Бауыржан Бабажанұлы. Қарбыз ұрлау хикаясы

Қарбыз ұрлаған балаларды сонша қорлаған адамның психикасында ауытқу бар-ау, сірә... Баланың ұрлық жасағысы келетін жасы болады. Шамамен 7-13 жастың арасы. Тек ол оны ұрлық емес, ерлік деп ұғады.

Менің әкем қызмет бабын пайдаланып қатарынан үш жер телімін алыпты. Үш ұлым қатар отырсын деген ниет. Бір учаскеге үй салынды да, қалғанын егістік жер ретінде пайдаландық. Шешем қауын-қарбыз, асқабақ дегендерді мол егетін. Таңертең ерте тұрып, күндік жейтін қауын-қарбызымызды үзіп әкеліп қоятын. Алда-жалда шешем бір жаққа кетіп қалса, қауынды үзіп әкелуге ерініп, "сен бар, мен бар" болатын.

Бастауышта оқып жүрген кезімізде қатарластарым қауын-қарбыз ұрлағандары туралы "ерліктерін" жиі айта бастады. Арықтың ішімен еңбектеп барып, қарбыз үзіп, оны қайтарда домалатып алып шығатыны маған соғыс туралы фильмдердегі "тіл" алуға баратын барлаушылардың ерлігінен кем көрінген жоқ.

Бауыржан Бабажанұлы. "16 жасыма хат"

Тәәк, шұғыл түрде ұрлыққа бару керек.Қалай да мыналардан асып түскен ләзім. Ол үшін күндіз, тапа-тал түсте ұрлау керек. Түнде, ешкім көрмейтін сәтте кім ұрламайды, тәйірі. Басыма келген ой - осы.

Жолдасбай ағамның атызынан ұрлаймын деп шештім. Түсте ағам кеңшардың егісінің басында жүреді. Жұлдыз жеңешем сол уақытта ұйықтайды.

...Түс болды. Өзім көздеген тұстан тесік жасадым да, зып етіп кірдім. Қауын-қарбыздың піскен кезі ғой, теңкиіп-теңкиіп жатыр. Ананы да алғың келеді, мынаны да алғың келеді. Ақыры біреуін таңдап, арықтың ішімен біраз еңбектеп ем, бір кезде батырлығым ұстап, тұрып алдым. Сол сәтте Жұлдыз жеңешемнің ащы айқайы естілді: "Әй, жүгермек, таста ана қарбызды". Сірә, дәрет қыстап, ұйқысынан тұрса керек. Бір сәт ойланып тұрдым да, қарбызды ұстаған күйі тесіктен әрі өтіп, жүгіре жөнелдім. Жеңешемнің аяғы ақсақ еді, жете алмасын білемін ғой.

Балаларға әдемілеп айтып бердім. Тіпті Жұлдыз қуып, жете алмай қалды деп қосып жібердім.

Кешке үйге Болат келді. Кластасым. Әкесі Абат бізге сабақ береді. Жұлдыз шағым жасапты. "Жарайды, - депті ағай, - ертең жазасын беремін ол баланың. Үйіңе қайта бер".

Зәрем ұшты. Сабаққа бармай қалуға болмайды. Басым салбырап, бардым. Артқы партаға жайғастым. Тістей-тістей қаламсабымды да "кеміріп" тастаппын.

Ағай аралап, әркімнің жазуын тексеріп келе жатыр. Түрі сұсты. Менің қасыма келді. "Әй, Бауыржан мұның не? "Қ"-ның аяғын тартсайшы былай. Иә, солай. Қаламсабыңды тістеме олай...". Сосын ақырын сыбыр етті: "Сен ана Жұлдыздың қарбызын ұрлама бұдан былай. Келістік қой?". "Жарайды". Өз дауысымды өзім естігенім жоқ тіпті. Жан-жағыма қарап ем, жұрттың бәрі "қ"-ның құйрығымен әуре болып, маған қарайтындай шамасы жоқ екен.

Қазір ойласам, Абат ағайлар ұлы педагогтар екен ғой. Бір ауыз сөзімен тәрбиеледі. Егер ұрысса, айқайласа, кім біледі не боларын...

Кейін осы оқиға туралы өлең жаздым.

 
Алғашқы мұғалімім

Абат Елубайұлына

Осы жайт еске түссе,
мен күлемін,
Балалық-ай, не деген мөлдір едің?
...Қатарымның "ерлігін" тыңдай-тыңдай,
Бір бұзықтық жасағым келді менің.

Асау тай ем.
Тай қашан бас біледі?!
(Қас албасты тал түсте басты мені...).
Тым болмаса қасымда Ыбырай жоқ,
Қауын-қарбыз ұрлауда ол – "мәстір" еді.

Жалғыз шықтым.
(Мұнымды "ел" құптамай ма?),
Мына жайды да түйгем мықтап ойға:
"Жолдасбай ағам қазір жұмыста жүр,
Жұлдыз жеңгем...
Түсте енді ол...
Ұйықтамай ма?"

Бәрі ғажап.
Қатып тұр "план" енді,
(Осыны айтып күні ертең "қырам" елді....).
...Нән қарбызды енді үзе беріп едім,
Жұлдыз жеңгем үйінен шыға келді.

Айқай салып: — "Қарбызды таста" — деді,
Кенеттен бір ой билеп басқа мені.
Қарбызымды тастамай зыта бердім,
Жете алмасын білемін,
(Ақсақ еді...).

Батырлығым желпиді түңлігімді,
«Ерлігімді» бар бала жыр қылулы.
...Кешке "сымсыз телефон" жеткізді кеп,
Абат ағай естіпті ұрлығымды.

Депті ағай: — "Бара бер, жаза — менен",
Содан кейін, әй, кетті маза менен.
Ертеңіне мектепке зорға бардым,
(Кеше сабақ еді ғой - ғажап әлем...).

Соңғы парта...
Әзірге жарап тұр-ау...
Саусағымды қаламым қанатты ма-ау...
Тұқшыңдаймын, басымды көтере алмай,
Әй, неғылған бітпейтін сабақ мынау...

Осы қазір болардай заманақыр,
"Енді ұрлық жасасам ба?
Қара да тұр..."
...Балалардың түзетіп жазуларын,
Ағай маған жақындап келе жатыр...

Қабағын сәл түйіпті...
Салқын демек...
Алақандай жүрегім алқынды ерек...
— "Әй, Бауыржан, мұның не?
Жарамайды,
"Қ"-ның былай аяғын тарту керек.

Дұрыс ұста, қаламды.
Тыңда, бала-ай,
Өшіргішті былай қой, жұлмаламай".
Содан кейін ақырын сыбыр етті:
"Сен енді қауын-қарбыз ұрлама олай...".

"Жарайды...".
Өз даусымды естімедім,
(Сол сәтте жоқ еді өзге еш тілегім).
Айқайламай, ел-жұртқа дабыра етпей,
Ағайым бір күнәмді кешті менің.

"...Бала, маған ұнайсың. Ірі істерің, —
дейсіз бе, — Оны істедің, мұны істедің".
...Менің жаман болуым мүмкін емес,
Өйткені, мұғалімім дұрыс менің!