(Қытай мемлекеттік сыйлығын алған туынды)
Жас ақын, жазушы, аудармашы Айнұр Мәулетбекқызы 1974 жылы Үрімжі қаласында дүниеге келген. Шығармалары Қытай еліне танымал «Таңдамалы шалқымалар журналы», «Жасыл самал», «Батыс өңір» сынды әдеби басылымдарда өлең, шалқымалары жарық көрген. Таңжарық Жолдыұлының шығармаларын қытай тіліне аударған. Шынжаң Жазушылар Одағының мүшесі. Қазір «Ұлттар әдебиеті» (қытай тілінде) журналында қызмет атқарады.
Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын қазақстандық БАҚ беттерінде А. Мәулетбекқызы Қытай мемлекетінің шалқыма жанрына беретін ең жоғары сыйлығы – Би Шин әдебиет сыйлығын алғандығы жайлы хабарланған болатын. Бүгін назарларыңызға ұсынғалы отырған «Апа» атты шалқыма Айнұр Мәулетбекқызының сол мемлекеттік сыйлықты алған шығармасы. Шығарма қытай тілінде жазылған. Тәржімалаған: Қайрат Мұратұлы.
Мемлекеттік сыйлық куәлігі
Мемлекеттік сыйлық белгісі
Талай жыл өтсе де, сіз есіме түссеңіз болғаны, ботадай боздаймын, сондықтан, сіз есіме түскен заман, елдің маған үрке қарайтын көзінен аулақ оңаша жерге барып, жападан-жалғыз өксіп жылап, шер шығарып, мауқымды басамын. Талай жыл болды, мені сіздей сүйетін жанды немесе мен дегенде ішкен асын жерге қойып, бар махаббатын маған бағыштайтын қормалымды іздедім. Әйтсе де, талай жыл өтсе де, сол кездегідей махаббатқа, достыққа тоймайтын көңілім әлемді кезгендей болып, бастан-аяқ алаңдаумен өтті. Кезіндегі мені сүйемін деушілер мен мені сүймекші болғандардың бәрі менен алыстап кетті, мен де кезінде үлде мен бүлдеге оранып дәурендеген ханшадай болып, кейінгі мына жұтаң махаббатқа төзетін емеспін.
Мен ес білгеннен бері, сіз маған ана болып келесіз, әр алуан белгілер сіздің маған әже екеніңізді білдірсе де, көпшілік бұл сырды ашпай келеді, сонымен мен де білмеске салып келемін. Солай, жас жұбайлар тұңғыш баласын жігіт жақтың әке-шешесіне апарып беріп:«Балаңызды бағыңыз, бауырға басып алыңыз» деп беретін қазақтың көне салтынан қалыптасқан осы сырды көпшілік біле тұрып білмеске салады, уәделесіп алғандай жасырады. Ал сіздің маған сыйлаған махаббатыңыз әрқандай ананың балаға бергенінен асып түсті, сол үшін болса да, туған анамды мен күні бүгінге дейін бір мәрте «шеше» деп шақыруға дәрменсізбін. Ол менің балалық шағымнан алыстады, ал мен де осы атауды атаудан алыстадым. Ал сіз махаббатыңызбен балалығымды, өспірім шағымды, тіпті бүкіл өміріме дейін озбырлықпен иемденіп алдыңыз.
Мен сізді «Апа» деп шақырамын, бұл атау қазақ тілінде қарт ананы, әжені, нағашы апаны, қылаяғы енені немесе көршінің қарт әжесін білдіреді. Ал мен бұл атауды қарт ана деп қана білемін. Солай, мен ес білген кезде сіз елуден асқан едіңіз, соған сіз менің қарт анамсыз. Мен қарашадайымнан өте сезімтал едім, сол кездегі мардымсыз істер өміріммен біте қайнасып, бір-бірлеп көз алдымнан кетпейді, әсте ұмытатын емеспін.
Мен сізді қормалым деп білуші едім, сіздің қолыңыздан келмейтіні жоқ еді, ештеңеден қорықпаушы едіңіз. Дегенмен, сіздің неден қорқатыныңызды бір күні білгендей болдым. Алты жас кезімде жаздың шіліңгір ыстығынан қашу үшін таудағы туыстың үйіне бардық, кеште үлкендер бірге отырып әңгіме-дүкен құрдыңыздар, есіктің алдында туыстың балаларымен біраз ойнадым, зеріктік, одан олар мені ертіп, алыстау жердегі көршінің үйіне барып суретті кітап оқыдық. Кітаптың ішіне кіріп кеттім, қанша уақыт өткенін білмеймін, кенет ауылдың іші у-шу болды да кетті, сыртта бір оқиға болғандай. Жүгіріп далаға шықсақ, бір әйелдің ойбайлап жылап, кешкі аспанды жаңғыртқан дауысы мен кісілердің өзенге қарай жүгірген ретсіз аяқ алысы естіледі. Тып-тыныш кеште бұл әйелдің дауысы құдайға жетеді, мен бірдеңені сезгендей болып, еріксіз сол жаққа тұра жүгірдім.
Ойлағанымдай дәл сіз екенсіз, сіздің шашыңыз дудырап, өзенге қайта-қайта ұмтыласыз, сізді қасыңыздағылар қайта-қайта ұстап алады, аузыңыздан: «Оны әкелмесем болғандай екен, әкелмесем...» деген сөздер шығып жатыр. Біреулер: «Бала әлі табылмады, сабырлы болыңыз, өлімнің сөзін айтпаңызшы...» деп жатыр. Сіз одан ары ерегесіп: «Мұнша уақыт өтті, оны судан алып шықсаңдар да, тынысы қалмаған шығар, қайран балам-ау, тұншығып өлмесең де, шошып өлген шығарсың, енді маған бұл тірліктің несі керек...» дейсің дейді екілене. Біреу сізге зекіп жатыр: «Тәйт, қайдағыны айтпаңызшы!»
Сіздің түңілген, қорқынышты бейнеңізден шошып, жолай алмадым, жағдайдың мүшкіл екенін сезінген туыстың баласы менің білегімнен тартты да, қаптаған елдің арасын бұзып-жарып отырып, мені ортаға алып кірді, жұрт аң-таң болып, дереу қол-аяққа тоқтамай сізді уатуға кірісті. Сіздің мені осыншама сүйетініңізді білмеуші едім, мен қабағат бақыттың құшағында қалып, не істерімді білмей, сол орнымда сілейіп тұрып қалдым. Сіз тынышталып, өз көзіңізге сенбей, маған тұп-тура бір минуттай тесіле қарадыңыз. Бір минуттан соң атылып келдіңіз де, маған келістіріп екі шапалақ ұрдыңыз. Шапалақтың қаттылығынан мен тәнтіректеп барып, жерге отырып қалдым, сіз: «Қашшы, бәлем енді!» деп айтсаңыз да, көзіңізден жас парлап тұрғанын көрдім. Көзімнен жас ақты, бірақ үн шығармадым. Туыстар қаптап келіп, мені көтеріп алды. Олар мені сіздің алақаныңызда мәпеленіп, елден бір ауыз ауыр сөз естіп көрмегенімді біледі, елдің алдында тиген әлгі шапалақтан шошып қалды деп ойлайды, мен үндемеген сайын, олар мені уатумен әлек болады. Мен адамдардың арасынан сізге қарап тұрдым, көз жасым ағып тұрды, өйткені, сіздің шексіз мейіріңіз мені ақыл-естен адастырды. Туыстар өздерінің әңгімені ұзақ соққанын, неше сағат бойы көзге көрінбегенімді кенет байқағаныңызды айтты. Сонымен, көпшілік мені іздегелі шыққан, көпшіліктік дауысы құдайға жетсе де, менен жауап қайтпағаны, мені сол маңдағы жыра-жықпылдардан таппағаны, еш сыбыс естімегенін айтты.
Сол шақта сіздің есіңізге жақын маңдағы өзен түсіпті. Ол Үрімжі өзенінің басы, әр жылы жазда сол өзен бірді-екілі жанды ағызып кетеді екен. Сіз еш нәрсеге қарамастан өзенге ұмтылғансыз, туыстар бір жағынан сізге басу айтып, қол шаммен өзеннен мені іздеген. Сонымен, бағанағы жан түршігерлік жағдай туылған.
Өзімнің кімнен туғаным туралы күмәнданып жүруші едім, елдің аузындағы ұсақ-түйек сөздерден сізден тумағанымды білдім, сіздің сәбидің бесігі болған жылы жатырыңыздан шығып, омырау сүтіңізді еміп ержетпегем, сондықтан да мені сүймейсіз, күндердің бірінде мені оп-оңай тастап кетесіз деп алаңдаушы едім. Сол кездегі көрген түстерімде сізден адасып, жылап сізді іздеумен болдым, сонымен жылап-еңіреп оянып, сипалақтап қасыңа келгенде барып, қайтадан ұйықтайтынмын. Сөйтсе де, сол күннен тартып әлгіндей жаман түс көрмейтін болдым, тіпті, сіздің маған деген махаббатыңызға арқаланып, шаңырағымыздағы ешкімді өзіме тең көрмейтін ханшаңызға айналдым да қалдым. Отбасы тәрбиесі қатаң осы үлкен шаңырақтың ішіндегі бірден-бір өз білгенімше өмір сүретін қыз – мен болдым. Үлкендермен сөз таластырып қалсам айыпталмайтын болдым, қалаған нәрсемді сатып алатын болдым, аузыма не түссе соны айтатын болдым. Мен әрқандай туыстың баласымен талассам, соңғы жеңіс қашанда менікі болды. Мен аспандағы жұлдызды алам десем, сіздің амалдап алып беретініңізге көзім жетті. Ешкім маған оны-мұны бұйыра алмайды, өйткені көпшілік, мен не істесем де, әр кез мен үшін атылып шығатын анасының бар екенін біледі. Естісем, үлкендер мені деп сізбен кеңесіпті, мені өте еркелетіп жібермеуіңізді сұрапты, алайда, сіздің айтқан сөздеріңіз олардың көздеріне жас алғызыпты. Сіз: «Мен бір қыз тапсам деп армандаушы едім, оны орындай алмадым, алайда, ол Алланың маған берген бірден-бір қызы, оны аяламауға амалым жоқ. Егер мен қателессем, қалған өмірімнен кешіп, Алланың жазасына тартылайын», ــ депсіз.
Шаңырағымыздағы қарттардың шүңкілінен осы сөздерді естідім, өз пәтеріме келіп, қараңғыда ұзаққа дейін жыладым, сіздің өміріңіздің ұзақ болуы үшін, мінсіз қазақ қызы боламын, осынша мені сүйетін адамның менен ерте айырылып кетуін қаламаймын, қалай болса да, сіздің ұзақ жасауыңызды қалаймын. Сондықтан, мен өзімнің табиғатымды басып, орынды жәбірге төзіп, өзім қалайтын нәрселердің бәрінен кешуіме болады. Тек сіз менен айырылмасаңыз, тек сіз қасымда болсаңыз, бұлардан айырылу неге тұрады? Сол кездері, сіздің ауырып қалуыңыздан қатты қорықтым, кейде кештері кенет оянып кетемін, сіздің тынысыңыз естілмесе саусағыммен тынысыңыздың бар-жоқтығын байқаушы едім, тіпті, сіздің көз алдымнан ұзағырақ жоқ болып кетуіңізге де төзбейтінмін. Мен үшінші сыныпта оқып жүргенде, сіздің өтіңізге тас байланып, шипаханада ота жасайтын болдыңыз, сол он күнде мен күні-түні алаңдадым, сіздің пәлендей жаман ауруға шалдығуыңыздан алаңдадым, басқалардың менен әдейі нендей бір сырды жасырып жүргенінен алаңдадым. Ал сіз шипаханадан үйге оралып, ауыр ойға батып, есіл-дертіңіз де бірқалыпты жағдайда емес еді, мені көргеніңізде, шап беріп құшақтап, ағыл-тегіл жылаған едіңіз! Сіз қапсыра қысқандықтан, өзегімнен бір ауыз сөз де шықпады.
Сіз мені қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, алақаныңызда аялап өсірдіңіз, ай-күні толмай туылғандықтан болсам керек, өзіммен жасты балалардан әлсіз болдым, мендей баланы бағып-қағып үлкейту оңай шаруа емес қой. Жай тұмаудың өзі мені есімнен тандырады, оянғанда ең алдымен сіздің жылап қызарған көзіңізді көремін. Жай бадамша без отасын басқалар бір сағатта істеп тауысса, маған бес сағат істелген, ал сіз ота үйінің сыртында, екі мәрте есіңізден танғансыз. Оныншы сыныпта, жүйкенің дегбірсіздігінен бір жыл оқудан қалдым, сол жылы сіздің барлық шашыңыз ағарып кетті. Сол кездері толықтанып қалған мен, сіздің күндіз-түні мен үшін алаңдамауыңызды тіледім. Мен – сіздің көзіңіздің тірісінде салмағымды 42.5 килограмнан асыра алмадым. Бәлкім менің денсаулығым, менің әр пәннен толық балл алуымнан да маңызды шығар. Сіз аңсаған биіктен көріну үшін мен барымды салдым. Мен елдің аузынан тастамай мақтайтын жақсы қызына айналдым, оқу нәтижесі үздік, келісті келбеті мен тәрбиесі бар, жарасымды сөз-әрекеті бар... дегендей. Сіз аңсаған салмаққа жетпесем де, басқасын толық орындадым. Мен бұларды азап деп білмедім, өйткені сіздің махаббатыңыз мені жылытты, маған бал сыйлады.
Шығарма түпнұсқасы
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: 163.com