Бала бақыты

Бала бақыты

«Баламды көрсем бола ма?» деді қатты қиналыстан енді ғана есін жинап, аналық мейірі елжірей қалған әйел жүзінен қуаныш лебі есіп. Бұл оның тұла бойы тұңғышы еді. Тап-тұйнақтай етіп оралған бөбекті медбикелер оның қолына ұстатты. Бөбегін қолына алған ана еміреніп кетті, сәбидің уылжыған момақан жүзі мен жұп-жұмсақ селдір шаштарын көргенде қуанышы қойнына сыймай кетті. Орауды ағытты. Тіксініп қалды. Топ-толық туған нәрестенің құлағы болмағаны қалай? «Құлағы қайда? Ұлымның құлағы қайда?» ол өз көзіне өзі сенбегендей ұлының жүзіне әлсін-әлі қарай берді... «Бұл мүмкін емес... Мұндай болуы мүмкін емес!» деп ышқынған айғай шықты.

Айлар өтіп, жылдар жылжып бала да есейіп, ержетті. Бақытына қарай есту түйсігінде ешқандай ақау болған жоқ. Бар кемістігі сол құлақ орнында тыртық белгісі болды. Бұны әке-шешесі басқалардан қатты жасыратын. Бала да жас болғандықтан, көп елеп-ескеріп кетпеді. Бір күні мектептен қайтып алқын-жұлқын үйіне кірген бала: «Шеше, мен ендігәрі мектепке бармаймын...» деп анасының құшағына құлай кетіп, өксік ата жылады. Ұлының қорлана төккен жасы елжіреген ана жүрегіне тамшы болып тамғандай сезілді. Иә, анасы бұл күннің ерте ме, кеш пе бір келетіндігін білетін-ді. Сол мезгіл жетіпті. Ұғыса келе ұлынан бір сынып жоғары оқитын оқушы оған: «Жоғал әрі үйіңе, үйіңде неге жатпайсың құлағы жоқ құбыжық?!» деп беті-жүзіне қарамай айтып салыпты. Ұлы осыларды айтып онан әрмен егіле жылады. «Болды балам, жылама! Құлағыңның жоқтығы кемістік етпейді, біз оны емдетеміз. Ешкімнен кем, қор емессің, өзіңе сенім артуың керек!» деп бәйек бола көңілін аулады. Анасы ұлының сұңғақ, сұлу денесінде содан басқа мін жоқ екенін білетін. Оның үстінде әдебиет, көркемөнер саласында әжептәуір таланты да бар еді.

Әкесі дәл сондай ауруларды емдейтін сала дәрігеріне барып, бар жағдайды айтып зар еңіреді. Әкенің көз жасына шыдамаған дәрігер: «Бір құлақ тапсаң болды, еш дақсыз салып беруге кепілдік беремін» деді. Бірақ, оларға кім құлағын кесіп ұстата қояр дейсің? Осылайша, еш дерексіз екі жыл өтті. Ақыры бір күні әкесі ұлына: «Балам, саған бір қуанышты хабар айтайын, шешең екеуміз бір адам таптық, ол құлағын беруге келісті» дегенді айтты.

Ота сәтті жасалды. Ұлы он екі мүшесі сау мүлтіксіз адамға айналды. Бала мектептен университетке аттанды. Жоғары оқуды үздік тәмамдап, мемлекеттік істерге ден қойды, сыртқы істер министрлігіне жұмысқа тұрды. Табысқа жетті. Үйленді, балалы-шағалы болды. Бірақ, өмір жолындағы талай сәттер ұмытылып қалса да, құлақ жайындағы істер есінде еді. Жүрегінен еш өшпей қойды. Бір күні ол әкесіне: «Маған құлағын кесіп берген адам кім? Осы құрбандығының орнын толтырсам деймін. Қазір оған шамам жетеді» деді өтініп.

Әкесі: «Балам, келісілген шарт бойынша оны қазір білу – әлі ерте» деді. Айлар өтті, жылдар жылжыды. Күндердің бір күнінде қартайып, қу сүйегі қалған әкесі ұлын жетелеп төсек тартып жатқан шешесінің қасына әкелді. Көзін әрең-әрең ашып жатқан кемпірінің әппақ шашын кері қарай сипап, артына қайырды. Бөлмеден «Шеше, құлағың қайда?» деп жарықшақтана шыққан ащы дауыс естілді.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: liveinternet.ru

M. Auelkhan