- Негізгі бет
- Проза
- Асхат Өмірбаев. "Саусақ...
Асхат Өмірбаев. "Саусақ сыры"
Асхат Бақытұлы Өмірбаев 1982 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Үржар ауылында дүниеге келген. Осы өлкеде 1999 жылы Абай Құнанбаев атындағы орта мектепті бітірген. 2004 жылы Шәкәрім Құдайбердиев атындағы Семей мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмәмдаған. Қазіргі таңда Алматы облысы, Қаратал аудандық «Қаратал» газетінде редактор болып қызмет атқарады. Әңгіме, новеллалары облыстық, республикалық басылымдарда жарық көріп жүр. «Қазақ газеттері» ЖШС-не қарасты республикалық «Үркер» журналының әдебиеттегі жастар шығармашылығын қолдау мақсатында жарияланған «Үркер - Үміт» бәйгесінің (2010 жыл) проза жанры бойынша 2 орын иегері. Алматы қаласында өткен республикалық «Алтын қалам» ұлттық әдеби жүлдесінің (2011 жыл) «Жылдың үздік прозасы» аталымы бойынша жеңімпазы. «Мен сізге ғашықпын» атты прозалық кітабы жарық көрген. Әңгімелері бірнеше жинаққа енген.
Саусақ сыры
(Әңгіме)
Біз екеу едік. Гитарашы жігіт шолақ саусақтарымен мыс ішекті сырылдата шертіп, шерін тарқата бастады. Орта бойлы, шымыр денелі, қоңыр көздері бас сүйек қуысына ентелей еніп, шүңірейе түскен, шашын ақ қырау шалған екен. Әнші дауысын созған сайын әннің нәзік иірімдері көңіліңді тылсым тұңғиыққа тартып әкетіп, еліте түседі. Күмбірлеген қоңыр дауысы дала сазын естіркендей құлақ құрышын қандырып, қиялыңды қиянға шалқытады. Алпыс екі тамырыңды иітіп, кейде назды, кейде өрекпіген әуенмен жаныңды жадыратады. Темірдің қолындағы құлын денелі аспаптың пернелерін кембағал саусақтар сипалай, сырғытқан сайын ауыр ойға шомдырады.
- О, гитара, шырқа, шырқа, шырқа тағы да.
Әнші жігіттің қоңыр дауысын күмбірлете жаңғырып, өзен бойын әдемі бір дірілге елітіп әкетеді. Жыландай ирелеңдеген сулы алқап беті күн сәулесімен дір-дір етіп, ойнақ салады. Жас жігіттің тебіндеп келе жатқан мұртындай қара жерден қылтиып, бой көтерген көк шөптің бетін көктемгі саумал самал тербетеді. Көкте күн күлімсіреп, өзен тасынан секіре ойнақтаған мөлдір тамшыларға шырай кіргізіп, жылт-жылт етеді.
Кенет жігіт мұңға малған әнін кілт үзді. Қос жанарым төрт ішекті аялаған жарымжан саусақтардан ажырамай тұрған. Әнші сұрақ қойғым келгенімді сезіп:
- Жас кезімізде гитараны тәп-тәуір тартып едік, бәрін ұмыта бастаппыз қой. Көп ән білуші едім, қазір сөздері есімде қалмапты. Талай қызықты дәурен бастан өтті ғой. Әнді таң атқанша айта беруші едік. Ол кезде саусақтарым да бүтін болатын...
- Қазір де жаман тартпайсыз...
- Е, ол кезде жас едік қой, - деп әнші гитарасының үнін баяулата, ыңылдай бір әуенге түсіп кетті. Сосын оң қолымен ішектерді қатты қағып-қағып жіберіп:
- Өмір деген өткінші екен. Бәрі күні кеше ғана болған сияқты. Енді міне, қырықтан да асып қалыппыз.
«Саусақтары шолақ болса да, пернесі ауыр гитараны керемет тартады екен» деген ойдың жетегіне еніп:
- Тырнақ жоқ қой, ауырмай ма? – дедім.
- Үйреніп кеттік қой. Өмір бәріне үйретеді екен. Саусақтарымды қисам да, гитарамды тастай алмадым ғой, - деп әзілдей күлді. Әйткенмен, көңіл жүдеп қалғанын жасыра алмады.
- Саусақтарыңызға не болған? – дедім жан жарасын тырнап алсам да, қызығушылығым жеңіп.
- Е, ол ұзақ әңгіме ғой, - деді гитарашы көңілсіз күйге еніп.
* * *
- Ол кезде жас болдым деп айттым ғой. Мен өзі кішкентай кезімнен әнге құмар болдым. Ауылда музыка мектебі болмаса да, қатты қызығып, гитараны үлкендерден өз бетімше үйреніп алдым. Нота білмейтінмін, бірақ кез келген әуенді гитараға салып орындай берем. Содан не керек, ауылдықтар мені гитарашы жігіт деп атайтын болды. Мақтанғаным емес, ауылда бірде-бір той менсіз өтпейтін болды. Той-томалақтың ортасында жүрдім. Дауысым да зор болатын. Кешке ауыл сыртына қыдырғанда қыздар менің жаныма отырып ән тыңдағанды ұнатататын. Кейін Алматыға оқуға түскенде де қыздардың көбі менің әніме ғашық болды. Өзің білесің ғой, жатақханаға жиналып, түнімен ән шырқаймыз. Студенттік өмір қызық қой: түнімен ән салып, таң атқанша думандатып жүреміз.
Әнші ойға шомды. Жан қалтасындағы қораптан бір шылымды алып, от тұтатты. Буы бұрқыраған темекі исін жек көретінмін, серігім соны сезгендей екі-үш рет ішке сорып, табанымен сөндіріп тастады.
- Ән саласыз ғой, темекі шегу зиян емес пе? – дедім.
- Білем ғой, ауылда үлкендерге еліктеп... осы құрғырды қоя алмай жүрмін...
- М-м... Соншалықты қиын ба?
- Бір күні тастаймын ғой... Махаббатымды да тастадым ғой... Оның жанында темекі деген түк те емес.
Әнші көңілсіз жымиды.
- Адамның жүрегінде иман, бойында ерік-жігер болса, өзін оңай басқарады деп естігем. Арақ, темекіні тастай алмаймын деп жүргендерді жігерсіз адамдар деп ойлаймын.
- Иә, бәрі адамның өзіне байланысты. Бірақ махаббатқа келгенде дұрыс шешім қабылдай алмадым.
- Содан кейін не болды? - дедім қызықты оқиғасын естуге құмартып.
Бесін ауып бара жатты. Ол орнынан тұрып, үстін қаққыштап, алға жүріп кетті. Күн тас төбеге келген соң талдың көлеңкесіне жайғастық.
- Мен бір қызға сұмдық ғашық болдым, - деп жалғады ол әңгімесін, - Ол да мен салған әндерді сүйсіне тыңдап, жанымнан бір елі шықпайтын. Екеуміз бір болуға серт бердік. Бәрі керемет еді. Бір-бірімізге өлердей ғашық болдық. Қоштасқанда қимастықпен құшағымыз әрең ажырайтын. Қыздың аты Сәуле еді. Ол өте сұлу болатын. Сәуле десе, Сәуле еді ғой. Талдырмаш келген, кекілді қыз. Күн нұрына шомылған аққұба жүзінен адамды еріксіз елітетін бір жылылық, жақындық лебі есіп тұратын. Ойға толы қоңыр көздері ойнақшып, жалт-жұлт етіп, сыңғырлай күлетін. Сәуле менің өнеріме ессіз ғашық болды. Мен кешкісін жатақханадан шығып, сүйіктімнің жанынан табылатынмын. Түнімен гитара шертіп, екеуміз қосыла ән шырқайтынбыз. Жұлдыздар жымыңдаған аспан астында сырласып, армандарымызбен бөлісетінбіз. Студенттік өмірдің бәрі керемет, ертегідей өтіп жатқан. Әлгі рэкет келгенше...
- Рэкет?
Ауызымнан мағынасы қорқынышты сөз қатты шығып кетті білем, Темір жақтырмай қалды. Әңгіме кілт үзілген. Айтушыға құлақ салып отыра бермей, несіне сөзін бөлдім екен деп өзіме ренжідім. Арада үнсіздік орнаған. Ол ағып жатқан өзенге ұзақ қарады. Шолақ саусақтар гитараны қайта аялай бастады. Музыкант жігіттің ойы бөлініп, таныс әннің сөзін есіне түсіре алмай ыңылдап отырды.
- Расында, рэкэт пе? – дедім иланбаған адамдай.
- Иә, рэкэт. Ол да Сәулені ұнатып қалыпты. Бұжыр бет, қап-қара біреу. Үстінде тері күртеше киген, көзілдірік таққан дәу неме екен. Жанымыздан шетелдік көлігімен өтіп жүргенде мән бермеген екем.
- Сәулені ұнататынын қайдан білдіңіз?
Темір мырс етті.
- Кешке Сәуленің жатақханасынан келе жатқанда екеуін аңдаусыз көріп қалдым. Көз байланар шақ болып қалған болатын, олар мені байқаған жоқ. Полициядан қашып жүрген ұрыдай бұрышта тығылып тұрып, сөздерін еріксіз тыңдадым.
- Сәуле, - деді бұжыр бет, – Ана «әнші балапанды» таста. Екеуміз бірге жүрейік. Мен сені бақытты, бай қылам. Бақыттан басың шыр айналады әлі. Саған қандай көлік ұнайды өзі?
- Сен маған ұнамайсың, – деді Сәуле немкетті. Іштей қуанып қалдым.
- Ал маған ұнайсың. Сені ұнатып қалдым. Өз бақытыңнан бас тартпа! – деп, көлігінің ішіне бас сұғып Сәуленің қолына бір құшақ раушан гүлін ұстатты. – Қарашы, осының бәрі сен үшін! Өмір бойы үлде мен бүлдеге оранасың. Керемет емес пе?
- Маған сенен еш нәрсенің керегі жоқ! – деген Сәуле гүлді көліктің үстіне лақтыра салды.
- Ашуланба! Әлі де жақсылап ойлан. Сен мені білмейсің. Қазір ұнатпасаң, кейін үйреніп, ұнатып кетесің. Жүр, екеуміз мейрамханаға барайық. Жақсылап тойлатайық. Саған әлі талай қызық көрсетем.
- Әуре болмай-ақ қой, - деді Сәуле. – Мен сүйетін жігіт сен емес.
Әлсізге әлімжеттік көрсетіп, қалағанын істететін бұжыр қара өзінің қыздың алдында дәрменсіз күйге түскені үшін ашуланып кетті.
- Сонда кім?! Әлгі қайыршы гитарист пе?!
Сәуле үндемеді. Кері бұрылып, жатақханға кіріп кетті. Мен оның адалдығына тәнті болып қалдым.
Арада екі күн өткен. Түнімен Сәулеме ән шырқап, Алматының самаладай жарқыраған көшелерін жаяу аралап, жатақханама келе жатқанмын. Алдымнан қара иномарка кілт тоқтап, ішінен еңгезердей төрт жігіт атып шықты. Әй-шәйға қарамай, мені соға бастады. Ол кезде мен түнгі клубтарға барып, гитарамен ән салатынмын. Қанша қимасам да, студенттік тиын-тебінімді жинап алған гитараммен біреуін бастан салып кеп жібердім. Гитарам қақ бөлінді. Содан жігіттер мені жабыла сабап, жерге сұлатып тастады. Қанша қорғансам да, көптің аты көп емес пе, мені тепкілей бастады.
Бір кезде басым солқылдап, бет-ауызымнан қан саулап кеткенін сездім. Қос қолыммен бетімді жауып, иттің балалары бүйрегімнен тепкілей берген соң бүктетіле жиырылып, шынтағыммен қорғандым. Бір кезде көзімнің алды тұманданып, есім ауып бара жатты.
- Тоқтатыңдар! – деп біреу айғай салды. Бұжыр қара бет рэкет екенін дауысынан таныдым.
- Жіберіңдер мені! – деп айғай салдым.
- Ей, гитарист! – деді рэкет. – Сәулені ұмыт, түсіндің бе?!
Мен тұруға әрекеттеніп, қасарыса түстім. Екі жігіт екі қолымнан ұстап, үшіншісі былшылдатып ұрып жатыр. Қанша жұлқыласам да, еңгезердей немелер жіберер емес.
- Сен кімсің? – дедім тістеніп. Ернімнен қызыл қан саулап, үстімдегі күртешемнің алды айғыздалып қалғанын сонда бір-ақ көрдім.
- Мен – Бахамын. Алматыда бәрі мені біледі.
Біреу-міреу көмекке келер деген үмітпен айғай салдым.
- Қараңдар! «Әнші балапанның» тілі шығыпты! – деп бұжыр бет қарқылдап күліп жіберді. – Босқа әуре болма, бұл жерде саған ешкім көмектеспейді. Сәулеге жолама, ұқтың ба?! – деп шайқатылып әрең тұрған менің жағамнан алып, басымен періп жіберді. Қос жанарым жарқ ете қалды. Ашуға булығып тұр едім.
- Сәуледе сенің шаруаң болмасың! Немене, басқа қыз таппай қалдың ба?! – дедім тістеніп.
- Жігіттер, мынау түк түсінбепті. Балғаны әкеліңдер, - деді бұжыр қара бұйыра. Осы сәтте қашпақ болып жұлқынып қалдым, бірақ онымнан ештеңе шықпады. Өзімнің ауыр соққылардан әбден әлсіреп қалғанымды сездім. Екі қолымнан ұстап тұрған екі жігіт жерге етпетімнен жалп еткізді. Омыртқам кілт ете қалғандай болды. Бір кезде бұжыр қараның саусақтарымды туфлиімен басып тұрғанын көрдім.
- Сен енді гитараны ешқашан ойнай алмайтын боласың. Сәуле де сені ұмытатын болады, - деп қарқылдай күлді рэкет. – Ал, сен осы күнді ешқашан ұмытпайтын боласың!
Бұжыр қара Баха асфальт үстінде жатқан сұқ саусағымның басын балғамен бір соқты. Бақырып жібердім. Жаным көзіме көрінді. Саусағымның дуылдай жөнелгенін, сүйегімнің опырыла сынып бара жатқанын сездім.
- Сенің өнерің осымен бітті! – деді ашуға булыққан рэкет саусақтарымды бірінен соң бірін сындыра беріп. Баж ете қалдым. Бүкіл өмірім көз алдымнан өте шыққандай болды. Өмірімде жаным мұнша қиналып көрмепті.
- Жібер мені! Көмектесіңдер! – деп айғайлауға мұршам әрең жетті. Бірақ дауысым қарлығып, есімнен танып бара жаттым. Ортан терек... Шылдыр шүмек... Кішкентай бөбек... Бәрі бірінен соң бірі балға соққысының астында қалды. Құлағымның түбіне Сәуленің жалынышты үні естілді.
- Тиіспеңдер! Оңбағандар!
Өмірімде тұңғыш рет өзімнің дәрменсіздігім үшін қатты өкіндім. Сәуленің мұндай күйімді көргенін қаламаған едім.
- Ей, «әнші балапан»! Сәулеге жақындасаң, өлтірем! – деді рэкет Баха. Мен есеңгіреп, талықсып кеттім.
Ертеңінде есімді ауруханада бір-ақ жидым. Кім, қашан мұнда әкеп тастағанын білмеймін. Көз алдым тұманданып, аруақтар елестеді. Сөйтсем, ақ халат киген медбикелер екен.
- Мен қайдамын? – дедім дәрігерлерге кірпігім әрең қимылдап жатып.
- Ауруханадасыз. Сіз өзіңізге не болғанын білесіз бе?
Сонда ғана есіме бұжыр бет рэкеттің саусақтарымды балғамен ұрып жатқаны түсіп кетті. Денем тітіркеніп кетті. Дереу саусақтарымды көргім келді. Өкінішітісі – дәрігерлер дәкемен орап тастапты. Қимылдата алмадым.
- Саусақтарыма не болды? - дедім шошып. Төсектен атып тұрғым келді, бірақ денемді көтере алмадым. Бетім ысып, шекем солқылдап барады.
- Қорықпаңыз, уайымдамаңыз, бәрі жақсы.
- Жасырмай айта беріңіздер, - дедім дәрігерлерге өтініп. – Саусақтарымның жаншылғанын білем.
- Өкінішке қарай, саусақтарыңыздың басын кесіп тастадық. Сүйектері уатылып кетіпті. Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық. Қайта қолыңызды буындары сау. Қалай жарақатап жүрсіз?
Дәрігерлерге станокпен жұмыс істегенде байқаусыз жарақат алдым деп өтірік айттым. Саусақтарым ғана емес, өне-бойын көгеріп тұр еді. Ақ желеңді абзал жандардың маған сенбегенін мүсіркей қараған жанарларынан байқадым. Шындықты айтуға рэкеттен қорықтым. Сұмпайыны сотқа беріп, Сәулені куәгер ретінде тартқым келмеді. Екеумізге де зияны тиіп кете ме деп қорықтым. Құдайдан қорықпаған пенденің ешкімді аямайтынына көзім жетті. Амалсыз Сәулеге қайтып бармадым. Өйткені, саусақтарымды аясыз жаншып, сындырған қанішер мені өлтіретін еді. Менің өлгім келмеді. Амал қанша, Сәулеге адалдық таныта алмадым. Махаббатым үшін құрбандыққа дайын болмадым.
... Күн екінтіге таяды. Гитарист жігіттің бойын ашу мен ыза кернеп, көңілсіздік биледі. Өзін сабырға шақырғысы келгендей қалтасынан шылым алып, шерін тарқатты. Көгалдың үстіне жата кетіп, шылымды сораптап, тұмса табиғатқа қою түтінді будақтатты. Жағымсыз иіс қолқаны қапты. Мен темекі тартпаңыз деп айта алмадым. Сәлден соң ол ашуын басып, сабырға келген.
- Оның бәрі өтті, кетті, қайтесің. Амал қанша, мен махаббатыма қосыла алмадым. Қазір отбасым бар, балаларымның амандығын тілеймін. Сәуле менің жүрегіме бұлттан шыққан күн секілді шуақ шашып кетті. Сүйіктімнен айырылып, кеудемді сағыныш кернегенде жалғыз жұбанышым гитарамды қолға алам. Махаббатымның белгісі ретінде осы сынық саусақтарым ғана қалды, - деді гитарашы зорға жымиып. Көңілім қоңылтақсып қалды.
Ол өткеннің бәрін ұмытқысы келгендей көңілді бір әуенді бастап кетті. Қос жанарым қатты мыс ішектерді әлдилеп жатқан музыкант жігіттің шолақ саусақтарына тесіле қарап қалыпты.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: deviantart.com, fotki.yandex.ru, goodfon.ru
Р. Роза