Жас жазушы Аягүл Мантаева шығармашылығы Мassaget.kz оқырмандарына жақсы таныс. Бұған дейін жазушының "Интуиция", "Мен", "Бөрте", "Жалғыздық биі", Депрессия, Жауһар атты әңгімелері көпшілік оқырманға жол тартқан болатын. Бүгін назарларыңызға Аягүл Мантаеваның "Меланхолия" атты әңгімесін ұсынғалы отырмыз. Қабыл алыңыздар!
Ішіп отырған шайыма тарақан түсіп кетті. Ызаланғаным сондай құрбым кінәлідей шайды бетіне шашып жібергім келді. «Салақсың! Бөлмені ешқашан жинамайсың» деп айқай салдым. Ол мұрнының астынан «Бұл жатақханада тарақан қаптағанына бір жылдан асты. Еденді күніне үш мезгіл жусаң да олардан құтыла алмайсың» деп міңгірледі. «Жүйкені тыныштандырады» деп жарнамасы жақсы жасалған «Цикорийдің» үш қасығын бокалға салып, іше бастап едім, денем тітіркеніп кетті. Тіліме жабысқан тарақанның баласы еді. «Бұлай кедейшілікте өмір сүргенше өліп қалғаным жақсы еді» деп бар даусыммен айқай салдым.
Ол: – Жұрттар шаян мен құрбақаны да жейді ғой. Оның қасында кішкентай тарақанды жұта салғаннан өліп қалмайсың, – деп келемеждеді.
Өзін өзі, шын мәнінде, сыйлай білетін, жақсы өмір үшін күресе білетін жігерлі адам үш күн тұрмайтын біздің қаладағы кішкентай бөлмеміз тым жұпыны. Терезені ашсақ, әр жерінен жыртылып, ажыраған қоңыр түс қағаздар желбірейді. «Кім болса да, мына түс қағазды талғамсыз адам таңдаған» деп күңкілдегенімізбен, онсыз да көңілсіз өмірімізді онан сайын көлегейлеп тастаған бөлмеге жөндеу жұмысын жүргізу ешқайсымыздың ойымызға кіріп шықпады. «Басқа жатақханаға көшем». Екеуміз де солай ойладық. Бірақ біз көшпей, сол ескі жатақханада тұрақтап қалдық.
Дастархан үстінде тарақандардың жүгіріп жүретініне де, олардың шайымызға, не тамағымызға түсіп кететініне де бойымыз үйренді. «Біздің достарымыз» қаңғалақтап жүріп, шайға түсіп кетсе, бұрқылдап жүріп, төгіп, кесені жуып, қайта шай ішіп, отыра береміз. Тамаққа түсіп кетсе, тіпті қиын. Бірде дастарханға қойған қара суға қайнатылған күрішті тарақан аралап кетті. Үйде басқа азық-түлік жоқ, айдың соңы болғандықтан, қалтамызда көк тиын да қалмаған. Тарақан аралап кеткен күрішті жеуге тура келді. Әзірге тарақанды жеуге ғана бой үйреткеніміз жоқ. Кейде тарақандардың төсегімде, бетімде жүгіріп жүретінін көтере алмай, жүйкем шектен тыс қозып, түннің бір уағында тұрып алып, оларды өршелене өлтіретінім бар.
Әсима: – Жауызсың. Олар да Алла жаратқан тіршілік иелері. Олардың да өмір сүруге құқы бар, – дейді.
– Тым ақылды екенсің. Онда оларға түсіндір, жеп отырған тамағым мен ішіп отырған шайыма түсіп, менің жүйкеммен ойнамасын.
– Сен де шизофренияның белгілері бар. Жүйке ауруларын емдейтін ауруханаға жатқың келмей ме? Ертең апарып тастайын, – деді ол мысқылдап. – Жатақханаға ай сайын ақша төлемейсің, үш мезгіл тегін тамақ, әрі онда тарақан да жоқ, керемет қой, тіпті, демалыс орны дерсің, ойланып көр, – деп күлді.
– Сенде де жүйке ауруларының белгілері бар. Екеуміз бірге емделейік, –дедім.
– Жоқ, менің жүйкем сап-сау, тек соңғы кезде қатты шаршадым, біраз демалсам, өзіме келем, – деді ол. – Ал саған «псіхбәлнісаға» жатам десең, көмектесем, – деп мазақтап, өз сөзіне өзі мәз болып күліп алды.
Мен оның күлкісінің астарында мұң жасырынып тұратынын білем. Сосын ол жөнсіз қалжыңдаса да, ренжімеуге тырысам. Ол әкесінің арақты ішіп-ішіп көз жұмғанын, қазір анасының да ішімдікке әуестігін менен жасырған емес. Әкем мен анам кезек-кезек телефон шалып жатса, «жұрттың әке-шешесі қыздарын іздейді, ал мен ешкімге керек емеспін» деп бұрқылдап сөйлеп қалатыны бар. Ал өзі шешесі телефон шалып жатса, жауап бермейді. «Ол мені мас кезінде ғана есіне алады» деп ұялы телефонын сөндіріп тастайды. Өзі шешесіне өте сирек телефон шалады. Бірақ екеуінің әңгімесі ылғи да ұрыспен басталып, ұрыспен аяқталады. Осындай сәттерде менің тәкаппар «Мендігім» «Мен оған қарағанда бақытты екенмін ғой, әке-шешемнің қадірін білмейді екенмін» деп бір қуанып, бір өкінеді.
Әкем мен шешемнің жиі болмаса да, кей кездері Алматыға қатынап жатқан автобустардан сүрленген қазы мен ет беріп жіберетіні бар. Сондай сәттерде де ол: «Жұрттың әке-шешесі баласының алдындағы жауапкершілікті сезінеді, ал біздікілердің бірі өліп, бірі өлуге жақындады. Мен аштан өлсем де, шешеме бәрібір» деп қынжылып, қыстығып, жылап алатыны бар. Осының бәрі менің жүрегіме салмақ салатын. Мен оның алдында өзімді біртүрлі кінәлі сезінетінмін.
– Сен анаңның қадірін мүлдем білмейсің. Жалғыз өзі тырбанып, базарда жазда басынан ыстық өтіп, қыста аяғынан сыз өтіп, сені оқытты. Ал сен шешеңнен безіп, Алматыда қаңғып жүрсің. Жалғыз өзі жабығып, жалғызсырап ішетін шығар, – деп мен оның шешесін ақтай бастаймын.
– Қайдағы жалғызсыраған? Үйге бір алқашты кіргізіп алып, қазір екеуі бірге ішеді. Жиған дүниесінің бәрін сатып бітірді. Әйел ішімдікке салынса, оның түзелуі қиын екен ғой. Ел-жұртқа күлкі болмай, әкем секілді, бәлкім, оның да өліп қалғаны жақсы ма? – деп ол мұңайып қалады.
Бала ешқашан әке-шешесін таңдай алмайды ғой. Сол себепті әке-шешесіне ренжіп, өзін бақытсыз сезінетін қаншама бала өз қиялдарында нағыз әке-шешенің образын жасап көреді.
– Сен әкеңе еркелегенде қатты қызғанып, жылағым келеді. Егер қыз бала әкесіне еркелей алса, демек, ол – өте жақсы әке, – дейді ол.
Әуелгіде әкемді министрмен салыстырғым келіп тұрады да, сосын: – Менің ауылдағы әкемнің білімі қаладағы кейбір профессорлардан кем емес, – деймін мақтанып. Құрбымның бақытсыздығынан қанаттанған мен дәл бүгін өз әкесін мақтаудан жарыс өтсе, сөзсіз бірінші орын алар едім.
Өзін-өзі бақытсыз сезінетін адам өзін бақытсыз сезінетін екінші бір адаммен әңгімелессе, сөзсіз одан бақытты болуға тырысады.
***
Бүгін Әсима төрт айдан соң анасына телефон шалды. Әдеттегідей әңгіме басы ұрыспен басталып, ұрыспен аяқталды. Телефонын жерге атып ұрған ол бүк түсіп, өксіп-өксіп жылады. Мен оны жұбата алмадым, тек шашынан үнсіз сипап отырдым. Ол жаратпады. Қолымды қағып тастады.
Әлден соң сол теріс қарап жатқан күйі: – Қырыққа жетсем, мен де араққа салынып, түбіме сол «шайтанның суы» жететін секілді, – деді.
– Мен сенің бір-ақ рет ішімдік ішкеніңді көріппін. Былтыр көктем мезгілінде қолыңа бір бөтелке құшақтап, далада жаңбыр құйып тұрғанда малмандай су болып, жылап келгенің бар... – дедім.
Ол: – Біз үшеміздің де бақытты болуға қақымыз бар еді. Кім кімді бақытсыз етті? Әкем шешемді ме, әлде шешем әкемді ме? Менің жазығым не еді, айтшы, жазығым не еді? Еш болмаса, мен де бауыр да жоқ қой, мұң шағып жылайтын, – деп солқылдап жылап жіберді.
– Тізеңе жатайын, шашымнан сипашы, – деді ол. – Шіркін, бір тамшы у болса ғой, бар болғаны бір-ақ тамшы у.
Мен оның бір жетіден бері жуылмаған, тер исі шығатын басын сипап отырдым.
– Сен бақыттысың, сенің бауырларың бар. Екеуі де магистр. Олар болашақ ғалым ғой. Сен оларға енді әрқашан арқа сүйей аласың, – деді. – Мен сені шынайы күле алатының үшін, мұңайсаң да өзіңді бақытты сезіне алатының үшін қызғанғам және қызғанам, кешірші, – деді ол.
«Бауырларым шетелде оқыды» деп мақтануды бұл жолы жөн санамадым.
– Аяш, бір тамшы у тауып берші. Көп емес, бір-ақ тамшы.
– Ұйықта, сен қатты шаршадың.
– Аяш, маған дүкенге барып, бір бөтелге арақ әкеліп, берші. Менің ішім өртеніп барады.
– Сағат қазір түнгі үш. Дүкендердің бәрі жабылып қалды.
– Аяш, келесі көшеде жиырма төрт сағат жұмыс істейтін дүкен бар еді ғой. Барып маған бір бөтелке арақ әкеліп берші. Мен өзім барайын десем, түк әлім жоқ, жылап-жылап, көзім де ісіп кетті, – деп ол маған соншалықты жалынышты көзқараспен қарады.
– Жалғыз өзім қорқамын. Мені маняктар өлтіріп кетсін дейсің бе?
– Аяш, шкафтың ең төменгі жағын қарашы. Киімге бояу тисе кетіретін «Уайт- спирт» бар. Өткенде екеуміз көшеде жаңадан сырланған орындыққа отырып, киімімізді былғап алғанда пайдаланып едік қой. Соны берші. Құрамында спирт бар. Ішпесем, ішім өртеніп барады.
Оның ойлы жанары, сүйкімді жүзі әп-сәтте мүсәпір адамның кейпіне өзгерген.
– Ажалыңнан бұрын өлмексің бе? Бензин саситын оны мүлдем ішуге болмайды.
– Бұлай өмір сүргенше, өліп қалғаным артық, – деді ол тістеніп.
Ол орнынан ауру адамдай әзер көтеріліп, шкафты ашып, іздеген затын тауып алды.
– Ішпе, өлесің, – деп затқа қолымды апара берген мені итеріп жіберді.
– Кешірші. Рұқсат етші, әйтпесе, ішім өртеніп барады. Сенің маған шынымен дос екеніңді білем. Дәл қазір сенің өлігіңді аттасам да мұны ішпей тұра алмаймын, – деді соншалықты аянышты көзбен қарап.
Ол киімнің бояуын кетіретін «Уайт-спиртті» тыжынырып отырып ақыры ішті де, әлден соң, ұйықтап кетті. Бұл таңғы жеті мезгілі еді. Менің де көзім ілініп кетіпті. Оның «Ойбай, өліп бара жатырмын, өлдім» деген ауырсынып, әлсіз жылаған даусынан ояндым. Дүкенге барып, сүт әкеліп бердім. Ол екі күндей қатты ауырып жүрді де, тәуір болды.
***
– Аяш, бір тамшы у тауып берші, бір-ақ тамшы.
Шырт ұйқыда жатқан мені осы сөзді айтып, ол жиі оятады...
Сурет: Аягүл Мантаева