Айдана Смағұл. Отаным, саған айтамын!

Ел ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Айдана Смағұлдың шығармасын ұсынамыз.

Айдана Смағұл, 1994 жылы  Қарағанды облысында өмірге келеген. Қазіргі уақытта Венгрия, Будапешт қаласында магистратурада оқиды.

***

Отаным, саған 3700 шақырым қашықтықтан тіл қатамын! Елден жырақта, шет елде, өзге жерде жүргенде, “Отан” жайлы жиі ойланып, терең толғанатыным рас. Бәлкім, елге деген сағыныш себеп болар (...) Отансыз адам - ормансыз бұл бұл. Қапысыз айтылған сөздер. Әлемнің қай түпкірінде жүрсеңіз де, сіз белгілі бір елге тиесілісіз, белгілі бір елдің азаматысыз. Мүмкін, өзге елдің азаматтығын ала жатарсыз дей тұрсақ та, отан жалғыз, екінші қайтара бұйырмайды. Отанды ешкім таңдамайды, отан адамға бұйырған сый. Неге десеңіз, туған жері мен туған отаны жоқ ұлттар бар. Сондықтан, бағасын біліп, бағалай білгеніміз абзал. 

Отаным, мен сенің білімді деп танып, шекара асырып, оқуға үкілеген үмітпен аттандырған балаңмын! Мажарстан елінде оқу оқып, білім алып жатқаныма екі жылдың жүзі болды. Сол екі жылда “Қай елденсіз?” деген сұраққа ұялмай, тапжылмай, бірден жауап қатамын, және үлкен мақтанышпен “Қазақстан” деп. Өзінің шыққан тегі, ұлтынан, мемлекетін атауға қымсынатын шет ел азаматтарын жиі болмаса да, кездестірдім. Сондықтан, осы тұрғыдан алғанда, өзімді бақытты санай аламын. 

Себебі еліміз тыныштық пен бейбітшілікте өмір сүріп жатыр. Тәуелсіздік алғалы отыз жылдың жүзі болып қалды, сол аз да, көп те емес уақыттың ішінде еліміз өзін әлемге тек жақсы жағынан таныстыруда: шет елде Қазақстанды сыртқы және ішкі саясаты ұйыған мемлекет ретінде таниды. 

Отанды таныстырушы тағы бір фактор: ол – жастар. Яғни, Біз! Біз қандай болсақ, отанымызды өзгелер солайша елестетпек. Ал, қазақ жастары білімді, заманға сай, ерікті, өз ойын айқын әрі нақты жеткізе алады, жан-жақты, ең бастысы, ұлтжанды. Осындай жастарды көрген шет елдің азаматы ел туралы дәл сондай ой түймек: “Ендеше, Қазақстан да ерікті, тәуелсіз, жаңа, жас, заманауи әрі дәстүрі мен салтына берік”. 

Отаным, саған тағы бір айтарым, сен тек Қазақстан Республикасының ресми шекарасымен анықталған аймақта ғана емессің, сен мына "Қазақ" деп соққан жүректердесің! Оған дәлел, жыл сайын шет елде оқып жатқан, қызмет жасап жатқан, тұрып жатқан қазақтар мен қазақстандықтардың бас қосып, Тәуелсіздік пен Наурыз мерекелерін атап өтуі. Бұл отандастарымыздың еліне деген құрметі, отанына деген сүйіспеншілігі деп білгейсің. Барлық қазақ ұлт пен елді сақтау маңызын жетік түсінеді. Қанша жерден жаһандану, батыстық идеологияға қызығушылық дей тұрсақта, келген жерін, елін, түп тамырын ұмытпайды, мақтан тұтады. 

Осы қыста, Тәуелсіздік мерекесіне орай, Мажарстандағы Қазақстан елшілігі үлкен мейрам ұйымдастырды. Ұлттық киім киіп, ұлттық ән мен биге сусындап, ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, отандастырымызды көріп, бір марқайып қалдық. Онсызда сергек патриоттық сезіміміз одан бетер оянып, бір топ қазақ студенттері болып, Будапештің қақ ортасында, көк туды желбіретіп, Дәулеткерейдің “Көроғлысын” Еуропалық жұртқа паш еттік. Сонда шулы әрі қарбалас көшенің өткен-кеткен жұрты кілт тоқтай қалып, домбыраның қоңыр үніне үңіле кетті. Кейбіреуі туды таңып “Kazakhstan” десіп жатса, енді бірі тіпті домбыраны танып жатты. Сол кезде жүрегімді мақтаныш кернеді. Көзіме қуаныштың жасы үйірілді. Отаным, сені әлемнің қай түпкірінде болмасын, таниды, таңданады, құрметтейді дегім келеді. 

Отаным, сені тек ұлттық мейрамдарда еске алып, мадақтаймыз деуден аулақпын. Қарапайым күндерде де, сені танытпақ, сенімен таныстырмақ мақсатында іс-шара ұйымдастыруға тырысамыз. Солардың бірі Қазақстанның тарихын, тілі мен дәстүрін, әсем жерлерін таныстыруға бағышталды. Фэйсбук әлеуметтік желісінде жарияланған жарнаманы оқып келген қызығушылар көп еді. Тіпті, орын жетпей, табалдырыққа отыра кетіп, тыңдағандар да аз болмады. Көбісі еліміздің табиғатына, оның сұлулығына қайран қалады; отанымыздың тарихы да оларды бей-жай қалдырмай, сол тарихи оқиғалар орын алған жерлерді көруге ынталандырады; Қазақстанда жүз отыздан астам ұлт өкілдері тату тәтті өмір сүріп жатыр дегенді естігенде, таңырқауларында шек болмайды. Расымен, таңдануға тұрарлық деп білемін. Себебі, түрлі елдерден босқындарды қабылдап отырған Еуропалықтардың өзі бұл жайтқа немқұрайлы қарай алмайды: өзгені өзіндей көріп, шетке ысырмай, алаламай, ел арасына сіңдіріп жіберудің қаншалықты қиын екенін өз тәжірбиелерінен жақсы біледі олар. Сондықтан да, біздің бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқанымызды ерекше бағалайды, ізет тұтады. 

Отаным, айтпағым, сен расымен ерекшесің, дарасың, ерексің. Бұны тек өзім қазақ болып, қазақ жерінде туылған соң айтып тұрғаным жоқ. Әлемнің жиырмадан астам елінде болдым және Қазақстандай жер көрмедім деп сеніммен айта аламын. Өйткені, отаным, сенің өзгеден ерекшеленіп тұратын жақтарын өте көп. Жеріміздің дархандығы, терең тарихымыз, табиғатымыздың сұлулығы, халықтың кең пейілі мен жомарттығы. Осы себепті, Қазақстанға саяхаттағысы келетіндер мен жақынырақ танысқысы келетіндер өте көп; ал елімізде бұрын болған азаматтар қайтадан тағы бір мәрте оралуды армандайды және тек жағымды пікірлер мен естеліктерді жадтарында берік сақтаған. Көбісінің еске алатыны: қазақ халқының қарапайымдылығы, көмектен аянбайтындығы және қолында барымен бөлісуге даярлығы. Осындай жылы лебіздерді естігенде, көңілім бір көтеріліп, төбем көкке жетуге шақ қалатынын білгейсің, Отаным! 

Шет елде жүргеннен соң, көп адамдардың сұрайтыны: “Оқу аяқталған соң не істемек ойын бар?” Себебі, Еуропаға оқуға келген студенттердің барлығы дерлік осында жұмыс жасап, қалуға тырысады. Ал менің жауабым болса, қысқа әрі нақты: “Елге қайтамын”. Бұл жауапты олар үлкен қызығушылықпен әрі құрметпен қабыл алып: “Сендер бақыттысыңдар, елдерін тыныш, соғыс жоқ. Әрине қайтқыларын келеді! Мен де қайтар едім! Отбасыммен бірге бір елде, туған жерге қызмет етіп, өмір сүргенге не жетсің!” деп қостайды. Сондай кездері “Рас ау, біз не деген бақытты едік! Азат елдің азаматымыз! Бейбітшілікті сүйген Отанның ұрпағымыз!” деп пайымдаймын, Отаным!

Сөз соңында айтарым, Отаным, мен сені мақтан тұтамын, Қазақстандық болғаныма мақтанамын. Отаным, саған қызмет қылуға, абыройынды асқақтатуға, керегіне жарап, қажетіне еңбек етуге барымды саламын тырысып бағамын. Отаным, мен сені сүйемін! Ей, Отаным, естимісің сен мені?! Мен сені сүйемін! Отаным, саған 3700 шақырым қашықтықтан тіл қаттым. Сен менің жүрек жарды лебіздерімді естідің, ал мен естірте білдім деп сенемін!