Бақытгүл Бабаш. "Жалғыз қыз" (әңгіме)

Бақытгүл Бабаш. "Жалғыз қыз" (әңгіме)
Фото: kazakia.kz

Өлеңсүйер қауымға есімі жақсы таныс ақын Бақытгүл Бабаштың прозада да қалам тербейтінін біреу білсе, біреу білмес. Бүгін ақынның "Жалғыз қыз" атты әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.

Таң бозынан ояна сала жертөленің төбесін ала орналасқан жалғыз терезеге көз салған. Әйнектің арғы жағынан ақ сәлделі ата қол бұлғап шақырып тұрғандай болды. «Соңғы таңым». Неге екенін, ойына алғаш түскен сөз - осы. Күндегі әдетінше киімін жүре іліп тысқа беттеген, алдынан қаракөлеңке ағып өтті. Соңғы әлетте осы бір елеспен жиі жолығысып қалатынды шығарып жүр. Сол құрығырдың ажал екенін сезсе де, сезбеген түр танытқансиды. Жо-жоқ, өлімнен үріккені емес, әке-шешесінен бірдей айырылып, мылқау ғұмырды еншілегелі ол өзін осы үкімге қиып қойған. 
Ләм дегенін естіген жан жоқ. Қысы-жазы қалың күпәйкеге оранған күйі жан баласына жуыспай жүретін мұны бүкіл ауыл «Жалғызқыз» деп атайды. Азан шақырып қойған атын атауға мұның да құлқы жоқ. Базаргүл. Біртүрлі құлаққа түрпідей тиетін секілді. Қайта сол «Жалғызқызы» тәуір. 

*** 

Босағасына бала бітпеген аға-жеңгесінің үйіне біржола қоныс аударғалы он алты жыл ауыпты. «Жалғызқыздың» аузынан жартымды жауап түгілі, бір ауыз сөз шықпағанына да сонша уақыт. 
Бір азаматтың бағын жандыруды бұл да армандамады дейсіз бе? Бірақ ол үшін сол бақ деген барболғырың әуелі өзіңнен табылуы тиіс екен. 
Оңашада осылай ойлап қоятын. Сосын сандығының түбіндегі сынық айнаны алып, неше күн сабын көрмеген бетіне күлімсірей көз тастайтын. Ондағысы – сыңар айнадан сұлу әйел болмысын іздегені. 
Әйел деген ғажайып аттың шын құдіретін бұл бір-ақ рет сезінген. Қырдағы қойшы ауылына айына бір түстеніп кететін бригадирмен болған сол түннің жылуы мұның мың түніне татығаны да сол болса керек. Куәсі боп айы-күні жетпеген шала нәресте дүние есігін ашқанда, пұшпағы қанамаған жеңгесі «ортақтаса» кетті. Өз құрсағынан шыққан сәбидің өгей көзқарасы да мұның тоң боп жатқан жанын жылата түспесе, жұбатқан жоқ. 

*** 

- Жалғыз-ғыз... ғыз... 
Құлағына әлдеқашан о дүниелік боп кеткен анасының дауысы келетіндей ме? 
- Ба-зар... Базар-жан... 
Құдай-ау, анау төбе басында тұрған әкесі ғой. 
Сауып отырған сүтін шелек-мелегімен қотара сала қыр басына жүгірген. Өкпесі өше шауып келсе, ешкім жоқ. Алданыпты. Әлгі әзірейіл ажал енді мұның қымбат жандарының кейпіне еніп торуылдағаны ғой. 
Күні бойы шат көңілде жүрді. Ешкімге естіртпей, ішінен ыңылдап әндетіп қояды. Аға-жеңгесі ауладан жаңа там көтерген. 
- Мына қызды сол ескі үйде қалдырайық. 
Екеуінің осылай деп сыбырласып жатқанын құлағы шалып қалған. Мейлі ғой. Дегенмен, бұл да жаңа бөлмеде жатқысы келеді. Бауыры бүтін жандардың дүниеге дүмше көзбен қарайтыны несі екен? Әйтпесе, бұл не жазыпты? 
Үйде ешкімнің жоғы мұндай жақсы болар ма? Жеңгесінің жаңа үйге деп алып қойған бар дүние-мүлкін есік алдындағы ескі тамға жанталаса тасыды дерсің. Кешкісін жұмыстан келген үй иелерінің көздері атыздай болды. Сарай іші жайнап тұр. Ескі-құсқының бәрі бір бұрышқа сірестіріліп жиналған. Қақ ортада – дастархан, иісі бұрқыраған сүр еттен бесбармақ та асып үлгіріпті. Неге екенін, бұл жолы жеңгесі үндеген жоқ. Әлде шаршап келді ме, тамақ ішкеннің ырымын жасады да, жаңа үйге төсегін тасып, жантая кетті. Сәби де әншейінгі қыңқылын ұмытып, ұйқыға бас қойған. 

*** 

Ескі тамды там демесең, сиқы жоқ. Ортасын пеш бөлген екі бөлме. Басқалардан бір ерегі – терезелері қабырғада емес, төбеде орналасқан. Сағат тілі түнгі он екіні көрсетіп тұр. 
Бәрібір біреуді қимайтын сияқты. 
Ақ сүтін ембесе де, ақ ниеті соның үстінде боп келген баласын ба; 
«Күнім» дей алмай күмілжіген ағасын ба; 
Не істесе де жақпай-ақ қойған жеңге ме; 
Бір-ақ түнмен ұмытылмастай із қалдырған әлгі бригадирді ме; 
Мұның қарасын көргеннен мөңірей жөнелетін қорадағы ала сиырды ма; 
«Жалғызқыз» деп айдар тағып, жанының жалқылығын құтты күні есіне түсіріп отыратын ауылдастарын ба? 
Сақылдай күліп жіберген. Жо-оқ, күлген бұл емес, әзірейіл-ажал боп шықты. 
Қан жылаған жүрегін соның уысына сала бергені сол, қалтыраған қолдары қалың күпәйкенің қалтасындағы сіріңкемен қауыша қалды. 
Кереметті қара! Там іші аппақ сәулеге оранған. Ортадағы үстелді бойлай жандары әлдеқашан жаһаннамға аттанған тума-туыстары отырыпты. Мұның туған күні ме? Үстел үстінде тұрған дәу торттың шырпысын тұта бергені сол... 
Жиырма алты-ақ жыл жанына мекен болған тәнін өрт құрсауына қалдырып, «Жалғызқыз» көкке сіңіп бара жатты. 

Ұқсас жазба:

Мен - бақыттың гүлі едім

Ш. Талап