Әкем уәдесінде тұрды. Тауда отырған қойшының үйіне мені де ала баратын болды. Қуанышымда шек жоқ. Күні бойы асық ойнап «азып» жүрген баламын ғой. Бар асығымды ұтқызып қойған соң, тіпті зерігіп кеттім. Ана «маңқа» Жанболаттар тіпті адам құрлы көрмей, маңдарына жолатуды қойды. Асығы жоқ баланың беделі жоқ екені, рас енді. Әкемнің қойшыда үлкен шаруасы бар. Ешкімнің қолына түспей жүрген су жаңа қара тонды қойшыға апарып, малға айырбастамақшы. Тонды қайдан алғанын білмеймін, әйтеуір ауылда әлі ешкімнің маңдайына бұйыра қоймағаны анық еді.
– Үлкен жылқы болмаса да тай мініп қайтасың, балам, – деп әкем тіпті қуантып қойды. – Қақаған қыста нағыз қойшы киетін тон ғой...
...Қойшы бізді жақсы қарсы алды. «Жиен бала келіпті» деп мені де қошеметтеудi ұмытқан жоқ. Қазан көтеріліп, ет асылды. Әкем қара тонды көрсеткен соң қойшы туысқан тіпті елпілдеп кетті. Мына түрімен астымызға арғымақ мінгізіп жіберуі де мүмкін ғой. Сол көңіл-күймен бір кезде менің алдыма бір дорбаны әкеліп тастай салды.
– Жиенжан, мына асықтарды ана бала үйленсе, немере болып қалса деген ниетпен жинап жүр едім... Ішің пысқан шығар? Ойнай отыр!
Мен өмірімде мұндай көп асық көрмеген екенмін. Не деген көп еді! Және де әртүрлі түске әдемілеп бояп тастаған. Кейбір сақаларға қорғасын құйып, дайындап қойыпты. Есім кетті. Ерінбей санап едім, жаңылып қала бердім. Үш жүзден көп болды ғой деймін.
Ет желінді. Әкем бата жасап, келген шаруасын айта бастаған тұста мен де дорбаны көтеріп сыртқа беттегенмін. Қойшы тоқтатты.
– Жиенжан, ана асықтарды қалдырып кет! Өткенде өздеріңдей туысқан бір тай берем деп сұрағанда бермеп едім...
«Маңқа» Жанболаттарды ертең қалай қызықтыратынымды ойлап үлгерген мен оңайлықпен қалдырамын ба! Босағада отырып бақырып тұрып жыладым. Қойшы қызарақтап әкеме қарады. Әкем үнсіз. Маған да ұрысқан жоқ. Сәлден соң маған кете бер дегендей белгі берді. Асық толы дорбаны құшақтап далаға зыттым...
...Таудан төмен құлдилаған жолмен ауылға түсіп келеміз. Дорбамды кеудеме қысып, бақыттан бал-бұл жайнап келе жатқан менің басымнан сипап, әкем күрсінді. Бірдеңе айтқысы келгені анық. Айтпады.
– Әке, – деймін. – Жаңағы қойшы тай беретін болды ма? Қара тонды тастап кеттің ғой...
– Мына өмірде тай түгілі әлі талай арғымаққа мінесің, балам! Бүгін ыңғайы келмеді. Қара тонды ана қолыңдағы асықтарға айырбастап кеттім... Қойшы да көнбей...
Қайран, әкем-ай! Балаңның бір ғана қызығына бола, меселі қайтпасын деп дүниенің бетіне қарамаған екенсің-ау, сол кезде. Қазір асық көрсем қара тон киген қойшы есіме түсе береді...
Арман Сқабылұлы
"Өкпелемеші" кітабынан