«Қаратал» аудандық газетінің редакторы, жазушы Асхат Өмірбаев Массагет порталының поштасына әңгімелерін жолдаған екен. Жазушының "Қоштасу" деп аталатын шағын әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.
Қоштасу (Мөлтек сыр)
Түн. Үштөбе қаласының перроны. Самаладай жарқыраған шамдар алыс сапарға аттанған жолаушыларды түнекте жанған жарықтай еріксіз еліктіре түседі. Ұзын-сонар теміржолға мінгескен піл сауырлы вагондар легі алынбас қамалдай қаздиып тұр. Сәл жоғарыда, осынау алыптарды құшағына алғандай, қызмет жасаған қазақтың ибалы келініндей иілген көпір үстінде бозбала мен бойжеткен үнсіз ойға шомған.
- Кетпей-ақ қойшы! Өтінем! – қолдары күзгі суықтан бүрісіп, дір-дір еткен жігіттің дауысы жалынышты естілді.
- Қызықсың… Кетуім керек…
- Білем ғой… Сонда да… сені біртүрлі ешқайда жібергім келмейді.
- Неге?
- Сен… Маған қымбатсың…
Жігіт қызды өзіне тартып, құлын денесін құшқысы келген. Бойжеткен именшектеп, жүзін төмен салды. Алакөлеңке көпір үстінде қыздың суықтан екі беті албырап, денесі тоңази бастады. Бозбала жанын бір ауырлық басып, тіл қата алмай қалған. Қайта-қайта сағатына қарағыштай берді.
- Қолың суық қой, жылытайын, - деді қамқорси.
- Ой, өзіңнің қолын сұп-суық... – қыз еріксіз күліп жіберді. Жігіт сәл ыңғайсыз жағдайға тап болғанын сезіп, қыздың қолын қос қолдап қысқан күйі жылы демімен үрледі. Уақыт тақаған сайын жігіттің бойын батылдық билеп әкеткендей.
- Мен сені өмір бойы аялап өткім келеді.
- Арманыңыз қызық екен...
- Рас айтам. Маған сенші, - жігіт қызды құшпақ болып.
- Жігіттердің бәрі бірдей... Тәтті сөздер айтады.
- Мені деп сондай деп ойлайсыз ба?
- Қайдан білем. Сіз де тәтті сөздерді көп айтатын сияқтысыз.
Осы сәтте ауыр қиындықтан құтқарғандай вокзал дабыл күшейткішінен коммутатордың дауысы төңіректі жаңғыртып әкетті: «Құрметті жолаушылар! Бірінші жолға Семей-Алматы пойызы келе жатыр. Сақ болыңыздар!». Осы сәтте теміржол вокзалы есігімен ауыр жүктерін артқан жолаушылар бір-біріне ентелей сыртқа шыға бастады.
- Жарайды, астыға түсейік, пойыз кеп қалды, - қыз иығына жеңіл сөмкесін іліп жатып.
- Сені менен алып кететін пойызды ұнатпаймын.
- Осындайда бала болып кетесің.
- Саған еркелегім келеді. Еркелеткім келеді.
- Қойшы, ертең-ақ басқа қызға көз саларсың, - деп қыз сықылықтай күліп жіберді. Қызғанғаны, әлде мазағы екені белгісіз. Жарқыраған шамдардың әлсіз жарығы жігіттің келбетінің шамданып қалғанын жасырып қалғандай. Осы сәтте төңіректі ащы айқайға бөлеп, айдаһардай ақырған пойыз келе жатқанын байқалды. Үндеместен қыздың қолынан ұстап, төмен түсті.
- Менен тезірек құтылғың келеді ғой, - деді бойжеткен қулана жымиып.
- Керісінше... Сені ешқайда жібергім келмейді. Сен оқуға кетесін. Мен ауылда қаламын. Қалаға барғанда әдемі жігіттермен танысатын шағарсың?
- Ренжімеші.
- Мені ұмытып кетпейсің бе?
- Сен ше?
- Сені ұмыта алмаспын.
- Жүр, бесінші вагонды тауып алайық, пойыз жүріп кетпей тұрғанда, - деген бойжеткен жылдам адымдай алға жылжыды. Соңынан қыздың сөмкесін бір қолымен иығына іле салған жігіт қаумалаған адамдар арасынан көз жазып қалмайын дегендей ілесе жөнелді. Пойыз сүйретіле барып, сәлден соң вагондардан түскен жолаушылар Қаратал топырағына аяқ басып жатты. Түнгі өмірдің думанын қыздырғандай перрон саудагерлері шулай жөнелді. Жұрт аяғы басылсын дегендей екеуі шетке қарай ығысып шыққан.
- Өмір деген - осы пойыздар секілді. Біз – жолаушылармыз. Біреу келеді, біреу кетеді, - деді жігіт. – Енді қашан кездесер екенбіз. Мен үшін уақыт тоқтап қалғандай. Білсең... сені ешқайда жібергім келмейді.
- Уақыт емші ғой. Бірақ күннен соң мені ұмытып кетерсіз.
- Мені ренжіте бермеші. Сенікі бесінші вагон бе еді? Жүр тезірек жетіп алайық.
- Әні, көрдіңіз бе, менен тезірек құтылғыңыз келіп тұр.
- Қойшы, тағы бастадың ба?
- Міне, бесінші вагон. Ал, жарайды, мен орныма барып жайғаса берейін. Сау болыңыз!
- Тоқтай тұршы! Саған айтар сөзім бар.
- Қазір пойыз жүріп кетеді ғой. Әні, бәрі отырып жатыр. Мені алып қалайын дедіңіз бе?
- Қанша жалынсам да, қалмайтынынды білем. Саған сәттілік тілеймін. Сен маған жай дос емессің?
- Енді кіммін?
- Сен... сен... Білесің бе, мен сүйем! Сүйіп, сағынып үлгеріппін.
- ...
- Неге үндемейсің? Сен мені ұнатасың ба?
Қыз жігіттің жүзіне тік қарауға қаймығып, жанарлары қара асьфалтті аймалады. Вагонның жақтауындағы тұтқадан мықтап ұстап тұрып:
- Жарайды, мен жүрейін. Шығарып салғанына рахмет! Көріскенше! – деп нәзік қолымен сөмкесін иығына ілді. Жігіт қыздың құшағына қапсыра құшты да, бетінен сүйді. Осы сәтте жолсерік бойжеткенге ішке кіруін өтініп, жолаушылардың барлығы орындарына жайғасқан соң темір есікті жабуы мұң екен, пойыз ырғала қоғалып, жүріп кетті. Жігіт қыз отырған плацкарт вагонның терезесіне үмітпен қараумен болды. Сәлден соң перронның шамдары түскен вагон іші алакөлеңке болып, қыздың күлімсіреген жүзі көрінді. Қол бұлғап қояды. Пойыз жылдамдығын артқан сайын жігіт қызды көруге құмартып, аяғын жылдам басты. Қыздың буланған тезезеге әлденені саусағымен шимайлап жатқанын байқап қалды. Тек барынша жылдамдығын үдете түскен пойызға ілесе алмады. Бұл кезде буланған терезеге түскен қос жүректің сұлбасы Алматыға сапар шегіп бара жатты.