Асхат Өмірбаев. "Мамық" (Жалғасы)

«Қаратал» аудандық газетінің редакторы, жазушы Асхат Өмірбаев Массагет порталының поштасына әңгіме жолдаған екен. Жазушының "Мамық" деп аталатын әңгімесінің жалғасын ұсынамыз.

Мамық (Әңгіме)

БАСЫ

Ол әдеттегідей автобуспен жұмысына бара жатқан. Терезе сыртында қым-қуыт тірлікпен жүрген адамдарды ойлады. «Осы адамдар жұмыс, отбасы, бала-шаға деп өмірдегі қызықтан құралақан қалады-ау! Бірақ өмірдің өзі сонымен қызық емес пе?» деп ойға берілді.

Иығынан біреу түртті.
– Темір ағай, сәлеметсіз бе? Сіз осы жерден түспеуші ме едіңіз?
– А-а, Мамық, бұл сен екенсің ғой. Қалың қалай? Университетке жетіп қалған екенбіз ғой, енді болмағанда өтіп кеткендей екенмін.

Қыз қуанып қалған сияқтанды. Жігіттің жауабына қанағаттанбаған кейіпте жаутаңдай қарады.
– Бүгін тағы әпкеңді күтіп алуға келдің бе?
– Иә. Әпкем бүгін сабақтан шыққан соң қаланы аралатам деген.
– Онда түсейік, – деді жігіт.
Автобус тоқтай салысымен сыртқа аптыға шыққан қыздың соңынан жігіт те секіріп түсті.
– Бүгін тамаша күні екен, – деді қыз. – Жақсылап қыдыратын болдық.
– Қаласаң басқа бір күні университетті аралатып көрсетейін, – деді қыздың жақсылығына қарымта қайтарғысы келіп. Әйтпесе, ой үстінде қажет аялдамадан өтіп кетер еді. Кенет қыз мырс етіп күлді.
– Не болды?
– Өткенде сіз кеткен соң атыңыз есіме түсіп, ұзақ күлдім. Шынында атыңыз күлкілі естіледі екен. Бірақ сіз мен мазақтады деп ренжіп қалмаңыз.

Қыз оң жағында тұрған жігітке көз қиығын салып, төменнен жоғары қарады. Жігіт жылы жымиып қойды. Жас қыздың жанында өзін қалай ұстауды, не айтуды білмей, үнсіз қалды. «Бір көрген таныс, екі көрген біліс» деген бар емес пе? Қыздың албырт жүзінен қуаныштың нышанын байқады. Төбеден құйғыта түскен қызыл-сары жапырақтар саудырлап жатыр. Күздің осындай таңғажайып көрінісінен көз алмай қарап тұрудың өзі бір ғанибет емес пе?
– Темір, жоқ, Темір ағай, – деді қыз сықылықтай күліп.
– Мені тағы мазақтауға көшкенсің бе?
– Жо-ға. Расында, есіміңіз қызық естіледі. Тұп-тура робот сияқтысыз.
– Немене?!
– Шын айтам. Ренжімеңізші, күлкім келіп кетті.
– Баламысың деген.
– Мен сізге бала емеспін, – деп қыз бұртиды. – Ал, айтыңызшы, менің жасым нешеде?
– Он екі, он үште шығарсың.
– Таппадыңыз, мен он төрттемін.
– Ал, мен болсам жиырма бестемін.
– Ой, сондай көп үлкен емес екенсіз ғой. Бірақ көзілдірік тағып алған соң үлкен көрінесіз.
– Шынымен үлкен көрінем бе? – жігіт қызға тура қарап.
– Оқымысты сияқты көрінесіз деп айтқым келген.

Екеуі бір сәт үнсіз қалды. Қыз алдына тура қарап келе жатқан. Жапырақ шашылған жерден көз алмаған күйі ақай-тоқай жоқ:
– Сіздің қасыңызда жүрмеуім керек шығар, – деді. Жігіт не айтып, не қою керектігін білмей, пұшайман күйге түсті. 

– Білем, қызыңыз бар ғой.
– Оны тағы қайдан шығардың?
– Сіздің көзіңіз алдай алмайды екен.
Жігіт езу тартып, басын шайқады. Екеуі университет алдына жетіп қалғанын сезбей қалды.
– Бүгін екі-ақ сабағым бар. Қаласаң, кейін оқитын аудиторияны көрсетейін.
– Рахмет! Әпкемнің көңілің қалдырғым келмейді.
– А, иә, ұмытып барады екем.
– Айтпақшы, қай сабақтан беруші едіңіз? 
– Әдебиет теориясы.
– Әдебиетші екенсіз ғой.
– Иә, – деді жігіт кіреберіс есік жанында бөгеліп.
– Білесіз бе, мен де әдебиетті жақсы көрем.
– Рас па?
– Өтірік айтатын қызға ұқсаймын ба?
– Олай дегім келген жоқ.
– Білем.
– Ақын-жазушылардан кімдерді оқисың?
– Абай.
– Тағы?
– Мағжанның өлеңдері ұнайды.
– Түсінікті. Талғамың жақсы екен. Жарайды, мен сабаққа кірейін. Уақыт болып қалыпты.
Жігіт университеттен шыққанда қызды іздеген. Таба алмады. Қыздың мұның есімін айтып, мазақтай күлетіні есіне түсті. Қазір де бойын күлкі қысып барады. Үнсіз жымиды. Айналадағы адамдар мұны түсінбей қалар деп ойлады.

Ертеңінде аялдама жаныда тұрған қызды көрді. Көптен таныс адамдарша амандасты.
– Кеше есіме бірнәрсе түсіп, сізге хабарласайын деп едім. Ұялы телефон нөміріңізді жазып алмаппын.
– Сонда не айтайын деп едің?
– Дәл қазір айтқым келмей тұр.
– Өзің қызық қыз екенсің.
– Ренжімеңіз. Үлкен адам болу қиын шығар.
– Неге олай ойлайсың?
– Өйткені, үлкен адамдар отбасын қалай асырауды, жұмысқа қандай киім киіп бару керектігін ойлайды. Ал, біздер болашақта кім болатынымызды армандап бас қатырамыз.
– Сенің жасыңда қыздар мұндайды айтпайды деп ойлаушы едім.
– Қателескенсіз.
– Мойындаймын. Маған хабарласпақ болғанда айтайын дегенің осы ма?
– Жоқ.
– Бүгін сабағым бітті. Қаласаң мына саябаққа барып, әңгімемізді жалғайық.
– Мен бүгін ауылға қайтамын, – деді қыз.
– Солай ма? – деді жігіттің дауысы көңілсіз шығып. – Әйтеуір, ағаңды ұмытып кетпейтін шығарсың?
– Үш жылдан соң оқуға түсуге келем ғой. Сізді әлі-ақ жалықтырып жіберермін, – деді қоштасып. Жігіт осы бір сүйкімді қыздың соңынан ұзақ қарап қалған еді.

* * *

Арада үш ай сырғып өтті. Жаңа жыл мерекесі жақындап қалды. Қыз бағдаршамның жасыл шамы жанған соң көліктерге жалтақтай қарап, жолды кесіп өтті. Бұл кезде қар жапалақтап жауып тұрған болатын. Осынау керемет сәтте Мамық университет ішіне кіріп, жылынуға асықпады. Сонау аспан төрінен ақ қанатты құстардың мамық жүндері шашырап жатыр. Қыз қолғабын шешіп, жып-жылы алақанын тосты. Қар ұшқыны лезде еріп сала берген. Жұп-жұмсақ. Сұп-суық. Әпкесі Майгүл «Сағат екіде төртінші пар бітеді. Сол кезде келесің ғой» деген. Сағатына қарады. Әлі тұп-тура жиырма бес минут бар екен. Қарны ашқанын сезді. Дереу университет асханасына бас сұғып, студенттердің тағамынан дәм татқысы келді. Асхана ішінде адам қарасы көп екен. Даяршыға бір кесе шай мен тәтті тоқашқа тапсырыс берген. Жайпақ табаққа салынған асын алып, бос орындықтың біріне жайғасты.
– Жаныңыз бос па? – деді әлдекім ту сыртынан. Қыз мойын бұрды.
– Мамық, – деді жігіт алғаш болып тіл қатып. – Қашан келіп қалдың?
– А-а, сіз бе, Темір ағай? Бүгін келгем. Әке-шешем әпкеме сәлемдеме беріп жіберген. Сіз отырсаңызшы.
– Әке-шешең сәлем-сауқытты толтырып беріп жіберген болар, – деді жігіт орындыққа жайғасып.
– Иә, дәл солай.

Жігіт енді байқады: қыздың бойы өсіп, өңіне шырай кіріпті. Күзден бері көрмеген көзтаныстың қысқа уақыт ішінде мұнша құлпырып кеткеніне таңырқап қалды. Қыздың суықтан қызара бүріскен екі беті шырай беріп тұр. Көп ұзамай қыздың өзі ұнатқан жігіті боларын ойлап, үнсіз мұңайды.
– О, сұлу болып кетіпсің ғой? Байқа, қалалық жігіттер алып қашып кетіп жүрмесін.
– Қойыңызшы, ағай. Мен әлі мектепті де бітірген жоқпың ғой.
– Айтпақшы, келе жатқан жаңа жылыңмен!
– Рахмет! Сізді де балалар мерекесімен құттықтаймын!

Жігіт езу тартып күлді. Дереу жанындағы сөмкені ашып, бір кітап алып шықты.
– Міне, мынау саған, – деді ол кітаптың сыртынан мәпелей сипап. – Жаңа жылдық сыйлығым болсын!

Қыз тосын сыйға таңырқап қалды. Көзіне кітап авторының есімі оттай басылған. Бейімбет Майлин. «Шұғаның белгісі».
– Рахмет! – деді қыз кітапты ала бере. – Сізден мұндайды күтпеп едім.
– Оқасы жоқ, – деді жігіт. – Саған күзде бір-екі рет телефон соғып едім, жауап бермедің.
– Біздің ауылда телефон байланысы нашар.
Екеуі тамақтанып алды.
– Жүр, мен саған университетті көрсетейін, – деді жігіт.
– Жарайды, бірақ әпкем сабақтан шыққанша ғана. Әйтпесе, алаңдап қалар.
Екеуі бірнеше қабатты ғимараттың ішін аралады. Темір аудиторияларды аралатып көрсеткен. Қызға студенттік өмір тамаша секілді көрінді. Мұнда білім алып жүрген студенттерге қызыға қарады.
– Ой, мен қайтайын, әпкем іздеп жатыр, - деді Мамық безілдей жөнелген телефонына қарап.
– Жақсы онда. Көріскенше. Сау болып тұр.
Мамық жігітпен жылдам қоштасты да, төменгі қабатқа түсті.
– Ой, сен қыз қайда кетіп қалдың? Адасып кеткен жоқсың ба? – деді әпкесі шаршаңқы үнмен.
– Жоқ, бәрі дұрыс, - деді бұл күлімдеп.
– Өзің университетті аралап, әбден біліп алыпсың ғой, - деп күлді әпкесі...

Жалғасы бар...