сыры бар қасиетті өлке.
Қарқаралы мекенінің атауына байланысты әртүрлі аңыздар бар. Жоңғар шабуылы кезінде Қарқаралы атауы мүлде болмаған. Бертіс хан Қарқаралы маңын жоңғарлардан тазартқан соң, қазан айында Қоңырат деген тайпаны осы жерге тұрақтандырады. Қысқа аяқты мал деп қой мен сиыр асырамай, жау келгенде тез жалтаруға ыңғайлы деп түйе мен жылқы малын көптеп өсірген екен. Жері шұрайлы болғандықтан қыстап шығу үшін күншығыс жаққа киіз үй тігіп , өздерінен өрген руларды ауыл-ауыл ғып орналастырған көрінеді. Сол қыста қар қалың түсіп, тауда қаптап жүрген елік, арқар, бұғыдан адамның көзі тұнған екен. Тауларының басы мен биік шыңдары қара болып жатқанымен, етегі қалың көбік қар болып, ат аяғын алып жүре алмаған. Жаяу жүрейін десе, өздері қарға көміліп қалған . Сол жылы көктем кеш шығып, аң да ауланбаған. Көктемде аң аулап, төл жетім қалса, қырсыз болады деген ұғымды берік ұстап, аң атаулыға тиіспеген екен. Сөйтіп, бұл таудың басы қара, етегі қарлы болғандықтан "Қарқаралы" деген атау пайда болыпты. Әрине , пікірлер де, аңыздар да, дәлелдер де өте көп. Десе де, барлық дәлелдерде Қарқаралы атауы қалып отырған.
Жалпы, Қарақаралы ұғымына үңіле қарасақ, өте терең, көп қырлы. Бұл атауды айтсақ, бірден көз алдымызға көне қала мен оның әсем табиғаты келеді. Алланың берген сыйы шығар, бұл қаланы ерекше қылып, бар сұлулық пен әсемдікті бере салған. Талай, мен деген ақындар бұл өңірді жырға қоспай кетпеген. Мәди бабамыз "Атыңнан айналайын, Қарқаралы" – деп жырласа, ұлы жазушы С. Мұқанов "Сұлушаш" поэмасын жазып кеткен.
С. Мәуленов:
"Таулар, таулар қашанғы қасқа алыптар,
Мендей сені сезді ме басқа жұрттар,
Ақ шашты әжем секілді тұрып алды,
Қарқаралы басында ақша бұлттар" – деп алған әсерін осылай суреттеп жеткізген. Қарқаралы шежіресі мөлдір махаббаттың мәңгілік жәдігері. Оның куәсі – "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" жыры. Қазақтың атақты ақындары Қарқаралы өлкесіне келіп, шығармашылықтарына шабыт алып отырған. Алыстан қарасаң, көз тартқан мұнарлы таулары, Сарыарқаның төскейіне төге салған маржандай көлдері, сұлу да, сымбатты әсем ормандары жердің жаннатындай. Бұл жердің табиғаты сұлулығымен, тыныштығымен, әсемдігімен жаныңды жаулап, небір қиялдар мен асқақ армандарға жетелейді. Осы бір таулардың шатқалдарында кірер аузы үшбұрыштана келген "Үш үңгір" үңгірі бар. Ары қарай "Мәліксай" қойнауында "Тас шатыр" үңгірі бар. Бұл үңгірлердің маңайындағы ормандарында аю ақырып, қасқыр жортып, құстың сан алуаны ұяласа, түз тағылары құлан мен кер маралдай керілген марал, елеңдеген елік жайылып, жыртқыштардың ішіндегі ең әсемі-жолбарыс та жүгіріп жүреді. Биік таулардың арасынан ерекшеленіп, көз тартып тұратын осы өлкенің ең әсем шыңы, символындай болған ертеректе "Жиренсақал", "Комсомол шыңы" десе, қазір "Қарқаралы шыңы" деп аталады. Аттары бір-бірінен ерекше "Бұғылы", "Шаңкөз", "Көктөбе" таулары шынында да Қарқаралы деген атаудың шырайын ашқандай. Оңтүстік-шығысында Кент таулары, шығысында Балқантау сілемдері мен мұндалап жатыр. Бұғылы тауының басында ерекше табиғи жаратылған құбылыс-Шайтанкөл бар.
Осының барлығы ғажап сұлулықтың мекені. Әсіресе, Шайтанкөл туралы аңыздар мен жырлар өте көп. Ұлы ақын Қ. Мырза Әли :
"Сәби көңіл жолдас ертіп қасыңа,
Сонда барда мінәжат қыл қасыңа.
Көлге айналып бір пұшпағы аспанның,
Ағып түскен Қарқаралы басына", – деп жырласа, С. Ақсұңқарұлы "Шайтанкөл – ғашықтар мекені" – деп әнге қосқан. Бұл көл өзінің табиғи жаратылыс ерекшелігімен, әсемдік пен сұлулықты қасиет тұтқан жандарға шабыт бере білген – құтты мекен.
Шайтанкөл бұл жерде жалғыз көл емес. Оның жанында табиғаттың , Жаратушының сыйы – Бассейн көлі бар. Оның "Бассейн" деп аталуы тегін емес. Бассейн көлі биік таудың басында, қабырғалары тіп-тік, қолмен жасағандай жартас тастармен көмкеріліп, шынында кәдімгі бассейн тәрізді. Бассейн мен Шайтанкөл сияқты бірнеше үлкенді-кішілі көлдерді адам аяғы баспаған биік таулар мен шыңдардың арасында жиі кездестіруге болады.
Қарқаралының кіре берісінде көпшілікке танымал ең көрікті жері – "Кенші" (Шахтер) демалыс орны бар. Сол демалыс үйінің жанында жарқырап "Самал" көлі жатыр. Бұл көріністі көрген жан оның сұлулығын өмірі ұмыта алмасы анық. Осы сияқты адам жанына сая болатын , рахат сыйлайтын "Үлкен көл", "Жартас", "Шортанды" көлдері Қарқаралы өңіріне ерекше келбет беріп тұрады. Тау етегінде бөктерлей "Жарлы" өзені ағып жатса, қала ортасымен үлкен, кіші Қарқаралы өзендері ағып жатады. Бетіңді самал жел сыйпай соққан сайларда "Мәліксай", "Тас бұлақ", "Тұнық бұлақ" мөлдір суы қысы-жазы бір толастамай ағып жатады.
Осы аталған ғажап сұлулықтың ортасында, алтын қазықтай айналасына мыңдаған шақырымға дейін нұрын шашып, шапағатын тигізіп қасиетті құт мекен – Қарқаралы қаласы тұр. Қарқаралы-Қарағанды облысының ең байырғы қаласы. 1824 жылы Қарқаралы қамалының негізі қаланды. Қала халқының саны –10300 адам.
Бұл қалада белгілі саясаткерлер, әдебиет және мәдениет қайраткерлері, ғалымдар мен саяхатшылар ат басын бұрмай кетпеген. Менің бір мақтанышпен айта кететінім, киелі Қарқаралы топырағы алыптардың, аймаңдай асылдарымыздың алтын бесігі мен құтты мекені бола білді. Бұл жер – Қазыбек би, сазгер Тәттімбет, әннің әйдігі Әміре Қашаубаев, жырдың тасқыны, дауылпаз ақын Қасым Аманжолов, Кенже шешен, әнші Мәди, қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханов, алғашқы заңгер Жақып Ақбаев, ғалым-агроном Малай Юнусов, Қазақстанның халық әртістері Қалибек Қуанышбаев, Мақпал Жүнісова, Кеңес Одағының батырлары Мартбек Мамыраев, Петр Трезев, Нұркен Әбдіров, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров сияқты ұлы тұлғалардың отаны.
Қарқаралы қаласының тарихы ағартушы, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың есімімен тығыз байланысты. Әкесі Қарқаралы округінің аға сұлтаны болып тұрған кезінде Құнанбай қажы мешітін салдыру үлкен қайырымдылықтың белгісі еді. Осы қайырымдылығы өз есімін тарихта қалуына үлкен себепші болды. Абай тұрған үй жөндеуден өтіп, мәдениет пен тарихтың ескерткішіне айналды. Дәл қазіргі уақытта осы шоқтығы биік зиялыларды бірнеше тілді еркін меңгерген, білімді пәлсапашы Дидар Амантай, өресі биік, танымы жоғары жас ақын Мирас Асан, Жадыра Бұланбаева, спорт саңлақтары, егіздер Серік, Берік Елеуовтар шашасына шаң жұқтырмаған шын жүйріктеріміз екені бәрімізге мәлім. Қазіргі таңда Қарқаралы қаласы мәдени –экономикалық өмірде маңызды орын алған. Мұнда бірнеше демалыс аймақтары бар, олардың ішінде АО "Арселор Миттал Темиртау" көмір департаментінің "Шахтер" демалыс үйі, "Сосновый бор", "Тас бұлақ" тау отелі қала экономикасына өз үлестерін қосып отыр. Қарқаралының бір ерекшелігі – суында. Бұл өңірдің суы мөп-мөлдір. Қарқаралылықтар әсіресе Суықбұлақтың суын ерекше қадірлейді. Мұндағы су сәл газдалған, секундына жарты метр күшпен бүлкілдеп тұрады. Адам ағзасына мыңда бір ем. Еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам жанына шипа іздеп келеді.
Аймақтың оазисі алуан түрлі. Жадағай жусанның отаны. Осы өсімдіктен обыр ауруларына қарсы "Арглабин" дәрісін Қарағанды фитохимия институты шығаруды қолға ала бастады. "Әркімге туған жері – Мысыр шаһары" деп тегін айтпаған дана халқымыз. Қарқаралы – біздің алтын діңгегіміз, адалбақан ақ босағамыз. Барлық қазақ халқының қара шаңырағы деп айтуыма толық хақым бар. Осы уақытқа дейін екі ғасыр өтсе де, бірнеше ұрпақ алмасса да ата жолымен ұрпақтан-ұрпаққа қаймағы бұзылмай жалғасып келеді. Бұған өткен тарихымыз куә. Осы тарих, жүрген жолымыз бен өткенімізді ой сүзгісінен өткізіп, артымызға барлау жасауға, барымызды бағалауға, жоғымызды саралап, түгендеуімізге мүмкіндік береді. Қарқаралы – қазіргі заманда ырыс пен ынтымақтың, байлық пен бақыттың, береке мен бірліктің құтты мекені. Ұлтымыздың жақсылары мен жайсаңдарын, майталман марғасқаларын тәрбиелеген алтын құндағымыз. Әр ағымның дүлей дауылдары мен жауындарынан ықпаған, жер намысы мен ел намысын жықпаған мәрт мінезді Қарқаралының шежіресі ғасыр қойнауына алтын әріптермен жазылып қалары анық.
Дәуір ауысып, уақыт өткен сайын Қарқаралының жаңа беттері қайтадан жазылып, жарқын тараулары көбейері сөзсіз. Халықтың ырысын – жері, мерейін өсіретін – ері екені әлімсақтан белгілі. Жақсылар мен жайсаңдардың табанының ізі тиген, алақанының ыстық табы қалған қасиетті Қарқаралының тарихы таусылмайтын түпсіз теңіздей. Әрине, ұлылықтың үлгісі, даналардың ғибраты болашақ ұрпақты туған жердің қадір-қасиетін бағалауға, Отанын риясыз сүюге баулиды. Уақыт өте келе ардақтылардың шарапаты мен есімдерін артында қалған ұрпақтары ілтипатпен еске алып отырады.
Тоқсан ауыз сөздің түйініне келетін болсам, дәулеті мен сәулеті асқан, жер қойнауы қазынаға толған, қабырғалы, қасиетті Қарқаралы – Сарыарқаның сәукелесі мен заңғар бәйтерегі. Алатаудай абыройы асқақтаған өлкемізге Алты Алаш ұлты қызығып та, қызғанып та қарайды. Себебі, Қарқаралы барша қазақ ұлтының мақтанышы, Қарқаралы – әрқайсысымыздың жарқыраған жауһарымыз.