Аяжан Досболсынқызы. Отаным, саған айтамын

Аяжан Досболсынқызы. Отаным, саған айтамын
Фото: Аяжан Досболсынқызы

Ел ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Аяжан Досболсынқызының шығармасын ұсынамыз.

Аяжан Досболсынқызы Ғаппар – 2002 жылы Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы, Әжібай ауыланда дүниеге келген. Бірік орта жалы білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы. Республикалық балалар мен жасөсірімдерге арналған “Ұлан” газетінің жас тілшісі.

***

Өте кішкентай кезімде, айналамды жөнді танымайтын шағымда алғаш боп "Отан" деген сөзді үйрендім. Сол кездің өзінде Бүркіт Ысқақов айтқандай Отанды ата-анам, бауырым, достарым деп танитынмын. Қыран құсы самғаған көк туға, қос пырағы қорғаған елтаңбаға қарап тұрып, "Менің Отаным – Қазақстан" дейтінім әлі есімде. Қолымды жүрегіме қойып, тілім қанша күрмелсе де, Отанымның әнұранын шырқайтынмын. Мұның бәрі менің Отанды танудағы алғашқы қадамдарым еді.

Мектеп табалдырығын аттап, қолыма алғаш қалам ұстаған сәтімде, Отан деген қасиетті сөздің қалай жазылатынын үйрендім. Әр сабақ сайын Отан жайлы көбірек біле бастадым. “Үш бақытымды” айта тұрып, Отанның Халық, Тіл дейтін ұғымдарды біріктіретінін ұқтым. Қасиетті Қазақстанымыздың құс қанаты талардай кең екенін, оның қарапайым халқының қандай қонақжай екенін біле түстім.

Уақыт өткен сайын Отанның сан ғасырлық тарихына қанық боп, халқымыздың қаншама сүрлеуді бастан кешкенін ұғына бастайды екенсің. Оның орақ тілді ақындары жырлап, сал-серісі толғап кеткен тұп-тұнық тіліне қалайша бас имейсің? Басқа жерде жоқ, тек менің Отанымда ғана бар салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа қалайша сүйсінбейсің?

Мен Әжібай деп аталатын кішкентай ауылдың кішкентай ғана қызымын. Сол баяғы айналамды жөнді танымайтын шағым ғой, Отанымды ауылымдай көретінмін. Кейін, мектеке алғаш барғанда білдім, Отан деген менің ауылымдай емес, одан жүз есе, тіпті мың есе үлкен екен. Отан жерінің кеңдігі һәм кереметі сонша, ол өзінің бойына небір пайдалы қазбаны, қарасаң көз тартар табиғат тосынсыйларын сыйғыза алды. Елімнің баса аймақтарына барған сайын Отанымның қандай үлкен екенін, қандай әдемі екенін біле бастаймын. Ал Қазақстанымның қою бұлт торламаған, бейбіт аспанын көргенде Жаратқанға шексіз шүкір деймін.

Мен үшін Отанымның әр қиыршық тасы да қымбат. Елімнің биік тауларын, кең байтақ даласын, өзен-көлін, бәрін дерлік өз отбасымдай көремін. Отбасымның әр мүшесін қалай жақсы көрсем, Отанның әр кереметін де жақсы көріп, бас иемін. Елімнің өр тұлғалы асқар таулары менің әкем секілді. Қай жағынан алыП қарасам да салмақты, сабырлы, арқа сүйер берік болмысты. Ал таудың қатпарлы беттері әкемнің еңбек көрген алақанындай қайратты.

Құс қанаты талған, ұлан-ғайыр дала – менің анам. Даланың дархан болмысы анамның кең құшағындай махаббатқа толы. Қанша жүгірсем де, еркелесем де өз еркім.

Елімнің тау-тасын, сай-саласын еркін кезген самал жел менің інімдей. Өзінше еркін, өзінше азат.

Сарқыраған өзен, мөп-мөлдір бұлақ – бұлар менің кішкентай ғана бауырларым. Жан дүниелері еш лайланбаған, кіршіксіз тап-таза.

Ал Отанымның тарихы тізесіне басымды қойып, қызыға тыңдайтын марқұм әжемнің әңгімелеріндей әр қилы.

Мен Отанымның әр ғажабын отбасыма осылай теңедім. Ата-анам, жақындарымдай барын берген Отанымды қалай жақсы көрмейін, қалай қызымет етпейін?!

Иә, мен енді ғана мектеп бітіретін, бұғанасы әлі қатаймаған жаспын. Кішкентайымнан санама тоқыдым десем де, басқа туралы да, Отан туралы да білетінім әлі аз. Бірақ бір нәрсені жақсы білемін. Ол – Отанға қызымет ету. Кеудемдегі жастық жалын мені жарқын болашаққа қарай жетелейді. Ал болашағым Отаныммен, Қазақстаныммен тікелей байланысты. Бірер жылдан кейін үлкен өмірге қадам басамын. Мейлі қандай маман болсам да, қай салаға барсам да, бастысы –еліме қызымет етемін. Бойымдағы жастық жігерді Отаныма арнаймын. Абай атамыз айтқандай қазағымның, елімнің келешегі үшін мен де бір кірпіш боп қаланарыма нық сенімдімін!

Т. Раушанұлы