Аяулым Жанайдарқызы. "Авторын іздеген екі кейіпкер"

Аяулым Жанайдарқызы. "Авторын іздеген екі кейіпкер"
Фото: instagram.com

Аяулым Жанайдарқызы – 1997 жылы 7 маусымда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Шақпақата ауылында дүниеге келген. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің 4-курс студенті.

Оның өз әлемі және авторын іздеген екі кейіпкері ғана бар. Өзімен-өзі тыныш қана тынып ағып жатқан өзен дерсің. Авторын іздеген екі кейіпкер Сэм мен Эллидің өзара диалогы жан түкпірінде жатқан жалғыздығыңды қозғап жіберердей... Оның әлемі өзіне ғана тән бұйығы һәм жұмбақ қалпын жоғалтпаған жанның сыбырындай... Ол ешкімге ұқсамайды. Аяулымның жазбаларын көркем проза деп емес, көңіл күнделігі яки ой-толғаулар деп те қарамай, жай ғана "жанның" үні деп қана қабылдасақ болатындай. Сіз де үңіліп көріңіз, қадірлі оқырман! 

***

"Сенің жаның? О, Сенің Жаның! Сен оны әлдилейсің, құшақтап алып, айрылмастай күн кешесің. Мұңыңның маңдайын сүйіп, қайғыңды сонша өбектейсің. "Менің жаным" дейсің! О, Сенің Жаның! Жылай-жылай құрғап кеткен жанарың, кезерген ернің, жалыны сөнген жүрегің, қайратсыз мінезің, бөлшектенген болмысың. Сен әлі де маған "Менің Жаным ше?" деп жаутаңдайсың ба? Қайғының қара көйлегін киіп, ішің де қарайып, сыртың да сұрланып жүрсің ғой. Түнді жек көріп, күнді сүйсең де жаныңа еш жұбаныш таппай қойдың емес пе? Тағы да "сенің жаның"! Бәрінде бар жан, бәрінде бар қайғы... Шаршамайды екенсің өзі." Эллидің көңілсіздігінен жалығып, теріс айналып, бір қадам жасап үлгергені сол еді:
- Иә, Менің Жаным! Жүрегіме жерленген сезімдер, санама көмілген ойлар, кеудемде өлген жанымның сөздері. Тіршілік атаулының бәрі де - менің жаным. Бақыт пен қайғының күллісі - менің жаным. Сезім мен мінездің барлығы - менің жаным. Әдебиет пен музыка, театр мен кино, балет пен опера, сурет пен сәулет - менің жаным. Дін мен діл, ғылым мен ілім - менің жаным. Дос пен дұшпан - менің жаным. Жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдық - менің жаным. Өлім мен өмір - менің жаным. Жер мен Көк, күн мен түн - менің жаным. Барлық жерде менің жаным. Сэм". Ентігіп кеткен Эллидің бұл жолы көзінде жас емес, әлемді өртеп жіберердей жалын бар еді. «Мына ғаламның жасаған әр тынысы, әр демі менің жанымнан өтеді. Соның барлығын сезіну қандай ауыр екенін білсең ғой...» - деп сыбырлады да, артына бұрылмай жүре берді, жүре берді...

***

– Бір жанның ішінде екі адам өмір сүреді. Біреуі - кішкентай адам. Екіншісі - үлкен адам, - деді Сэм темекісін тұтатып жатып. - Әлгі пендешілікпен айтып жүретін жақсы мен жаман, ізгілік пен зұлымдық деген қасиет сымақтары бұл ұғымның мағынасын аша алмайды. Элли, ішіңе тозақтың өртіндей қайғы түскенде сөндіруге рухыңның әлі жетсе, үлкен адам жеңгені. Земфираның "Время сжигать мосты" әні есіңде ме? Кішкентай адам деген сол. 

– Ал менің ішімде қазір кім өмір сүріп жатыр, Сэм?
– Мен білмеймін, Элли. Сенің ішіңде ешкім жоқ сияқты...

***

19 жас екі ғасырдың арасындағы көпір іспетті. Қазір жолайрықта тұрмын. Адамдар бәрін қиындатып алғанды жақсы көреді ғой, бірақ ешкім менің мұңыма тіл тигізбесін, өкпе-назым, ренішім себепсіз емес. Алайда өмірдің оған түкіргені бар екен. Ал мен жалғандыққа қолымды сілтедім! 
"Вечное сияние чистого разума" есіңде ме? Сен туралы алғаш естігенде, мен сол Иммануил Канттың пәлсапасына құдайымдай сеніп қалған едім. Сол фильмде Джоэль теріс қарап тұрған қызға ғашық болатыны секілді, сені көрмесем де ұнаттым. Бұл Ньютонның тартылыс заңынан да күшті еді. 
Жан жасымды өзім сүртіп, жығылған жерімнен өзім тұрып, айна алдында мың ақыл айтып, көшеде еңсе тіктеп жүруге үйреніп қалғаным сондай бір күні "құтқарушы қаһарман" келсе де, селт етпейтін шығармын. Сэм, менің жүрегім шынында да мұзға айналып бара жатырған секілді. (Тасқа айналмағаны қандай жақсы).Мұзға айналған жүректі тек жылылық пен нәзіктік қана еріте алады, ал қазіргі суық қоғамда ол мүмкін емес пе деп қорқамын. Онсыз да уақыт тапшы заманда жүрекке жан бітіруге ешкімде уақыт табылмайды ма деп қорқамын. Кіршіксіз адамды күтпеймін. Тек мына әлемнің ластығын жұқтырса да адамдық биігінен түспеген, рухы сөнбеген, менен де мықты адамға кіріптармын. Мен бәрін кешіре аламын. Өйткені бәрін түсінуге болады. 
Барлығы жас екенімді, өмірден ештеңе көрмегенімді, мұңды қолдан жасап алғанымды алға тартады, күлуімді міндеттейді. Сэм, мені олар кешіріп қойсын. Жалғандық алқымымнан алса да бетперде кие алмайды екенмін. Сценарий бойынша рөлдерін сомдай берсін. Мен-ақ көрермен бола салайын. 
Алдында екеуміз іздеген музаны көрдім. Қанаттарын қырқып тастапты. Ол да мендей жерге түсіпті. Енді біз біргеміз. Менің де жаным жаралы, ол да қансырап жүр. Жалпы, көзім жеткені, пролог дегенім эпилог болып шығатыны секілді деважю мен жамевю менің өмірімде қарқынды жұмыс жасайды екен. Сондықтан "Бұл басы ғана" немесе "...соңы" деуден аулақпын. 
Келер ғасырда көріскенше!

***

Өмір сүре бересің. Бақыт, өмір, бақ дегенің найзағайдай жарқ ете қалған бір сәуле екен деп ойлайсың. Алайда сен қарапайым жұтқан демің өмір екенін, апталап жауған жаңбырдан кейін шыққан күнге күліп қарағаның махаббат екенін, жүре алатын аяғыңның бары бақыт екенін өлгенше білмей кетесің. Өкінішті, иә? Күнделікті ұйқың да, тамағың да, оқуың да, жұмысың да, жылдар бойы миллиардтар ойнаған спектакльді сен де ойнап, он, мүмкін, жиырма жыл бойы ритмнен шықпауыңның да тек бір ғана мақсаты бар екенін білмей өтіп кетесің. Бұл да өзекті өртейтін сияқты ма? Әлдебір жастық шақта жүрекке құйылған ғашықтықтың ыстық қанына мас болып, өзіңді ұмытсаң, бұл да бір бақыт шығар. Бірақ ғұмырлық жұбаныш болмасы хақ қой. Сені осы сәтпен өмір сүретінің үшін жақсы көрем. "Падениеге" құлаған бір тамшы жасыңды жақсы көрем. Қалағаныңды жаса. Тек жүрегіңді өткен күндермен алдама.

***

– Жақындар хабарсыз кетті. Достар сыр айтпайтын болыпты. Таныстар тәкаппар. Көзім жиі ауратынды шығарды. Линзаларды ауыстыру керек еді... Құлазып жүрген сыңайлымын. Шешейлер алыста. Сағыныш асқынды. Қанша алданыш тапсам да, түннің мысы басады. Ешкіммен сөйлескім келмейді, мен білмейтін қызық дүние айтса тыңдай беретін едім. Адамдар пайдалы сұхбат құруға да жарамай қалыпты. Әуеннен жалықтым, бір жағы құлаққаптарым жоғалып кетті. "Наушникті" солай аударыпты, сәтсіз аударма секілді. Әзірге кітаптар шыдап жүр маған. Әлде мен оларды оқуға шыдам тауып жүрмін. Жарайды, ол маңызды емес қой. Сэм, кофе демдеп берші. Ол да бітіп қалды ма, әлде?
– Элли, сенің ұйықтамағаныңа екі күн болды.

***

– Біздер кеше бала едік, иә? 
– Ересек болып жарытқанымыз шамалы. Қазір тіпті қиын. Не бала емеспіз, не үлкен емеспіз. Ойынның жаңа бөліміне өте алмай жүргеніміз болмаса... Бір ойынды айналшықтап жүргенімізге бес жылдай уақыт болды ғой. 
– Ойнай-ойнай жалыққан шығармыз. Сол үшін де күндеріміз сұрғылт.
– Ой, ол үшін ішіңдегі дұшпанды я жеңу керексің, я онымен достасуың шарт. Мен сайтанға жанымды сата алмаймын, бірақ күресуге де шамам келер емес.
– Біз, бәлкім, өзімізден көп нәрсе талап ететін шығармыз. Кішкентай қадамдар жасасақ та, алға жүре берейік.
– Сенің барың қандай жақсы! Жалғыз өзім жынданып кетер едім...
– Бұл да себепсіз емес...

***

Тағдырымның кезекті қонағы болсаң да, барлығынан ерекшесің. Өзгелер сынды ақыл айтпадың, қолдау көрсетпедің, жұбатпадың. Сен тек дұрыс сұрақ қоя білдің. Бар жауаптың менің жүрегімде жатқанын дәлелдедің. Өзіме сенуді үйреттің. Өкініштісі, мен өзімді тапқанда, сен кетіп қалдың. Қанша жақын болғың келгенмен, әр гравитацияның өз шегі бар деген едің, ол шекті жойып жіберудің жолын тапқандаймын. Енді мен жан сандығын ашатын дұрыс сұрақтар қойып үйренгім келеді. Сен секілді...

Ж. Жұмағұлов