- Негізгі бет
- Проза
- Асхат Өмірбаев. Кентавр...
Асхат Өмірбаев. Кентавр киесі
Асхат Бақытұлы Өмірбаев 1982 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Үржар ауылында дүниеге келген. Осы өлкеде 1999 жылы Абай Құнанбаев атындағы орта мектепті бітірген. 2004 жылы Шәкәрім Құдайбердиев атындағы Семей мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмәмдаған. Қазіргі таңда Алматы облысы, Қаратал аудандық «Қаратал» газетінде редактор болып қызмет атқарады. Әңгіме, новеллалары облыстық, республикалық басылымдарда жарық көріп жүр. «Қазақ газеттері» ЖШС-не қарасты республикалық «Үркер» журналының әдебиеттегі жастар шығармашылығын қолдау мақсатында жарияланған «Үркер - Үміт» бәйгесінің (2010 жыл) проза жанры бойынша 2 орын иегері. Алматы қаласында өткен республикалық «Алтын қалам» ұлттық әдеби жүлдесінің (2011 жыл) «Жылдың үздік прозасы» аталымы бойынша жеңімпазы. «Мен сізге ғашықпын» атты прозалық кітабы жарық көрген. Әңгімелері бірнеше жинаққа енген.
***
Дүлей жел ұшырып әкетпек болған талдағы жалғыз сары жапырақтан көз алмай, айғыз терезе жанында төсек тартып жатқан ақсақал қалтырай түсті. Кенет бөлмеге кіріп келген жігіттің жүзінен жастық шағын көріп, жас баладай жылап жіберді. Ес білгелі Америкадағы Роберттер отбасында тәрбиеленген Мирас еденге тізерлей отыра кетіп, әжім басқан саусақтарды аялап:
- Амансыз ба, ата! Мен бүгін бақыттымын: сізді көрдім. Айтыңызшы, әкем қайда? – деді.
- Ой, айналайын! Қош келдің, көзімнің нұры! Әкең ауғаннан соғыс аяқталған жылы келген. Мырыш табытпен!
- Ал, анам ше?
- Шешеңнің саудагер болғанына отыз жылдан асты: сен жатпаған бесікті әлі сата алмай жүр. Сен перзентханадан қолды болғалы көлеңкесімен күндес болып ұрысатынды шығарды.
- Ата, сіз аяқ киімнің бір жағын ғана тоздырыпсыз ғой.
- Е-е, фашистердің «арқасы» ғой. Саудагерге екінші аяқ үшін де төлейміз. Қалың қалай, немерем? Шетелдегі әке-шешең адам болуды үйреткен шығар?
- Иә, анам маған шабандоз болуды үйретті. Авиатор әкемнің парашюты ашылмай қалғанда мен он жаста едім. Анам жыл сайын 31 мамырда «Бүгін біздің отасқан күніміз, Мирас, бізді оңаша қалдыршы» деп өзіне бір адамдық үстел дайындайтын. Арғы атасы қыпшақ болған Луиза анам менің түсіме неліктен ылғи сайын дала, шұрқыраған жылқылар кіретінін айтты. Сол сәтке дейін тілім де, жүрегім де америкалық болған еді; қазір тілім – түркіге ортақ, жүрегім - кентаврдікі. Анам да екінші өмірін осында өткізбекші: сізге сәлем салуға кезек күтіп тұр.
Жалғыз жапырақ үзіліп түскен сәтте ақсақалдың жүзі қуанқы тартып, қырылдай бастады.
- Ата, сізге не болды? – деп жанұшыра сұрады Мирас.
- Жаныма әкең келіп тұр. Ол мені өзімен бірге Асан қайғы армандаған Жерұйыққа алып
кететінін айтты. Жігіттің жанары жасқа шыланды. Қарияның аңғалағының ішінде сөніп бара жатқан сәуледен көз алмай:
- Ол сізге не айтты?
- Әке, қарашаңырақтың иесі келді. Жақсы өлдің ғой, - деді.
А. Оралқызы