«Қаратал» аудандық газетінің редакторы, жазушы Асхат Өмірбаев Массагет порталының поштасына әңгіме жолдаған екен. Жазушының "Мамық" деп аталатын әңгімесінің соңғы бөлімін ұсынамыз.
Мамық (Әңгіме)
БАСЫ
Жатақханада жігіт сыйлаған кітаптан бас алмай оқып отырған. Майгүл әпкесінің телефоны шырылдай жөнелді. Әпкесі таныс нөмірді көрді де, қабағын шытты.
– Алло, Майгүл, қалыңыз қалай? – деп телефоннан жігіттің дауысы естілді.
– Жаман емес, – деді бұл. – Сіз хабарласқанға дейін жақсы болған.
– Өтінем, әлдеқандай болмаңызшы! Кешке киноға барып, қыдырып қайтайық.
– Бара алмаймын. Ауылдан сіңлім келген.
– Түсінікті. Жарайды, онда келесі жолы бас тартпассыз деп ойлаймын, – деді жігіт қиыла.
– Сау болыңыз!
Майгүл телефон тетігін баса салды.
– Ол кім? – деді Мамық кітаптан бір сәт бас көтеріп.
– Жай. Бір таныс қой.
– Мұрты бар ма?
– Неге мұрты болуы керек? – деп Майгүл күліп жіберді.
– Білмеймін. Дауысы жуан сияқты ғой.
– Қойшы, соны. Өзі бір қызық жігіт. Қияли ма, бірдеңе... Сен күнде келіп жатқан жоқсың ғой, – деп сіңлісін қапсыра құшақтады.
– Сонда да. Кездесіп көрмедің бе? Мүмкін, сен оған ұнайтын шығарсың.
– Қайдам. Олардың бәрі тәтті сөздер айтады.
– Өзің біл. Бірақ кейін өкініп қалып жүрме.
– Ой, сен менің құрбымдай сөйледің ғой, тегі.
– Әні, сен де оны ұнатасың ғой, иә? Әйтпесе, баяғыда бетін қайтарып жіберер едің.
– Мен бе? – деп күлді Майгүл. – Өзі ғой кенеше жабысып қоймайды. Қой, шай ішіп алайық. Андағы кітапты тастасаңшы, көзіңді ауыртасың. Ауылдан ала келгенсің бе?
– Жоқ, біреу сыйлаған.
Майгүл жалт қарады.
– Қойшы, ей, рас па? – деп көздері жайнап кетті. Төсекте отырған сіңлісін құшақтай алды. – Байқа, алаяқ болып жүрмесін.
– Ол ондай емес.
– Кім ол? Мен танимын ба?
– Жоқ. Біз жай ғана доспыз.
– Айтсаңшы енді.
Мамық үнсіз жымиып, тәтті қиял құшағына енді.
Ертеңінде Темір жалғыз өзі студенттердің курстық жұмысын қарап отыр еді. телефоны «Көңіл толқыны» күйін ойнап қоя берді.
– Алло?
– Иә, бұл кім екен? – деп ол абайлап тіл қатты.
– Темір ағай, сәлеметсіз бе? Бұл мен ғой, Мамық.
– Мамық, - деп, ол еріксіз күлді. – Иә, қалың қалай?
– Жақсы. Сіз берген кітапты түгел оқып шықтым.
– Қалай екен?
– Шынымды айтсам, жылап алдым. Көзім жасаурап отырып оқыдым.
– Неге?
– Әбдірахман деген мұғалімге сондай жаным ашыды. Өмірде сүйгендер неге бір-бірімен қосылмайды екен?
– Бір-бірін ұнатып, үйленіп жатқандар көп қой.
– Білесіз бе? «Шұғаның белгісі» жанымды соншалықты сыздатады деп ойламап едім. Шұға десе, шұға екен ғой өзі. Қыздың қайғыдан қан жұтқаны өкінішті. Шығарма сізге де әсер етті ме?
– Әсер еткенде қандай?!
– Қазақта тағдыры тапталған жандар неге көп? Бұл деген сұмдық қой. Сіз қалай ойлайсыз, ағай?
– Иә, олардың қосылмағаны өкінішті!
– Ал мен былай ойлаймын: байлардың жала жауып Әбдірахманды айдатып жібергені дұрыс болмаған. Егер бір-бірін көрмесе тұра алмайтын ғашықтар қосылғанда бақытты болар ма еді?
– Сен осының бәрін түсінсең, жарайсың! Егер олар қосылған болса, кәдімгі адамдардай тағдыры бізге беймәлім болар еді.
– Әбдірахман сүйікті Шұғасын көруге асығып келгенде қайран арудың бұ дүниемен қоштасқаны ойымнан кетер емес. Ал, Әбдірахманға жазған хаты ше? Оны оқып отырып қалайша көз жасың қөл болмайды.
– Өзің кіп-кішкентай болып алып, осының бәрін жүрегіңнен өткізгеніңе таңданып тұрмын. Бәрекелді! Сенен болашақта үлкен әдебиетші шығады.
– Темір ағай, – деп Мамық үнсіз қалды.
– Құлағым сенде, – деді жігіт.
– Сізге бір нәрсе айтсам бола ма? Сыр сақтай аласыз ба? – деді тосыннан.
– Маған сенсең айта бер, – деді мұндайды күтпеген жігіт. – Шынымды айтсам, маған сырыңды айтайын деп тұрғаныңа таңданып тұрмын.
– Менің әпкеме бір жігіттің көңілі түсіп жүр. Бірақ әпкем оны қияли деп ұната бермейтін сияқты. Сіз қалай ойласыз, ол екеуі бақытты жұп бола ала ма?
– Білмедім.
– Мысалы, мен қиялимын. Аспандағы бұлттарға қарағанды жақсы көрем. Сіз ше?
– Өй, мен де сенің ар жақ, бер жағыңдамын ғой, – деп күлді жігіт. – Оны неге сұрадың?
– Жай, әншейін, – деді қыз.
Екеуі үнсіз қалды.
– Сен қазір қайдасың? – деді жігіт.
– Университет жанындағы саябақтамын.
– Кетіп қалма, мен қазір келемін.
Мамық телефон тетігін баса қойды. Жүрегі дүрсілдеп кетті. Әрі-бері ағылған халық нөпірі жоқ, көліктердің шуылынан да алыс, жаны осынау тыныштықты қалады. Айнала аппақ нұрға малынып тұр. Тротуардың екі шетіндегі биік шыршаларға ақ тон жарасып-ақ тұр. Қыз жігітпен алғашқы рет кездесіп тұрғандай өзін қалай ұстарын білмей, дел-сал күйге түсті. Өзінен әлденеше жас үлкен жігіт неге кездескісі келді екен?
– Мамық, кетіп қалмай, тосқанына рахмет! – деді Темір қарсы алдынан шығып. Қыз үндемеді.
– Осы күні сырласатын адам да қалмады, – деді ол кенеттен. – Сенің жасың кіші болғанымен, ақыл-ойың үлкендерден кем емес.
– Менімен не үшін кездескіңіз келді? – деді қыз. Жігіт қызға зер сала қарады.
– Әбден тоңып кетіпсің ғой, – деді әлден соң. – Екі бетің қып-қызыл болып кетіпті.
– Ештеңе етпейді.
– Ой, қолдарың да тоңып кетіпті ғой. Кәне, берші, жылытайын, – деп қыздың сүйріктей саусақтарын жып-жылы алақанымен қысты. Қыз өзінен әлденеше жас үлкен жігіттің қамқорлығына таңырқап қалды. Мұнысын ерсі көргендей, бірақ ләм-мим деп тіл қата алмады, жып-жылы алақанан ешкімге ырық бермес адуын, асау тебіреністі анық сезді.
– Мен сенің айтқан сөзіңе ұзақ ойландым, – деді жігіт. – Біз екеуіміз қияли жандар екенбіз. Солай ғой?
– Иә, – деді қыз ернінің ұшымен.
Мамық жігіттің жылы алақанымен бірге өзі түсініп болмайтын ғажап бір сезімге еніп бара жатқанын сезді. Жүрегі ток соққандай дір етті. Ол саусақтарын өзіне жылдам тартып алды.
– Қорықпа, – деді жігіт. – Менің бөтен ойым жоқ. Сенің досым болғаныңды қалаймын. Екеуіміз доспыз ғой, солай ма?
– Дос дейсіз бе?
– Саған сенуіме болады ғой.
– Иә, әрине.
– Ендеше, тыңда. Мен бір қызды ұнатып қалдым. Бірақ ол маған көнбей жүр. Егер келіссе, үйленем.
«Үйленем» дегенді Мамық іштей қайталап айтты.
– Ол қыз сізді ұнатпаса, неге үйленесіз? – деп Мамық қатты кетті. Тіпті, басқа біреу құрып қалғандай бұған сыр ашқаны ерсі көрінді. Бұл кісіге, сірә, оқу өтіп кеткен болар деп түйді.
– Білем, сен қазір маған таңырқап тұрған боларсың. Мен саған досым ретінде бір өтініш айтайын деп едім. Аса қиын емес. Сен оны орындай алады деп сенем.
– Айта беріңіз. – Қыздың үні немкеттілеу естілді. Төменшіктеп кеткен басын жоғары көтерді. Аяғы жаурамаса да, екі аяғын алма-кезек соққылады. Жігіт сағатына қарады.
– Мен оны түстенуге шақырып қойдым, – деді ол. – Міне, мына жердегі кафеге. Жүр, екеуіміз сонда барайық. Сол жерде бәрін түсіндірем. Әбден жаурап қалған шығарсың. Қорықпа, сені қарындасым деп таныстырамын.
Мамық аң-таң болған күйі соңынан ілесті. Кафе жақын маңда екен. Екеуі ішке кірісімен киімдерін шешіп, шеткері орындыққа жайғасты. Даяршыға бір-бір шыныаяқ кофе мен тәтті шоколадқа тапсырыс берген.
– Сонда мен не істеуім керек? – деді қыз оқиғаның қалай өрбитінін білуге құмартып. Жігіт төс қалтасынан әдемі қорапқа салынған алқаны көрсетті.
– Міне, осы алқаны мен үшін сыйға берші! Бүгін оның туған күні.
Қыз еріксіз күліп жіберді.
– Ағай, өзінің қызық екенсіз. Тіпті, не айтарымды білмеймін. Бұл сыйлықты өзіңіз апарып сыйлағаныңыз жөн ғой.
– Саған оның мені ұнатпайтынын айттым емес пе?
– Бәрібір бұл сыйлықты сіз беріп жібергенімді айтуым керек.
– Мейлі. Бірақ сен апарып берсең режімейді. Өйткені, сен кішкентай қызсың ғой.
«Кішкентай қызсың» дегенге Мамық өкпелеп қалған сияқтанды, бірақ досына көмектесуге аянып қалғысы келмеді. Әрі қазір келісімін бермей, кетіп қалса, ол қыздың түр-түсін, кім екенін қалай білмек? Бірақ оның маған не қажеті бар деп ойлады.
Кофе ішкен соң бойы жылынып қалғанын сезді.
– Жарайды, – деді қыз. – Бірақ ұнататын қызыңыз мені көріп қызғанып қалмай ма?
Жігіт мырс етіп күліп жіберді.
– Басқа-басқа дәл сенен қызғанбайтын шығар. Сен менің досымсың әрі жасың менен әлдеқайда кіші.
– Сонда да ұнатқан адамыңызға бөтен қыздың жігіттің атынан сыйлық апарғанын оғаш деп ойламайсыз ба?
– Иә, дәл солай. Мен оған тосын сый жасағым келген.
– Сіз расында да қияли екенсіз.
– Мені түсінгеніңе көп рахмет!
Арада он-он бес минут өткенде бейтаныс қыз бос орынға жайғасты. Мамық кіреберіс есікке арқасын беріп отыр еді, сол себепті сыйлықты алатын қызды көре алған жоқ.
– Ол келді, - деп сыбырлады жігіт.
– Қай қыз?
– Әне, теріс қарап отырған. Қазір барып, сыйлықты апарып берші, – деп өтінді.
Мамық орнынан еріншектеу тұрып, бейтаныс аруға беттеді. Әр қадам сайын өзін ыңғайсыз сезінді. Өйткені, өз қолымен бақытын бөтен біреуге сыйлап бара жатқандай. Ту сыртынан қыздың шашы жайқалып кеткенін көрді. Мамық әлгі қызға қырынан таяп келді де, аузын аңқитып ашып қалды. Жанына біреудің келгенін сезген ол да мойын бұрған.
– Мамық, сен мұнда не істеп жүрсің? Қашан келдің? - деп танысы таңырқай сұрады.
– Майгүл, бұл сен бе?
– Саған не болған? Мені бұл жерден көрем деп ойламап па едің? – деп Майгүл орнынан атып тұрды.
– Жо-ға, – деп Мамық жігіт отырған жаққа қарай жалт қарады.
– Саған жатақханадан шықпа дегенім қайда?! Мына үлкен қалада адасып кетсең қайтемін? – деп әпкесі шарт кетті.
– Майгүл, тыңдашы! Міне, мына сыйлықты саған ана жігіт беріп жіберді, – деді алақанындағы аядай қорапты ұсынып жатып.
– Кім дейсің?! – Майгүл терісіне сыймай ашуланып кетті.
– Темір ағай, Әне, ол ана жерде отыр.
– Жүр, қане!
Әпкесі ай-шайға қарамай мұны қолтығынан ұстап сүйрей жөнелді. Мамық ауызын ашып үлгерген жоқ. Бұл кезде олар жігітке таяп қалған еді. Жігіт өзінен-өзі қуыстанып, басын төмен салбырата берді.
– Әй, Темір! – деді сыйлығын үстелдің үстіне лақтыра салып. – Маған да, сіңіліме де жақындаушы болма! Түсіндің бе?!
Жігіт қызырып кетті. Істің бұлай насырға шабарын білген жоқ-ты. Сыртқа шыққан соң Майгүл сіңілісін жазғыра бастады.
– Тапқан екен балдызды. Сен оны қайдан танисың?!
– Былтыр сені тосып тұрғанда танысқанбыз. Майгүл тыңдашы, ол жаман жігіт емес.
– Сен оны қайдан білесің? Танымайтын адаммен неге сөйлесесің? Бөтен адамның ойында не бар екенін сен қайдан білесің?
– Ол қияли адам. Сондықтан сен оны түсінбейсің, – деді Мамық жыларман болып. Білегінің ауырсынғанын сезді.
– Түсінбейтін несі бар?! Маған жақындау үшін сенімен дос болғансып жүр ғой. Ұялшақ неме, қызға өзі сыйлық бере алмай, басқа біреуден беріп жібергені несі?! Басқа-басқа туған сіңілімде несі бар десеңші. Сен де біреудің қызына сыйлық апарып беретіндей басыңа не күн туды?!
– Темір ағай екеуіміз доспыз.
– Доспын дейді ғой. Сен маған сыйлық беретініңді білген жоқсың, солай ғой?
– Иә, – деді Мамық бойына сенімсіздік ұялап.
– Ол болса сені пайдаланып жүр. Солай емес пе? Сен әлі баласың. Көп нәрсені түсінбейсің. Қыз бен жігіттің арасында достық болмайды, сен соны білесің бе? Дос деген бір-бірінен сыр жасырмайды. Мүмкін, ол сенің басыңды айналдырып алған шығар. Жаман ойы болса ше?
Мамықтың көзінен жас ыршып шықты. Әпкесі ауыр сөздерімен ұрмай-соқпай азаптап келе жатты. Денесін аяз қарығандай, тітіркеніп кетті.
Майгүл сіңлісін сол күні-ақ ауылға қайтарған. Мамық жол бойы әпкесі мен көзілдірікті жігіт жайлы ойға батты. Екеуінің арасындағы сезімге араласқанына өкінді. Әсіресе, Темір ағаймен енді кездеспейтнін ойлағанда көңілі бұзылып сала береді. Үлкендердің болмашыға шартпа-шұрт ұрысып, неліктен өкпелеп қалатынын түсінбеді.
Үйге келген соң әке-шешесі «Майгүл қалай екен? Сабағы жақсы ма?» деп сұрағанда бұрынғыдай ашылып сөйлемей, «Жақсы» дей салды.
Көп ұзамай айналаны жасыл желекке бояп, шебер көктем де келіп жетті. Көкорай шақта керімсал самал төңіректі желпіп тұр. Жаймашуақ күнде далаға шығып, серуеңдесең тынысың ашылады емес пе? Бірақ қыстың ызғары әлі кетпегендей Мамық сол күннен кейін тез есейіп, мұңды болып алды. Ұялы телефоны шырылдай жөнелді.
– Алло, – деді немкетті тіл қатып.
– Алло! – ар жақтан бейтаныс ер адамның дауысы естілді.
– Бұл кім екен? – деді қыз абайлап.
– Мамық, қалың қалай? Бұл мен ғой – Темір ағаң!
Қыз үнсіз қалды. Өткендегі оқиғадан соң көңілі құлазып, көлеңкелі күндерді көп өткерген еді. Керімсал көктемнің тамаша күнінде өткенге қайта оралғысы келмеді.
– Сенің маған өкпелеп жүргеніңді білем. Өйткені, сен сезімтал қызсың ғой. Саған қаншама рет кешірім сұрайын деп телефон соғып едім, жауап бермедің. Сенен кешірім сұраймын!
– Жарайды, егер сізді осы жағдай мазалап жүрсе айтайын: мен сізді баяғыда кешіріп қойғанмын.
– Мамық, сенің кешірімшіл әрі нәзік жан екеніңді білгенмін.
– Егер басқа айтарыңыз жоқ болса, бұдан былай телефон соқпай-ақ қойыңыз.
– Мамық, тыңдашы, әлі де болса екеуміз доспыз ғой, солай емес пе?
– Сізбен дос болуға болмайды екен.
– Неге олай дейсің?
– Сіз мені алдадыңыз. Сенім жоқ жерде достық та жоқ.
– Өзің әдебиетші ғана емес, философ болып кетіпсің ғой. Ағаңның бір қателігін бетіне баса берген жараспайды ғой.
– Жарайды, сау болыңыз!
– Тоқтай тұршы, саған айтар бір жақсы жаңалығым бар. Біз Майгүл екеуіміз қайта татуластық. Қазір жұбымыз жазылмайды. Сенбесең өзің сұрап көр!
– Сіздер үшін қуаныштымын! – деп Мамық көңілсіз телефон тетігін баса салды. Жан дүниесі алай-дүлей болып кетті. Өзі ұғып болмайтын тылсым сезім мазасыз күйге енді. Досымен қайта табысқанына да қуанған жоқ. Қайта мәңгілікке айырылып қалғандай сезінді.
Мамыр айы да көп күттірмеді. Тоғызыншы сыныпты үздік аяқтаса да, жүрегі байыз таба алмай, әбден сергелдеңге түскен. Күн таразысы көктемнен жазға ауған шақта аулада өзімен-өзі ойға бататынды шығарды. Әке-шешесі мұны өтпелі кезеңнің бір белгісі ретінде қабылдағанмен, аса мән берген жоқ. Бір күні Майгүл бір жігітпен қашып кетіпті дегенді естігенде төбесінен жай түскендей есеңгіреп қалды. Жүрегі зырқ етті. Оңашада көз жасын көлдетіп жылап та алды. Сол күні-ақ қуғыншылар қашқындардың соңына түскен...
Мамық досын құдалыққа келгенде көрді. Әпкесінің жүзі бақыттан бал-бұл жайнап отырды. Ел-жұрт, тіпті көршілер де мәз-мәйрам болып болып жүргенде бұл қуана алған жоқ.
Құдалар мен қонақтар абыр-күбір әңгімеге көшкенде Темір сыртқа шығып, үй бұрышында отырған Мамықты көрді.
– Мамық, қалың қалай? Сен хабарласпаған соң досың өзі іздеп келді.
«Өтірікші» деді іштей қыз. Қыздың жанарындағы үнсіз сұраққа жігіт жауап берген жоқ.
– Сізбен сөйлескім келмейді, – деді қыз жыларман болып.
– Олай деме. Сен енді менің досым ғана емес, балдызым болдың. Көресің әлі, сені мықты университетке түсірем!
– Жоқ, сіз менің досым емессіз! – деп кесіп айтты қыз. Теріс қарап, жасаураған жанарын жасыра берді. Бір сәт көк аспанға қарап еді. Көк төрінде самал желмен тербелген ақша бұлттар биік-биік жоталардың үстінен маңғаздана көшіп барады екен.