Елдің ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Айтқұлова Жансаяның шығармасын ұсынамыз.
Айтқұлова Жансая Қанатқызы – 2000 жылы 15 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы, Жаңаталап елді-мекенінде өмірге келген. Бүгінде М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың (Филология факультеті) 2-курс студенті.
...Отан
Отан
Бәрінен биік екен,
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем...
(М.Мақатаев)
Қолға қалам алып, ой толғап, тебірене бастаған сәтімде көз алдыма ең алдымен келгені жазира дала, көк орай шалғын, бейбіт жатқан жер, қой үсінде бозторғай жұмыртқалаған заман, ойнаған қозы-лақ, онымен қуалаcа жүгірген бала, ана-әжелердің ошақ басында бауырсақ пісіріп арқа-жарқа болып жатысқан тамаша сәті болды. Келесі бір бетте қазақтың халық әртісі Роза Рымбаеваның шырқаған "Атамекен" әні еріксіз ойыма оралып, іштей жалғасып, әуенімен қосыла үндесіп тұрды. Көкке көтерілген зымырандар, атом бомбалары және содан аман қалған жер беті көз алдымнан кино іспеттес өте берді.
"Отансыз адам – ормансыз бұлбұл" – демекші, күллі адам жер бетіндегі белгілі бір мекенде өз ғұмырын сүреді және ол – Отан деп аталады. Әрбір елдің азаматы туып-өскен мемлекетін сүйіп әрі онысын мақтан етеді деп білемін. Себебі: қандай да болмасын мекендейтін әлемңнің болуы сен үшін Алланың берген сыйы. Қарап отырсақ, қанша ұлт тұрақты орнын таппай, жер шарлап әр салада шашырап, өзге ұлттың тесігінен сығалап, бағынышты күйде жүр. Орманы жоқ бұлбұлдай халде жүрген пенде бізге қарап қызығары анық. Ал, сіз сол бақытты қаншалықты түсінесіз?
Қазақстанның отандық арналарының бірінде фотограф әрі тілші қандасымыздың Республикамыздың түңғыш президенті, елбасы Н.Ә.Назарбаевпен кездесуі кезінде әлемді аралап, туы жерде жатқан елді көргендігін, сол туды көтере алмайтын ерді көргендігін, жылаған баланы, қаңырап қалып жатқан даланы көргендігін айтқаны жадымда сақталып қалды. Сол жерді көре отырып, барша әлемге көрсеткісі келетінін және өздеріндегі бақытты түсінгендерін қалайтынын жеткізгендігі ойымнан бір сәтке де шыққан жоқ. Бізде болса, мақтанатын Отанымыз, жеріміз, халқымыз, бірлігіміз, қойнауымызда қазынамыз да бар.
Отан дегенде ең алдымен Қазақстанның рәміздері жайлы айтқым келеді. Неге дейсіз бе? Қазақстанның азаматтары мен азаматшалары жарыстардан топ жарған сәтті көз алдымызға елестете кетейік... Еліміздің туы көкке көтеріледі де, ән-ұранымыз шырқалғанда қолымызды жүрек тұсына қойып, кеудемізді мақтаныш кернеген кездегі сезімді сөзбен жеткізу оңай болмақ емес. Республикамыздың абыройын асқақтатып, биікке жетелеп жатқан қазақ жерінде Тәңірдің берген сыйы бар. Онымен қалай мақтанбай қаласың? Қалайша еліңді сүймеуге болады?
Менің Отаным – Қазақстан. Оны қайталаудан жалыққан да, жалығатын да емеспін. Олай болса, Еуразияның кіндігінде бақытты өмір сүріп жатқан халықты да тіліме тиек етейін. Қазақтар қоныс тепкен бұл аймақ мен үшін жер жәннәті десем артық айтқандығым емес. Бабаларымыз сыйлаған жеріміз жайлы "Ұлан ғайыр атырап –қазақтың алтын бесік, ата жұрты. Әгәрәки, кімде- кім елімізге көз алартып, шырқымызды бұзар болса, өз қанына өзін тұншықтырарымызды біліп қойғаны абзал" деген сөз бар. Бұл, қазақтың тек Алладан ғана қорыққан батыр халық болғандығын дәлелдейді.
Ежелдегі Керей мен Жәнібек іргесін қалап, ата-бабамыз терін төгіп, қаны сіңген байтақ жер-біздің қазынамыз. Ата-әжем аузынан тастамайтын оңайлықпен қорғалмаған жерімізді сүю мен үшін міндет іспеттес. Кез- келген елдің тарихы бар және ол болашақтың бастамасы. Тарих болмаса онда келешек те жоқ. Сондықтан шежіремізді, қалай құрылғанымызды, еліміздің тарихын білмеу бізге үлкен сын болар еді. Мен сол жайлы өз шабытыма ерік беріп, ойымды жинақтай отырып, қысқа да нұсқа тарихымды өлең жолдарымен жеткізгім келді:
Құрылды хандық ХҮ ғасыр шенінде,
Қоныстанды Шу өңірі елінде.
Бөлініп шығып Әбілқайыр қолынан,
Туын тікті Қозыбасы жерінде.
Жәнібек, Керей бастаған қалың қазақ,
Қалай олар батыр,батыл тайсалмақ!?
Біраз жерді қарамағына қаратып,
Біраз жаудың бетін әрі қайтармақ.
Қазақ елі хан сайлайды Керейді,
Жәнібектен жасы үлкен, мерейлі.
Билік басына келгенінде Жәнібек,
Халық оны «Екінші хан» деп елейді.
Қазақ елі Қасымдай хан тұсында,
Қонақтаған басына бақыт құсы да.
Бейбітшілік заман болды сол жылдар,
Миллионға жетті қара қазақ жұрты да.
Билікті алды өз қолына Хақназар,
Қиын кезде біріктірді халықты.
Әр кезде де әділдікке жақтасар,
Ұзақ жылғы билігімен, ел есінде қалыпты.
Хан Тәуекел, Жәңгірдей хан, Ер Есім,
Қабылдаған әр кезде де нық шешім.
Абылай хан Жоңғар, Қытай, Ресейді,
Шауып бәрін, саясатын тежейді.
Кенесары соңғы ханы елімнің,
Қазақ жұртын басып алар енді кім?!
Патша еліне қарсы тұрып жері үшін,
Енді міне, биіктеді елдігім!
Қазақ елі мойымады қиындыққа,
Әне, қара тереземіз тең бүгін!
Ешбір кезде шаңырағың шайқалмай,
Мүлде- мүлде жойылмасын кеңдігің!
Қазақ елі қандай батырлар өмір сүрген мекен десеңші. Біз көзі ашық барша халық мойындайтын ел болсақ та, өзіміздің тегімізді дұрыс тани алған жоқпыз. Жер бетіндегі ең ақылды да, дана халық ол – біздің халық деп айта аламын. Алайда, өз тарихымызды білмеу үшін, қарқынды дамып кетпеу үшін, өзге жаулар тарихты бұрмалап, бізді кері тартып жатты. Сонау шежіреге көз жүгіртсек бабаларымыз сондай кемеңгер, қайсысының болмасын ойып тұрып алатын орны бар дара тұлға болған. Сол жолдан қайтпай келешекте бұдан да керемет барша әлемді басып озатын мемлекет болуымыз керек. Жастар оянып, елімізге өз үлестерін қосуы қажет деген ойдамын. "Барша қазақстандықтардың жұмған жұдырықтай бірлігінің арқасында біз алмайтын асу, біз жеңбейтін кедергі болмайды" – дей келе, Н.Ә.Назарбаев айтқандай, біріксек біз жеңбейтін белес жоқ. Біздің күшіміз барлық елді қарамағына қарата алады. Неліктен бұл тақырыпты қозғап отыр десеңіз, сөзімді мына бір жолмен толықтырғым келіп тұр,орыстың ұлы императоры Екатерина ІІ: "Қазақтар өздерінің кім екендерін білсе, әлемді жаулап алады" – деген сөзі. Мұнан соң қалай қайраттылығымызға күмән келтірмекпіз? Мен бұл сөзді оқығанымда өз бойымдағы сенімділікті байқадым және алға ұмтылуға ешбір кедергі жоқ екендігіне сенімді болдым, жаңа бір рух пайда болғандай сезімде болып, одан әрі бойымды Отаныма деген мақтаныш билеп тұрды.
Иә, шынында да, біздің тіпті әлемді қарамағымызға қаратып алуға күшіміз жетеді. Алайда, осы бейбіт күндер бізге берілеген бақ, ал, бақ тек тыныштықты мекендейді деген сөз де жоқ емес. Тек бұл ғана емес біздің дана халқымыз жайлы өзге елдердің даналарының айтқан сөздері жетерлік. Семенов- Тянь- Шаньский қазақтар жайлы: "Бұларды оқытуыдың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері түгел тұнып тұрған білім" – деген екен. Мұндай пікірлерді оқи отыра қалай дана халық екенімізге таңырқай қарайсың? Сол кездердің өзінде ерекшеленіп, кереметтеніп тұратын жұртыңмен қалайша мақтанбайсың? Қиырдағы елдер тіпті маңайымызға жуықтай алмас еді егер, біз сол бабаларымыз сияқты рухымызды биік ұстап, өзге елге еліктемесек, дархан даламыздың қасиетіне, кереметіне бөленіп, оны сезіне білсек.
Отанды отан ететін де, отын ететін де сол жерге жағалай малдас құрған халық-ты. Бізді барша жұрт танып жатса, шынында да мықты болғанымыз, көкжал қасқыр болған тегіміздің жойылмағандығы. Рухты халық Қазақстандай Республиканың жұрты десек, мен сол 18 миллион жанның біреуі болғаныма мақтанамын. Отаным маған баспана, орта, барша әлемді сыйлады. Өмір сүруіме жағдай да осы тұрақтайтын мекенімде жасалуда. Оның барлығы мені қуантпай қоймағандықтан, қаншалықты айтсақ та көптік етпес.
"Отан – қолдауыңа рахмет,
Отан – қорғаныңа рахмет.
Отан – зор бағыңа рахмет,
Отан – болғаныңа рахмет", – деп, менің Отаныма айтарым тек шексіз алғыс болмақ. Оның ақысы ретінде қолымнан келгенше Отаныма адал қымет етуге тырысамын және барша жастарды елімізге аянбай еңбек етуге шақырамын. Келешегіміз жерге адал терін сіңірсе, атымызды барша жұртқа паш етсе, әрқашан мақтан етіп жүрсе, тарихымыз бен өз күшімізді білсе, бізге жетер ел болмас еді деймін. Пессимизмнен арылып, оптимизм болатын сәт туғалы әлдеқашан. Олай болса, біз неден құр қалып жүрміз?
Н. Назарбаевтың: "Әрбір адам біздің мемлекетімізге, оның бай да даңқты тарихына, оның болашағынаөзінің қатысты екенін мақтанышпен сезіне алатындай іс- қимыл жүйесін талдап жасауы қажет. Елдің проблемалары да, келешегі де барлық адамға жақынәрі түсінікті болуы тиіс. Әрбір адам бала кезінен Қазақстан- Менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей істеген жөн»- деген сөзі нағыз патриотизмге шақыратын үндеу. Ешқашан армандарымыздан бас тартпай Отанымызды гүлдендіре берейік. «Отан отбасынан басталады" – демекші, келешек іні- қарындастарымызға да соны дәріптей жүрейік және сол адал қызметті алдымен өз отбасымыздан бастайық!
"Не сыйлайды, не береді келер күн?!
Неде болса тірі тұрсам көрермін.
Желідегі құлынымын мен елдің,
Көгіндегі қозысымын мен елдің.
Не сыйласын, несін берсін ел маған?!
Тұрсақ екен елім де аман, мен де аман.
Таулар- менің таусылмайтын бақытым,
Ал ырысым- ұланғайыр кең далам.
Не істемекпін алдтын, гауһар, жақұтты,
Оларды іздеп өткізбеспін уақытты,
Мен бақытсыз бола қойман сірә да,
Туған елім болса екен бақытты.
Дәнеңе де сыйламасын келер күн.
Сый көрмей- ақ суалармын, сөнермін.
Туған елім тұғырында тұрса екен,
Әрі қарай...
Әрі қарай көрермін..." – деп, М.Мақатаев жырлағандай, Отанымның болғанының өзі маған бақыт. Елімнен алайын деп емес, еліме берейін деп өмір сүру керек. Туған жеріңнің тұрмысы жақсы болса, ол өте керемет. Мейлі, ертеңіңнен дәнеңе де күтпесең, тіпті ешнәрсе сыйламаса да, сенің Отаның бар. Барлығын онымен салыстыруңа келмейді. Сондай бақыт ешқашан бізді теріс айнала көрмесін.
Мен Қазақстанның азаматшасы болғаныма мақтанамын. Осындай мемлекетте өмір сүру мен үшін бақыт және ол үшін Тәңірге алғысым шексіз. Қазіргі таңда қандай оқыс оқиғалар болмасын, бірліктің арқасында барлығы жақсарып келеді. Лайым Жаратушымыз шуақты күннің, бір шаңырақтың астында бейбіт те бақытты ғұмыр кешіп өтуді нәсіп еткей. Ешқашан да бірлігіміз жойылмасын, көктегі жарық сәулеміз өшпесін, елімізге қауіп төнбей, жұртымыз аманшылықта болсын деймін.
"Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: Отан деп сыбырлаған
Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!
Отан!
Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен", – деп, Отаныма тағы бір айтарым, оған деген махаббатым болмақ. Оны тағы да керемет ақын М. Мақатаевтың әдемі өлеңімен жеткізе отырып, өз ойымды қорытындылағым келеді.