- Негізгі бет
- Проза
- Аяқталмаған туынды: Саттар...
Аяқталмаған туынды: Саттар Ерубаев – "Менің құрдастарым"
Тау суындай арқырап келген, құйрықты жұлдыздай ағып түскен қазақтың хас таланттарының бірі Саттар Ерубаев еді. Небәрі 23 жылдық ғұмырында артында өлместей шығармалар қалдыра алды. Солардың бірі һәм бірегейі “Менің құрдастарым” деп аталатын аяқталмай қалған романы. “Менің құрдастарым” романында (1939 жылы жарияланған, 1957 жылы орыс тіліне аударылған) Қазақстанның көмір орталығы Қарағандыны кұрушы жастардың тұрмысы мен еңбегін суреттейді.
Бұдан бөлек, дарынды жазушы Қарағанды жұмысшы табының қалыптасуы жайындағы “Үш шахтер туралы баллада”, “Меруерт алқа”, “Бақыт”, “Өмір көркемдігі” атты новеллалардың авторы. Қазақстан өлкелік партия комитетінің "Қарағанды полетариаты" газетінің жауапты редакторының орынбасары болып істейді. Қаламы ұшқыр, пікірі таза, дарынды қаламгер Саттар Ерубаев сол кезде Қазақстан Жазушылар одағының бірінші сьезіне қатысып, одақ мүшелігіне алғаш қабылданғандардың бірі болды.
1934-35 жылдары Алматыдағы жоғарғы ауылшаруашылық мектебінің философия кафедрасында ассисент болып, лексия оқып, семинар жұмысына басшылық етті. Кейін Қарағандыға келгеннен кейін, Саттар “Қарағанда пролетариаты” газетінің жауапты редакторының орынбасары болып істеді.
Саттардың Қарағандыда қызмет істеген кезі болашақ “Менің құрдастарым” романының материалын жинақтауға, талай жаңа өмір құрылыстарын көріп, ақындық елегінен өткізуге, шахталардың техникасымен танысуға, қажымай талмай жұмыс істеуге мүмкіндік берген кезең еді. Міне, сондықтан да оның аяқталмаған романы нақтылы өмірден, өзі араласып жүрген оның қуаныш-сүйенішіне ортақ болған өмірден алынып жазылған шынайы “өмір көркемдігінің” шығармасы болды. Әлжаппар Әбішов пен Ғалымжан Мұқатаевтың айтуына қарағанда, Саттар өзінің “Менің құрдастарым” романының алғашқы бөлімдерін киносценарий етіп жазған көрінеді.
1936 жылдың қыркүйек айынан бастап КазПИ-дің қазақ әдебиеті кафедрасының доценті болып орналасып, әдебиет тарихы мен теориясынан лекциялар оқыды. 1937 жылдың басында ауруының күшейе түсуіне байланысты КазПИ дирекциясы 22 февральда оны Каменская плато курортына емделуге жіберді. Саттар өзінің хал үстінде жүргеніне қарамастан, “Менің құрдастарымды” жазумен болды. Бірақ мезгілсіз жеткен ажал романды аяқтатпай дарынды жазушыны алып кетті.
Әдебиет әлемінде жарық жұлдыздай жалт етіп ағып өткен қыршын жас, зор талант иесі Саттар Ерубаев өмірге сүйген жардай ғашық болғандардың бірі еді. Талантты жас қазақ әдебиетінде дарын даралығымен, өзіндік стиль ерекшелігімен көріне білді. Оның шығармашылығынан өзіндік беті бар, эстетикалық талғамы күшті, мәдениетті жазушының тұлғасы айқын Саттар Ерубаевтың шоқтығы биік шығармаларының сиқыр күші биіктемесе, аласарған емес.
Т. Раушанұлы